Баланың іс-әрекетіне қарап-ақ оның қандай отбасында өскенін аңғару қиын емес. Өйткені баланың ес білгеннен қалыптасатын характері «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсіңге» саяры сөзсіз. Отбасының балаға жасаған ықпалы қандай болса, бала бойында да сондай мінез қалыптасады. Бұл турасында тәжірибелі педагоктар мынадай ой айтады: «Ата-ана – бала тәрбиесіндегі басты тұлға».

Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды. Өз баласымен ашық сөйлесе алмайтын, сырласа білмейтін ата-аналар «екеуіміз де жұмыстамыз, кешкісін үй шаруасынан қол тимейді. Баламен сөйлесуге уақыт жоқ» дегенді айтады. Бұл дұрыс емес.

Баламен сөйлесуге, тіпті арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Ата-аналардың ұл-қыздарымен үй шаруасында жүріп-ақ әңгімелесіп, ой бөлісуіне неге болмасқа. Жанұядағы жаңжал, үлкендердің аузына келген сөздерді айтуы, баланың көзінше басқа біреуді сөгуі, басқалардың сыртынан  ғайбатын айтуы сияқтылардың барлығы да балаға теріс ықпал жасайды. Бала алдында ата-ананың, отбасындағылардың, үлкендердің әдептілік танытқаны жөн. Мысалы, арақ пен темекінің толып жатқан зиянын біле тұра  балалардың көзінше арақ ішіп, үсті үстіне  темекі  тартатындар бар. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дейді, ертең-ақ ұл өсіп ержетеді, қыз өсіп бөйжетеді. Сонда арақ пен темекінің зиянын оларға қалай ұқтырамыз.

Берекесі жоқ отбасында ата-анасы маскүнендікке салынған немесе  кісілік жағынан азғындаған ортада өскен бала жиренішті көрініске, ондағы айғай-шу мен дау-жаңжалға, ұрыс-керіске қашанғы шыдап жүре бермек, басқа өмір аңсайды немесе теріс тәрбиеге тез бой  алдырып үлгіреді. Егер осы теріс жолға мүлде бет бұрып кетсе, онда бәйтеректің бір бұтағы қисық өсті дей беріңіз.

Бейбастақ қыз, ойламсыз ұл осыдан шығады. Сонда негізгі кінаны кімнен іздейміз?!

Төменде бір-біріне мүлдем ұқсамайтын үш түрдегі ата-ананың әр қилы әрекеттері мен оның ықпалында  баланың  қандай  болып  өсетіндігі  берілген.

  1. Баланың ырқына жүгіргіш.
  2. Балаға қатал келетіндер.
  3. Баланы байыппен тәрбиелейтіндер.

  1. Баланың ырқына жүгіргіш ата-ананың іс-әрекеті.

Егер сіздің іс-әрекетіңіз төмендегідей болса, онда баланың ырқына жүгіргіш ата-ана болғаныңыз:

  • Баланың асты-үстіне түсіп бәйек боп, ашына айналып, тоғына толғану немесе тым өбекшіл болу;
  • Ойбай-ау, жарығым-ау, құдайдан сұрап алған құлыным ғой менің, сені жылатқанның көзі шықсын!
  • Қарның ашып қалмасыншы, жаным! Ұрты томпаңдап жүргені қуаныш емес пе бұның?!
  • Қарашы, тамақты тағы да тауыспапты, менің баламның аузы үұлкен, қәне, қәне мыналарды да жей ғой.
  • Айналайын-ай, ауыра көрмесінші, түшкірсе де шипагерге көрсетіп тұрғанға не жетсін!
  • Көзіңнен таса қылмашы құлынымды, бірдеңеге ұшырап қалар.
  • Ойнаса да өзің қасында жүрсейші?! Балалар ұрып кете ме, шалынып жығылып қала ма, кім білсін?!
  • Түн ортасында балмұздақ жегім келді дейи ме? Сол да сөз болып па, тәйірі? Ашық дүкен әлі де бар шығар?!
  • Жолыңа құрбан боп кетейін, киімін өзің киіндіре салшы, тегі, тамағын да өзі жей алмайтын шығар, сен жегіз!..
  • Күнім сол, менің, жаным да, барым да сенсің, айналайын!

