Қытай асқан арыстар
Қазақ даласында дүркін-дүркін болған нәубеттің кесірінен туған жерінен жыла көшіп, шетел асып жан сауғалап кеткен қазақ аз емес. Мұның басы патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы шығудан басталып, оның соңы Қазан төңкерісіндегі аласапыранға, 30-жылдардың басындағы ашаршылыққа, 37, 38-жылдардағы саяси қуғын-сүргінге ұласты. Әсіресе, қызыл өкіметтің хат танитын сауатты адамдарға жасаған теперіші қазақ жерінің біраз зиялысын шекара асуға мәжбүр етті. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» дегендей, «балапан басына, тұрымтай тұсына тартқан» осы бір алмағайып заманда Қытай жеріндегі қазақтардың арасына барып бас сауғалаған қазақтардың арасында артына өшпес із қалдырған айтулы тұлғалар да көп.
Кіндік қаны Қазақстанға төгіліп, Қытай жерінен топырақ бұйырған тұлғалар десе, есімізге алдымен Әсет Найманбайұлы мен Зият Шәкәрімұлы түседі.
Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында кіндік қаны тамған Әсет Найманбайұлы – қазақтың суырыпсалма ақыны, әнші-композиторы. Айтулы айтыстары мен әсем әндерімен «ақын Әсет», «әнші Әсет» атанған Әсет Біржан сал Қожағұлұлы мен Ақан сері Қорамсаұлының өнер дәстүрін жалғастырып, әрі қарай дамытты. Сонымен бірге Арқа әуендерінің Жетісуда, Тарбағатайда және Алтайда кеңінен таралуына мұрындық болды.
1916 жылы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде жазалаушы отрядтардан қашқан елмен бірге Қытайға өткен Әсет 1923 жылы Құлжа ауданының Көкқамыр деген жерінде қайтыс болды. Ел арасында «Әсет Қытайға алашшылардың тапсырмасымен барған» деген сөз де бар. Бірақ оған нақты дәлел жоқ. Кеңес дәуірінде Әсет Найманбайұлының өлеңін алғаш С.Сейфуллин (1925) бастырған. 1936 жылы Б.Ысқақовтың ақын өмірі мен шығармашылығы туралы арнайы мақаласы жарияланса, Әсет Найманбайұлы шығармаларының тұңғыш жинағы 1968 жылы Б.Адамбаевтың құрастыруымен баспадан шықты. Бұл жинаққа ақынның 34 өлеңі (әнін қоса), 4 айтысы, 4 дастан-қиссасы енсе, 1988 жылы Бексұлтан Нұржекеев құрастырған «Әсет» атты жинақта 29 ән мәтіні, 71 өлеңі, 10 айтыс-қағысы, 8 қисса-дастаны басылды.
Шәкәрім қажы «халық жауы» деп атылғаннан кейін, кенжесі Зият та қызыл өкіметтің түртпегіне ұшырады. Бас сауғаламаса, өзін де айналдырған жаудың алмай қоймайтынын сезген ол бір түйеге азық-түлік пен әкесінің қолжазбаларын артып, қасына Бердеш Тәкежанов, Мәнкеш, Әзімбай (Бердештің інісі), Қожахан, Төлеуғазыны ертіп 1931 жылы қазан айында Қытайға қарай бет түзепті. Жолшыбай бұларға Шұбартаудан қашып келе жатқан Шақантай батырдың ұрпақтары Жабағытай, Кенжебек қосылып, мөлшермен екі жүзден артық адам Бақты шекарасынан Қытайдың Тарбағатай аймағына өтеді.
1933 жылы Алтайда Шәріпхан Көгедаев басқарған жаңа өкімет орнады. Демократшыл бағыт ұстанған Шәріпхан өкіметі барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, тарихи маңыз алатын шаралардың бірі – сауатсыздық жайлаған Алтай қазақтары арасында мектеп ашып, жаңаша оқыту жүйесін жолға қояды әрі Сарсүмбеден қысқа мерзімді оқытушы дайындау курсын ашады. Курстың алғашқы қарарында оқыған сексенге тарта курсант кейін түгелге жуық мәдениет-ағарту шебіне қызмет істеді. Аудандарға, ауылдарға барып мектеп ашты. Міне, осы мұғалімдерді дайындағандардың бірі Зият Шәкәрімұлы еді. 1936 жылы Зият Үрімшідегі «Өлкелік қазақ-қырғыз ұйымына» қызметке шақырылып, 2 жылдан кейін жергілікті Қытай билігі қолға алып, көзін жойды.
