Жангельдиннің жұмбақ әлемі
Асылы, тарихта есімі белгілі ұлы адамдармен бірге қызметтес, аралас-құралас жүріп-тұру, олардың аталы сөзін естіп, іс-әрекеттеріне куә болу қандай ғанибет десеңізші. Кезінде Мәскеу университетінің заң факультетін бітіріп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы Награда бөлімінің меңгерушісі және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі мен Үкіметінің “Ведомсти” журналының бас редакторы қызметтерін атқарған Ізгілік Нұрмағамбетұлы ДАБАЕВҚА сондай айтулы тұлғалармен қызметте де, өмірде де жақын араласу бақыты бұйырыпты. Солардың бірі – кәнігі революционер, Қазақ өлкесінің тұңғыш Төтенше комиссары, былтыр туғанына 125 жыл толған Әліби Тоғжанұлы ЖАНГЕЛДИН. Ізгілік Нұрмағамбетұлы ол кісінің төрт жыл қарамағында жұмыс жасаған кездерінде көпшілік біле бермейтін біраз жәйттарға куә болған. Бүгінде тоқсанды алқымдап отырған ағамызбен ҚР Президенті мұрағаты шығарған “Төтенше комиссар” кітабының тұсаукесер рәсімінде танысып, сонда ол аты аңызға айналған аға ұрпақ өкілінің адамгершілігі, мінез-құлқы, жан жомарттығы жайында қызықты әңгімелердің шетін шығарып қалған-ды. Журналистік ізденіспен ол кісіге қайта жолығып, сол әңгімелерді қаузай түскен едік…
— Ізгілік аға! Бүгінгі ұрпақ Әліби Жангелдинді жіті біле бермеуі мүмкін. Сондықтан әңгіменің бісмілләсін Қазақстанның тарих жылнамасында ортасын ойып алар орны бар осы тұлғамен оқырманды жақынырақ таныстырудан бастасақ…
– Ойыңыз дұрыс. Бірақ Әлекеңнің өмірбаяны жайында өзінен артық ешкім айта алмас. Сол себептен аса құнды, көптің қолына түсе бермейтін, өзі қолын қойып, мөрленген өмірбаянын оқырманға ұсынғанымыз жөн болар.
“1884 жылы Қостанай облысының Қайдауыл болысында дүниеге келгенмін. Әке-шешем қазақ кедейлері. Орта жүздің қыпшақ руынанмын. Қазақтың батыры болған Тәңірберген Жангелдиннің фамилиясын алдым. Бала кезімнен білімге құштар болғанмен, қаражаттың жоқтығынан 10 жасқа келгенше оқымадым. Он жасымда әке-шешемнен қашып Торғай қаласына келіп, оқуға түстім. Бірақ, әкем білім алуыма қарсы болып, ұрып-соғып, ауылға әкетті. Екі жылдан кейін қайтадан қашып Қостанайдағы 2 жылдық орыс-қазақ мектебіне түстім. Мұнда да әкем іздеп келіп, ауылға қайтарғысы келгенмен, мектеп басшылары ол кісіні көндіріп, оқуға қалдыртты. Бұл кезде 12 жаста едім. Сөйтіп, оқуымды жалғастырдым.
