Бекен Қайратұлы: ҚАЗАҚИЯ ҚАЛАЙ ОТАРЛАНДЫ? (1)
Аңдатпа
Әр ұлттың, әр халықтың өзгеге ұқсамайтын, өзіндік тарихы бар. Бұл тарихтың өзі біркелкі емес, яғни, шарықтап гүлденулер мен өзгеге бодан болып құлдыраулар алма-кезек астасып жататын тарих. Сол сияқты, біздің ұлттық тарихымызда үш ғасырға жалғасқан ақтаңдақ кезең дейтін отаршылдық дәуірі бар. Яғни, Қазақ хандығы ХVІІІ ғасырда біртұтас мемлекет ретінде өмір сүруін тоқтатып, Ресей империясының бодандығына тап болды.
Осы кезеңнің себебі мен салдары туралы шетелдік, отандық тарихшылар мен әдебиетшілердің жазған еңбектері де біршама. Солардың арасында Ш. Уәлиханов, Ә. Бөкейхан, М. Тынышпаев, Қ. Халид, С. Асфендияров, Б. Сырттанов, Қ. Кемеңгерұлы, М. Мұқанов, Б. Сүлейменов, М. Қозыбаев, Е. Бекмаханов, К. Нұрпейісов, Қ. Исабаев, Ж. Қасымбаев, М. Әбдіров, М. Мырзахметұлы, М. Мағауин, Б. Тілегенов, С. Ақатаев, Т. Омарбеков, М. Қойгелдиев, С. Мәшімбаев, Ә. Омаров, С. Жақыпбеков, Қ. Әбуов, С. Әсіпов, А. Сейдімбек, Т. Жұртбай, М. Құл-Мұхаммед, К. Аманжолов, А. Айталы, Ө. Өмірзақов, Ж. Марданов, А. Кәкен, Т. Көлбаев және т.б. еңбектері елеулі.
Бұған дейінгі отарлық дәуірін зерттеушілер өздері өмір сүрген ортаға байланысты қоғамдық-саяси көзқарас тұрғысынан назар аударғанын байқаймыз. Мысалы, көрнекті қазақ зиялысы Телжан Шонанұлы 1923 жылы отарлауға қатысты «Жер тағдыры – ел тағдыры» атты еңбек жазады. Мұнда қазақ даласын Патшалық Ресей тарапынан отарлаудың қалай басталғаны және сол кезеңдегі күрделі мәселелер қамтылған. Кітап «Қазақ жері мәселесі тарихы» деген атпен 1926 жылы Ташкентте жарық көріп, 1937 жылға дейін жыл сайын басылып, күллі қазақ даласына – қалалардан алыс ауылдарға дейін тегіс тараған. Жалпы өткен ғасырдың 30-ыншы жылдардың зұлматына дейінгі кезеңде қазақ зиялыларының отаршылық тақырыпқа тоқталмағаны кемде-кем.
Бұл кітапқа жоғарыда келтірілген зерттеушілер мен шығармашылық иелерінің әр жылдарда жарық көрген туындыларын дереккөз ретінде пайдалана отырып, орыс отаршылдығы амбициясының туындауы мен қарқын алып күшеюін, қазақ халқына тигізген рухани-экономикалық салдар-зардаптары нақты факт-деректер арқылы, кезең-кезеңімен жіліктеліп, бүгінгі күннің талабы тұрғысынан ұсынылып отыр.
Бұл туынды оқырман қауымның кәдесіне жарап жатса, ұлт тарихындағы ақтаңдақ дәуірге қатысты жинап-теріп, ой елегінен өткізіп, «өткенге салауат, ертеңге аманат» ретінде ұсынған еңбегіміздің еш кетпегені.
