Жақында Саха (Якутия) республикасынан Алматыға бір топ делегетция келді. Кілең тілші ғалымдардан ұйысқан осы топпен бірге бірнеше жиналыстарда кеңестік. Дастарқанда дәмдес болдық. Сахалар туралы көп дүние жазуға болады. Біздің ел үшін мәлім де беймәлім осы бір ел туралы бірдеңе жазуды өзіме міндет санап, апта бойы ой үстінде жүдім. Ендеше сахалар кім еді? Жақұттар қайда, біз қайда? Қалам күші жеткенінше әңгімемізді сабақтап көрейік.

Жақұттар жайлы айтар болсақ ...

Жер көлемі жағынан әлемде бірінші орынды ұстайтын Ресейдің қиыр шығысында Саха (Якутия) республикасы деген ел барын біреу білсе, біреу білмес. Бір қызығы сол сахалар бір кезде жасыл шардың жартысын бағындырған түркі жұртының бір бұтағы. Бүгінде, әлемнің әр жерінде қырық неше ұлт болып, бытырай қоныстанған түріктердің арғы атасы бір. Тек ғасырлар керуенінде біреудің асығы алшы, біреудің асығы тәйкі түсіп жататыны бар. Бір кезде күллі дүниеге әмірін жүргізген түріктер бүгінгі таңда ертедегі ру-тайпалық одақтардың от жаққан ұланғайыр мекендерінде бірнешеуі тәуелсіз ел болып орнықса, бірыспырасы өзге ірі елдердің құрамында, өздерінің ата топырақтарында өмір сүруде. Әрине, мұндай кезде сонау бір ғасырларда тұлпарларының дүбірінен қара жер қайысқан көк түрік балаларының ішінен өз тізгінін өз қолына қайтадан алған егеменді Қазақстан үшін терең бір тыныстап шүкір деп қойған жөн.

Тағы бір қызықты дерек, саха республикасының жер аумағы жалпы түріктер ұстаған мемлекеттер (республикалар) ішінде ең үлкені екенін естіп пе едіңіз? Дәстүрлі көзқарас бойынша, түрік елдерінің ішінде жер аумағы үлкен ел деп Қазақстанды айтатынбыз. Алайда, сахалар тұрған жер Қазақстаннан да үлкен. Қазақстанның жер аумағы 2 724 900 шаршы километр болса, сахалардікі 3 083 523 шаршы километр. Алайда олар бүгінде Ресей федерециясының құрамында. Осыншама алып, суық территорияда сахалардың халық саны миллионға да жетпейді. Сахадар – якуттар деп те аталады. Ал, якут дегеніміз қазақша жақұт. Жақұт тілі жалпы түрік тілінің солтүстік бұтағына жатады.

Жақұттар елінің солтүстігі атақты антарктидамен өбісіп жатқан солтүстік мұзды мұхит. Ол жерде қыстың ең қысқа күндерінде күндіз күнді көретін уақыт 2 ақ сағат көлемінде болады дейді. Ал, қалған уақыттар қыста түгелдей сарылған ұзақ түн. Дегенмен, сіз ендеше бір тәуліуктің қалған 20 неше сағаты түгелдей тасқараңғы түн екен деп ойламаңыз. Жаратқанның құдіретінде шек бар ма? Бұл жерде ақ түн деген түн болады. түні қараңғы емес, мұнартып, тұман  түсіп тұран сияқты болады. Осындай ала көлеңкеде сахалар Жасағанның жарық ғұмырын кешіп жүре береді. Қазақтың бір әніндегі «қайдасың қалқам, атпайды-ау сары таң» деген тармақтар еске түседі.

Терістіктегі мұхитқа жақындары бұғыларын шанаға шегіп алып, аңшылық, балықшылықпен шұғылданса, оңтүстік аймақтағы жақұттар мал шаруашылығымен шұғылданады. Жылқы бағады. Ал, олардың осы өміріне қарап отырған сәтте Шалкиз жыраудың «мұз үстіне от жаққан, бұзбай бұлан пісірген» деген сұрапыл жырының тармағы көкейге келіп, көмейді жыбырлатады.