1916 жылы большевиктер (коммунистік) партиясының тапсырмасы бойынша Қырымнан қазақ даласына жасырын түрде келдім. Бұл кезде қазақтарды тылдағы жұмысқа жаппай алып жатқан кез. Патшалық Ресейдің бұл саясатына халық қарсылық білдіріп, көтеріліс жасады. Ол Ақпан төңкерісіне дейін созылды. Менің елге келгенім Торғай губернаторына жеткізілсе керек: “Тірі болса – өзін, өлсе – өлігін тез Орынборға жеткізіңдер”– деп бұйрық береді. Мұны естіген соң қашуға тура келді…
… Қазан төңкерісі кезінде Қырымнан Петроградқа қайта шақырды. Халық Комиссарлар Кеңесі мені Торғай облысының әскери (соғыс) комиссары етіп тағайындады. Халық Комиссарлары Кеңесінің маған берген мандатына В.И. Ленин, И.В.Сталин қол қойған. Жаңа қызметпен Орынборға келгенде, төңкеріске қарсы көтеріліс жасап, Орынбордағы кеңес өкіметін құлатып, өзін билеушімін деп жариялаған Петр Дутовпен шайқастым. Ол жерде Кобозев жолдас екеуміз кеңес өкіметін қорғауға кірістік. Бірнеше отрядтар құрып, Орынборға шабуыл жасадық. Орынборды азат еткен соң, облыстық съезд шақырдым, сонан кейін облыстық атқару комитетін құрдық. Кеңес өкіметі жандана түсті.
Бұл жерде жүргенде мені жаңа қызметке – Қазақ даласының төтенше комиссары етіп тағайындады. Бекіту жөніндегі қаулыға, мандатқа В.И.Ленин мен И.В.Сталин қол қойған. Енді Астраханьға қарай жүрдік. Аса маңызды ерекше тапсырманы орындау керек болды. Астраханьда төңкеріске қарсылық жасағандарды жоюға кірістік. “Каспий” флотилиясымен бірлесе отырып, дұшпандармен шайқасуға тура келді. Сегіз сағаттан кейін кеңестерге қарсы көтеріліс жасағандар жеңіліп, Астраханьды азат еттік. Бұдан кейін бізге 2 пароход беріліп, соған мініп, майданға – Каспий теңізіндегі Александровский фортына беттедік. Қамалға келсек, бұл жерді меньшевиктер билеп алған екен, оларды құлатып, Кеңес өкіметін қайта орнаттық. Одан кейін Адай үстіртіне аттандық. Қолымызда патрондар, снарядтар (1,5 млн. аса) болды. Бұдан кейін Бозашы түбегіне келдік. Бұл жерде 300 түйе, 600 атпен экспедиция ұйымдастырдық. Адайлардың сусыз шөл даласымен жүріп, дұшпан шебінен өтіп, межелі жерімізге жеттік. Екі айдың ішінде үш мың шақырым жүріп, Ақтөбе-Түркістан майданына қару-жарақ, оқ-дәрі жеткіздік.
…1920 жылы Кеңес өкіметін орнатуға қарсылық көрсеткендерді жеңіп, социалистік құрылысқа, кеңес өкіметін құруға, экономиканы көтеруге кірістім. Қазақстанда Орталық Атқару комитеті құрылды. Мен сол Атқару комитетінің президиум мүшесі, өлкелік коммунистік партияның бюро мүшесі болдым. Сол жылдары тағы да маған Бакудегі Шығыс халықтары кеңесінің құрамында қызмет етуді тапсырды. Шығыс халықтары кеңесінің жұмысшы Президиумының мүшесі етіп бекітті. Бакуде 6 ай болдым. Одан кейін Орынбор қаласына келдім. Сол кезден бастап Қазақстан үкіметінің үздіксіз мүшесі болып келемін. Ә.Жангелдин. 7 январь, 1947 жыл”.
–Ізгілік аға, қалай ойлайсыз, Жангелдин шетелге саяхат жасауға өзі ықтиярымен кетті ме, әлде Ресей мемлекетінің тапсырмасы болды ма?
