ШОТАЙ ШЕЖІРЕСІ БАСПАДАН ШЫҒЫП, ХАЛЫҚҚА ТАРАТЫЛДЫ
Қарашаның үшінші күні кеште Алматыда «Шотай шежіресі» атты көлемді кітаптың тұсауы кесіліп, жұртпен жүздесті. Аталған шежіренің ішіне үңіліп, бұл тек бір шағын рудың атабұтар шежіресі ғана емес, он сегізінші ғасырдағы қазақтың шығысқа көшуі мен арғы беттегі (Шыынжаң, Тарбағатай) қазақтардың бүгінге дейінгі өріс-қонысы туралы тарихи деректер қамтылған қомақты жинақ екенін аңғардық.
Шежіренің алғы сөзінен кейінгі «Жер шежіресі» атты көлемді жазба айырықша назар аударуға татиды. Түсінікті болуы үшін, үзінді келтіре кетелік:
«Майлы Қыстаулығында Елеместің Көкадыры, Елеместің қыстауы, Түйебайдың сайы (қыстауы), Шәкердің қыстауы, Дүзжанның қыстауы, Қамзаның Аралтөбесі (Орқашардың қызылында), Шәмекең Қызылы, Әбжелейдің Қызылқорасы, Қаби қыстауы, Семізтайда Аюшының Қызылқорасы, Наурыздың қорасы, Мұқыртайда – Бақтиярдың қыстауы, Қара Шөкей қыстауы қатарлы тағы басқа жер аттары бар.
Қазақстандағы Шотай бабамыз қоныстанған жер аттары: Терісайырық өзені, Қуаныш қажы қыстауы, Мүсәпір қыстауы, Үрімсайы, Бөлекбай өзені, Қожамжар қыстауы, Мекежан қыстауы, Томпай жайлауы, Қойшыбұлақ, Есбай қыстауы, Боран сайы, Бабахан шоқысы қатарлы жер аттары бар.
Осылардың барлығы Шотай ұрпақтарының ата мекені болып, жер аты шежіресі ретінде қолданылуда».
Осы жер аттарына қарап отырып, бүгінгі таңда өзге елдің меншігіне өтіп кеткен киелі ата қоныстарымыз еске түседі. Бір ғана Қытай еліндегі қандастарымыз қоныстанып отырған сайын даланың өзі бүгінгі Қазақстанның жартысындай ұлан-байтақ аумақты алып жатыр емес пе?! Ал, аталған шежіреде жазылған өріс пен қоныс жатқа кеткен байтағымыздың бір пұшпағы ғана екені баршаға аян.
Әр ру өзінің ата бұтар шежіресін жазуы – бір қарағанда тар өрісті рушылдық сияқтанғанымен, тарихи ата қоныстарымыз бен сол рудан шыққан тарихи тұлғаларды ел болып қайта тануымызға қосар үлесі көп. Сондықтан, шежірені әрі бай мазмұнды етіп, тұтас қазақты біріктіріу тұрғысынан жазып шығуды қазақ қауымы түгелдей әдетке айналдырса құба-құп. Себебі, шежіре арқылы көптеген жоқты түгендеп алуға болады. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі таңдағы шежірешілерге тұтас ұлттың рухын ояту мақсатында қолға қалам алыңыз дегенді айта кеткен жөн.
Шотай руы Орта жүз найманның қаракерей жұмық сайболат жақсылық бұтақтарынан тарайтын «Іргелі Шотай» атанған, саны жағынан мол рулардың бірі. Бүгінгі таңда Шотай ұрпақтарының басым көп бөлігі ҚХР Шынжаңдағы атақоныстарында мекенденіп отыр. Еліміздің жер-жерінде ертеден қоныс тепкен Шотай ұрпақтары Ел тәуелсіздігінен бері шеттен келген қандастар арасындағы туыстарымен табысып одан әрі молығып келеді. «Тегін білу – тектілік» деп білетін бабалар тағылымын көкейде сақтай отырып құрастырлған, жалпы қазақ руларының бір бұтағы саналатын Шотай руының шежіресі тарих туралы ізденушілер мен шежіретанушыларға, Шотай ұрпақтарына және көпшілік қауымға арналады.
«Шотай шежіресін» белгілі ақын, өнер қайраткері Кәдірхан Қизатұлы құрастырған. Айта кетейік, 2017 жылы Шотай байдың зираты табылып, рулы ел жиналып, баба басына ескерткіш қойған болатын. Осының барлығы айналып келгенде тәуелсіздіктің ұлы жемісі.
Әділет Ахметұлы