«Қазақ тілі» сабақтарында визуалды және жазбаша мәтінді қолданудың тиімділігі
Қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне оқыту мәселесі өзекті тақырыптардың бірі әрі мемлекеттік тілдің қолдану аясын арттырады. Бүгінгі таңда қазақ тілін оқытудың көптеген әдістемелік негіздері қалыптасқан. Ана тілімізді оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін қарастыру қоғамда орын алатын түрлі өзгерістерге орай әр уақытта да сұраныста болады. Қазақ тілін халықаралық тәжірибеде қолданылатын түрлі әдіс-тәсілдер арқылы оқыту өзіндік нәтижесін беруде.
«Қазақ тілі» сабағында визуалды және жазбаша мәтіндерді қолдану көптеген жетістіктерге қол жеткізеді. Студенттер жаңа тақырыпты немесе мәселені талдап қана қоймай, арнайы стрендтер негізінде өзіндік ойларын еркін жеткізіп, қорытынды жасаумен қатар бірқатар дағдыларын да дамытады.
Халықаралық деңгейлердегі бағдарламаларда визуалды және жазбаша мәтіндерді түсінуді «В критерийі» деп атап, аталмыш критерий негізінде үш негізгі стренд негізге алынады. В критерийі жазбаша және визуалды мәтіндерді түсіну болғандықтан, мәтіннің жанында мінетті түрде сурет (картина) болады:
- ақпарат, басты идеялар мен қосымша детальдардан мағына құрау және қорытынды жасау;
- конвенцияларды түсіндіру;
iii. жазбаша және визуалды мәтіндердегі идея, пікір мен көзқарастарды анықтау арқылы жеке тәжірибелері мен пікірлеріне негізделген жауап беру.
Осы іспетті нақты стрендтердің негізінде суретті мәтінге талдау жасалады. Стрендтер бойынша нақты сұрақтар құрастырылып, мәтіннің басты идеясы және оны жеткізудегі қосымша детальдар анықталады. Ондағы конвенцияларға (екпін, бейнелі сөздер, тұрақты сөз тіркестері, түр-түс т.б.) басты назар аударылып, негізгі идеяны жеткізудегі рөлі айқындалады.
Және олардың жұмысын осы стрендтер бойынша төмендегідей 8 баллдық жүйеде бағалауға болады. 1-2 – мәтіндегі тұжырымдама, мәнмәтін мен мазмұнды шектеулі деңгейде түсінеді. 3-4 – мәтіндегі тұжырымдама, мәнмәтін мен мазмұнды біршама түсінеді. 5-6 – мәтіндегі тұжырымдама, мәнмәтін мен мазмұнды жеткілікті деңгейде түсінеді. 7-8 – мәтіндегі тұжырымдама, мәнмәтін мен мазмұнды толық түсінеді.
В критерийінің негізінде студенттерге тақырып аясында көптеген тапсырмалар беруге болады. Мысалы: сабақта «Отбасы» деген тақырыпты өткен кезде студенттерге аталмыш тақырыпқа қатысты көркем шығармаларды оқу тапсырылады, мәтінмен танысқан соң мазмұнымен жұмыс жүргізіліп, оны игеру деңгейлері анықталады. Мәселен, «Данагүлдің даналығы» және Д.Әшімхановтың «Жылыжайдың қияры» әңгімесі негізге алынса, аталмыш шығармалар бойынша сұрақтар ұсынылады.
1-мысал. Визуалды және жазбаша мәтінге талдау жасаңыз.Төмендегі сұрақтарға жауап бере отырып, өз пікіріңізді жазыңыз.
«Отбасы – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы белгілі дәстүрлер, мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Отбасы баланың азамат болып өсуінің негізі болып табылады. Әр халықтың бала тәрбиелеу ерекшелігінің негізінде сол халықтың отбасы және мәдени құндылықтары қалыптасады».
Тапсырма: «Жылыжайдың қияры», «Данагүлдің даналығы» туындыларының біреуін жоғарыда берілген суреттердің бірімен байланыстырыңыз. Дәлелдерді мәтіндегі ой арқылы жеткізіңіз.
- Берілген мәтіндегі «Әр халықтың бала тәрбиелеу ерекшелігінің негізінде сол халықтың отбасы және мәдени құндылықтары қалыптасады" деген ойды өздерің оқыған шығармалар негізінде қарастырып, ой тұжырымдаңыздар.