– Ол жағын бізге айтпайтын, сондықтан білмеймін. Бірақ, Әлекең 1953 жылы тамыздың 14-інде қайтыс болғанда, қасында едім. Мәйітті үйіне апармай, қоштасуға бірден Опера және балет театрына әкелді. Таңғалатыным, қайтыс болған күннен бастап пәтеріндегі өзі жататын бөлмені 10 күн бойы күні-түні екі чекист күзетіп тұрды. Ол жерге Қазақстан басшыларын да, тіпті, әйелін де, балаларын да кіргізбеді. Ал мен сияқтыларды мүлдем жолатқан жоқ. Оның бөлмесінде не бар, не жоғын ешкім білмеді. Кейін осы жайында баласы Шыңғыстан сұрағанымда: “Аға, ол жағы есімде қалмапты”, – дейді. Әкесі қайтқанда Шыңғыс 6 сыныпта оқитын. Әлекең шетелді Николай Степнов деген атпен фото, кино аппаратын арқалап аралаған ғой. Ол кезде мұндай аппарат қазақ тұрмақ, орыста жоқ. Шетелден келген соң оны большевиктер партиясы шақырып, революциялық жұмыстарға тартып, тапсырма береді. Және оған құрмет көрсетеді. Соған қарағанда ол шетелге өз бетімен емес, большевиктердің тапсырмасымен кеткен болуы керек деп ойлаймын.
– 1917 жылдан 1920 жылға дейін қай үкімет болсын, оған қазақ даласынан бір-ақ адам емін-еркін кіріп жүрген. Ол – Әліби Жангелдин. Сонда бұл кісі Ресей өкіметі мен оның басшыларының сеніміне қалай кірген?
–1918 жылы Әлекеңді Свердлов пен Сталин қол қойған жеделхатпен Петербургке шақырады. Барған соң үкімет мәжілісіне кіретінін айтады. Мәжілісті В.И.Ленин басқарып отырады. Мәселе Қазақстанға келгенде жиынға қатысушы жұрттың алдында Ленин Жангелдиннің бетіне қарап: “Жангелдин жолдас, осы сізбен бір жерде кездестік қой, ә”,– дейді. Әлекең болса: “Дұрыс айтасыз, Владимир Ильич, Швейцарияда кездестік”, – дейді. Онысы бүкіл елдің алдында оны бұрыннан білетін ескі достығын айғақтағаны ғой. Мәжілісте “қазақ ұлтын басқаратын комиссарды бекітеміз” дегенде, 7-8 адам ұсынылады. Дені өзге ұлт өкілдері. Ленин тыңдап отырады да: “Жоқ, олардың бәрі лайықты емес, жолдас Жангелдинге сенемін”, деп кесіп айтады. Әлекең осы әңгімені: “Сары орыстар, украиндар тұрғанда Ленин мені бекітті”, деп мақтанышпен еске алатын. Өйткені, оған қатты сенген ғой.
–Бүгінде ел ішінде Жангелдин жайында неше түрлі жайлы да жайсыз әңгімелер айтылуда. Жангелдин қазақ халқына қандай жақсылық жасаған адам?
– Бастыларын ғана айтайын, өйткені, оны біреу білсе, біреу біле қоймас. Жангелдин Торғайға жол түсіп барса, Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы И.Голощекин де сонда жүреді. Әлекең халықпен кездескенде қоймада астық бола тұра, Голощекиннің бергізбегенін айтады. И.Голощекиннің: “Бар астықты есептеп, нормамен береміз”, деген сөзіне қарамай, көпшілік жұрттың көзінше: “Совет өкіметін құрған сен емес, мен. Халықты қырайын деп пе едің!” — деп таяқпен салып қалады. Сөйтіп, қамбаны аштырған ғой. Жангелдиннің бұл қылығын кек тұтқан хатшы түрмеге жаптырмақшы болып, Ежов екеуі ол жөнінде материал жинайды. Мұндай жаманат хабарды естісімен ол кісі Мәскеудегі Сталин кабинетінен бір-ақ шығады. Сталин болса келген қаралау құжаттарының шекесіне: “Товарища Жангелдина не трогать” деп бір-ақ ауыз сөз жазады. Содан кейін тынышталғанмен, қызметін, көлігін тартып алып, жалақысын қысқартады. Әлекең Мәскеуге жол түскенде сол кездегі Үкімет басшысы В.М.Молотовқа кіріп, бар жағдайды түсіндіреді. “Әліби, саған жұмыс не керек, бәрін істеп болдың ғой?” дейді ол. “Онда қалай күнелтемін?” десе: “Сен зейнет демалысына шық. Бірақ, зейнетақың Қазақстанның бірінші басшысының айлығынан екі есе көп болады”, дейді. “Ал жүріп-тұрғаныма көлік ше?” “Сен мінген пойызға көлік салып жіберемін. Түскенде сонымен үйіңе барасың”, дейді. Әлекең: “Саяжайды да алып қойды ғой”, десе: “Ол дұрыс, өйткені саяжай сенікі емес, мемлекеттікі. Оның орнына екі гектар жері бар 10 бөлмелі екі қабатты үй салдырып беремін” дейді В.М.Молотов. Солай жасайды да. Кейін Әлекеңнің зайыбы София Асфендиярқызы сол саяжайды жерімен қоса “Заря востока” колхозына сыйға тартып жібереді. Баласы Шыңғыс: “Сол жерді шешем бермегенде, бүгінде жерді сатып байып отыратын едік”, деп күліп қояды.
