(Басы – Алтайдағы Шіңгіл өзені бойындағы Аралтөбе ауылының зиратына жерленіп, денесі – Тибетте қалған Бөке батыр Жырғалаңұлы туралы)


Сыңсыған қара орманмен көмкерулі қатпар-қатпар қалың таулар шығыстан батысқа, батыстан шығысқа қарай үдіре жылжып, ұшы-қиырсыз қашықтыққа шырқай жөңкіліп кетіп жатыр. Қырқаларына қисап, көкжиегіне көз жетер емес, ию-қию. Үстіртіне шыға келсең бірінен бірі аласа да, биік те емес, біркелкі қыртыс-қыртыс, қат-қабат. Тек сонау алыстан мен мұндалай мұнартып ақ басты Алтай, айбынды Аж Боғда, атақты Гималай шыңдары қол бұлғайды.

Бұл жердің аты Еренқабырға. Ара алыс болса да атамзаманнан бізге таныс атау, тарих таңбаларымен талай шиырланған, шимайланған өңір. Үрімжі дейтін үлкен шәһарға жүз шақырымға да жетпейтін «әу» дем кеңістікте тұрса да, өзге жұрттың қала төңірегіндегі елді мекенінде тірі тышқан сирек ұшырасатын болса, мұнда қоңыр аңдармен қоса аю, қабан сияқты жыртқыштар қойша өріп, қанды ауыз жендет қасқырға да «қой,тек» жоқ, қия басқан малды тарпа бас салып қылғи салады екен. Осынау таңғажайып табиғатты тамашалауға төңіректің төрт бұрышынан саяхатшылар жапа-тармағай құйылып жатады, оларға арналып тігілген әппақ шағаладай қазақ үйлерінің саны «Абылайға ас бергендегіден» бетер, атшаптырым алқаптарда алау-жалау иінтіреседі.

Алайда мынау көрініске қарап бұл дегеніңіз жаратылыстық қалпынан ешуақытта танбай қаймағы бұзылмаған арда өңір, ту мекен, бұтасына бозторғай жұмыртқалап, бұлбұл сайраумен келе жатқан жерұйық екен, тұрғындары жорғалаған құрт-құмырсқаға да зәбірі жоқ қойдан қоңыр, жылқыдан торы момын халық екен-ау деп те ойламаңыз.

Өйткені мұнда дені Абақ керейлер-қарусызданған халық тұрады. Ұсақ ұлттардың қашан да күні қаран, «өзіңнен зор шықса екі көзің сонда шығады»,  мекен-жеріне баса-көктей кіріп, тырп еткізбей басып алумен тынбай «Бұлар ежелгі ірге жауымыз кекшіл ғұндардың қалдығы, қолына қару тисе алты атасының өшін алуға бас көтеріп атқа қонып аттан салады» деп елдік рухы Ер Жәнібек /1/ бабасының ақ туынан бастап, айуаннан қорғанатын айбары болған шыңқ етпе шиті мылтығына дейін түгел сыпырып алса /2/ бұлар ту табиғаттың қылшығын сындыра алар ма. Барлық жарақ мұздай қаруланған үлкен  ұлттың қолында, олар қорғануға да қауқарлы, қорлауға да әзір тұрса аю аулайтын не сорым!

Тау тағыларынан қорықпай «тұнып тұрған» ту табиғатты тамашалайын деген әуестікке жетеленіп тағы да біраз шақырым  жүрсеңіз қызықты (шын мәнінде жасырынып қалған сұмдықты) сонда көресіз, аттап басқан сайын тат басқан жездер сылдыр қағып, жыра-жылғада шашылып қалған бас сүйектер мен уық, кереге сынықтары жүргізбей аяғыңызға оралғанда суханыңыз ұшып, жаныңыз түршігер еді.