Автордан
ОТАРЛАУ МӘСЕЛЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ
ҚЫСҚАША СИПАТТАМАЛАР
Отарлау дегеніміз не? Отарлау деп (лат. colonia) – күшті державалардың әлсіз халықтарды күш қолдану арқылы бағындырып, олардың байлығын, жерін иеленіп қана қоймай, отарланушы елдің әкімшілік басқару жүйесін түбегейлі өзгертудің нәтижесінде толық үстемдік орнатуын айтады. Яғни, аталмыш процесті ғылыми негізде түсіндірер болсақ, отарлау саясаты – әскери күш қолдану арқылы жүзеге асатын, әрі отарланушы елді саяси һәм экономикалық кіріптарлыққа ұшырататын өте қатерлі құбылыс, яғни әлсіз халықтарды құлға айналдыру немесе жойып жіберу саясаты (ҚСЭ., 8-том – Алматы, 1976 ж. – 612-б).
Отарлау немесе басқа елдерді жаулап алу ісі XV ғасырдың ортасында «Ұлы географиялық ашулар» деген атпен басталды да, ХVІІ ғасырдың ортасында қатты қарқын алды. Әлемдік отарлаудың басында, яғни, ұлы географиялық ашуларды жүргізуші еуропалық мемлекеттер: Ұлыбритания, Франция, Португалия, Испания, Голландия...т.б. әлемдік отарлау дәуірінде, саяси-экономикалық тараптан алма-кезек үстемдік етіп отырды.
Кейін бұл қатарға Ресей, АҚШ, Германия, Жапония қосылды. XX ғасырдың басында бұл мемлекеттердің иелігінде Жер шарының жартысынан астам бөлігі - 72 млн. шаршы шақырым аумақ мен планета халқының үштен бір бөлігі 560 млн. адам бағынышты болды. Мысалы:
Ұлыбритания иелігінде: 9 млн. шаршы шақырым жер мен 146,6 млн. адам;
Франция иелігінде: 9,7 млн. шаршы шақырым жер мен 49 млн. адам;
Германия иелігінде: 2,9 млн. шаршы шақырым жер мен 12,3 млн. адам;
АҚШ иелігінде: 0,3 млн. шаршы шақырым жер мен 9,7 млн. адам;
Жапония иелігінде: 0,3 млн. шаршы шақырым жер мен 19,2 млн. адам бағынышты күй кешті.
Жоғарыдағы отарлау саясаты – жергілікті жұрттардың жерін басып алумен қатар халқын да аса қатыгездікпен қанап-тонау арқылы жүргізілді. Құл саудасы қатты өрістеді. Нәсілшілдік, кемсітушілік кең етек жайды. Мысалы, отарлау саясатын қолдаушы американдық ғалым Эдуард Сайд өзінің «Ориентализм» атты кітабында: «Батыстықтар біздер – ақ нәсілділер ақ емес нәсілдерді басқару үшін жаралғанбыз», – депті.
Отарлауға ұшыраған елдердің экономикасы мешеуленіп, көне мәдениеттері мен елді байырғы этнобасқару ғұрыптық жүйесі жойылады. Мысалы, Оңтүстік Американы жаулап алған испандықтар мен португалдықтар әйгілі Инкті мәдениетін қиратса, ағылшындар мен француздар Солтүстік Американың байырғы тұрғындарын мәдениетімен қоса құртып жіберді. Отарлаушылардың жауыздығынан Австралияның байырғы халқы түгелдей қырылды. Олардың тірі қалғандары қазір резервацияда өмір сүріп жатыр.
Жоғарыдағы отарлау дәуіріне қатысты ең бір үлкен еңбек «Британика» энциклопедиясында: «...зерттеушілер отарлаушы елдің отарланушы елге экономикалық мұра қалдыратыны жайлы айта жатар, бірақ, оның астарында: сорлаған халық, қираған мәдениет сияқты отарлаудың салдарынан пайда болған проблемалар бәрінен сорақы», – делінсе, ғалым Сандра Камбиселлис: «Отаршылар шектен шыққанда отарланған жерде тұрып кімнің жерінде тұрғанын, ол жердің тарихи иесі бар екенін ұмытып кетеді»,–дейді.
