Абай Қытайда туған ба?
Қытайды билеген Мин және Цин әулеттерінің өларасында Шыңғыстау жоңғарлардың жайылымдық жері еді. Шамамен 1608 жылы Далай Тайшы бастаған дөрбіттер Обь бойын жайлап, Есіл алқабына дейінгі аумақты қоныс қылады. Жоңғарлардың әміршісі Цеван Арабтан 1713-1714 жылдары Орыс елшісін екі мәрте қабылдап, Обь пен Қатун өзендерінің арасындағы жерді жоңғардың иелігі деп мәлімдейді. 1755 жылы Цин империясы жоңғарлардың бүлігін тыншытқаннан кейін, бұрынғы жоңғар иелігі толықтай Қытайға қарап, Іле генерал басқармасының құзырына беріледі. 1757 жылы Орта жүздің ханы Абылай 30 мың жасақ шығарып, Циндіктердің Әмірсананы жоюына жәрдемдеседі және Цин империясына бағынатынын білдіреді. «Батыс аймақтағы су арналары» (1819) атты кітапта Аягөз өзені Қазақ пен Қытай шекарасы ретінде көрсетілген. Атап айтқанда, Аягөздің батысы Қазақтың Орта жүзіне қараса, шығысы мен солтүстігі Қытайдың Тарбағатай Кеңесші амбанының басқаруында болады. Апиын соғысынан (1840) кейін, Ресей Қытай жерін жалмай бастайды. Ресейдің Семейдегі әкімшілік органы 1854 жылы ғана құрылады, бұл кезде Абай тоғыз жаста еді. 1864 жылы Ресей мен Қытай «Солтүстік-батыс шекараны белгілеу келісіміне» (Шәуешек келісімі немесе Тарбағатай хаттамасы) қол қойысады, келісімге сәйкес, Зайсан маңы уақытша Қытай аумағында қалғанмен, көп ұзамай Ресей империясы күшпен тартып алады, сөйтіп, Абай туған Шыңғыстау өңірі ресми түрде Ресейдің қарауына өтеді. Абай осы жылы, он тоғыз жасында, Ресей азаматтығын қабылдайды.
Қысқасы, Абай Қытайда туған. Абай өмірінің алғашқы жиырма жылы – бақытты балалығы мен қызыққа толы бозбала шағы Қытай жерінде өткен!
Құрметті оқырман, қате түсінбеңіз, мен бұл сөздерді ойдан шығарған жоқпын, белгілі қытайлық ғалым, ШҰАР Өлкетану қоғамының төрағасының орынбасары Чжун Синцидың «Абайдың азаматтығының алмасуы туралы» («Шынжаң педагогикалық университетінің хабаршысы» 2007 жылғы №3 саны) деген мақаласының тоқ етер түйіні, міне, осындай екен.
Хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында, осындай іш атқан әңгімені ортаға салудың өзі біз үшін аса ыңғайсыз болғанын несіне жасырайық. Алайда, Абайға деген шексіз махаббат пен қазақ жерінің бүтіндігіне деген алаң көңіл қолға еріксіз қалам алдырды.
Қазақ жерінің шығысы – Алтай, Тарбағатай, Шыңғыстау баурайлары мен Ертіс, Аягөз алқаптары қазақ пен жоңғар арасындағы ғасырларға жалғасқан қақтығыс, соғыстар кезінде, көбінесе қалмақтардың билігінде болғаны жасырын емес. Бірақ, қазақтар ата қонысын қайтарып алудан ешқашан бас тартпаған. Мысалы, Цин императоры Цяньлунның 1757 жылы Қазақтың Абылай бастаған игі-жақсыларына жазған хатында: «Елшілеріңіз ежелгі өрісіміз еді деп сыйға беруді сұраған Тарбағатай туралы айтсақ, ол жер енді ғана тынышталды, қазірше иен жатыр. Нәмәрттік жасамай берер едім, бірақ, сіздер бізге жаңадан ел болып, еңбек көрсетуге үлгермедіңіздер. Бұндайда жерді сыйға беру мемлекетіміздің тәртібіне сай келмейді. Егер қашқын Әмірсананы ұстап берер болсаңыздар, оны сыйға беруіме әбден болады» дейді. Бұл деректен кемінде екі ақпаратқа көз жеткіземіз: біріншіден, қазақтардың ежелгі ата қонысы туралы аумақтық талабы дәйекті әрі тұрақты болған, әйтпегенде, қазақ елшілері жоңғар мемлекетін енді ғана талқандап, азуын айға білеп отырған Цин императорының алдында бұл мәселені көтермес еді. Екіншіден, қазақ-қытай арасында Тарбағатай мәселесіне байланысты келіссөздер жүргізудің мүмкіндігі болған. Бұл өте маңызды ақпарат, өйткені, ұлы жеңістің қазақтарға тиісті екенін Цин императорының өзі де іштей мойындайтын, 1755 жылы Цяньлунның әскери құпиялық амбандарына берген жарлығында «Қазақтар (жоңғар билеушісі) Давациге жорық жасады деген хабардан құлағдар болдым. Осыдан-ақ Давацидің тығырыққа тіреліп, жоңғарлардың ыдырай бастағанын шамалауға болады. Егер табанда жасақ аттандырмасақ, қазақтардың бағы жанып (жоңғардан) жеңістік алатыны даусыз» десе, тағы бір жарлығында «Давацидің әбден қаусағаны белгілі болды, тек жасақтарымыз үлгеріп жетсе, жеңіс біздікі. Алайда, қазақтардың күші басымырақ, оның үстіне, олар Давациге өте жақын. Давацидің қазақтарға немесе Әмірсанаға немесе Бадым Церенге тұтқын болғанынан Сарылға тұтқын болғаны біз үшін тиімді» дейді. Демек, қазақтар қалмақтардың іргесін сөгіп, туын жығуға шақ қалғанда, шүршіттердің дайын асқа тік қасық болып, тұралаған жоңғарды қырып-жойып, іле-сала «ойраттан қалған жер біздікі» деп жар салуы, қай жағынан алғанда да, ақылға сыймайтын тірлік еді.