Деректерге үңіліп көрсек, осыншама байтақ мекенге ие болып, еркін ғұмыр кешкен сахалардың баяашытты ғұмыры көзден бұлбұл болып ұша бастауы 1640 жылдардан басталған сияқты. Орыстың жазалаушы, жаугер әскерлері осы бір қарлы даланың иесі атанған жақұттарды бағындарды. Дегенмен, ежелден ер түріктің баласы болған жақұттар да жан алып-жан беріскен ұлы күрестер жасайды. Бүгінде толыққанды тәуелсіз ел болмаса да, шекарасы шегенделген республикаға статусына ие болып отырғандары да сол қантөгістердегі құрбандықтары үшін Тәңірінің берген сыйы болар. Олай дейтініміз жердің жүзін жалмаған коммунизм ұранының астында қаншама халықтың жер бетінен аты өшіп кетті емес пе?!

Сахалардың көп сандысы, өткен ғасыр басында орыс-провослав дініне енген (негізі күшпен енгізген) екен. Дегенмен, бүгінде халықтың басым бөлегі әлі де Тәңіршілдікті ұстанатын көрінеді. Орсытар күннің суықтығын, ақ қар, көк мұзды сылтауратып спиртті ішімдікке тәрбиелеуді ұзақ уақыт жүргізген сияқты. Дегенмен, орнында бар оңалар деген бар емес пе. Жұрт қайта сілкініп, ес жинап, етек жауып, арақтан бас тартудың, оянудың, ойланудың дәуіріне өткендей.

Жақұттар осылайша дүниенің қиыр шығысы мен солтүстігінде қар жастанып, мұз төсенген ұшы қиырсыз мекендерінде бейбіт ғұмыр кеше берсін. Енді біз Алматыдағы аз күндік сапарларында дұйым жұртты таң-тамаша қылған естеліктерге оралайық.

Орысша бір ауыз сөз қосылмаған он бес томдық сөздік

Өз басым бұл жақұттарды бірінші рет көруім емес. Жалпы түріктер туралы кітаптар мен ғаламтордағы мәлімметтерге көз жүгіртіп, көңіл аударып жүретін әдетім бар болған соң, осы бір туыстар туралы бұдан бұрын да азды-көпті ақпарат білетінмін. Бір қызықты деректі айта кетейін. Біз бұл жақұттарды, қазақ даласынан шалғайлап көшіп кеткен өзге де түрік тектес халықтарды ұмыта бастағанымыз соңғы жүз жылдың «жемісі». Оған дейін, көкірегі даңғыл әр қазақтың алыс-жуықтағы түркі текті ағайындар туралы білері көп болатын. Әр қайсысын өз бағасын беріп, ат қойып, айдар да таға білетін. Тіпті мені айырықша өзіне баурап әкеткені мына бір іс. Осыдан екі жыл бұрын өткен ғасырдың біршама көнетоз кітаптарын ақтарып отырып, сол кездегі латыншамен жазылған, «танатөбе тілі», «жақұт тілі», «адтай тілі» деген мақалаларды оқығаным бар. Зерделеп қараған кісі түрік тілдерінің терістік тармақтарына жататын осы тілдер жөнінде ғылыми тұжырым жасауға қазақ зиялылары да құлшына араласқанын осыдан байқаймыз. Сібірдің арғы-бергі алқабында ғұмыр кешетін түрік жұртының тілдері туралы аз-кем ақпаратты оқып, ойға шомып жүрген күндердің бірінде, Якутскіден (саха астанасы) бірнеше қонақтар алматыға келе қалмасы бар ма? Бұл осыдан екі жыл бұрынғы жағдай.