Еренқабырға!..Айғыз-айғыз тыртығын бүгінде қалың шөп пен тастанды «жылтыр дорба» жасырған Еренқабырғаның биік жотасына шыққанда ебіл- дебіл ойлар оралып, еңсеңді зілдей басады екен. Осынау ұланбайтақ сақарада ат ойнатқан ғұн, сақ, түркі салтатты сарбаз бабаларыңды айтпағанда Қара таудан қайырыла көшіп, Сырдариядан сырғи ауып, ойратты ойрандағаннан cоң ана жұрт Алтай, Қалбаға беталып, Көкпектіде Көгедайды /3/ хан көтергеннен  кейін Абақ керейлер кең көсіліп Шығыс Түркстанның  осы тұсына дейін ендеген. Бірде алдын, бірде артын көрсетіп ер басына күн туып сынаптай сырғыған аударма да төңкерме, ойпыл-тойпыл сұм заманда «жаудан қашсаң құтыласың, жұттан көшсең құтыласың»-деп құтты қонысын тастап жан сауғалап басы ауған жаққа маңығанда да керейдің талай көш-керуені қара нардың бауырын арқан кесіп осы Еренқабырғаны аңырата өткел етіп басып өткен. Жауды ақылап емес, атысып, айқасып, асып кеткен. Ақбозы ауыздығымен алысқан Оспан батыр, Зуқа батырдың мұрагері Сұлтаншәріп, ауылбасы ер Адубай, Елісхан, Зайып, Қалибек хакім, Әліп үкірдай...Сонау Түркияны бетке алып солар жүріп өткен қыл көпір қиын жолдар талай жыл аңыз болып құлаққа жетсе, енді міне мың естігеннен бір көрген артық, көз алдыңда сайрап жатыр, сарнап жатыр.

Біздің қазақтар тарихтың айтулы кезеңдерін санмен емес, ел есінде қалған елеулі уақиғамен белгілейді: «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» /4/ «Қызылаяқ шапқанда» /5/, «Асылбектің басын алғанда» /6/, «Жалама айдағанда» /7/, «Ел Алтай асқан» /8/ «Кенжебек айдаған» /9/ «Есіркуге тартқанда»,/10/, «Аймақ орнаған жылы» /11/, «Алтайға партизандар аттанған жылы» /12/ т.с.с. Жыл санаудың сондай кезеңдерінің бірі «Бөке ауған жыл»-тарихымызға тайға басқан таңбадай айшықалған. Біреу білсе, біреу білмейді, Бөке кім? Аты жоғарыда аталған сабаздардан асқан ерлігі болмаса да оның өзінің және әулетінің өмірбаяны күрделі де аянышты, әрі қызықты, жалпы қаймана қазақ, әсіресе Алтайдың теріскей бетіндегі ағайындар одан хабардар болса екен деген үмітпен осы тақырыпқа арнайы нысана тігіп отырмыз.

«...Қобда асуы Аққолда Сүкірбайдың елі екен,

Шеруші тұрған мекені шөбі шүйгін жер екен.

Жауға болып кірімтал,

Санасы бар ерлердің іші толған шер екен.

Айтылған осы біраз жер керейдің жапа шеккені,

Қайран елді қаңғыртып, қорлығы жаудың өткені,

Сол қорлыққа шыдамай Бөкенің ауып кеткені»-дейді ақылгөй ақын Ақыт қажы «Бөке батыр жырында». /13/ Бұл өлеңнен Бөке Қобда бетінен қорлық көріп кеткен екен деп жаңсақ түсінбеңіз, оған байланысты одағай оқиға арғы бетте болған. Бірақ Бөкенің туған топырағы Моңғолия жері, деректерде «Қобда бетінде туылған» деп жазылады. Ырымдайтын әдет бойынша есімін де моңғолша {бөх-палуан, берік} қойған сыңайлы. Ал әкесінің аты Жырғалаң, біздің Бұлғынның Жаргалтсында туылған болуы мүмкін. Өйткені молқы, жәнтекей руларының бірнеше ауылы 1800 жылдардың басынан арада жалғыз ғана кезеңі бар Бұлғын, Шіңгілде- осы маңда қоныс тепкендігі туралы мәліметтер анық. Қазірде құл молқы ұрпақтары осы төңіректе шоғырланған және бұлардың жетінші атасы, Құлдың шөпшегі әйгілі би Сәмектің даудағы төрелігіне байланысты «Тайкешкен» жер атауы пайда болған.