Әлекеңнің зайыбы София апай сұлу, өте ақылды, сыпайы, әділетті адам болатын. Қолынан талай шай іштік, араласып тұрдық. Ол кісі алғашқы Оқу-ағарту комиссарларының бірі, кезінде Алаш мүшесі болған Асфендияр Кенжиннің қызы еді. Зады, бастықтардың әйелдерінің көпшілігі кіжірейіп, кісіге қыр көрсетіп тұратын болса, апайдың ондайы жоқ-тын. Қарапайым өмір сүрді, жақсы киінетін, қазақша сөйлесетін. Бірақ, жұрттың бәрімен тілдесе бермейтін. Бұрынғы “Столичный” дүкенінің жанында екі отбасына арналып ағаштан салынған үйде тұрды. Бір жағында Жангелдин, екіншісінде Ауыл шаруашылығы министрі Ивандаев қоныстанған болатын. Үйіне пеш жағатын, үлкен бөлмесінде қара рояль тұратын. Ол қазір баласы Шыңғыстың үйінде. Бөлмесінде ескі диван бар еді. Оған тек бастықтар – К.Е.Ворошилов, С.М.Буденный, А.Қазақбаев, сосын композитор Бақытжан Байқадамовтың шешесі келсе отыратын. Ол кісіні қатты сыйлайтын. Мен сияқтыларға диваннан орын жоқ. Үйіне папкамды құшақтап барамын. Әлекең бір қағазға оқымай қол қоймайтын. Көзілдірік кимейтін. Берген тапсырмасын өмірде ұмытпайтын.
– Тәртіпке қалай еді? Өйткені әскери адам болған ғой…
–Өте қатал еді. Әр тапсырма берген сайын әр бастыққа: “Сіз менің әскери адам екенімді ұмытпаңыз, тапсырмамды дәлме-дәл уақытында орындаңыз”, – деп ескертіп отыратын. Министрлерге хат дайындағанда “өтінем” деп емес, “осы тапсырманы орындауды бұйырамын” деп жаз дейтін. Солай жазатынбыз. Егер бір минөт кешіксең, оны да ұмытпайды. Бірде: “7 қараша күні сағат жетіде үйге кел”, – деді. Келдім. Ол кісі үйінде де костюм киіп отыратын. Тіпті, саяжайда да жеңіл-желпі киінбейтін. Әлекеңді Амангелді ескерткішінің жанындағы ағаштан жасалған мінберге ертіп баруым керек екен. Ол жерге Үкімет адамдары да келмек. Парад болды, әуелі атты әскер, артиллерия, жаяу әскер, сонан соң халық өтеді. Ол кісіге орындық әкелуім керек болды. Сонда Ж.Шаяхметов тұрды да: “Қарағым, інім, сен ол кісіге орындық әкелме. Одан да Әлекеңе екі сұлу келіншек тапсаң, екі жағынан қолтығынан сүйеп тұрса, дұрыс болар еді”,– деп күлді. Әлекең болса саспастан: “Шырағым, Жұмашжан, ондай келіншек болса, өзің де бөтен көрмессің”,– деп жымиды. Парад біткен соң, маған жүр деді. Ол кісінің әдеті “жүр” деп айтпайды, қолымен нұсқап, ым береді. Үйіне келіп кіргізіп едім, кете бер, – деді.
