ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ТІЛІ: Абай шығармаларын өзге ұлт өкілдеріне эйдос-конспект арқылы оқытудың тиімділігі
Абай шығармаларын оқыту қазақ аудиторияларынан тыс мемлекеттік тілді оқыту мәселесіне келіп саяды. Өйткені Абайды танымайтын ұлт жоқ. Абай шығармаларыноқытуда сыннан әбден өткен әдістемелерді қолданып, оларды жетілдіріп, жаңа технологияларды да жүзеге асыру – заман талабы. Өйткені адамзаттың дүниеге деген өзіндік көзқарасын қалыптастыруда, заманына сай азамат ретінде өсіп-жетілуіне, бойында эстетикалық талғамның ұшталуына ұлы ақын туындылары ерекше әсер етпек әрі осы жолда үлкен рухани азық, басты құндылық болып табылады.
Тіл-әдебиет сабақтарында студенттер шығармашылық қабілеттерін арттыра алатын эйдос-конспектіні орындауды ұнатады, ол үшін компьютерді пайдаланудың қажеті шамалы. Студенттерге түрлі-түсті бояулармен, қарындаштармен жұмыс істеуге болады, сонымен қатар фотоларды, түрлі суреттерді пайдалана алады. Осылайша жұмыс істеу компьютердегіден әлдеқайда қызықты бола түседі және нәтижесіне де көңіл толады. Эйдос-конспект студенттің жобалық жұмысының шағын формасы болуы мүмкін. Егер оқытушы студенттің өз бетінше бейнелі түрде ойлап, ақынның сөз арқылы сомдаған образын түсіндірме бере отырып, сурет немесе кесте түрінде ұсынса, ақынның белгілі туындыларын жас буынның көзімен көре алуына мүмкіндік туады әрі шығарманы басқа да қырынан талдауға да жол ашылады. Нәтижесінде, тіл және әдебиет сабақтарында оқырманның көркем шығарманы қабылдауы, әдеби ұғымдарды білуі, сурет салу дағдылары өзара үйлесім табады.
Абай шығармаларыноқытуда сыннан әбден өткен әдістемелерді қолданып, оларды сабақ сайын жетілдіріп, жаңа технологияларды да жүзеге асыру – заман талабы. Өйткені жас ұрпақтың дүниеге деген өзіндік көзқарасын қалыптастыруда, заманына сай азамат ретінде өсіп-жетілуіне, бойында эстетикалық талғамның ұшталуына ұлы ақын туындылары ерекше әсер етпек әрі осы жолда үлкен рухани азық, басты құндылық болып табылады. Ұлы ойшылөз туындыларында қазақ халқының бойындағы жағымсыз қасиеттерді сынай келе өте үлкен мәселелерді көтерді, сол арқылы туған халқының мінін, кемшін тұстарын түзетуді, дамыған елдер қатарына қосылуын көздеді. Бұл ойлары қазіргі таңда да өте өзекті. Демек, төл әдебиетіміздің кемелденіп, дамуына негіз болған ұлы ойшылдың құнарлы ой-пікірлерін қазіргі ұрпақтың бойына сіңіре отырып, ұлттық, қала берді әлемдік деңгейде ұлықтау аса маңызды мәселе. Мақаладаосы іспетті ойларға назар аударылып, оны жазу барысында әдеби-теориялық талдау, салыстыру, зерттеу, жүйелеу, жинақтау әдістері қолданылды.
Эйдос-конспект– мәтіннің образдылығын негізге ала отырып, шығармадан келтірілген цитаталар мен түйін сөздер арқылы студенттердің өз образдарын жасауы, көркем ойлауға жол ашуы.Эйдос-конспектідегі басты нәрсе – көркем мәтіндегі сөздің рөлін түсіну, студенттің бейнелі ойлауын дамыту. Шығармашылық жұмыстың мұндай түрі студенттердің ақын-жазушылардың көркем шығармаларын қабылдау деңгейлерін бақылап, тексеруге мүмкіндік береді, өйткені түсінікті ауызша жеткізу студенттердің мәтінді қаншалықты терең түсінгендіктерін таныта алады. Сонымен қатар студенттің көркем шығарманы өзінің таңдауын талап етеді, оларды ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуге баулиды, шығармашылық қабілеттерін арттырады, өнердің көптеген түрлерінің басын біріктіреді: мысалы, әдебиет, сурет өнері, кейде тіпті музыка (әуен).Нәтижесінде белгілі бір көркем шығарманы талдау арқылыстудент бойындағы көптеген игі қасиеттері ашылып, эстетикалық талғамы арта түседі.