Уақыт өте келе отарланушы елдер тәуелсіздікке қол жеткізгенімен, отарлаушылар қалдырған зардабынан арылу қиынға соғуда. Осы мәселені ұзақ жыл зерттеген америкалық ғалым Ева Томсонның пайымдауынша: «Отаршылдық азаттық алған елдің тіршілігінің барлық саласында төбе көрсетіп отырады. Саяси жүйе өзгерсе де, отаршылдардың ойран салуынан әбден зардап шеккен ұлттық сана көп уақытқа дейін ойрандалған қалпында қалады. Оның өзгеріссіз қалуы – азаттық дәуірін бастан кешіп отырған бұрынғы отар елдердің ең алдымен, тілінде көрінеді. Сосын оның ұлтшылдығының деңгейінен, бодан болған халықтың гибридизмінен байқалады. Отарлаған ел мен отарланған елдің мәдениеттерінен шыққан мәдениеттің жаңа түрі – қоспа мәдениет төбе көрсетеді», – депті.
Сол сияқты, ұзақ жыл еуропалықтардың отарында болып, 1942 жылы азаттық алған Индонезия елінің көсемі Сукарно: «Қолайлы, жақсы ауру-дерт болмайтыны сияқты, жағымды отаршылық та болмайды»,–десе, көп уақыт Еуропа отарында болған Марокко елінің тарихшысы Абдулла Лаури өзінің ағылшын тілінде жарық көрген еңбегінде: «Отарлаушылар тіпті менің ішкі жан-дүниемді тонады. Мен басқаша ойлай алмаймын. Өзімді азат, тәуелсізбін деп ойлағанның өзінде біреу жан-жағымнан анталып, қамалап, еңсемді басып тұрғандай сезімде өмір сүремін», – деп жазыпты (А.Лаури. Арабтардың қазіргі идеологиясы. – Париж. 1967.)
Ал, француз ғалымы Фрэнсис Фанон болса: «Азаттық алған, яғни жаңа дәуірді бастан кешіп отырған елдің отарлаушылар қалдырған басты белгісі – тілінің бөлінуі, өздерінің маргиналдануы мен патологияға ұшырауы және құлдық психология кебін киюі», – деп тұжырымдайды. Фанонның айтуынша, отарлаушы елдің тілі – отарланушыға әлі де болса күш кімнің жағында екенін аңғартып тұратын басты белгі.
Әлемдік отарлаудың Орталық Азиядағы әрекеті.
Еуразия құрлығының шығыс бөлігі Азия құрлығын географиялық тұрғыдан: Солтүстік Азия, Батыс Азия, Оңтүстік Азия, Оңтүстік-Шығыс Азия, Шығыс Азия және Орталық Азия деп алты аумаққа бөледі. Осындағы Орталық Азия бөлігіне Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан территориясы кіреді. Бұл өлке де әлемдік отарлау саясатынан шет қалған жоқ. Әсіресе, жоғарыдағы түркі-мұсылман ұлыстарына көз тіккен Ресей империясы оларды бағындырудың кілті мен қақпасы Қазақия екенін өте жақсы түсінді.
Бірінші Петр 1722 жылы парсыларға жорық кезінде Астраханьда болып, қарсы алдында ұшан-теңіз көсіліп жатқан қазақ даласына қызыға қарап тұрып: «Қазақия жері бүкіл Азия елдері мен жерлеріне шығатын кілт һәм қақпа екен. Сол себепті орасан зор шығынға қарамай қазақтарды бодандыққа алу керек»,- деп жарлық түсірген («Вестник Европы». том 5. –1870. Стр 530).
Осындағы Астрахань жорығына қатысып, тілмәштық жасаған А.И. Тевкелевке патша тарапынан «...қырғыз-қайсақ ордасын түптің түбінде бір-ақ парақ қағазбен Ресейге қарату ісі атқарылатын болсын!», деген тапсырма осы кезде берілген сыңайлы.