Ол тұста арғы, бергі беттегі қазақ пен моңғол бәрі де Манж Чин династинасының қол астында болғаны, қазіргідей шекара болмағаны бұл орайда әрдайым есте тұтылуға тиіс. Қобда бетіне қазақтың 1750 жылдардан қоныстануы дейтініміз осыған сәйкес келеді. {Алтайдан ауа көшіп Үндістан, Пәкстанды көктеп өтіп, Түркияда ұзақ жыл ғұмыр кешіп, Қазақстанға барып дүниеден өткен Халифа Алтай да Бұлғындағы Жаргалтда дүниеге келген екен}.

Молқының кіші руы Құлдан тарайтын Бөкенің ұлы әкесі Қалдайдың есіміне келсек ол адам Қазақстан я Ресей мен Қытайдың шекарасында туылғандығын мегзейді. Өйткені сол жақтың жергілікті халқы заставаны ханз атауымен «қалдай» дейді \Жұңғалдай, Шиғалдай деген есімдер содан пайда болған\ және ол кезде Қытай мен Моңғол арасында шекаралық застава орнамаған, екі жақтың халқы малдың жайымен еркін аралас-құралас жүрген.

Бөке жайына бүйрегіміз бұрылуының басты себебі оның денесі Тибетте қалып, басы Алтайда жерленген дара ерекшелігімен қоса ұрпақтары біздің қара мекенімізге келіп тиянақтағандығымен, бұл әулет Моңғолия қазақтары тарихының бірнеше кезеңінен мәлімет беретіндігімен құнды. Олай болса шанағымызға шақтап нақты деректерге жүгінелік:

– Бөке бала күнінде зерек, зерделі болып, моңғол тілін жақсы білген. Ер азамат болған шағында Қобдадан көшіп, Алтайдың күн бетіне асып, өзі шыққан молқы руының қалың ортасына келіп мекендеген-деп жазды көрнекті тарихшы Асқар Татанай, саясаткер Қадыс Жәнәбіл ұлы, Хасен Оралтай, Зәкен Қайсалар /14/ -Үрімжіде сауданы үйлестіру үшін төрт ұлттан төрт шаңия тағайындағанда қазақтан билердің ұсынысымен моңғолша, ұйғырша жақсы білетін пысық жігіт Бөкені шығарады. Бөке Шонжыда екі жыл шаңия болғанда қытай тілін де үйреніп, тілмашсыз істейді, әділ басқарып, беделі өрлейді. Билеушілердің арамзалығы, салығы халықты тұралатты. Ел жан-жаққа ауып, Тарбағатайдан найман Сіргебай елі Бөкеге келіп қосылды. Алтай, Тарбағатай билеушілері «Бөкедегі елді өзімізге бер» деп Үрімжі әкімшілігіне шағым түсіреді. Олар Бөкені шақыртып, «Қазақтарды жер-жеріне қайтар»-деп бұйырады. Ал Бөке: «Мен қайтара алмаймын, халық өзі біледі»-дейді.  Бөке қамауға алынады. Сонда жатып еліне астыртын тілдесіп, мені өлтірсе де сендер көшпеңдер дейді. Елді көшіруге барғандармен қақтығыс болып, әскер өледі. Дүрбелеңді тоқтату үшін төрт ай қамап, Бөкені босатқанда ол «Бейжіңге барам» деп оқшау кетіп, қарулы қол жияды да 1887 жылы ауа көшеді. {Зәкен Қайса т.б-лардың пайымдауынша бұл оқиға 1882 жылы молқының 30 түйесін Сары уаң қарақшылары тонап, оның есесіне 100 жылқысын барымталап алудан туындаған және Тибетке жеткенше 20 жыл өткен} /15/. Бөке Лобнорды айналып Шақылық, Шаршеңге барады. Елді қайтаруға 500 шерік барғанда, тау шатқалынан тосып тұрып, қырып салады. Бөкені ұқстауды патшалық Тибет әкімшілігіне әмір еткен. Бұл кезде Бөкенің елі көлдің суымен қоршалған «Арал құмға» бекінген еді, Бөке әскерлерді жылы қабақпен қарсы алып: «Мақұл, қайта көшейік, бірақ мынау қыста жүруге жарамайтын малымыз арық, жазда көшейік» деп алдайды. «Онда қаруларыңды тапсырыңдар»-дейді қуғыншылар. Жаман-жұтық қаруларын беріп мәз етеді де, өздерін түгел қонаққа шақырып, аралға кіре бергенде оқ боратады, қашқаны құйға батып қырылғандықтан Тибеттің сол өңірі «Есек батқан» атанады.Тибет оларға мекен береді  Бірақ аз уақыт өткенде Бөке ауырудан қаза табады. Оны ұстауға тағы да қалың әскер қаптап келіп, қолға тірі түсірмегеніне өкінсе де батырсып оның өлігін көрден суырып алып, басын кесіп қанжығаға байлап, баласы Рабайды тұтқындап, елін айдап, қырғыннан қалғанын 1901 жылы Баркөл, Шонжыға жеткізеді. Бөкенің басын Үрімжінің кісі көп жүретін көшесіне бірнеше ай іліп қойып қорлап, «бізге бағынбасаң осыны көресің!» деген доңайбат танытады да баласы Рабайды абақтыдан шығарады. Рабай әке басын Шіңгілге жеткізіп, ұлы атасы Қалдайдың зиратына жерлейді. Оқиғаның ұзын-ырғасы осы.