Үш айдан кейін Алматы облысының Шелек ауданына темекі совхозына баратын болдық. Совхоз директоры Социалистік Еңбек Ері Петр Томаровский келіп: “Жұмысшылар сізді көргісі келеді, марапатты өзіңіз тапсырсаңыз”, – деп жалынып болмаған соң, баруға келісім берді. “Жиынды сағат үште бастаймын, маған сағат екіде кел. Ана жолы бір минөт кешіккенсің”, – дегені. Иманым ұшып кетті. Көрдіңіз бе, ретін тауып бір минөт кешіккенімді есіме салып тұр.
Екі айдан кейін мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің төрағасы И.А.Фитин: “Біздің чекистер сіздің қолыңыздан марапат алғысы келеді. Соған келісім бересіз бе?” деді. Ол кісі келісімін берді. Содан маған: “Президиум хатшылығына, Фитинге телефон шал. Марапаттау рәсімін сағат үште бастаймын. Сағат 3-ке 15 минөт қалғанда Дзержинский жағынан күтіп алсын”, – деп тапсырма берді. Орден, медальдарды қобдишаға салып, “Победа” көлігіне отырып едім, маған “ЗИМ-ге” отыр” деді. Сөйтті де жүргізушіге: “Митя, сен есік алдына 3-ке 15 минөт қалғанда тоқта. Не 14 не 16 минут болмасын”,– деді. Көрдіңіз бе, тумысынан әскери адам ғой, сол тәртіпті өле-өлгенше сақтап өтті.
– Бір сөзіңізде, Жангелдинге Қазақстан басшыларының көзқарасы дұрыс бола қойған жоқ дедіңіз. Бірақ өмірінің соңғы жылдарында жоғары лауазымды қызмет атқарғаны қалай?..
– Рас айтасың, Әлекеңді “халық жауы” деп соңынан түскен соң, дұрыс қызмет бермеді. Оған Молотов пен Сталин екеуі: “Сол жұмысты істей бер, кейін көрерміз”, – деген. Бірде Әлекең Сталиннің кабинетінде отырғанда үстіне Қазақстанның бірінші хатшысы Н.Скворцов кіреді. “Жолдас Скворцов Жангелдинге неге қадірлі жұмыс бермейсің. Қазақта бұдан артық сыйлы адам жоқ қой”, – депті. Ол болса бірден: “Біздегі лауазымды орынның барлығы бос емес. Жоғарғы Кеңестің төрағасын, екі орынбасарын да сайлап қойдық”, – дейді. “Онда мен Жангелдинге жаңа штат ашып, лауазымды бір орын беремін, жалақысын, басқасының бәрін КСРО-ның бюджетінен төлеймін. Және ол 8 сағат емес, 4 сағат жұмыс істесін деп арнайы қаулы шығарамын. Өйткені, Жангелдин сияқты адам аз, денсаулығы сыр беріп қалыпты, оны сақтап қалуымыз керек”, дейді. Сөйтіп, Әлекеңнің денсаулығын бақылап тұратын екі дәрігер бекітіп береді. Осылайша, Әлекең, өле-өлгенше тек 4 сағат жұмыс істеп кетті.
