КӨНЕ ҚЫТАЙ КАРТАСЫНДАҒЫ ҰЛЫ ДАЛА
Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтуге арналған салтанатты жиында «Біздің қасиетті жерімізді ықылым замандардан Ұлы Дала деп, ал бабаларымызды Ұлы Даланың ұрпақтары деп атаған. Біз – солардың жалғасымыз, Ұлы Даланың мұрагерлеріміз. Осынау кең байтақ Ұлы Даланың көгінде халқымыздың бақ жұлдызы болып Жаңа Қазақстан дүниеге келді. Біздің Қазақстанымыз – ұлы істердің ұйытқысы болған Ұлы Дала Елі!» деп бүгінгі Жаңа Қазақстан мен ежелгі Ұлы даланың тарихи сабақтастығын атап көрсетсе, келесі бір сұхбатында «Ұлы Дала ұғымы – баяғыдан бар ұғым. Ұлы Дала ұғымына мынау Алтайдан Қара теңізге дейінгі даланы атайтын болған. Оның негізгі аумағы – біздің қазақтың жері» деп, Ұлы даланың шет-шегін анықтай келе тәуелсіз Қазақстанның халықтық атауы ретінде «Ұлы Дала елі» тіркесін ұсынады. Елбасының осынау парасатты пайымы мен орамды ойы тәуелсіз елімізді тағы бір тарихи белеске шақырған игілікті бастама ретінде ел есінде қалумен бірге, тарихшылар қауымын Ұлы дала тарихының терең қойнауына үңілуге үндеп, ойға өріс, санға серпін берді.
Ұлы дала ұғымын француз тарихшысы Рене Груссе 1938 жылы әлемдік тарихнамаға алғаш енгізгенмен, қасиетті жеріміздің ежелгі дәуірден Ұлы дала деген атпен алыс-жуықтағы халықтарға танымал болып келгенін көрсететін баға жетпес көне мұралардың бірі ретінде «Әлем елдерінің толық картасы» деген атпен Қытайда XVII ғасырда жарық көрген ескі картаны айтуға болады.
Қалыптасқан дәстүрлі көзқарас бойынша, «Әлем елдерінің толық картасы» итальян миссионері, математик, астроном, картограф Маттео Риччидің (1552-1610) қолынан шыққан деп есептеледі. Маттео Риччи 1582 жылы Қытайға сапар шегіп, Макаода миссионерлік қызметпен айналысады. Ол католиктік ілімдерді таратумен ғана шектелмей, қытайлық шенеуніктермен тығыз қарым-қатынаста болып, батыстың астрономиялық, математикалық, географиялық білімдерін насихаттайды; қытай тілін меңгеріп, қытай мәдениетінеден қояды, Конфуций ілімінің классикалық шығармаларын алғашқы болып латын тіліне аударады. 1601 жылы император Ваньлидің шақыруымен Пекинге барып, өзі жасаған «Дүние картасын» Қытай әміршісіне сыйға тартады. Осы картаның толықтырылған нұсқасын қытайлық шенеунік, аудармашы, астроном, католик Ли Чжицзао (1565-1630)1602 жылы «Әлем елдерінің толық картасы» деген атпен көбейтіп бастырады. Қытайлық ғалымЦюэВэйминьнің жазуынша,қазіргі күндекартаның ғылымға белгілі 9 нұсқасы бар: Нанкин нұсқасы (Нанкин мұражайы), Сеул нұсқасы (Сеул университеті), Осака нұсқасы (Китамура Йоширо), Кендалл нұсқасы (Кендалл кит аулау мұражайы), G.Nicolas нұсқасы (француз G.Nicolas мырзаның жеке мұрағаты), Ұлттық кітапхана нұсқасы (Қытай Ұлттық кітапханасы), Bongseonsa нұсқасы (Кореядағы Bongseonsa храмы, бүлінген, ақ-қара түсті суреті сақталған), Ruderman нұсқасы (Ruderman көне карталар дүкені), Тарихи мұражай нұсқасы (Қытай тарихи мұражайы).Қолмен көшірілген нұсқаларын есепке алмағанда, баспалық нұсқалардың айтарлықтай айырмашылығы жоқ, бұлардың ішінде 1608 жылы жарық көрген Нанкин нұсқасы ең жақсы сақталған және 1602 жылы Ли Чжицзао бастырған нұсқаға ең жақын. Алайда, Миннесота университетінің кітапханасында сақталған нұсқаның бұл тізімге не үшін енбей қалғаны бізге түсініксіз.