Оны айтпағанда, жоңғар мемлекеті жойылғаннан кейін (Тайвань тарихшысы Бо Ян «Қытайлықтардың тарихы» деген еңбегінде Цин империясының жоңғар жеріндегі саясатын геноцид деп сипаттайды), Ресей және Цин империяларының тұрғылықты халықтың қатысуынсыз қазақтың шұрайлы даласын жыртыс жыртқандай бөлісіп алуы ешқандай тарихи әділеттілікке жатпайтынын ашық айтатын кез жетті деп ойлаймыз. Бір сәтке бағы тайған халықты бұлайша қорлап, жерімен, малымен қоса бөліске салған өктемшіл һәм жымысқы саясаттардың қазақтар үшін зор қиянат болғанын фактілермен дәлелдеп, тарихи әділеттілікті қалпына келтіріп, тәуелсіз Қазақстан жеріне көз алартқан жат ниетке тойтарыс беріп, еліміздің егемендігі мен жеріміздің бүтіндігін тарихи тұрғыдан негіздей түсу бүгінгі тарихшылардың алдына қойылған қасиетті парыздардың бірі болуға тиіс.
Айтпақшы, Чжун Синци аталмыш мақаласында Хакім Абайдың «Есіңде бар ма жас күнің» деп басталатын өлеңін мысалға келтіріп, «Абайдың бақытты балалық шағы Ресей Шыңғыстау өңірін тартып алмай тұрған кезге тура келеді, сондықтан, оның балалыққа сағынышының өзгеше тарихи мәні бар... Бұл өлең Абайдың азаматтығы алмасудан бұрынғы-соңғы кезеңдердегі көңіл күйін ең жақсы бейнелеген өлең» деп, айды аспанға шығарады. Автордың логикасы бойынша, «Ресей Шыңғыстауды тартып алмай тұрған кезде», Абай, әрине, Қытай азаматы болады да. Демек, Абай балалығын ғана емес, бақытқа мейірлендіріп өсірген отанын да сағынып отыр екен! Демек, орыстан қытай жақсы болғаны ғой. Кешіріңіз, әбестеу болса да айтайық, автор бұл ретте «Аюдың жанында шошқа жылмақтай» демекші секілді. Шындығында, отаршылдардың бәрі бірдей, тәуелсіздігінен айырылып, кіріптар халге түскен халыққа ешкімнің аспандағы айды әпермейтінін басымыздан өткен қилы тарих жеріне жете дәлелдеді емес пе?
Соңғы айтарымыз, анау-мынау емес, Абайды, Абай туған қасиетті өлкені біздікі еді деп, тарихи әділеттілікке де, ғылыми этикаға да жат пікір білдірген осы ғылыми жұмыстың білдей басылымда жарық көргеніне табаны күректей 13 жыл (бір мүшел) өтсе де, біздің назарымызға ілінбей келгені өте өкінішті. Өткенде, жұмыс бабында Қытайда жарияланған Абай туралы жүзге жуық еңбекті сүзіп шыққанымда, анық көзім жеткені – қытайлар Абайды ғана емес, Абай арқылы қазақтың бүкіл болмысын бүге-шігесіне дейін зерттеп, зерделеп жатыр. Ал бізде шығыстағы көршіміздің тарихын, әдебиетін, өнерін, ғылымын жете зерттеп үлгермесе де, кемінде, өзімізге қатысты бөлігін танып, біліп, дер кезінде қорытындылап отыратын мемлекеттік деңгейдегі ғылыми-сараптамалық орталық бар ма өзі? Бар болса, сонша жылдан бері айға қарап отыр ма? Жоқ болса, сондай орталық біз үшін ауадай қажет екенін еске саламыз.
Айтар ойымызды Қытайдың «өзіңді біл, өзгені таны, қапы қалмайсың» деген қанатты сөзімен түйіндейміз.
Ерлан МАЗАН
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тарих факультетінің магистранты, аға аудармашы