Аз ұлттың арын табанға таптаған баскесерлердің өзге ұлт өкілдеріне мекенінде отырса тыныштық бермей, кетіп қалса қайтарып алып қан қақсататын сұмпайылығы бар. Қобда бетіне ауып келгендердің өзіне «ХІХ ғасырда үш дүркін шапқыншылық жасап» /16/ жазалау отрядын келтіргенінің біреуі-Алтайдың күн бетіне қайтпадың деп 1883  жылы Цагаан гэгээн, Жұртбай залың тобы жүз шерікпен Моңғолиядағы Даян көлі маңына келіп Көбеш батыр ұлы Асылбектің басын алып кетіп, керейдің бір бөлігін бергі бетке алып өткен Көбештен /17/ өшін алғандығы. Моңғол еліне беріліп кеткені үшін 1920 жылы Қанжығалы ұлы Қылаң гүңнің басын алып Сарсүмбенің Дөңбазар көпіріне іліп ел бастаған ағасы Жылқышы биде /18/ кеткен кегін  қайтарған. Қызыл қындыларды Өр Алтайға қия бастырмағаны үшін 1928 жылы батыр қажы Зуқа Сәбит ұлының /19/ басын алып Ойбазарға ілсе, 1929 жылы  ел бастап Моңғолға өткелі жүрсің деп он бес жасар баласы Қасиханның көзінше Көбештің немересі Жантайлақты Бұлғын, Шіңгіл арасында ат үстінен атып түсіріп, басын қанжығалап кеткен. Обыр саясатты он жыл ойрандағаны үшін Ислам ұлы Оспан батырды 1951  жылы 04.28-де шаршы топтың алдында оққа байлаған. Абақ керейді оянуға үндеген,

– Тілеуі жаудың құрымады,

Жүзден санап шүй алып,

Кеген кекшіл жырғады.