- Өзіңіз оқыған шығармалардың біреуін таңдап (Д.Әшімханов «Жылыжайдың қияры», «Данагүлдің даналығы»), оны зерттеу идеясымен байланыстырып, өзіндік қорытынды жасаңыз.
- «Жылыжайдың қияры», «Данагүлдің даналығы» туындыларында қандай отбасылық құндылықтар көрініс тапқан? Ойларыңызды дәлелдеп жазыңыздар.
- «Жылыжайдың қияры» әңгімесіндегі Телжанның қандай отбасында тәрбиеленгендігіне болжам жасаңыздар. Телжанның бауырмалдығын, қамқорлығын танытатын эпизодтарды анықтаңыздар.
- Рәштің тасжүректігін, анасы Алмаштың мейірімділігін танытатын детальдарды жазып, өзіндік ой қорытыңыздар.
- «Данагүлдің даналығы», «Жылыжайдың қияры» туындыларын жазудағы автордың мақсаты қандай? Туындының негізгі идеясын анықтаңыздар.
- Төле бидің отбасына қатысты әрекетіне қалай қарайсыздар? Бүгінгі таңда осы дәстүрді жаңғырту керек деп ойлайсыздар ма? Ойларыңызды дәлелдеңіздер
2-мысал. Визуалды және жазбаша мәтіндер бойынша ұсынылған сұрақтарға жауап беріңіздер.
- «Е...е...е...ей... Қашпа, менен, қашпа! Бәрібір, сені тауып аламын. Маған келгің келмей ме, сен де менен жиіркенесің бе, сен де менен қорқасың ба, жарық Ай?!» деген үзіндіден қандай қасіретті көруге болады? Автор қандай идеяны жеткізгісі келеді?
- Автор "Мәңгілік бала бейне" әңгімесі арқылы қоғамдағы қандай проблеманы көтерді? Ойларыңызды таратып жазыңыздар.
- Ләйлә-қызды Аймен сырласуға қандай жағдай итермеледі?
- Төменде берілген сөздерді (лексикалық минимумда қарастырылған) «Мәңгілік бала бейне» шығармасындағы оқиғалармен сәйкестендіріңіз.
- Жеку, тырнақ астынан кір іздеу, аяушылық, қадірлемеу, мұрнын шүйіру / менменсу, түсіністік, адам құны, кішіпейілділік таныту, алалау, әлеуметтік орта.
- Жуас болып көрінетін Ләйләнің бойындағы намыс ұшқыны қандай сәттерде көрініс береді? Намыстануының себебі неде?
- Берілген визуалды мәтінге сүйене отырып, «Мәңгілік бала бейне» шығармасындағы Ләйлә-қыздың мүгедек болып қалуы – полигонның зардабы екендігін дәлелдей отырып, зардап шеккен халықтың атынан монолог жазыңыздар.
Тәжірибелі коммуникаторлар тілді үйренудің ең жоғары фазасында әлеуметтік және академиялық мәнмәтіндерде визуалды ауызша және жазбаша сөйлеуде көрсетілген маңызды ақпаратты, бөлшектер мен идеяларды бағалай алады. Олар ақпаратты талдайды, айтылым және жазылым мәтіндері бойынша кең ауқымындағы идеялар, пікірлер мен көзқарастар туралы жорамалдар мен тұжырымдар жасайды. Олар әлеуметтік және академиялық жағдайлардағы сұхбаттарға белсенді қатысады, маңызды ақпаратты көрсетеді және толық талдау мен түсініктеме береді. Олар әлеуметтік және академиялық жағдайлардағы сұхбаттарға белсенді қатысады, маңызды ақпаратты көрсетеді және толық талдау мен түсініктеме бере алады. Сабақта визуалды және жазбаша мәтінді қолдану осындай нәтижелерге қол жеткізеді.
Жалпысында «Қазақ тілі» сабағында визуалды және жазбаша мәтінді қолдану барысында студенттер негізгі деректер, хабарламалар, басты идея мен қосымша детальдарды нақты анықтап, негізгі конвенцияларды өте жақсы игеріп, идея, пікір мен көзқарастарды анықтау және өз жауабын беру арқылы визуалды және жазбаша мәтіндермен жұмысты жоғары деңгейде жасай алатын болады. Жалпы алғанда, мәтіндегі тұжырымдама, мәнмәтін мен мазмұнды толық түсінгендігін көрсетеді. Бұның өзі визуалды және жазбаша мәтінді қолданудың тиімділігін танытады.
Рахимбаева Гаухар Кинаятовна
«Тұран-Астана» университетінің доценті, ф.ғ.к.
6 alash ұсынады