Ол кезде ол кісілердің қандай ғылыми сапармен келгені есімде жоқ. Тек сол кісілерге Алматының көрікті жерлерін көрсетіп, қазақы дәстүрді көрсетіп, дастарқан жаю міндеті бізге жүктелді. Сонымен белгілі алаштанушы, ф.ғ.д Орынай Жұбаеваның бастамашы болуымен, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бірнеше қызметкелері күн райы жылынып келе жатқа наурыз айының басында, алыстан ат терлетіп келген саха қонақтарды ертіп, Алатаудың аңғары кең бір сайы Алма арасан бойындағы киіз үйлердің біріне апарып, барынша қазақы салт-дәстүрді көрсетіп, арқа-жарқа әңгімелесіп, ақжарма лебіздерін естіп, разы-қоштықпен аттандырған болатынбыз. Сол жолғы айтылған сүбелі сөздің бәрін тізбектеп шығу да қиын. Дегенмен, ол жолы бізді таң қалдырған бір іс – саханың тілші ғалымдары құрастырып жатқан сөздіктің кереметі болды. Ол недеген керемет десеңіз, олар жасап жатқан он бес томдық түсіндірме сөздіктерінде бірде-бір орыс сөзін қоспай құрастыруда екен. Орыстың боданында бес ғасыр отырып, діні де, ділі де туысып, қыл-аяғы аты-жөндеріне дейін орысшаланып кеткен сахалардың орысша сөз қоспай сөздік жасай алуында нендей сыр жатыр? Осы бізге жұмбақ күйде қалған болатын. Сондай-ақ, орысша атаулардан кісі шалынып жығылатын өзіміздің «көк сөздік» те көз алдымыздан бір-бір рет көлденеңдеп өте шыққан осы сәтте. Мен оның сыры сахалар Орхон, Байқал (бай көл) өңірінен қиыр шығыстап көшіп кеткеннен кейін мың жылдар бойы ешбір халықпен араласып кетпей, біршама дербес тұрғандықтан, тілдерінде көне түркілік сөздік қор өте мол болып, қаз-қалпында сақталғанына болар деп топшыладым. Осыдан жүз жыл бұрын осыстың әңгіртаяғы төбемізде ойнай бастағанда, қазақтың үлкен зиялылары ана тілді қорғаудың небір ірі батыл шешімдерін қабылдап, терминдердің басым бөлегін қазақшаластырған ұлы ұстанымдары еске келеді мұндайда. Ал, біздің елге жүрілген өктемдікке қарағанда, басқа халықтар сәл жеңілірек «жазаға» ұшырағанын да осы «термин» мысалдап тұрған сияқты.

Арада екі жылға жуық уақыт өткенде жақұт тілші ғалымдары Алматыға он бес томдық сөздіктерін көтеріп қайта келді. Бұл осыдан оншақты күн бұрын болған елеулі оқия болатын. Олардың сөздік көтеріп, бұлттың үстін шарлап Алматыға келгенінің де өзіндік мазмұны бар сияқты. Өткен жолғы сапарларында тұнық сахаша сөздік жасаймыз деп таңдандырған сахалар енді сол үлкен ұжымдық еңбектерінің соңғы нүктесі қойылғаннан кейін, түрік тілдес ағайынның қара шаңырағында орда тіккен қазақ халқына осы бір жетістіктерін көрсетіп, ақ шағи қала Алматыда тұсаукесер жасауға келіпті. Қалай ойласаң да орынды. Жөн талғам.

Сонымен, 31 қазан күні ұлттық кітапханада сахалар мен қазақтар бас қосқан дүбірлі жиын өтті. Жақұттардың жасыл сөздігінің тұсауы кесілді.

Сахалар мен Қазақ елінің рухани, ғылыми байланысы бұл ғана емес. Кеңес кезінде де екі ел арасында алыс-беріс, барыс-келіс үзілмеген. Бүгінгі таңда да, біздің елдің ғалымдары «ақ түні» қарлы даланы көмкеріп тұрған саха жұртына іссапарлармен барып-келіп тұрады.