Онда балаңыз мынадай болып өседі:

  • Өзімшіл;
  • Артынан біреудің ылғи да жүгіріп жүргенін қаламайтын;
  • Үй ішінде де, сыртта да ешкіммен басы қосылмайтын;
  • Қорғаушысы болмаса өзін жалғыз сезінетін;
  • Өмір бейнетінен қашатын;
  • Өзіне сенімсіз;
  • Тәртіпсіз, тентек;
  • Тәуелділіктен арыла алмаған;
  • Қате істерге басқалар жауапты деп білетін;
  • Көзге онша түсе бермейтін;
  • Біреу көрсеткен жолмен ғана жүретін, яғни басқа біреудің басқаруымен жұмыс істейтін;
  • Өз балаларын тәрбиелеуге дәрменсіз.

 

  1. Балаға қатал келетін ата-ананың іс әрекеті.

Егер сіздің іс-әрекетіңіз төмендегідей болса, онда балаға қатал келетін ата-ананың қатарында болғаныңыз.

Баланың ой-пікіріне, ішкі жан дүниесіне мән бермеу.

  • Тыңдама баланың айтқанын! Мынау жөнді, мынау жөнсіз деп қарап жатпа!
  • Ешқашан айтқанын істеуші болма!
  • Бетін қайтарып ұрсып таста! Өте қатал бол!
  • Сенен қорқатын болсын!
  • Есіртпе, жазасын беріп, көкесін тант әбден! Көрсін сенің күшіңді!
  • Не істесе де ылғи өзің араласып отырмасаң, ол бәрі бір өздігінен ештеңе істей алмайды.
  • Әттең, осының қылығы, бірде-бір оңды қылығын көрмеппін! Жанына батырып тұрып сына!
  • Елдің алдында қатты ұялтып тастасаң, істеген ісінен сабақ алып, екінші ұмытпайтын болады.

Балаңыз онда өзіңізге қарсы шығуымен қатар төмендегідей болып ержетеді:

  • Ашуланғыш;
  • Жаны ашымайтын;
  • Өзінен әлсіздерге әлімжеттік жасағыш;
  • Өз кінасын мойындайтын;
  • Бет қаратпайтын;
  • Тіл алмайтын, қырсықты;
  • Жылауық;
  • Сезімталдық күйзеліске бейім;
  • Іштен тынғыш;
  • Момын;
  • Өзіне сенімсіз;
  • Өзгелерді қуанту үшін өмір сүретін, өзін еш есепке алмайтын;
  • Ойын айтуға батпайтын;
  • Ұялшақ әрі жалыққыш.

 

  1. Баланы байыппен тәрбиелейтін ата-ананың іс-әрекеті.

Егер сіздің іс-әрекетіңіз төмендегідей болса, онда баланы байыппен тәрбиелейтін ата-ананың бірі болғаныңыз.

  • Баланың да ой-пікіріне мән беру, көңіл күйімен санасу.
  • Не істесе де, аз да болса еңбектенгендігін, тырысқандығын айтып, оны қолда! Оған сенім артатындығыңды білдір!
  • Қандай жағдай болса да, баланың пікірін бүкіл жан-тәніңмен, бар жүрегіңмен тыңда!
  • Қисынды нәрсе сұраса, баланың меселін қайтарма!
  • «Бала, баланың ісі шала» деген, баланың қателік жасай жүріп есейетіндігін ұмытпа, баланы қателіктерімен қоса жақсы көр.
  • Баланы еркін ойлап, еркін сөйлеуге дағдыландыр. Сенен басқаша ойлауы мүмкін екендігін де естен шығарма, тіпті сенен өзгеше ойлаған күннің өзінде оның ой-пікіріне құрметпен қарай біл.

Онда сіздің балаңыз:

  • Көпшілікпен тіл табыса алатын;
  • Ортақ іске әзір;
  • Өзін түсінетін;
  • Достарымен тату;
  • Байсалды;
  • Тіл табысқыш;
  • Бақытты;
  • Өзіне сенімі мол болып өседі.

Дайындаған Серік ТҰРСЫНӘЛІҰЛЫ

6alash ұсынады