Маттео Риччидің картасына негіз болған түпнұсқа туралы әртүрлі пікір айтылады. Қытайтекті АҚШ тарихшысы Уильям Хун (1893-1980) Қытайда 18 жыл өмір сүрген француз миссионері Николя Тригоның (1577–1628) «De Christiana Expedition» (Христиан экспедициясы) еңбегіне сүйене отырып, «Әлем елдерінің толық картасы» фламандтық картограф Авраам Ортелийдің (1527-1598)шын мәніндегі тұңғыш заманауи атлас ретінде мойындалған «Theatrum Orbis Terrarum» (Жер шарының келбеті, 1570ж.) атты әйгілі еңбегінің негізінде жасалған деген байламға келеді. Кейінгі зерттеулер Маттео Риччидің Симон Гриней (1532ж.), Джакомо Гастальди (1546ж.), Паоло Форлани (1565ж.), Антонио Лафрери (1580ж.) секілді еуропалық картографтар құрастырған әлем карталарын пайдалануы да мүмкін екенін көрсетіп отыр.
Алайда Маттео Риччидің картасын еуропалық карталардың айна-қатесіз көшірмесі деуге болмайды. Ең басты өзгеріс, баста айтқанымыздай, конфуцийлік ілімге ден қойған Маттео Риччиежелгі қытайлық дүниетанымға сәйкес Қытай жерін картаның орта тұсына – әлемнің кіндігіне орналастырады. Бұл кейінгі қытайлық әлем карталарының бәріне бірдей ортақ үлгі және дәстүрлі стандарт болып қалыптасады. Сондай-ақ, карта Маттео Риччидің жеке еңбегі емес, оны дайындауға, аударуға, әсіресе толықтыруға қытайлық зиялы қауым өкілдері де ат салысады. Сол себепті, картада ежелгі қытайлық дүниетаным мен географиялық білімдерге сілтейтін түсініктер мен түсіндірмелер де аз емес. Мысалы, картада әр кезеңде қытай жылнамашыларының қаламына ілінген көшпелі халықтардың атуларыкездеседі, айталық, сиыр сирақты түріктер (牛蹄突厥) мен қара арбалылар (黑車子) туралы мәліметтер XI ғасырда хатқа түскен «Жаңа бес әулет тарихында» кездеседі, тіпті картадағы сиыр сирақты түріктер туралы «Адам бейнелі, сиыр сирақты халық, суы Хулу өзені деп аталады, оның суы жаз бен күзде екі кез бойы, қыс пен көктемде түбіне дейін мұз болып қатады. Мұзды ыдысқа салып отта еріткеннен кейін ғана ішетін су алады» деген түсіндірме «Жаңа бес әулет тарихынан» алынғаны айдан анық.Ал一目國(Төбекөздер елі), 女人國(Арулар елі), 鬼國(Гуйлер елі), 狗國(Ит елі) т.б. атаулар ежелгі Қытайда жазылған, авторы белгісіз, шынайы және мифтік географиялық білімдерден сыр шертетін «Шан Хай Цзин», яғни, «Таулар мен теңіздер кітабындағы» түсініктерге меңзейді. Айта кетерлік жайт, бұлардың алдыңғы екеуі ежелгі грек авторларының қаламындағы Аримаспы және Амазонка ұғымына сәйкес келеді. Тізе берсе, бұндай мысалдар жеткілікті. Біз бұны «Әлем елдерінің толық картасының» еуропалық карталардың жай көшірмесі емес, қытайлық дүниетаныммен, географиялық білімдермен байытылған еңбек екеніне көз жеткізу үшін айтып отырмыз. Шын мәнінде, бұл картанызаманауи батыстық білім мен қытайлық дүниетанымның алғашқы диалогының куәсі деген дұрысырақ.
Картада бізге таныс Түркістан, Астрахан, Қарақытай, Еділ немесе Волга, Қалмақ, Самарқан, Шағатай, Мауреннахр, Ілебалық, Танаис, т.б. тарихи-географиялық топонимдер мен этнонимдер кездеседі. Әрине, олардың картадағы орнын дәл бүгінгідей мүлтіксіз деуге болмайды. Мысалы, Қарақытай елі Түркістан өлкесінің батысына, Еділдің жоғарғы ағысына орналастырылса, Шағатай ұлысының іргесі Каспий теңізіне тиіп тұр, бүгінгі Қытайдың Шынжаң аумағындағы Құмыл, Қарашәрі елді мекендерінің орны әлде қайда батыста, Каспийге таяу көрсетілсе, Мауреннахр топонимі екі жерде (аралығы едәуір алшақ) кездеседі, бұндай жаңылыстар мен шалағайлықтарды біз сол заманда Орталық Азия өлкесінің жете зерттеліп үлгермегендігінің көрінісі ретінде қалыпты құбылыс деп санаймыз.