Абай Құнанбаев шығармаларын өзге ұлт өкілдеріне оқытудың өзіндік қиындықтары бар. Дегенмен сол қиындықтарды жеңуге эйдос-конспект өзіндік көмегін тигізіп, көп жеңілдік береді әрі көркем шығарманы түсініп қана қоймай, талдай білуге кеңінен жол ашады.“Эйдос-конспекткөркем шығарманы оқуға, талдауға көп көмектеседі: әртүрлі көзқарастарды сараптауға, салыстыруға үйретеді”[1, с.75].
Абай Құнанбаевтың 14-қарасөзін талдау барысында Д.есімді студент пікірін нақты жеткізе отырып, қарасөзді оқу барысында образды түрде ойлай отырып, өз ойын көне Египет мифтерін сабақтастырып, салыстыра отырып жеткізеді (1-сурет).Студент жұмыс барысындаҚазақстанның жас буыны үшін өмірлік ұстанымын тауып,қоғамнанөзінің орнын алу барысында адамгершілік қасиеттерді барынша бойына сіңіруі қажет екендігін ескере отырып, осы ретте Абайдың қарасөздерін басшылыққа алу керектігін қадап айтады. Аталмыш қарасөзді оқу барысында Абай көтерген мәселені көне Египет мифологиясы аясында Анубис таразысы бейнесінде көреді. Египет мифологиясында әр бір адам қайтыс болған соң Осирис құдайдың алдына баратыны, дәліздің дәл ортасына Анубис таразысының қойылатыны, о дүниелік болған адамды ақырет өміріне бағыттайтын Анубис құдайының жан мен ар-ожданның символы – жүректі өлшейтіні, таразының бір жағына жүректің (ар-ұят), екінші жағына – ақиқат пен әділеттіліктің нышаны Maaт құдайдың қауырсыны қойылатыны, оның бір мезетте жүрек, жан және рухты өлшейтіні айтылады. Егер таразы тостағандарының салмақтары бірдей болса, адам қайта туылғандай болады. Егер адам жер бетінде осы атқа лайықты өмір сүрсе, таразының екі жағы тепе-тең тұрады. Және адам келесі әлемге еніп, қайта жандана алады. Ұлы адамдар белгілі бір діннің болжамын емес, имандылықтың мән-мағынасын көре алады. Ал руханият дегеніміз – ұлты мен дініне қарамастан адамның болмысын білдіретін біртұтас, бөлшектеуге келмейтін қасиет. Сондықтан Абай рухани жағынан белгілі бір дінге ғана жатқызылмайды, оның руханилығы – бүкіл әлемге тән жан дүниесінің көрінісі, оны көріп, сезіне, терең түсіне білу үшін бізге өмір бойы оқып, ізденіп өту керек деген мағынадағы ойды айтады.
Ал Абай Құнанбаевтың “Сағаттың шықылдағы емес ермек” атты өлеңін талдаған С.атты студент аталмыш өлеңді оқи отырып, басы сағат адам бейнесін көпшілікке ұсынды (2-сурет).Сағат өз уақытын бағаламайтын адам өмірін бейнелейді. Өмірінің бос өткен уақыттарын мола бейнесінде, яғни өлі уақыт түрінде суреттей отырып, бақытсыз адамның ойлары түрінде осы мәселені жақсы көрсететін Абайдың өлең жолдарын кілт сөздер мен түйінді ойлар ретінде бере отырып, терең талдауға ұмтылады. Абай Құнанбаевтың өткенді өлілермен салыстыратынын айта отырып, өткен өмірімізді қайтара алмайтынымызды нақты мысалдар негізінде дәлелдейді. Бақытсыз адам болмас үшін уақытты дұрыс пайдалана білуді үйренуіміз керектігі туралы өзіндік ой түйеді. “Образ түсінігі (эйдос) көпмәнді: троп (“ауызша образ”), көркем деталь, адам өмірінің бейнесі, тіпті идея, тақырып, шығармадағы мәселе” [2, 179 б.]. Сондықтан көркем образды ашуға ұмтылу қарапайымнан күрделіге қарай жүреді. Студент осы заңдылықты басшылыққа алған.
Абайдың Құнанбаевтың “Жүректе қайрат болмаса” атты өлеңін талдаған В.есімді студент өзіндік образын ұсынады, яғни, ақын өлеңін оқи отырып, басқыштарының орнына пышақ сияқты өткір жүзі бар баспалдақты елестеді (3-сурет). “Эйдос-конспектіні төмендегіше жіктеуге болады: көркем эйдос-конспект (сурет түрінде); тірек конспектіге, схемаға жақын графикалық түрі; түрлі-түсті (жұмыстағы түс символикасы); ассоциативті; әр түрлі түрлерін біріктірген аралас эйдос-конспект ” [3, 71-73 б.].
