Асан қайғы (Хасан) Сәбитұлы қазақ жерлерінің қасиетін сипаттауы
Асан қайғы желмая мініп желдіртіп, Сарыарқаны аралап жүргенде, әр жерге айтқан сындары мынау екен: Ұзын аққан Ертісті көргенде: «Мына шіркіннің баласы тойдым деп қарап отырмас, қарыным ашты деп жылап отырмас. Сиырдың мүйізі, доңыздың құлағы шығып тұрған жер»,- екен депті.
Асан қайғы (Хасан) Сәбитұлы
Түндікті өзенін көргенде: «Он екі қазылық Ой түндік, маңырап жатқан қой түндік. Қойдың құлағы тұтам шығып тұрған жер екен»,- деп тастап кетуге қимай, артына үш қараған екен. Сонан «Үш қара» атанған екен таудың аты.
Қызылтау деген жерге келгенде: «Тау-тасы кеш болғанда қой болып, ыңыранып жатады екен. Тоқты қысыр қалмайтын жер екен»,- депті.
Баянауыл тауын көргенде: «Ат ерін алмайтын жер екен. Бауырында тұзы бар екен, тұзы ауыр екен, бір түн түнеп кетемін деген адам, бір жұма тоқтап қалады екен. Тұзы жібермейді екен»,- депті.
Ащы бойына келгенде, артына қарап: «А, Баянауыл! Сенің қоныс болып тұрғаның мынау, ащының арқасы екен. Мал жазғытұрым бір жұма ащылайды екен, күзге таман бір жұма ащылайды екен. Сонысы бір жылға татиды екен»,- депті.
Шідерті деген өзенді көргенде: «Мына шіркіннің топырағы асыл екен. Алты ай мініп арықтаған ат, бір айда майға бітетін жер екен. Бос жылқы шілдерлеп қойғандай тоқтайтын, жылқының қонысы екен»,- депті.
Өлеңті өзенін көргенде, тоқтап ешнәрсе айтпай, өлеңдете берген екен. «Неге үндемейсіз?» — дегенде, аз тұрып: «Өлеңтінің суы — май, Шідертінің шөбі — май»,- деп жүре беріпті.
Сілентіден өтіп Жалаңаштың тұзына барғанда: «Аттың төбеліндей Жалаңаш, сені алдыма өңгерейін бе, артыма бөктерейін бе, қай жарама тартайын? Айналаң аз, онан басқа мінің жоқ, табылмайтын жер екенсің»,- депті.
Есіл өзенін көргенде: «Жары мен суы тең, жарлысы мен байы тең болатын жер екен»,- депті.
Нұраның бойын көргенде: «Алты күнде ат семіртіп мінетін жер екен»,- депті.
Торғай өзенін көргенде: «Ағар суы бал татыған, ақ шабағы май татыған жер екен»,- депті.
Терісаққан деген өзенді көргенде: «Сарыарқаның тұздығы екен»,- депті.
«Жеті қоңырды көргенде: «Сарыарқаның маусымы екен»,- депті.
Ұзын аққан Сыр бойын көргенде: «Басы байтақ, аяғы тайпақ қоныс екен, Қара тауды жайласам, Сырдың бойын қыстасам, қоныс болуға сонда ғана дұрыс екен»,- депті.
Сулы Келес, Ңұрлы Келес өзендерін көргенде: «Мөңіреуін, сиыр болып мөңіреуін. Сиыр тұқымы үзілмейтін жер екен»,- депті.
Асанқайғы бүкіл алты алаштың (қазақтың) жер-суын, қонысын көрем, бұларға жағдай туғызамын деп көп заман өмірін далада өткізіпті. Жүрген жерінде жақсы қонысқа да, жаман қонысқа да баға беріпті.
Асанқайғы Жиделібайсын жеріне қызығып: «Ай, Жиделібайсын, артыма бөктеріп кетер едім, әттең атым көтере алмайды-ау!»- депті.
Яссы қаласын (қазіргі Түркстан) олардың қожа-молдаларын көргенде: «Ай, қарыс жері бір арық, жер сорлысы мұнда екен, әйелі семіз, өрі арық, жұрт сорлысы мұнда екен»,- депті.
Шыңғырлауды көргенде: «Ай Шыңғырлау, жылқы өзі өскен жоқ, Шыңғырлау сен өсірдің!» - деп үш айналып, Шыңғырлаудың суына қолын малып отырып: «Шыңғырлау өкпелер, аттың ерін ал, қонайық, ат суарып, аунап-қунап кетейік»,- деген екен.
«Ай Жанарыстан, жырымдай суға бола шетте қалдыңау есіл, ерім-ай»,- деп бір төбеге келіп жылап тұрған екен. Асан қайғы Бекарыс тұқымынан, Орта жүз; қайтыс болған жері Ұлытаудың басы болса керек.
"Шешендік шиырлары" кітабы
6alash ұсынды