Руслан Габышев саха-қаңлы

Саха қаңлы Руслан жасаған домбыра

Ақпараттарға құлағ түрік оқырманның бәрі біледі. 1 қараша күні Алматыда ғылым ордасының концерт залында, қазақ тіл білімінің бәйтерегі, академик апамыз Рабиға Сыздықтың 95 жасқа толуына орай, «ұлы дала тұлғалары: академик Рабиға Сыздық және қазақ сөзінің құдіреті» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Өзге тойдан өзгешерек өткен бұл дүбірлі той ғалымның мерейтойы ғана емес, алты алаштың үлкен бір торқалы тойы сияқты өтті. Алыстан келген саха ағайындар да осы конференцияға құрметпен шақырылды. Жырақтан келген жолаушы топтың ішінде сол елдің 92 жасқа келген ақсақал академигі де бар болатын. Ол кісіні де қазақтың зиялылары сыйлап, төрдегі  Рабиға апайдың қасындағы орынға отырғызды. Мазмұны бай, мәні бөлек алқалы жиын туралы сол басқосуға қатысқанда мен қалам ұстағандар біршама жазды. Конференцияның соңы секциялық үстелдерде жалғасып, кеші, құрметті анаға жайылған киелі дастарқанға ұласты. Осы көлемді тойдың ішінде біздің әңгіменің кейіпкерлрі жақұттар да болды. Олар тоқсаннан асқан ғалым ананы төбесіне көтерген қазақ халқының салт-дәстүріне тамсанумен болды. Енді бізді ойландырған добыраға келейік.

Арт-артынан болған бірнеше елеулі іс-шаралар шымылдығын жапқаннан кейін, 3-қараша жексенбі күні, жақұттар Алматыда Марат Ырысқұлов ағамыздың шаңырағында қонақта болды. Марат ағамыз ердің жасы елуге ілініп қалса да, бүгінгі таңда сахалар елінде оқып жатқан азамат. Бұл рет қонақтарға жолсерік болып, Алматыға келген. Қазақтың салты бойынша өз шаңырағынан дәм таттыруға жолаушы оншақты саха кісілермен қоса, қазақтың белгілі филологтарын шақырыпты. Алыстан жақұт келді дегенді естіп, жата алмадық. Фото аппаратымызды көтеріп, Мәкеңнің шаңырғына біз де бардық. Ал, бөліміздің меңгерушісі, алаштанушы ғалым Орынай Сағынғалиқызы осы Марат ағамыздың жұбайы. Бұл бір береке ұйыған, қонақжайлығыымен жұрт ықыласына бөленіп келе жатқан жанұя.

Сонымен, не керек көл-көсір дастарқан үстінде көп дүниелер айтылды. Әсіресе, басқа түріктерден тым ерте алыстап шығыстап кеткен жақұттардың тілі мен салт-дастүріндегі қазаққа жақындықтар қызықты тақырыптардың бірі болды. Қысқаша айтқнда, бұл бір дәмге жиналған отырыс емес, лингвистика, этнография, тарих ілімдері қабысқан керемет бір ғылыми конференция сияқты болды. Көп нәрсені ойға түйдік. Көп дүние жанымызды толқытты. Әсіресе, қазақтың әуенінен аумайтын саха халық әндері, шаңқобызбен (сахалар хомуз дейді екен) тартылған сарны күйлер, екі жұрттың өкілі болған қауымды ойдан ойға жетелеп, желпіндіріп отырды.

Сөз кезегі келгенде Руслан деген саха азамат домбырға ұқсас бір аспаппен, Абайдың «желсіз түнде жарық айын» әуелетті. Дауыс домбранікі. Тіл мен әуен қазақтікі. Абайдыкі. Мына жігіт тұп-тұнық қазақша тамылжытып тұр әнді. Домбырасының сыртқы бейнесі біздің домбырадан өзгешелеу болғанымен, дауысы тұп-тұнық. Күмбірлеп тұр жарықтық. Құрметтеп қол шапалақтадық. Енді, бұл ғажап аспаптың сырын Руслан өзі баяндады.