Бөкенің кетпей артынан,

Керейді бейнет шырмады - деп жырлаған рухани көсемі Ақыт Үлімжі ұлын 1940 жылы жетпіс екі жасында абақтыда азаптап өлтірген.  Оңаты, орайы келсе Токиоға да кетер еді бұл керей, түпкі тегі бір Түркияға беталмағанда қайда барады? «Төбесіз жер, төресіз ел болмайды». Жоңғар шапқыншылығынан кейін сәл ес жиса да 1847 жылы ақырғы ханы, Абылай немересі Кенесарыдан айырылған соң Қазақ елі елдіктен қалды. Бұл қасыретті көрнекті жазушы М.Мағауин: «Кенесары ханның жанары өшкен сағаттан бастап қазақ елінің тарихында бұрын-соңды болмаған сұмдық-еркіндіктен айырылған, езгіге түскен отарлық заман басталды. Арада 140 жыл өткенде ғана жарық сәуле көрінді» /20/-деген. Иә, сол ғасыр жарым уақытта шетелдегі қазақтар да жоқтаусыз қалған. Қазақ даласын Ресейдің бекініс, шекаралық шеп, станцалары торлап, одан қалғаны егіндігіне айнала бастады. Отаршылдыққа қарсы 1783 жылдан басталып 1930 жылдарға дейін ұласқан Сырым, Қаратай, Арынғазы, Есет, Исатай мен Махамбет, Жанқожа бастаған көтерілістер, қазан төңкерісі, қазақ дербестігі үшін арпалыс, нәубет, аштық, кәмпеске ылаңдары, әлемдік соғыс және екі ұлы держеваның 1864 жылы кіші халықтар хұқын тәрк етіп, мемлекеттік шекарасын астыртын ымырамен белгілегендігі бұл жақтағы қазақтардың байырғы ұлтына қосылуына мүмкіндік бермеді. Бұрын Моңғолия мен Қазақстан арасында барыс-келіс жасап тұрған жерді бауырына басып алып, жетпістей шақырым жолды ғой ол жауып тастады. Қазақтың бұл өңірі 1921 жылы Ресейге, 1936 жылы Қазақстанға, 1953 жылы қайтадан Ресейге өткендігі көршілік хақыға қиянат еді.

Ал Шығыс Түркстанда тұрақтап тұрып-ақ қалайын деп еді, мұндағы ұлтшыл саясат, қытымыр да обыр билеушілердің зұлымдық әрекеттері, қоғамдағы тұрақсыздық мазасын алып, қысым түсірді. Патшалыққа ауыр салық төлегенімен Көгедай төренің тұсындағы 39 жылда Абақ керей мамыражай тірлік құрғанымен  ол өлген 1824 жылдан бастап Арқалық батырды жауға ұстап берген, Ақтай биді өзіне теңгермеген, «қызылаяқтың» алдына қисая жығылған оралымсыз ұлық Ажының кезінен әділетсіздік жайлады. Оның үстіне 1839 жылдан басталған қытай-ағылшын соғысы, диқандар көтерілісі, «қызылаяқ»дүрбелеңі, Яқұббек ереуілі, Ресейдің Ілені жаулауы, 1911 жылғы төңкеріс, фашист Шэн шисай үстемдігі, Шығыс Түркстан үшінгі шайқас қатарлы шым-шытырық ауыр уақиғалар торғайдай тоздырды. Сонымен қоса керей, найман арасындағы «Көгедайдың көз құны» аталған дауының өзі он неше жылға созылып, береке бек кеткен еді. Жасақтары жоқ кезін пайдаланған дұшпандары жылқысын ұрлағанда оларды қуған төре сойылға жығылып көз жұмған. Қазақтың заң- жорасы бойынша қараша ердің құны 1000 қой, төре, қожаның құны одан жеті есе артық және тоғыз-тоғыз, қосымша құн жоралғылары бар. Ол жай ғана төре ғана емес, арғы түбі Шыңғыс, Жошы ұрпағы, Әбілпейіз ханның баласы! Бұл дау, тартыс, барымталары он неше жылға созылғанда осы сөз мәтелге айналыпты.