Берілген жұмысты эйдос-конспектінің тірек конспектісі, схемаға жақын графикалық түріне жатқызуға болады, өйткені студент өз ойын жеткізуде суретпен қатар, тірек схемасын да негізге алған.Өлеңнің мәні мен негізгі идеясы – өзін-өзі дамыту екендігін баса айтып, өмірі адамдардың тікелей өздеріне байланысты болатындығын ерекше көрсетеді. Адам бүкіл өмірін не босқа өткізеді немесе қиын да болса, өзіне және жақын адамдарына жағымды іс жасап, пайдалы бола алады. Жалқау әрі жауапсыз адам тіпті тырыспайды да, бірақ ол өзін жеңе алады. Әр бір жетістік суретте салынған баспалдақтағы бір пышақтан тұрады. Қанды пышақ – адамның әрекетін білдіреді, ол әрекет етсе, оның жетістігі, ол биікке көтерілсе, қиындықты жеңгені болып табылады. Басқыштардың орнындағы пышақ – бұл белгілі бір жетістіктің немесе әрекеттің қиын нәрсе екендігін білдіреді. Мықты адам дәрежесіне жету үшін көп күш керек. Әр адамның өз баспалдағы болады. Кейбіреуінікі – тап-таза, бірақ солай бола тұрса да ол тұңғиыққа бой алдырған. Кейбірінің баспалдағы қанды, яғни адам шыңға көтерілген, ал оның жаралары тез арада айығып кетеді, демек ол адам өз өміріндегі барлық қиындықтарды жеңе алды. Шыңға көтеріле отырып, адам өмірдің барлық мәнін түсінеді. Осылайша студент тура жолдың әрдайым оңай бола бермейтінін нақты мысалдар мен тірек-сызбалары және сурет арқылы жеткізіп, өзіндік ойын дәл жеткізеді.
Ақынның “Ғылым таппай мақтанба” атты өлеңін талдаған И.есімді студент эйдос-конспектіге адамның бетін салып, оны екіге бөліп, қара және сары түстермен бояйды. Адам бойындағы жақсы қасиеттерді сары алтындай жарқыраған адам бейнесінде, жаман қасиеттерді (ашкөздік, жағымпаздық, ашу-ыза) қара түсті адам ретінде беріп, жақсы қасиеттерді (қайырымдылық, махаббат т.б.) сары түспен береді. Парасатты адам (сары түс) мен қараңғы адамның (қара түс) бейнесін параллель алып қарастыра отырып, соған лайық қасиеттерін бірыңғай топтастырып, ақылы, парасат-пайымы мол адамды жоғары қойып, болмаса да ұқсап бағуға үндейді (4-сурет).Яғни, студент эйдос-конспект барысында түр-түс арқылы ақын ойын жеткізуге тырысады. Студент ақын өлеңді талдау барысында адам кім болуды, өз бойында қандай қасиеттерді дамытуды өзі шешеді қандай адам болғысы келсе сондай адам бола алады деген ой айтады.
Ақынның төртінші қарасөзін талдаған А.есімді студент бос уақыттың емес, пайдалы және ұтымды жұмыстың жанды сауықтыратынын баса айтады. Студент аталмыш қарасөз негізінде “Адам әрдайым ұқыпсыз және ақымақ бола бермейді, сол сияқты үнемі қайғылы және ойлы болып та жүре беруге болмайды. Жаман ниетпен немесе жай ғана көңіл көтеру үшін күлме, әр күлкінің соңы жақсы бола бермейді. Өйткені, өмір мәңгілік емес, оны абыроймен өткізу керек” деген ой түйеді. Осы ойын бір емес, бірнеше сурет арқылы жеткізеді, бірінде адамның жүрегі, қан тамырының соғысы түрінде берсе, енді бірінде құм сағат, келесісінде шексіз темір жол түрінде береді.