Патша ағзам қазақ даласына тегіннен-тегін көз салмаса керек. Өйткені, еуропалық әріптестері тарапынан қолдау тауып, ғаламды бөліске салу жөнінен жемтіктестік мұратқа қол жеткізген Ресей билеушілері бұған дейін Қазан хандығын құлатып, Ібір-Сібірді қанға бояп, Ноғайлының ошағын ойрандап, Қырымды қолтығына қысқан еді. Сөйтіп, апайтөс қазақ даласына деген аңсары ауған-тын. Қазақ білімпазы Телжан Шонанұлының сөзімен айтсақ: «1732 жылдан бастап, патша қазақтың жеріне жерік ауруға ұшырады».
Академик Манаш Қозыбаевтың пайымдауына қарағанда: «Ресей елі Қазақияны 1731 жылдан емес, 1580 жылдан бастап шапқан. Өйткені, Жармақ жаулап алған Ібір-Сібір жұртының халқы негізінен қыпшақ, арғын, найман, керей, жалайыр... т.б. қазақ тайпаларынан құралған». Осы кезде этнос болып қалыптасқан башқұрт, бұлғар, өзбек, қарақалпақ, қазақ халықтарының құрамына ғалым Р. Күзекованың деректері бойынша 100-ден аса біртекті ру-тайпалар енген. Бұлардың бір шеті сол Ібір-Сібір жұртынан басталғанын ескерсек, қазақ тайпаларының ресейлік отарлық бұғауына іліге бастағанына 400 жылдан асты деуге толық негіз бар.
Әлемдік отарлау тарихын зерттеушілер отарлаудың ресейлік нұсқасын тарихтағы ең қатыгез, қаныпезер түрде жүргізілген отарлау деп біледі. Мысалы, еуропалық зерттеуші Дж. Уилер британдықтар мен орыстардың отарлау ісінің ерекшелігін екшей отырып, былай деп жазады: «Британия Үндістанды отарлағанда, олардың көнеден келе жатқан өзін-өзі басқару жүйесін бұзып, оның ішкі ежелгі басқару ісіне араласқан жоқ. Ал, орыстар болса отарлаған жеріне тікелей өздерінің әкімшілік жүйесін күштеп орнатты. Әсіресе, Орта Азия тұрғындарын аяусыз ырқына көндіріп, олардың атамекен территориясын ұлы орыс империясының меншігі деп есептеді» («Қазақ» оқу құралы –«Білім»., 1994).
Сол сияқты, француз ориенталисі Л. Бенниг: «Орыстардың отарлау тәсілі басқа еуропалықтармен салыстырғанда, өте қатал болды»,-деген пікірді дәлелді түрде келтіреді («Қазақ» студенттерге арналған оқу құрал. –Алматы: «Білім», 1994 . 76-б).
Әлемдік отарлау тарихын зерттеген батыс оқымыстыларының: «Ағылшындар өздері отарлаған елдің «сиырының» сүтін алды, француздар «сиырдың» етін алып, терісін қалдырды, орыстар «сиырды» өлтіріп жоқ қылды» дейтін әжуаға толы мысқыл-мысалында тарихи шындық жатыр.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының бірінші салтанатты мәжілісінде сөйлеген сөзінде: «Патшалық Ресейдің отаршылдығы басқа елдердің отаршылдығынан асып түспесе, кем түскен жоқ. Ұлан-ғайыр даламыз империя меншігіне айналды. Дініміз тәрк, тіліміз ғаріп, мәдениетіміз мүшкіл, өзіміз мүскін қалге ұшырадық», – десе, («Егемен Қазақстан», 2 қазан, 1992), алаш ақсақалы Тұрсын Жұртбайдың: «Ресейлік отарлау саясаты, егер мемлекеттің мүддесі қажет ететін болса – онда қазақтарды құрбандыққа шалуға ешкім қарсы болмайды деген қомағайлық пен қорқау пиғылда жүргізілді» – дегені ойланарлық дүние (Тұрсын Жұртбай. «Күйесің, жүрек... сүйесің». Алматы: «Қайнар», 2009. 16-б).