Айтпақшы, шежіреші Қадыс Жәнәбіл ұлының пайымдауынша Бөкенің қасына барған қазақтардың саны көбейгендіктен оны олардың билеуші \тәйжі\-сіне тағайындаған және Бөке батыр қамақта жатқанда көшпеңдер, өліспей беріспеңдер деп хат жазып жолдаған сәлемін еліне жеткізген де баласы  Рабай /21/ екен. Хат жеткенде Еренқабырғада отырған ел Шонжыға үрке көшеді. Демежан бастап барған шеріктерге оқ шығарып, Алғыдай қажы мен Шөмшекбай деген адам оққа ұшып, шеріктен тоғыз өліп, өзгесі қашып құтылады. Қарсыласушылардың жуан ортасында әрине, Рабай да бар. Келесі бір үзік сыр осы Рабай Бөке ұлы жайында. Бұрын Алтай аймағының уәлиі тұрған шежіреші Қадыс ақсақал:

«Ауғын тақсыретін тартқан ел Шинжианға келгеннен кейін бет-бетіне бытырады. Бір бөлімдері отық-отығы бойынша Еренқабырғаға, Боғдаға мекенденіп қалды. Бір бөлім ел ежелгі мекені Алтайға қайта көшіп келіп мекенденді. Бөкенің ұлы Рабай бастаған бір бөлім ел бір мезет Шіңгілді мекенденіп тұрды да, 1932 жылдары 700-ге тарта түтінді бастап Моңғолияға ауып кетті» /22/ -дейді. Моңғолияның Қобда өлкесі шекаралық әскер тарихында «1932 жылы қазақ, урианхай, захчин 1807 түтін, 6915 адам өз жерімізге оралды» /23/- деуі осыған сәйкеседі.

Рабайды бала кезімізде көзбен көрудің орайы келді. Бұғытының Қобда өзенге құятын Қату өзенінің бойы ертеден урианхайлар мен қазақтың шыбарайғыр рулы және басқа керейлерге қоныс болған шұрайлы өңір. Бұғыты, Текелі, Сайхандэвсэг, Сайыр тауларынан, Норты, Төгрөг көлдерінен бастау алған тау өзенінің жоғары сағасында Қарағайты, Талды, Аршаты, Ашудасты, Мұқыр делінетін ықтын сайлары бар. Қарасу, Сынтасты өрлегенде өзен арқан бойы биіктіктен секіріп түсетіндіктен бұл өңір Күркіреме атанған. Тауешкі, қар қабыланы мекендеген зәулім шоқылардың басына бұлт ілінгенде өзен айдаһардай қырық бұрала шиыршық ата тулап, тұйедей қорым тастарды гүрсілдете атқылап ашу шақыра буырқанады. 1950 жылдардың бас шені. Біздің үй Күркіремеде жайлап отырған. Бие байлаған көршілес Ботахан ауылына, Қату басындағы Көксайда Қобда, Бұлғын, Дэлүүнге жеткізетін төте жол бар, сонымен асты-ау деймін, түс ауған мезетте бейтаныс қонақ келіп түсті.

Астында мінгені көне күміс ер-тоқымды тоқпақ жал қарагер ат. Үстінде қара күпі, ескі қара елтірі қауқар тымақ. Аттан түскен соң қанжығасынан бұрын біз көрмеген абажадай қоңыр портфельді шешіп алып, қымыз үйге беттеді. Жолсоқты болды ма, жанын жеген уайымы көп пе екен, жасы недәуір егделеген сұңғақ бойлы қартаң адамның онсыз да қарасұр өңі жабығыңқы, жадау, қалың қабағы қатыңқы. Аман-сәлемнен соң дастарқан жайылып, жөн сұрасқан соң-ақ әлгіндегідей үркектеп үдірейгенді қойып шал-шауқандар оған жанаса түсіп, көптен іздеген жоғын енді тапқандай аңыра аузына қарап қалған. Қонақтың түсі қандай салқын болса сөйлеуі де сондай сараң, бірақ ұзақ бір хикаяға кеткен сыңай байқалады. Кеңес тыңдау  немізді алған, құран болуы керек, кітаптар толы қоңыр сөмкені таңырқай телмеңдеген біздерге бір-бір құрт ұстатты да: «Барып, қонақтың атын байқаңдар, айғыр талап тастамасын!»-деп үлкендер сыртқа қуды. Торы және жирен қасқа екі айғыр бар жылқыда, екеуі де қазымыр, кекілдеріне ажырғы тағып қойса да әсіресе бөтен айғыр, ат көрінсе талап, шайнап тастайды, арқасының алақандай терісін аямай жұлып алады.