1951 жылы мені Мәскеуге өзімен бірге ертіп барды. Кремльдің алдынан КПСС Орталық Комитетінің екінші хатшысы Г.М.Маленковтың өзі күтіп алды. Сосын маған: “Бала, сен осы жерде отыра тұр”, – деді қазақшалап. Сөйтті де екеуі Сталинге кіріп кетіп, жарты сағаттан соң шықты. Орнымнан түрегеліп едім, Әлекең маған тағы да қолын сілтеді. Соңымнан жүр дегені. Содан КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы В.М.Молотовқа кірдік. Мен есік жақта отырдым Вячеслав Михайлович кекеш адам екен. Құшақтасып амандасқан соң келген шаруасын сұрады. “Карловые Варыға” барып демалғым келеді”,– деді. “Қазір онда күрделі жөндеу жүріп жатыр. Өздеріңнің санаторийлеріңе бармайсың ба?” деп еді: “Жоқ, оның бір корпусында әлі жөндеу жоқ. Мен ол жерде 1913 жылы Ленинмен бірге демалғанмын. Сен оны білесің бе?” деді. Анау: “Білемін, онда бара бер”,– деді. “Тағы не шаруаң бар” деп еді: “Жолға қаражат керек” деді. В.И.Молотов дереу біреуге телефон соқты да: “Менде Әліби Жангелдин отыр, пакет әкеліңіз”, деді. Көп кешікпей бір әдемі жігіт пакет әкелді, сыртында “40 мың сом” деген жазуы бар. Әлекең пакетті маған ұстатты, папкама салып, жататын жеріне апарып бердім.
1953 жылы көктем шыға Мәскеуге ол кісімен тағы бірге баруға жол түсті. Қаладан 30 шақырым жерде кілең бірінші хатшылар демалатын “Барвиха” деген Кремль шипажайы бар. Ол жерге, тіпті министрлерге рұқсат етпейді, өйткені олардың категориясы бөлек. Осында келердің алдында Жоғарғы Кеңестің төрағасы Д.Керімбаев пен Денсаулық сақтау министрі И.Қарақұлов: “Мәскеуге хат жаздық, барсаңыз жолдама дайын”, – деген еді. Мәскеуге поезбен келсек, жолдама тұрмақ дәнеңе жоқ. Сол кездегі Мәскеудегі тұрақты өкіл Ө.Атамбаевты шақырып еді: “Сізге жолдама беру мәселесін Орталық Комитет қарап жатыр”, – деді. Ертеңіне келсек: “Денсаулық сақтау министрі шешеді”, – дейді. Бұдан ештеңе шықпайтынын білген Әлекең дереу КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы К.Е.Ворошиловқа телефон шалды. “Қашан келдіңіз?” деген болуы керек: “Кеше келдім”, – деп шаруасын айтып жатты. “Неге демалмай жатырсың?” десе керек: “Жолдама жоқ”, – деді. “Саған жолдаманың керегі не, қазір көлігіммен көмекшім генерал Щербаков барып, орналастырады”, – деді. Көп ұзамай генерал да келді. Әлекеңді “Барвиха” шипажайының директоры академик К.Е.Виноградов күтіп алды. “Жолдас Жангелдин, сіз мені танымай тұрсыз ба? Осыдан екі жыл бұрын осында демалдыңыз ғой. Мен академик Виноградовпын”, деді. Әлекең: “Неге шашыңыз ағарып кеткен?” деп еді, ол кісі: “Бір жыл түрмеде отырдым, Берияның “дәрігерлер ісі” ғой. “Сталинді дәрігерлер улайын деп жатыр”, деп күмәнданған бірнеше әріптесімді әуреге салды, содан бір жылда шашым ағарып кетті”,– деді академик.
Шипажай 60 гектардай жерді алып жатыр, қарағайлар самсап тұр. Қоршауының биіктігі 3 метр, ішінде жеке үй де, үлкен корпус та бар екен. Жангелдинге жеке үй берді. Қасында балық аулайтын тоғаны бар екен. Сұрастырып білсем, бір жолдаманың бағасы сол замандағы 11 мың сом екен, бірақ Әлекеңе бәрі тегін еді.
