Күнә – иесін қорлайды!
Халықтың болашағы кейінгі жастарына байланысты. Ақыл-есі дұрыс жұрт ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән береді. Ұрпақ тәрбиесі – мемлекеттің ұстыны, ұлттың тұғыры.
Қазақта: «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мақал бар. Демек, балаңызға қандай тәрбие бересіз, өскенде соның жемісін жейсіз. Ислам шариғатында, өзі жамандыққа үйір адам, баласына «жат қылық істеме» деп айтқанымен пайда жоқ. Себебі ол – жалғаншыл, өтірікші пенде санатында. Мысалы, өзі арақ ішеді, бірақ баласына «арақ ішпе» деп айтқан адамның сөзі қабыл емес.
Ерте заманда халқымыздың мазхаб атасы Әбу Ханифаға бір әйел келіп: «Ұстаз, мына балам балды көп жейді, содан бет-аузы ісініп кетті. Дұға оқып, дем салып беріңізші» дейді. Ғұлама ұстаз: «Бұл қолдан келетін шаруа екен, 40 күннен кейін алып кел баланы» деп оны қайтарады. Арада 40 күн өткен соң әйел баласын алып келеді. Әбу Ханифа жарықтық баланың басынан сипап тұрып: «Бал жеме, жарай ма?» дейді. Бар болғаны осы. Бала сол сәттен бастап бал жемейді. Әйел ойлайды: баламның басынан бір сипау үшін 40 күн күттіргені несі. Содан бір күні әйел Әбу Ханифаға жолығып көкейдегі сұрағын қояды: «Балама бір сәтте дем салдыңыз, не себепті 40 күн күттірдіңіз?». Ұстаз айтыпты: «Өзім де балды жақсы көруші едім, сол себепті 40 күн бал жемей ораза ұстап барып, балаңа дем салдым. Әйтпегенде, өзім бал жеп жүріп, балаға «бал жеме» десем дұға қабыл болмас еді».
Оу, ағайын! Өзің арақ ішесің, өтірік айтасың... содан кейін «балам ақылымды алмайды, айтқан сөзіме көнбейді» деп налисың. Көрдіңіз бе, қазақтың «күнә – иесін қорлайды» дегені осы.
«Егемен Қазақстан» газеті