Қожаберген батыр зираты қалпына келтіріліп, ескерткіш орнатылатын болды
Қожаберген батыр Жәнібекұлы (1689-1785 ж.ж. ) тұлпар мініп, ту ұстаған қолбасшы сардар, есімі ұранға айналған ұлы дала дипломанты.
Аблайхан заманының айтулы батырларының бірі Қожаберген Жәнібекұлы мәнжу-қытай, орыс, моңғол деректерінде есімі ең көп кездесетін тарихи тұлға.
Суретте: жоғарыда аталған картаның фрагментімен, Қожаберген батыр бейітінің қазіргі көрінісі (13.09.2019)
Бұл пікірді тарих ғылымдарының докторы Бақыт Еженханұлының 1756-1767 жылдарда қалыптасқан мәнжу-қытай мұрағат құжаттары негізінде жазылған «Қожаберген батыр» атты кітабы тіпті де айқындап берді. Аталған кітапқа енгізілген 14-құжатта «Қожаберген мен Қара Барақ – Абылайдан кейін іс атқаратын мәртебелі адамдар болып саналады» деп атап көрсетеді. Қазақ қоғамындағы Қожаберген батырдың орнын аталған кітаптағы мәнжу тілді 21 құжатта Орта жүздің ру-тайпалары мен олардың билеушілерін тізбектей келе Абылай хан «Абақ керейдің 1 000 отбасы Қожаберген батырдың билігінде» деген мәлімдесі нақтылай түседі. Абылай хан тарабынан берілген бұл мәлімет Қожаберген батырдың Орта жүз қазақтары арасында аса абыройлы тұлға екендігін көрсеткен. Осы оқиғаларға байланысты Ресей мұрағатында сақталып жеткен дерекке сүйенсек, 1757 жылы 30 қыркүйекте Железин бекінісінен түскен рапортта: «Өзеннің дала жағынан кімдікі екені белгісіз көп әскер көш түрінде келіпті. Сол әскерден алты салт атты адам, екеуінің мылтығы бар, келіпті. Исет Мұратов деген татар арқылы Захарин сұрап білсе, олар былай депті: Біз Абылай сұлтанның әскеріміз, басшымыз – Қожаберген.» -деген мәліметтер жоғарыда айтылған пікірді толықтрып отырғаны анық. Белгілі турколог. тарих.ғ.д. Қаржаубай Сартқожаұлының Моңғол деректері негізінде берген мәліметінше «1756-1758 жылдары қазақтар мен қалмақтардың біріккен армиясы Жетісу, Тарбағатай, Манас, Үрімжі, Еренқабырғаға дейін соғыс жүргізген. Бұл соғыста Қожаберген батыр бастаған қазақ күші белсене араласып, үлкен рөл атқарған.
Қожаберген батырдың басқа батырлардан бір ерекшелігі аты-жөні орыс ғалымдары Григорий Потанин мен Карл Струвеннің ғылыми еңбегінде жиы кездеседі. Атақты ғалымдар Қожаберген бастаған керей руларының 1750 жылдың өзінде-ақ ХабарғаБазар өзеніне жеткенін көрсетеді. Қарғыба-Базар қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданындағы өзен атауы. Сонымен қатар, осы деректе қазақтың шығысқа қарай жөңкілген көшінің бастаушысы–керейлер екені айтылады. Сондай-ақ, орыс мұрағаттарында Қожаберген батырдың бастауымен кіші керейлердің (абақ керейлер) көші 1755-56 жылдары Қазақ елінің шығысына қарай көшіп, Керейдің басқа ру-тайпаларына қосылып, Тарбағатай, Алтай тауларын мекен еткендігі туралы жазылған.
Орыс тарихшысы Н.А.Аристов: Абылай ханмен бірге жоңғарға қарсы күрескен Қожаберген батырдың 1757 жылы Қытай билігімен келіссөз жасасқаны туралы да мәліметке кез болғанын жазады. Тарихи дерек бойынша, қытай елшілерімен болған бұл келіссөзге Абылай ханның өзі қатысқан және бұл келіссөз 1757 жылы 7-шілдеде Аягөз бойындағы Мамырсу - Байпақбұлақ деген жерде өткен. 1760 жылы Қытай шекарасына жақын барған қазақ сарбаздары туралы орыс барлаушысы Сафир Сәлиев: «Қытай шекарасына жақын маңда Абылай сұлтан бастаған екі мың, Қабанбай батыр бастаған екі мың, Қожаберген мен Қошқарбай батыр бастаған екі мың, Көкжарлы Барақ бастаған екі мың әскер тұр»,–деген мәлімет берген.