«Әлем елдерінің толық картасының» Миннесота университетінің кітапханасында сақталған нұсқасынан қиынды. Картаның бұл бөлігінде Түркістан, Мауреннахр аймақтары мен Ұлы Дала көрсетілген.
Картаның Түркістан және Мауреннахр өлкелерінен солтүстікке қарайғы бөлігінде бізді қызықтырған ақпарат кездеседі, осы аумақтағы қытай иероглифтерімен大壙野деп көрсетілген аймақты біз қазіргі қазақ даласының орталық және солтүстік бөлігі деп танимыз. Қытай тіліндегі осы тіркеске талдау жасасақ, 大иероглифіүлкен, ұлы; 壙野 иероглифтері шексіз-шетсіз дала, кең-байтақ жазық деген мағынаны білдіреді, демек, бұл қазіргі қолданыстағы Ұлы Дала ұғымына қапысыз үйлеседі. Сондай-ақ, картадағы 大壙野 топонимінің жанына қоса берілген 是的亞意貌內 тіркесі ежелгі грек авторлары қолданған “Скиф де Имаус” ұғымына сай келуі де біздің болжамымызды қанаттандыра түседі. Қазақстандық ғалым, география ғылымының докторы Ә.С.Бейсенованың пікірінше, Птолемей Скифия шекарасын батыста Азия Сарматиясымен, солтүстікте беймәлім жермен, шығыста Имаус тауымен, оңтүстік пен оңтүстік шығыста сақтар, согдийлер жәнемаргиана мекендеген аймақтармен, оңтүстікте Гиркан (Каспий) теңізінің Ра өзеніне дейін созылып жатқан бөлігімен жүргізеді. Демек, Птолемейдің “Скиф де Имаус” картасындағы Скифия шекарасының қазіргі Қазақстан шекарасымен сәйкесетіні өз-өзінен түсінікті. Біз сөз етіп отырған «Әлем елдерінің толық картасындағы» 亞細亞沙爾馬齊亞 деп көрсетілген аймақ (是的亞意貌內, яғни, Скифия де Имаус өлкесінің батысында) Птоломейдегі Азия Сарматиясына, ал 意貌山 (Yimaoshan, Имао тауы) топонимі Имаус тауына сәйкес. Дегенмен, картадағы Имао тауы ежелгі грек авторларының түсінігіндегі Гималай немесе Памир, Тяньшань жоталарын емес, Алтай-Саян тауларынбелгілеп тұрғаны айдан анық. Әрине, «Әлем елдерінің толық картасында» ескілікті Птоломей картасының ізі байқалып жатса, оны дәстүрлі білімнің жаңғыруы ғана емес, карта авторларының зерттелмеген беймәлім әлем туралы мүмкіндігінше нақтылыққа жету үшін қолданған қосалқы анықтамасы ретінде қарастырған жөн.
Бір қызығы, картада Ұлы дала мен Имао (Алтай) тауының аралығындағы алқапқа 鐵勒 тайпалары орналастырылған, қытай жылнамаларында бұл этникалық топчилэ, гаоцзюй, динлин, дили деп те хатталған, қазақтілді әдебиеттердетелек, теглек, теле, динлин деп әртүрлі аталып жүр. Шамалап айтқанда, қытай деректерінде бұл этноним VI-VII ғасырларда Еуразияның орталық бөлігін – қазіргі Моңғол даласынан Каспий теңізіне дейін созылып жатқанұлан-байтақ кеңістікті мекен тұтқан түркітілдес халықтардың жалпы атауы ретінде қолданылады. Ұйғыр қағанаты орнағаннан кейін, бұл этноним бірте-бірте қолданыстан шығып қалады. Ал XVI ғасырдың аяғы, XVII ғасырдың басында жасалған қытайлық картада этнонимнің қайта көрініс беруі кездейсоқтық емес, бұл ескілікті білімнің жаңғыруы, сонымен бірге, “Скиф де Имаус”, теглек және Ұлы дала терминдерінің қатарласып келуі, іс жүзінде ұлы тарихымыздың скифтік, түркілік және қазақылық кезеңдерінің ажырамас тұтастығы мен сабақтастығының айғағы емес пе?
Жиып келгенде, Қытайда жасалған алғашқы әлем картасында қасиетті отан, қастерлі мекеніміз – қазақ жерінің Ұлы Даладеп тайға таңба басқандай көрсетілуі Ұлы дала ұғымның тарихилығы мен танымалдығының айқын белгісі, тарихи сабақтастықтың жарқын көрінісі.
Ерлан МАЗАН
Гуманитарлық ғылымдар магистрі
6alash ұсынады