Екінші Дума депутаты Марковтың «...қазақтар Шыңғыс пен Темірланның ордасының өкілдері. Сондықтан, Америкада қызылтерілілерге (краснокожие) не істелсе, қазақтарға да соны жасау керек» («Товарищ» 6.12.1907. №442) деген астам пиғылы отарлаушылардың шынайы бет-бейнесін әшкерелесе, 1819-1821 жылдары Сібір генерал-губернаторлығын басқарған М. Сперанский патшаға жазған хатында: «Қазақ жерінде сексеуіл
жүзге, руға бөлінеді. Біз соларды сексеуіл сияқты бір-біріне ұрып жарумыз керек»,- деуі («Мәдени мұра» журналы. № 2(59) // 2015 ж. 38-б. Мекемтас Мырзахметұлы. Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі) отарлаушылардың жоғары дайындықпен, қазақ қоғамының ішкі-сыртқы, астар-қыртыстарын әбден зерттеп, барып іске кіріскендігін аңғартса керек. Американдық профессор Р. Смал-Стоцкийдің «Ресейлік отарлау саясаты - орыс емес халықтарды ұлт ретінде жоқ қылып жіберу саясаты», – деуі де шындықтан алыс кетпейді.
Ресейдің Қазақияны отарлаудағы мақсаты мен тәсілі.
Патшалық Ресей дәуірінде жазылған мына бір деректе «орыс отарлаушылары басқалар сияқты өздері отарлаған жұртқа мәдениет, білім-ғылым әкелген жоқ әрі олай етуді мақсат та тұтпады, олардың ойы тек ғана баю, отарланған халықтың мал-мүлкін тартып алу ғана болды», - дейді (т.18. Настольная книга для русских людей, Киргизский край. Спб, 1903 г). Бұл пікірден біз ресейлік отарлаушылардың көздеген мақсат-мүддесін байқаймыз.
Екінші бір дерек:1903 жылы жарық көрген «Россия» атты көп томдықтың қазақ даласына арналған 18-ші кітабында: «Аймақтарды бағындыруда орыстардың мәдени жұмыстарды жүргізе алмауының басты себебі, олардың жаулап алу мақсаты - тек байлық иелену үшін атқарылғандықтан, мәдениет таратуға мүлде дайындалмаған болатын. Әрі олар өздері де тағы, дөрекі, мейірімсіз адамдар еді»,-делінген.
Мұндай пікірді Америка тарихшысы Г.Д. Сокол да айтады: – Шындыққа жүгінсек, орыстар азиялық көшпелілерге (қазақтарға) мәдениет үлгісін беруге жарамсыз халық болатын. Ресейдің үстем тап өкілдеріне жұққан батыс мәдениетінің мөлшері «пышақтың қырындай» ғана еді. Ал, қалған бұқарасы мәдени дәрежесі жағынан азиялық тұрғындардан онша жоғары емес-тін. Ресей көрші халықтарды отарлағанымен, оларға ағылшындар сияқты рухани һәм мәдени ықпал әкелген жоқ, - дейді ол.
Шын мәнінде, тек баюды ғана мақсат тұтқан ресейлік отарлау саясаты аса қатыгездікпен жүргізілді. Сол дәуірдің тарихшысы Евгений Анисимов: «Бұл «жабайылар» (қазақтарды айтады) тек күш пен зорлықтың ғана тілін түсінеді. Оларға халықаралық құқықтың, тіпті христиандық этиканың бірде-бір тармағы сай келмейді» (Қадыржан Әбуов. Қазақстан тарихының «ақтаңдақ» беттерінен. – Алматы: «Қазақстан». 1994 . 125-б) десе, қазақтың қайраткер азаматы Әлихан Бөкейхан Алаштың үні атанған «Сарыарқа» газетінде жарияланған «Ұлы орыс үстемдігі» атты редакциялық мақаласында: «Орыстың қай партиясын, қай табын алсаң да, орыспен басқа жұртты тең ұстағысы келмейді. Қай жерде, қашан болса да, орыс жұртын жоғары тұтып, өзге жұрттарға соның қожалығын жүргізгісі келеді де тұрады. Лепірген қызыл тіл, әдемі сөздері, бәрі іс жүзінде ұмытылады. Орыс тілегі оң болып, оған өзге жұрттың тілегі құрбандыққа шалынады… Әйтеуір, орыстың қай партиясын алсаң да, көздейтін мақсаты бізге, біз сықылды табы бөлек жұрттарға ерік беріп, тең тұту емес, өзі ғана қожалық құрып, билеп тұрмақ, мойын ұсындырып, айтқанына көндірмек», – депті.
