Кенесары Хан мен баласы Сыздық Сұлтан туралы дерек Осман мұрағатынан кездесуі бек мүмкін. Бұған ешқандай да шүбәңіз болмасын.

Бірінші сүгірет, Осман елінде жарық көрген "Басират" (basîret) атты газет.

/Бірінші сүгірет/

Екінші және үшінші сүгірет, Осман мемлекетінде жарық көрген "Уақыт" атты газет.

/Екінші сүгірет/

/Үшінші сүгірет/

Төртінші сүгірет, Осман сұлтаны Әбдүләзиздің Қашқарияға көмекке жіберген әскери қару-жарақ, оқ-дәрісінен бір парша көрініс.

/Төртінші сүгірет/

Кенесары мен Сыздық Сұлтан туралы Осман деректері шыны керек әлі толық зерттелген жоқ. Хан Кенесарының ұлт-азаттық көтерілісін Қазақстан аймақтарымен шектеп бөліп қарау ең үлкен қателік саналады. Хан Кене мен Шығыс Түркістандағы қазақ, ұйғыр, дұңған көтерілістері арасындағы саяси, әскери қатынастар туралы дерек те қытай мұрағатында көмулі жатыр. Онда Шәуешек, Құлжа және Үрімжі қалаларындағы қазақтардың Хан Кенемен және кейінгі Сыздық Сұлтанмен жасасқан құпия хаттары сақтаулы. Осы тұста Осман мемлекетінің сыртқы құпия барлау қызметі Цин үкіметіне қарсы ұлт-азаттық көтеріліс ұйымдастырған мұсылмандар туралы рапорт дайындады. Онда Құлжа, Шәуешек, Үрімжі және Қашқария мұсылмандары туралы хаттамалар топталған. Хаттаманың келесі бумасы Хива, Бухара және Қоқан хандықтарының Ресей саясаты мен отарына байланысты жинақталған. Хан Кенесарының аты мен іс-қимылдары сонда толықтай кездеседі.

Кейін Кенесары өз әскери іс-қимылын Шығыс Түркістан беттерінде жалғастыруды да көздеді. Өйткені, Ішкі қытайда Цин үкіметіне қарсы көтерілістер арт-артынан туылып, манжурлардың Құлжа мен Үрімжідегі қазақ, дұңған және ұйғырлар көтерілісін басып жаншуға күші дәрменсіз қалған еді. Осыдан соң манжурлардың Құлжа (Күре) арқылы тұтас орталық азияға саяси экспансия жүргізу жобасы тас-талқан болды. Құлжа мен Үрімжідегі ұлт-азаттық көтеріліс Хан Кенесары үшін жақсы орай болды. Хан Кене енді Тәңір тау мен Алтай арасындағы қазақ жерін артқы база ретінде қолдануды көздеді. Бұл алқап атасы Абылай кезінен бері хандар аузынан түспеген күншығыс жайлы аумақ-ты. Атасы Абылайға айбар шеккен Цин үкіметі қазір қауқарсыз, көтеріліс күн санап өршіп келеді. Бірақ Кенесары бұл арманына жетпеді, мақсаты Алатаудан аса алмады...

Хан Кенесары өлген кезде Сыздық Сұлтан тоқым қағар жаста болды. Орындалмаған саяси арманды Сыздық сұлтан атқарды. Ол ішкі қытайдағы манжур билігіне қарсы "Тайпиьн тиянь го" бұлғағын сәтті пайдалана отырып, Үрімжі мен Құлжа және Шәуешек қалаларындағы қазақ көтерілісіне болысты және қысқа уақыт ішінде саяси тұлға ретінде танылды.

Дәл осы тұстағы әскери оқиғалар Ыстанбұлда жарық көрген "Басират" пен "Уақыт" газеттерінде көп жазылды. (сүгіреттер газеттің кейінгі нұсқалары). Ол газеттер Қашқария мен Жоңғария туралы апталық ақпараттық сараптама жасап тұрды. Газет тіпті ол жақтан келген елшілердің Сұлтан Әбдүләзизбен сарайдағы жолығуын да апталық ең маңызды жаңалық ретінде беріп отырды. Сұлтан Әбдүләзиз әскери қару-жарақ пен оқ-дәрі және сонымен бірге әскери соғыс маманы мен әскери технолог кадрларын жерорта, қызыл теңізден кесіп өтіп парсы шығанағы арқылы үнді мұхитына одан бомбайға дейін жеткізген. Бомбайдан Қашқарияға дейін Ыстанбұлдағы Ағылшын дипломаттарына қолқа салып жүріп Қарақұрым тауынан аткөлік аман асырған. "Басират" пен "Уақыт" газетінің 1971-1972 жылғы көне нұсқаларында осы туралы айтылады (кеме бастапта свейіш каналы маңында қайраңдап көп тұрып қалған, кейін түрік сұлтаны кемені өңдеп қайта жіберген).

Сыздық Сұлтан Құлжа, Шәуешек және Үрімжі қалаларында белсенді әскери қимыл жүргізген кезінде Алтайдағы Көгедай ордасы Абақ Керей билігі мен Қашқариядағы Яқұп Бек Хан арасында бізге әлі беймәлім дипломатиялық қатынастар жүріп жатты.

Ұзын сөздің қысқасы, бұл кезеңге байланысты ғылми айналымға түспей қалған тың деректер Осман мұрағатында шаң басып жатыр. Сол деректерді онтологиялық талдаудан өткізіп, адал жолмен ашса білсек (бұрмалаусыз) Хан Кенесары мен Сыздық Сұлтан туралы бізге беймәлім тың деректер көптеп кездесері анық.

Сұлтан Әбдүләзизден соң билікке келген Сұлтан Екінші Әбдүлқамиттың Ыстанбұлда құпия құрылтай өткізіп Шығыс Түркістаннан қазақ өкілдерін үлкен құрмет және ұлы сеніммен шақыруы тегін емес. Тарих сахнасында олар "қажыға барған қазақтар" деген атпен ғана сақталды, ал шын мәнінде қажылық сапарды сылтау қыла отырып, сұлттанның арнайы құпия құрылтайына бара жатқанын қайдан білсін...

Елдес Орда

12.06.2020

6alash ұсынады