Ұрпақ тәрбиесі – ел келешегі. Абайдың “Сабырсыз, арсыз, еріншек” өлеңін талдау барысында студенттер аса белсенділік танытты. Ойларын ортаға салып, қызу талқылады. “Абай көтерген қасиеттердің пайда болуына не әсер етеді? ” деген сұрақтар бойынша студенттер ішкі және сыртқы факторлар әсер ететіндігін баса айтты. “Егер адамның бойында осындай қасиеттер болмаса, не болар еді?”деп студенттердің бірінің қойған сұрағына келесісі:“Адамзаттың дамуы үшін осындай қасиеттердің, яғни сабырсыздықтың, еріншектіктің болғаны да дұрыс. Өйткені қоғам мінсіз болып кетсе, күресетін ештеңе қалмайды, даму тоқтайды. Яғни, прогресс болуы үшін Абай айтып өткен қасиеттер қажет. Мысалы, мен өзімнің бойымдағы осындай кейбір жағымсыз қасиеттерді жою үшін ізденіп, психологиялық әдебиеттерді оқып жүрмін” деп жауап берді. Іздену, өзін-өзі дамыту – кез келген адамның қолынан келе бермейді. Сондықтан жас ұрпақтың дамуына Абай өлеңдері көп әсерін тигізуде.
Келесі “Осы қасиеттердің салдары неге соқтырады?” деген сұраққа “Экономикалық тұрақсыздыққа, адамның ішкі тартысына және рухани құлдырауына әкеліп соғады” деген жауаптар берілді. Ішкі тартыс бойынша студенттер арасында қызу пікір алмасу туындады. Осы ойды айтқан студент: “Адам адал еңбек еткісі келгенмен, басқа біреудің арсыздығы оның жолын байлайды. Сондықтан ол да келесі жолы өзі қаламаса да Абайдың сөзімен айтсақ, арсыздыққа жол береді, яғни біреудің еңбегін пайдалану, оның жолын кесу сияқты келеңсіз жағдайларға ұрынады, бірақ өз әділетсіздігін біліп, сезіп, іштей бұлқынғанмен, басқа істер амалы жоқ. Міне, осыдан келіп оның бойында ішкі тартыс туындайды. Ал ол біртіндеп рухани құлдырауға әкелуі мүмкін” деген жауабы алдымызда болашаққа нық қадам басқан жас ұрпақтың отырғандығын әрі ұлы ақынның терең ойларын өзіндік ұстанымға айналдырғанын байқатты әрі өз ойларын нақты фактілер негізінде жеткізе білді.
Эйдос-конспект жасау барысында студентке көркем шығармадағы кілт сөздер, түйінді ойлар талдауға көмектеседі. Осылардың негізінде туындының табиғаты танылып, кеңінен талданып, автор идеясының ашылуына мүмкіндік туады.Эйдос-конспект сурет салумен шектеліп қалмайды, мұнда суретпен қоса көркем шығарманың мән-мағынасын, мазмұнын ашатын кілт сөздер мен түйінді ойлар мысалға келтіріліп, ары қарай студент өзінің түйген ойын, қорытындысын жазу керек. Өзі талдауға алған туындыда автор қандай мәселені көтерді, оның идеясын оқырманға эйдос-конспект барысында өзі жеткізе алды ма, қаншалықты талдай білді, қандай қорытындыға келді, көркем шығарманың табиғатын қаншалықты аша алды, міне, студент осындай мәселелер аясында ойланады. Ойланып қана қоймай, көлемді талдауға қол жеткізіп, зор шығармашылықпен жұмыс істейді әрі студенттер арасында қайсымыздың жұмысымыз керемет болар екен деген өзара бәсекелестік пайда болады, бұның өзі ынталандырушы факторлардың бірі десе болғандай. Нәтижесінде студенттердің туындыны қандай деңгейде игергендігі байқалады. Көркем шығарманы түсініп, қабылдай алған студент қана толыққанды талдауға қол жеткізеді. Туындыны эйдос-конспект арқылы талдау студенттердің креативтіліктерін арттырып, сыни ойлау дағдыларын ұштай түседі.
Көркем туындының ішінен кілт сөздер мен түйінді ойларды іріктеп алу да оңай шаруа емес, өйткені олар тікелей мәтіннің идеясын ашуға қызмет етеді, сол үшін автор идеясын танып-білуде қателеспей, дөп баса білу керек, сол кезде ғана шығармаға дұрыс талдау жасалады. Шығарма идеясы әр кейіпкер, оның таным-түсінігі, дүниекөзқарасы, іс-әрекеттері арқылы да берілуі мүмкін. Демек, образдар жүйесіне талдау жасау арқылы да шығарманың тақырыбы мен идеясын ашуға қол жеткізуге болады. Сол сияқты бір шығарманың, тіптібір кейіпкердің өзін әр студент әр түрлі қабылдауы мүмкін, ал эйдос-конспект бір туындыны әр қырынан ашып, талдауға көмектеседі. Бір туындыдағы кейіпкерлерді әр студент әр қырынан көріп, әр түрлі талдау жасауы мүмкін. Осы ерекшеліктің өзі көркем шығарманың әр қырынан, жан-жақты талдануына септігін тигізеді.“Талдау кезінде оқушының шығарманы қабылдауына, алған әсеріне, өзіндік көзқарастарын дамытуға баса назар аударылып, шығарманы өнердің туындысы есебінде түсінуіне әсер ете отырып, оны талдау кезінде оқушының таным-түсінігін, қарым-қабілетін, сыни ойлау деңгейін арттыру, шығарманы талдау әдістерін үйретіп, терең меңгерте білу, жалпы кешенді талдауға баулу іспетті мақсаттар алға қойылады” [5, 33 б.] деп Қ.О.Бітібаева еңбегінде көрсетілгендей,эйдос-конспекті де студенттің ой-қиялын, шығармашылығын, белсенділігін арттырып, шығарманы кешенді түрде талдауға жол ашады.