Сол сияқты, тағы бір алаш арысы Мұхамеджан Тынышпаевтың 1905 жылы 19 қарашада автономиялардың 1-інші сиезінде жасаған баяндамасында: «Қазақтар орыстың қол астына кіргеннен бері бір де-бір шуақты жарқын күн, бақытты сәт болған емес! Содан бері ешкім де, шын мәнінде ешбір адам қазақтар үшін сәл де болсын игілікті іс, немесе сол игі іске ұқсас бірдеңе істеу туралы ойланған жоқ», деуі ресейлік отарлау саясатының шынайы бет-бейнесін әйгілеп тұр («Русский Туркестан», 1906 ж. №1).
Ресейдің отарлаған жері – еуропалық отарлаушы елдер сияқты мұхиттың арғы жағы, әлдебір құрлықтың түпкі жағы емес, өзінің құдай қосқан ежелгі көршілері еді. Сондықтан, орыстар асықпай, біртіндеп, отарлау ісін аса жауыздықпен жүргізді. Күндердің күнінде алыстағы отар елдердің басқыншылықтан құтылу мүмкіндігі мол болса, Ресейдің іргесіндегі отар елдердің басқыншылықтан құтылатын ешқандай мүмкіндігі жоқ еді деуге толық негіз бар.
Еуропалық отарлаушылар өз отарының пайдалы қазбасын немесе бұйым-мүлкін отарлап қана қойса, орыстар өздері отарлаған елінің жанын, тәнін, дінін, жерін, елін, мінез-құлқын, дәстүр-ғұрпын, этно шаруашылығын, қазба байлығын, тұрмыс-салтына дейін отарлады. Бұл іс арнайы жоспарланған түрде, жарлық-жобалар негізінде, әскери-жарақтың күшімен, көп мөлшерде бөлінген қаржы-қаражат жұмсалуымен, отарлау ісіне арнайы дайындаған адам күшінің факторы пайдаланылып, барлық мүмкіндік қолданылды. Және өте қатал, жауыздықпен іске асырылды.
Ресейдің Қазақияны отарлаудағы жоспар-жобасы.
Ресейдің қазақ даласын отарлау саясатының жоспар-жобасы жайлы тарихшы һәм зерттеуші-ғалым А.И.Левшин (1798-1879) Ресей империясы қазақ жерін жаулау арқылы:
империя бір тамшы қан ағызбай бірнеше жүз мың халықты қосып алды;
шығыс және оңтүстік өлкенің қауіпсіздігін қамтамасыз етті;
қазақтар арқылы жауынгер жоңғарлардың күшін әлсіретті;
қазақтардың күшін пайдаланып башқұрттарды тықсырды;
қазақ даласы арқылы Хиуаны бой ұсындырды;
Қытай мен Үндістан секілді ірі мемлекеттермен қарым-қатынас жасауға жол ашатын, әрі сонда кірудің кілтін қолға алады, - дейді.