Сол құдайы қонақ Бөке батырдың баласы Рабай екенін кейін білдік. Бұлғыннан Бұғы, Ақшиге келіп мекендеп жүріп дүниеден өтіпті. «Адамның басы-Алланың добы»-деген рас сөз, әкесінің денесі сонау Тибетте, басы Алтайдың күн бетінде, ұрпақтары теріскей бетінде қалды. Алланың жазуында ғана ма, алмағайып дүниенің толқынында да нелер тағдыр өксумен өткеніне аз халықтың қолынан келер шара қайсы?!

Рабайдың Айыпхан, Жанымхан, Қожа дейтін балалары болған. Іс машина соққан шебер ұста Айыпханның бір баласы Саған Қазақстанға қоныс аударған. Және баласы Бітірхан Өлгийде тұрып дүниеден өтті. Бітірхан ұлы Болат асаудың құлағында ойнайтын, асау өзенді тіліп  өтіп, тепсе темір үзетін «қаракөктің тұқымы». Қожа аймағымыздың алғашқы киномеханигі болып еңбек қызыл ту орденін омырауға ертеректе таққан. Жанымхан 1960 жылдарда анасы қолында, алтайы қарагер жылқы ұстап бие байлап, Баянголда жайлайтын, Бөке батырдың шаңырағы сол болуы керек, Жанымхан балалары Тегішхан, оның баласы Серікбай, Әсемдолдалар қазір Селеңгі аймағында тұрады. Ақын Ақыт:

«...Әй, зар заман, зар заман, зарлатып өткен тар заман,

Ойы толық кісі жоқ өз ақылын парлаған,

Жігіт десең Бөкені айт, алды-артын байқап шарлаған» /24/ .-деп зарлаған,   күші зорға құлшылық етумен күйкі тірлік кешіп итшілемей қайсарланып, қарманып мағыналы өмір сүруге, ерлер еңсесі түспей  ел мүддесі жолында құлшына күрес жасаудан тайынбауға, тайсалмауға шақырған. Иә, кішкене халыққа үлкен жүрек, терең білім, қажымас қайрат, бекем бірлік керек!..

ҚОРЫТЫНДЫ: Моңғолияның қазақтары бірнеше ғасырды араға салып қазіргі мекенге қайта оралған уақытын дәлме-дәл белгілеу тарихи күрделі зерттеуді күткен зәру мәселе. Өзге тарихшыларды айтпағанда бұл тақырыпқа алғаш 1950 жылдардан түрен тартқан екі тарихшының бірі А.Сарай марқұмның өзі ол мерзімді 1860 жылдармен шектеуге болмайтындығын 2000 жылдар басында айтқан. Осы жазбаның иесі қазақтың Алтай теріскейіне, яғни қазіргі мекенге 1750 жылдардан келе бастағандығы туралы болжам жасаған еді. \ «Моңғолиядағы қазақ халқы. УБ., 2007. 62-75-б.\  Бұл болжамды тарихшы М. Құрметханның «Шұғыла» жұрналының 2010 жылғы 1-санында басылған «Моңғолиядағы қазақтар тарихының кейбір мәселелері» мақаласы кепілдендіре түсті. 

Бөке батыр хикаясы осынау тарихтың мөлтек бір ғана мысалы, ажырамас бөлігі болып табылады.

Шынай РАХМЕТҰЛЫ. Моңғолияның "Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері", ақын-жазушы, аудармашы.

Еренқабырға-Өлгий 2010.ІХ.