Әмірсана қазаққа қашып келгенде Абылай: «Әмірсана – өлімнен қашып тораңғыға тығылған бір торғайдай. Оны ұстап алып шүршіт әскерлеріне тапсыра салу жөнсіз болар» деп жоңғар қоңтайжысын Қожаберген батырдың қарауына тапсырады. Міне осыдан кейін Қожаберген мен Әмірсана арасындағы ұлы достық басталады. «1756 жылы 3 шілде де Қожаберген мен Әмірсана бастаған жасақтар Дордана есімді генерал бастаған шүршіт әскерлерімен Есіл жерінде соғысады . Әмірсананы ұстауға байланысты қытай генералы Хадаха 1756 жылдың 27 қыркүйегінде шекарадағы жағдайды патшаға баяндаған мәлімдесі сақталған. Онда: «Қазақтардың мыңдай адамы Баянтаудан батысқа кетті деген хабарды естідік. 100-дей адамын жер жастандырып, аттарын және басқа заттарын олжа еттік. Бес адамын тірідей қолға түсірдік. Тұтқындардың айтуынша әскерді бастап, соғыс салған Абылайдың өзі. Әмірсана мен Қожаберген мыңдықтың бірін алып, батысқа қарай кеткен» , - дейді. Яғни, бұл тарихи құжат сол уақытта Әмірсананы қуғындап келген қытай әскерімен Абылай хан және Қожаберген батырлардың шайқасқа түскендігін аңғартады. Бұл пікірді т.ғ.д. Б.Аяған өзінің «ҚОЖАБЕРГЕН БАТЫР ЖӘНЕ ОНЫҢ ЗАМАНЫ» атты мақаласында тереңдете талдап түсіндіреді. Осындай тарихи достықтың негізінде Моңғолия мемлекеті Баян-Өлгей аймағы әкімшіліг арнайы жер телімін бөліп, аймақ орталығына Қожаберген батырдың зәулім ескерткіші орнатылды. Бұл шетелдегі қазақ батырларына қойылған алғашқы ескерткіш еді.
Қожаберген туралы тарихи әңгімелер, аңыз-әңгімелер өте көп. Бұл әсіресе Моңғолия, Қытай қазақтарында көп тараған. 1993 жылы Қожаберген батырға арнап ұрпақтары Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында үлкен ас берді. Асқа Қазақстан, Қытай, Түркия, Ресейден қонақтар қатысты. Қожаберген батырдан қалған мұралардың ішіндегі ең үлкен жәдігер–ақ туы Баян-Өлгей аймағының Бұғыты сұмынында тұратын батырдың ұрпақтарының бірі Жұмаш Мұқтажыұлының шаңырағында сақтаулы..... Қазақ-Жоңғар соғысында 1731-1758 жылдары 30 жылдай желбіреп, қазақтардың рухын асқақтатқан бұл қасиетті ақ туды арада 100 жылдай уақыт өткенде яғни 1869-1870 жылдары елге қызылаяқ лаңы тигенде яғни Цин империясының әскеріне қарсы көтерілісте сондай-ақ 1939-1945 жылдары Шыңжаң қазақтарының Алтай аймағындағы көтерілісіне Моңғолиядан көмекке барған Ноғай, Қалқабай бастаған партизан отряды желбіретіп жүріпті.
1758 жылы 27 қаңтарда Абылай хан мен оның батырларына қытай тарапынан сыйлықтар үлестірілген. Тарихи құжатта: Қожаберген мен Қара Барақты Абылайда кейінгі ел басқаратын адамдардың қатарына жатқызып, олардың ел арасындағы беделділігін жоғары бағалаған. Абылай сияқты Қожабергенге де оқалы тон сыйлаған. Қожаберген батырдың қытай билеушілерінен сыйлыққа алған жібек шапаны 2018 жылы Қарағанды облысы, Бүхар жырау ауданында тұратын Бақыт Теңселұлы есімді азаматтың шаңырағынан алынып, ҚР Әскери-тарихи музейіне табысталды.
2018 жылы 28 ақпанда ҚР Әскери-тарихи музейінде, тарих ғылымдарының докторы Бақыт Еженханұлының 1756-1767 жылдарда қалыптасқан мәнжу-қытай мұрағат құжаттары негізінде жазылып, Алматыдағы «Арыс» баспасынан жарық көрген «Қожаберген батыр» атты кітабының тұсаукесері өтіп, бабамыздың шапаны мұражайға табысталды. Кітаптың баспадан шығуына демеушілік жасаған, кәсіпкер Мерей Сіламұлы. Осы жылдың 19 қазанда ҚР Әскери-тарихи музейінде Қожаберген батыр Жәнібекұлының туғанына 320 жыл толуына арналған Халықаралық «Ұлы дала батырлары атты» ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіліп, «Қазірет-Сұлтан» мешітінде ас берілді. Аталған шараға батырдың Қытай, Моңғолия елдеріндегі ұрпақтары да қатысты. Конференция мәтериялдары «Ер Жәнібек» Халықаралық қоғамдық қорының қолдауымен кітап болып жарық көрді. Қор Президенті, кәсіпкер Жеңіс Түркияұлы.
Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында батырға зәулім ескерткіш орнатылып, ас берілді. Өлгейдің орталық көшесінің атауы батыр есімімен аталды. Ескерткішке Өлгей қаласының әкімдігі арнайы жер телімін бөлді. Үлкен істің ұйтқысы болып, халықты жұмылдырған «Қожаберген батыр» қоғамдық қорының құрылтайшылары Қуанған Ұлықпанұлы мен Қайрат Әлқизатұлы. Осы уақытта жазушы-журналист Досан Баймаолдаұлының Алматыдағы «Мерей» баспасынан жарық көрген «Қожаберген батыр Жәнібекұлы» (кітаптың демеушісі кәсіпкер Оразбек Базарбайұлы), ақын Жанат Боқашұлының «Қожаберген батыр» атты кітаптарының тұсауы кесіліп, таныстрылымы болды. Бүл 1993 жылы 23 шілде де Өлгейде өткен астың тарихи жалғасы. Аталған шара Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ батырарына арналған алғашқы үлкен ас ретінде тарихта қалды. 1996 жылы аймақта өткен іс-шара төңірегінде Рысбек Зұрғанбайұлы жазып, жинақтаған «Шыбарайғыр Қожаберген батыр» атты кітап батыр бабамыз туралы жарық көрген алғашқы кітап еді.
Алматыда 28-29 шілде күндері аралығында батырдың 320 жылдығына арналып сегіз елден келген қандастарымыздың қатысуымен Әлем қазақ жастарының Халықаралық «Alash» футбол турнері өткізілді. Күйші Аршын Кәсімбайұлының шығарған «Қожаберген батыр жорығы» күйі алғаш орындалып, тыңдарманға жол тартты.
Осы жылы қарашаның 11 күні Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігімен «Отандастар қоры» комерциялық емес акционерлік қоғамы және Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы бірлесіп «Ұлы дала батыры - Қожаберген» атты Халықаралық мұшайра өткізіліп, жүлдегерлер марапатталды. Сондай-ақ, 320 жылдыққа арналып шығарылған кітаптар мен естелік бұйымдар шетелдегі барлық қазақ мәдениет орталықтарының өкілдеріне табысталды. Т.ғ.д. Смағұлова Светлана Одепқызының Қожаберген батыр турасында жазған «ЕРЛІГІ ҰРПАҚҚА ҮЛГІ БОЛАР» атты мақаласындағы «Абылай заманында өмір сүрген Абақ Керей Қожаберген Жәнібекұлының қазақ тарихындағы орны ерекше. Шұбарайғыр Қожаберген батыр жайлы қазіргі уақытқа дейін айғақтайтын нақты деректердің болмауы оның саяси портретін, өмір жолдары мен жоңғарларға, қытайларға қарсы күресін ашуға қолбайлау болғаны рас,- деген ойын толықтыра келе, батыр бабаның жатқан жері ШҚО, Зайсан, Үржар, Ақсуат, аудандарына ескерткіш орнатып, оның есіміне елді мекендердің атын беріп, ұрпақтары қолындағы Ақ туын тарихи жәдігер ретінде қорғауға алып, мемлекеттік ұлттық мұражайлардың біріне қою біздің парызымыз болмақ.
Ә.Х.Марғұлан атындағы археолгия институтының ғылыми ізденушісі С.Садықовтың зерделеуімен, «Омбы әскери окуругінің ірі маштаптағы әскери-топрграфиялық картасы» жер-су атауларының сол кездегі атаулары және де жүргізілген ізденістермен этнографиялық сауалнамалар нәтижесін жүйелей келгенде Қожаберген батыр зираты ШҚО, Тарбағатай ауданына қарасты Танамырза елді-мекенінің шығысынан ағып өтер жаңа Қарғыба өзенінің оң жақ қабағындағы жардың үстінен табылып отыр. Әрі осы картада Қожаберген көлі, Қожаберген тауы атаулары да белгіленген.
2019 жылдың 8-9 қараша күндері Қожаберген батыр ұрпақтары Мерей Сіламұлы, Адал Мұстафаұлы,Жұлдызбек Қойшыбайұлы, Оразбек Базарбайұлы, Талапбек Тынысбекұлы қатарлы азаматтар ескерткішті тапқан ғалым Серікбосын Сайдығалиұлының бастауымен ШҚО, Тарбағатай, Ақсуат ауданына барып Тарбағатай ауданының әкімі Сәдуақасов Серікқазы Құсайынұлы, аудандық маслихаттың депутаты Ержан Құттыбаев және аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мұқан Сахарин, Тана мырза ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Есен Манапов және жергілікті өлкетанушы, тариқшылармен жолығып, Қожаберген батыр Жәнібекұлының ерлік жолдарының осы өлкемен тарихи сабақтастығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жиналғандар батырдың ерлік істері мен тарихи тұлғасын терең түсініп, осы өңірдің, ШҚО киелі жерлер қатарына қосуға лайық тұлға екендігін бірауыздан мақұлдап, барлық атқарылатын іс-шараларға қолдау көрсететіндіктерін білдірді. Аудан әкімі батырдың зиратын қалпына келтіруге көмектесетіндігін, ескерткіш орнатуға жер телімін беретіндігін жеткізді.
Талапбек Тынысбекұлы,
Ақын, Қожаберген батырдың ұрпағы
6alash ұсынды