– Жангелдинді Алашорда үкіметіне қарсы шыққан, өзі мұсылман емес, деп қауесет таратушылар да жоқ емес. Оған не айтасыз?
– Әлекең өмірінде бір адамға жамандық жасамаған пенде. Тіпті, дұшпанына да әділ болған. “Маған төтенше комиссарлық қызметті бергенде “төтенше” құқық та берілді” деген еді. “Төтенше” деген сөз – милиция, прокуратура, соттың яғни, бүкіл жазалау мекемелерінің билігі Жангелдиннің бір өзінің қолында болған. “Мен заң, тәртіп бұзған адамды өзім жазалауға құқықты болдым. Тіпті, атуға дейін. Сөйте тұра, бір адамның шекесінен шерткен емеспін. Адамды жазалай салуға, атып жіберуге, түрмеге тыға салуға көп ақылдың керегі жоқ, ол оңай нәрсе. Көпшілігі заңды бұзайын деп бұзбайды, біреу білмей, біреу адасып бұзады. Ал біреу біреудің азғыруымен теріс жолға түседі. Ондайда тұқымын құртпай, жанын қинамай, ақыл айтып жөнге салып жіберуге тырысу керек. Дұрысы сол. Егер жөнге келмейтін адам болса, оны он жерден түрмеге жапсаң да ештеңе шықпайды. Осыны ұмытпа”, – дейтін.
Алашорданы құлатқан Жангелдин емес. Оны құртқан Кеңес өкіметі. Атақты Әлихан Бөкейхановты Әліби Жангелдин Ленинге екі рет кіріп: “Патша өкіметіне қызмет істеген адам бізге де қызмет істей алады. Бұл өте білімді, пайдалы кісі. Қазақ халқы оны қадірлейді, оны сақтап қалу керек”, – деп аман қалдырған. Әлекең сондай-ақ Ахмет Байтұрсыновты да Ленинге кіріп: “Байтұрсынов грамматика жазған, математиканы төрт амал деп қазақ тіліне аударған үлкен ғалым, жазушы, бізге керек”, – деп оны сақтап қалған. Әліби Тоғжанұлы католик те, христиан да емес, ол мұсылман. Меккеде екі рет болған. Сіз білесіз, Сауд Арабиясына мұсылман емес адам жіберілмейді. Жангелдин шылым шекпеген, арақ-шарап ішпеген, қазақтың әдет-ғұрпын сақтаған, отырған жерінде ас қайырып, бата беретін. Мұны мен көзіммен көрген адаммын.
– Ізгілік аға, сіз Жоғарғы Кеңестің Награда бөлімін басқардыңыз. Жалпы, адамның еңбегін бағалау қиын да қызықты, жауапты жұмыс қой. Осы ретте Жангелдинге қатысты айтар ерекше жағдайлар болды ма?