Ресей өзінің отарлау жоспарын іске асыру үшін Қазақияны отарлаудың кезеңдік бағыттарын айқындады. Мысалы, филолог-ғалым Мекемтас Мырзахметов патша ағзамның Қазақияны отарлау саясатының жүзеге асырылуын төмендегідей кезеңге бөліп қарастырған екен:
Бірінші кезең – патша үкіметі жаулап алғаннан кейін басталған патша ағзам қазақ халқын қалайда шоқындыруға, салт-дәстүрін орыстандыруға бағытталған үлкен саяси мақсат қойған және оны мемлекет деңгейінде құпия ұстаған кезең;
Екінші кезең – Кеңес дәуірі. Ол «ұлттар достығы» деген ұранмен өзінің орыстандыру саясатын бүркемелеп, оны судың астыңғы ағысындай астыртын жүргізген, қазақты жаппай орыстандырған кезең;
Үшінші кезең – сан ғасыр бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізген дәуір. Бұның да өз қиындығы болды, әуелі, нарық жолына түстік, осыған дейін сансыраған дүниетанымымыз, мінез-құлқымыз сеңге соғылған балықтай есеңгіреп, тағы да бұзыла түсті. Алдымыздан ақшаның культіне бас ию шықты. Бар мақсат – тек баю. Бұл да жоғарыдағы ұзақ жыл отарлаудың салдарының кезеңі - деп тұжырым жасайды (Қазірден қамданбасақ... «Түркістан». 1 сәуір, 2004).
Алашшыл ғалым Тұрсын Жұртбайдың пайымдауынша, адам, азамат, қауым, ұлт ретінде жазалау тәсілінің кез келген қатыгез түрімен күресуге болады. Бірақ та, солардың ішіндегі ең қауіптісі және «қаражүздісі» - шовинизм, яғни, ұлттық өшпенділікті қоздыратын өлермен өктемдік. Одан айығу мүмкін емес. Патшалық Ресей де, кеңестік Ресей де отар ұлттарды тұқыртып, тұқымын тұздай құрту үшін осынау жазалау құралын іске қосты. Бұл қарудың оқ-дәрісі ретінде православиелік миссионерлік шоқындыру саясаты пайдаланылды. Осындай тағылық тәсілді мемлекеттік саясат пен басқару құралына айналдырған отарлаушы КҮШ:
Біріншіден, жазалаудың жабайы, қатыгез түрін қолдана отырып, ұлттық тілді, дәстүр-салтты, дінді, ұлттық қасиеттің барлығының көзін құрту арқылы мұқым қазақты дербес ұлт ретінде жойып жіберіп, мұқым даланы орыстандыруға;
Екіншіден, түрлі әкімшілік шараларды жүзеге асыра отырып, әр қилы бұйрықтар мен ережелер шығарып, қазақтарды бас еркі жоқ, заңнан тыс тобыр деп жариялауға;
Үшіншіден, оларды кіндік қаны тамып, сүйектері қураған ата-бабасының атамекенінен қуып шығып, ажал боп ауызын ашып тұрған қу медиенге қуып тастауға ұмтылды. Қазақ қашанғы тәуелсіздік алғанға дейін қазақ ұлты шовинистік пиғылдағы жазалау мен қорлаудан құтыла алмады,-дейді (KITAP.kz // Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы. ХVІ кітап. 64-65 бб).
Сол сияқты, ғаламдық отарлаудың Азия бөлігін зерттеуші Б.Хайит Қазақияның отарлануын:
- Ресейдің қамқоршы рөлінде ойнау кезеңі – 1731-1855 жылдары;
- Қазақияны әскери күшпен отарлау кезеңі –1856-1868 жылдары, - деп екіге бөледі.
Ал, алаш ардақтысы Мұхамеджан Тынышпаев Ресей үкіметінің отарлау саясатын:
Біріншіден, жабайы және тағылық қуғын-сүргіндер; қазақ тілін, әдет-ғұрыпты қыспаққа алу;
Екіншіден, қазақтарды дербес ұлт ретінде жойып, құқықсыз, қауқарсыз, заңсыз тобырға айналдыру;
Үшіншіден, халықтың қаны төгіліп, сүйегі шашылған ата қоныс жерлерінен айыру, - деп айыптайды.
Шын мәнінде, қазақ даласын отарлау саясаты жоғарыда айтылғандай, әдбен іріктелген жоспар-жоба бойынша жүргізілді. Енді осындағы жоспар-жобалар қалай іске асырылды? Осы жайды қадыр-халіміз жеткенше баяндап көрелік.
(Жалғасы бар)
6alash ұсынады