Сілтеме, шемдер:

  1. Ер Жәнібек – Абылай ханның азаткер сардары, Абақ керейдің ақ тулы көсемі, шешені, ұраны. Қазақ қиссалары. 2-т. Үрімжі. 1984 ж. 3-23-б.
  2. Қарусыздану – Шинжианда мылтық тәргілеу науқаны бірнеше рет жүрілген, ел бұзылған. Қазақтың қысқаша тарихы. Үрімжі. 1987. 585-б.
  3. Көгедай – Абақ керей билеушісі. Қазақтың қысқаша тарихы. Үрімжі. 1987. 545.
  4. «Ақтабан-шұбырынды, Алқакөл-сұлама» – қалмақпен 200 жылдық соғыс. Мағауин М. Қазақ тарихының әліппесі. АА. 1995. 94-101.
  5. «Қызылаяқ» – 1867-1868 ж.аяғына қызыл байлаған тонаушылармен айқас. Көбеш, Бәтекен, Көрімбай батырлар қатысқан. Шыңжан қоғамдық ғылымы. 2000.№3.   Көбен А. «Қызылаяқ дүрбелеңі. 28-29-б.
  6. Асылбек – ел құрбаны. Зардықан Қ.Моңғолиядағы қазақтар. АА.2001.77
  7. Жалама-Ресейдің қалмақ тыңшысы, 1911-1914 ж. Моңғолияда ылаң салған жендет. Бюллетень Монгльского телетайфного агентства. 1922г.
  8. Ел Алтай асқан – 1931ж. Сарай А.Төңкерістен кейінгі Баян-өлгий. Эрд. 1991.
  9. Кенжебек – 1934ж. ЧК-ның өкілі. Шынай Р. Моңғолиядағы қазақ халқы. 2007.
  10. Есірку – Саяси нәубет. Сұраған Р. Құжырты құрбандары. Уб. 2004,
  11. Жүкей Ш.ХХ ғасырдағы Моңғолия қазақтары. 2008. Аймақ-1940ж. орнаған Моңғолияның Баян-өлгий аймағы. Аймақ мұрахаты
  12. Алтайға партизандар 1943 ж.аттанған; Құжырты елі үріккен. {10-сілтеме}
  13. «Бөке батыр» жыры – Баркөл ауданы қиса-дастандары. Үрімжі. 1992. 134-б
  14. Бөке-АсқарТ.{ғалым}Тарихи дерек, келелі кеңес. Үрімжі. 1968 ж. 168-174-б.
  15. Қадыс Ж. {ШУАР мемлекет ардагері} т.б. Абақ керей. Күйтің. 1994. 72-73-б.
  16. Хасен О. {Түркия, Германияда, «Азаттық» радиосында болған саясаткер журналист}. Елім-айлап өткен өмір. АА. 2005.19-б.
  17. Зәкен Қ. {ШУАР халық кеңесінде мекеме бастығы} т.б. Шинжиан халқының қоныс аудару тарихы. Бейжің. 1999. 134-б. Бөке-Зәкен Қ. т.б. ол да сонда.
  18. Мініс Ә, Сарай А. Баян-Өлгий аймағының қысқаша тарихы. Өлгий. 1960.17-б
  19. Көбеш /1802-1888/ - Мағауия С. т.б. Көбеш батыр. Өлгий. 1997.
  20. Жылқышы Ақтайұлы – Шеруші биі, палуан, сыбызғы сазгері. Қылаң оның немере інісі, Қобда беті қазақтарын бастап тәуелсіз Моңғолия қарамағына өткен. Зардыхан Қ. Моңғолиядағы қазақтар. АА. 2001.
  21. Зуқа – Батырхан Қ.Зуқа батыр. АА. 2000. Қол бастаған қос батыр. Өлгий. 2000
  22. Отаршылдық – Мағауин М. Қазақ тарихының әліппесі. АА. 1995. 132-б.
  23. Рабай Бөкеұлы – Қадыс Ж. т.б. Абақ керей. Күйтің. 1994. 74-б.
  24. Рабай бастап Моңғолияға ауған 700 түтін – ол да сонда, 75-б.
  25. Ч.Алтангэрэл. Ховд хязгаарын хил хамгаалалтын товч түүх. УБ. 2003. 38-рт
  26. Ү.Ақыт. Шығармалар 1-т. Үрімжі.1994.361-б,
  27. Ғахылия.Өлгий.1994.145-б.

6alash ұсынады