– Әрине. Ондай жағдайлар көп. Есте қалғанын айтып көрейін. 1951 жылы ағайынды Ришад, Мүсілім Абдуллиндерге халық әртісі атағын беруде Президиум мүшелері: “.Үлкеніне берейік те, кішісін қоя тұрайық”,– деп екіге жарылды. Сонда Әлекең тұрды да: “Шырақтарым-ау, бұлар өздері егіз көрінеді. Аралары 10-12 минөт. Құдай айырмаған адамдарды сендер бөлектегендерің қалай болады? Екеуіне бірдей беріңдер”, – деді. Сонда Ж.Шаяхметов тұрды да: “Ақсақал дұрыс айтады. Екеуіне бірдей беру керек”,– деп қостады. Жалпы, біздің бөлімге марапат алуға адамдар көп келетін. Сонда олардың дені марапат алуға емес, соны сылтауратып Жангелдинді көріп кетуге тырысатын. 1951 жылы қазан мейрамы қарсаңында маған бір мінезі шәлкес Бекежан (Бек) Сүлейменов деген тарихшы жігіт келді де, аты-жөні жоқ: “Марапатты кім жасайды?” деді. “Жоғары Кеңестің төрағасы” дедім. “Олай болса алмаймын, тек қана Жангелдиннің қолынан аламын”, – деп тұрып алды. Мен ол кісінің он күнге іссапарға кеткенін айтып әрең құтылдым. Сол күні біршама уақыттан кейін әдеміше келген аққұба жігіт келіп өзінің ғылым докторы Ермұқан Бекмаханов екенін, егер рұқсат болса марапатты Жангелдиннің қолынан алғысы келетінін сыпайы жеткізді. Ол кісіге ықыласым түсіп: “Олай болса, телефоныңызды біздің қызметкер Муза Сафиуллинаға тастап кетіңіз”, – дедім. Жангелдин келген соң профессордың өз қолынан марапат алғысы келетінін айтып едім, Әлекең келісті. Ол кісіге, ұмытып отырмын, сол жолы КСРО-ның ордені ме, медалі ме тапсырылды. Сол мүмкіндікті пайдаланған Е.Бекмаханов: “Әліби аға мені партиядан шығарды, жұмыстан қуды, енді соттайын деп жатыр. Кенесары жайында кітап жазып едім, содан пәлеге қалдым”, деді. Әлекең дереу Ж.Шаяхметовке телефон соқты. “Жұмашжан, менде Бекмаханов деген жігіт отыр. Ол жігіт 1916 жылы туылыпты. Ол жылдары туғандар өкіметті құрғанмен бірдей болмай ма? Сонда өкіметті құрған бала жау бола ма? Егер ақын-жазушы, ғалымдардың кітабы ұнамайтындарды шетінен жаба берсек, бізде ақын да, ғалым да қалмас. Бұл болмайды. Одан да: “Ана кітабыңды түзетіңіз, болмаса қайтадан жазыңыз, әйтпесе шығармаймыз деу керек шығар”, – деді. Ар жағынан Шаяхметов келіспеген болуы керек, Әлекең телефонның тұтқасын қойды да сұрланып отырып қалды. Қолынан ештеңе келмей қалғанда сондай күйге түсуші еді жарықтық. Артынша бір айдан кейін Ермұқан Бекмахановты да, Бек Сүлейменовті де 25 жылға соттап жіберді.
1954 жылы қыста Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып П.К.Пономаренко келді. Арада біраз уақыт өткенде интеллигенция өкілдерімен кездесіп, қағазға қарамай төрт сағат бойы сөйледі. Сонда: “Дүние жүзінде жаңа мемлекет пайда болса, оның ғалымдары өткен замандағы ақындарын, батырларын мұрағаттан іздейді. Ол заңды нәрсе. Сіздердің Бекмаханов деген ғалымдарыңыз Кенесары дейтін батырды тауыпты. Кенесары жаман батыр ма, жақсы батыр ма – мәселе онда емес. “Басқа батырды тап”, дегенде Бекмаханов басқасын да табар еді ғой. Осылай ақыл айтудың орнына Шаяхметовтеріңіз оны 25 жылға соттап жіберген. Одан да сол Бекмахановтың 25 жылын ЦК-ның бес хатшысына бес жылдан бөліп бергенде дұрыс болатын еді”,– дегені. Сол кезде Әліби Жангелдиннің 1951 жылы Жұмекеңе сөзін өткізе алмай сұп-сұр боп отырып қалғаны көз алдымда көлбеңдеп тұрып алды. Пантелеймон Кондратьевичтің осы сөзінен кейін Е.Бекмаханов Сібірден босанып келді. Кейіннен көмектесіп үй алып бердік. Мен бұл жерде Ж.Шаяхметовті кінәлайын деп отырғаным жоқ. Оған: “Феодалдық ағымға бізді қайта тартып бара жатыр”, деп теріс мәлімет берген Орталық Комитеттің қызметкерлері де қатысты болуы мүмкін. Әйтеуір, сондай бір сұрқия заман өтті ғой.