Пәнді оқыту әдеби мәтінді эмоционалды қабылдау, оның оқу әлеуетін ашу, көркем сөздің оқырманға әсерінің эмоционалды-бейнелі, интеллектуалды энергиясын білу, оқырман мен жазушының бірлескен шығармашылық жұмысы, білімді қалыптастыратын сыни ойлауды дамыту сияқты қырларын қамтиды.Студенттер мен оқытушылардың назарын эйдос-конспект студенттердің абстрактылы ойлауын және олардың шығармашылық қабілеттерін дамытатын әдістемелік құрал ретінде өзіне аударады.Эйдос-конспект –студенттердің белгілі бір тақырыптарды, көрген не естіген шығармаларын сурет немесе образды түрде бейнелеуі. Эйдос-конспект оқырманның әдеби кейіпкерді, көркем ойды, шығарманың көркемдік әлемін ассоциативті қабылдауы, ол оқырманның шығармашылық ой-өрісінтаныта алады. Эйдос-конспект арқылы оқырман мен жазушы арасында шығармашылық диалог құрудың мүмкіндігі туады.Оқытушы да сабаққа белгілі бір эйдос-конспект дайындап алып келсе болады, онда даулы мәселелер болуы мүмкін. Оқытушының көзқарасымен студенттер келіспеуі де мүмкін. Шығарманы қабылдауды әдейі бұрмалаудың мұндай мақсаты – ақыл мен жүректі іске қосу, түрлі эмоциялардың пайда болуы, ал олар студенттерге белгілі бір тұжырым жасауға көмектеседі. Студенттерге сабақ үстінде өз пікірлерін белгілі бір ойды теріске шығарып, оны дәлелдеу арқылы бастау, қайшылықты тұжырымдар ұсыну әлдеқайда оңайға түседі. Тек ең соңында ғана нақты өз пікірін білдіру әлдеқайда сенімді көрінеді.Эйдос-конспект – бір сабақтың, бір тақырыптың бөлігі болып табылады, кейде тіпті ғылыми-зерттеу жұмысына, жобаға айналуы мүмкін. Көркем мәтінде көп нәрсе жасырын тұрады, ал әр ұрпақ классикалық туындыларды өз көзқарастары тұрғынан қабылдайды. Ең бастысы, ақын мен жазушы, оқытушы мен студенттер арасында диалог орнатылу қажет.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- Головацкая Н.Ф. Анализ художественного произведения при помощи эйдос-конспекта // Обучение и воспитание: методики и практика 2012-2013 учебного года: 026 сборник материалов ҮІ Международной научно-практической конференции.-Новосибирск: Издательство ЦРНС, 2013.-296 с.-конференция материалдары
- Эниклопедический словарь юного литературоведа.-2-е изд.Москва: Педагогика-Пресс, 1998.-423 с.- книга
- Головацкая Н.Ф. Эйдос-конспект как одна из форм постижения своеобразия художественных произведении // Размышляя о вечном. Духовно-нравственное развитие учащихся на уроках литературы.Выпуск 2.-Томск ГНМЦ, 2003.-258 с.-книга
- Бітібаева Қ.О. Әдебиетті оқытудың инновациялық әдістемесі, технологиясы.-Астана: “Дарын орталығы”, -242 б.-кітап
- Абай. Қара сөздері.-Алматы: Өнер, 2006.-124 б.-кітап
- Абай (Ибрахим) Құнанбайұлы. Өкінішті көп өмір кеткен өтіп...өлеңдер, поэмалар, қара сөздер.-Алматы: Раритет, 2008.-383 б.-кітап
- Абай Құнанбаев: өлеңдер.-Нұр-Сұлтан: Фолиант, 2019.-220 б.-кітап
Рахимбаева Гаухар Кинаятовна
«Тұран-Астана»университетінің доценті, ф.ғ.к.