Өзін мен саха қаңлымын деп таныстырған Рекең, қазақ халқына ежелден тәнті екен. Әсіресе қазақтың домбырсы мен әніне ессіз ғашық болады. Тоқсаныншы жылдардан бұрынырақ әскерде жүріп, қазақ жігіттермен таныс, дос болады. Сол жерден тұңғыш рет домбыраны көріп, естен танғандай күй кешеді Қаңлы. Сол жерде қазақтардан домбыра үйреніп, қазақша ән салуға да талпыныс жасайды. Кейін, қазақтар өз еліне кетеді. Ал, Рекең туған жеріне барған соң домбыраның сазды үнін сағынып, ұшы-қиырсыз жақұт даласын кезіп жүріп, сапалы ағаш тауып, бар өнерін салып, неше қайтара өңдеп жүріп, осы домбыраны барлыққа әкеледі. Рекеңнің домбырасының құрылымы өзгешелеу. Саханың ұлттық аспаптарының да иісі шығып тұр. Домбыраның шанағы мен сабына, құлағына зер салған кісі, өнер сүйгіш осы бір азаматтың қара томардан қазақ үнін шығару үшін қаншама еңбектенгенін көруге болады. Ал, енді мұндай жаңалықты көре тұрып, бірдеңе жазбау, толқымау мүмкін бе?!

Әредікте шанағы ат терісімен көмкерілген киелі аспапты мен  де қолыма алдым. Сыңғырлап тұр. Тек дауысы сәл төмен. Рекең негізінен, осы домбырасымен қазақтың әндерін ғана айтады екен. Шәмшінің әндерінен бірнешеуін әуелеті жолаушы. Тойдың сәнін асыруға мен өз ортасында жақсы танылып келе жатқан, қазақтың әнші қызы Алмагүл Құрмашқызын шақырған едім. Сахалар Алманың айтқан әндеріне қатты таңданып, дән риза болды. Алма арғы бет Алтайдан келген қыз. Орындаған әндерінің көбі Алтай әндері еді. Күллі түріктің ата мекені болған Алтайдың әуені жақұттарға жағып барады. Түннің бір уағына дейін жалғасқан отырыс саябылаған бір әлетте әлгі Русланым көрінбейді. Шайға келіңіз деп барайын десем, қаңлым домбырасын тыңқылдатып, бір бөлменің есігін жауып алып жалғыз өзі бағана Алмагүл салған «Ағажай Алтайды» үйреніп отыр.

Мараттың шаңырағындағы сыйлы дастарқанның басында айтылған әңгіме, көрген-білген ерекше істеріміз есті кісі үшін тамыры тереңде жатқан туыстықты оята түскендей. Үй иелері құтты қонақтарына қазақы тон кигізіп, баба жосынын жаңғыртып, жомарттық танытты. Ал, жақұттардың қуанған жүздері жақұттай жайнап-ақ кетті. Бәрімізді сол «ақ түнді» алып еліне қайта-қайта қонаққа шақырып жатыр.

Осылайша бірнеше күн сахалармен дәмдес болу барысында көңіл көкжиегімізге көктүріктің заманынан тулап жеткен бір ағыс алпыс екі тамырымызда қайта толқып, жан жүйемізді толқытып жүрді.

Саха тілінде арша деп тазалықты айтады екен. Ал, біз тазару үшін аршамен аластаушы едік қой. Арша Әбілқаят суын ішкен мың жылдық өсімдік дейтін де айтылым бар. Таза аршалар қысы-жазы жап-жасыл болып тұрады.

Әділет АХМЕТҰЛЫ

Ақын, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері

6alash ұсынады