Өскеменнің өз аты табылды
Өскемен мың жылдық тарихы бар шаһар атануы мүмкін. Өйткені қаланың көнеде Кеңгір-Тұра деп аталғаны туралы дерек табылды. Гарвард университетінің ғылыми қызметкері, отандасымыз Нұрлан Кенжеахмет осындай жаңалық айтты. Жалпы зерттеушінің бұл ойды ұстанып келе жатқанына 10 жылдан асыпты. Енді ол Гарвард университетінің кітапханасынан сөзіне сенім беретін құнды мәліметтер тапқан. Кеңгір- Тұра туралы жазбалар диссертация беттерінен шыққан. Мәнжүр патшасынан қалған 1760 жылғы картада да Кеңгір-тұра атауы тайға таңба басқандай тұр. Өскеменнің үстінен Кеңгір өзені өткендігі туралы да материалдар бар дейді ғалым.
"Кеңгір-Тұра тарихта болған қала. Қазір ұмытылғанымен, кезінде атағы жайылған шаһар. Бұған күмән келтіруге болмайды. Қытайдың Әмірсананы қуып келген әскерлерінің қолбасшысының «Кеңгір Тұра орыстың шағын қаласы» деп суреттеуіне қарағанда Кеңгір-Тұра орыстар бекініс салғаннан кейін де Кеңгір-Тұра деп аталған сияқты. Ол кезде Өскемен деп аталмаған болуы мүмкін. Ал Семейге келсек, Семей көне түркі тіліндегі сүме сөзінен шыққан деп айтылып жүр. Сүме пұтхана деген мағынаны білдіреді. Орыстар Сэнболотэні Семпалат деп өзгерте салуы мүмкін. Болот қала, сэн сүменің қысқартылған мағынасы болу мүмкін. Ол жерде кезінде түркілер әртүрлі дінге сенді ғой. Сонда Сэнболотэ храмды қала, пұтханалар шаһары дегенге келеді. Башқұрттың белгілі қоғам қайраткері Зәки Уәлиди 1941 жылғы картасында Семейді Жеті там деп атаған" дейді Нұрлан Кенжеахмет