Зияттың қайын атасы Сейітқазы да Қазақстанның тумасы. Зиятты Үрімшіге апарған да сол Сейітқазы мұғалім болатын. Атығай руынан шыққан Сейітқазы Нұртаев 1880 жылы Көкшетауда дүниеге келген. Тройцкіде «Расулия» деп аталатын жеті жылдық мұғалімдер дайындайтын мектептен оқыған ол араб, түркі, орыс және қазақ тілдерінен хабары бар, ашық ойлы, ұстамды, аса өнегелі адам болған. Қазақстандағы кезінде патша өкіметіне қарсы төңкерістік қимылдарға қатысып, қудаланып, Шыңғыстаудағы Құнанбай ауылдарына барып, сол арада бірнеше жыл мұғалімдік істеген. Мәми бейсі (билік атауы) Алтайдан «абақия» мектебін ашқанда, Семейден Сейітқазыны арнайы шақыртқан. Сонымен, 1909 жылы Бітеуіргедегі «абақия» мектебіне мұғалімдікке келген Сейітқазы 1933 жылға дейін Мәми ауылында мұғалім болыпты. 1933 жылы Шәріпханның жарлығымен қазылыққа (төреші) тағайындалды. 1935 жылы «Өлкелік қазақ-қырғыз ұйымына» (Үрімшіге) шақырылып, сонда қызмет істеп жүргенде Шың Шысай өкіметі жағынан қолға алынып, отбасы Ілеге жер аударылады. Алтай көтерілісшілерінің саяси тұтқындарды босату жөніндегі қатаң талабына сай 1942 жылы түрмеден шыққан ол Бітеуіргедегі Мәми бейсі ауылына қайта оралады. 1944 жылы Алтайдан ауған елмен бірге Шіңгілге барып, 1945 жылы аурудан қайтыс болады.
Әрине, қуғын-сүргінге ұшырап Қытай асқан қазақтардың кейбіріне Қытайдан топырақ бұйырса, ал кейбіріне туған жері – Қазақстанға қайта оралу несіп болды. Олардың өкілі ретінде алты алашқа аты озған әнші Дәнеш Рақыш пен Қытай қазақтарының әліпбиіне елеулі үлес қосқан Әнуар Көкеевті атауға болады.
Әнуар Көкеев 1912 жылы Семей (қазіргі Шығыс Қазақстан) облысы Ақсуат ауданындағы Қарақойтас қыстағында дүниеге келген. Семей қаласында ескіше және орысша оқып білімін толықтырған ол туған ауылына келіп, ауылдық кеңеске хатшы болып еңбек жолын бастайды. Билік басына Ф.Голощекин келгеннен кейін «кіші революция жасаймын» деп қазақ зиялыларын шетінен ұстап, жер аудартып, түрмеге қамап, өлтіре бастайды. Әнуардың үлкен әкелері Тоқтар мен Нұрмұхаммедті «бірің би болдың, бірің дін жолын ұстадың» деп Сібірге айдатса, әкесі көкейді «Ақсуатта старшина болдың» деп малын тәркілеп, «халық жауы» ретінде соттап, өлім жазасына кеседі. Ендігі кезек өздеріне келгенін сезген Әнуар немере ағасы Ғазизбен бірге Қытайға өтіп кетеді.
Әнуар Қытайға өткен соң бала оқытып, ұстаз етті. Кейін Үрімшіде Кеңес-Қытай сауда ұйымына жұмысқа тұрады. Осы арада Зият Шәкәрімұлымен бірлесіп қазақ мәдениетіне қатысты біраз жұмыс істейді. Алайда 1938 жылы Қытайлар оның ағасы Ғазиз бен Зиятты түрмеге жауып, көзін құртқан соң Әнуарды жұмыстан шығарып тастайды.
Жұмыстан шыққан ол қазақ-моңғол мектебіне оқуға түсіп, 1940 жылы бітіріп шығады да, Үрімшідегі «қыздар орта мектебіне» директор болып жұмысқа орналасады. 1946 жылы өлкелік оқулықтар мен журналдарды редакциялау мен тексеру алқасының мүшелігіне тағайындалады. 1950 жылы «Шыңжаң әдебиет-искусствосы» журналының алқа мүшесі болады. 1954 жылы Шыңжаң халық баспасының оқулықтар редакциясы бөлімінің орынбасарлығына тағайындалады. Баспада істеп жүргенде сол кездегі қолданып жүрген әліппенің кейбір әріптерінің ыңғайсыз екенін байқап, оқулықтағы оқыту әдісі туралы біраз мақалалар жазады. Кейін осылардың бәрін қорытындылап, 1954 жылы «қазақ тілі емлесін дұрыс қолдану ережелері» деген еңбегін жазды. Осы ереже Қытай қазақтары оқыту ісінің іргетасына айналды.
Әнуар Көкеев 1955 жылы Кеңес Одағына қайтуға мүмкіндік алады. Алайда Мәскеу оны бірден Қазақстанға әкелмей, туған-туыстарымен бірге Қырғызстанның Қант ауданындағы Тоғызбұлақ ауылына апарып тастайды. Бұл ауылдан да өзі бас болып қазақ сыныбын ашқызған ол біршама жыл сонда ұстаздық етіп, Мәскеудің белгілеген уақыты толғанда, Аягөзге көшіп келеді.
Әнуардың немере ағасы Ғазиз Нұрмұхаммедұлы да Қытай қазақтарына танымал айтулы тұлғалардың бірі. 1934 жылы «Тянь-Шань» газетін, 1936 жылы «Шыңжаң» газетін шығарып, аталған газеттердің бас редакторы болған ол 1934 жылы өлкелік қазақ-қырғыз мәдениет қауымдастығының төрағасы болып сайланады. Қауымдастықтың 5 аймақ, 8 ауданындағы бөлімшесін құрып, 275 мектеп ашады. Алайда халқым деп қанжілік болған ерді қытайлар 1938 жылы Зият Шәкәріммен бірге ұстап, түрмеде азаптап өлтіреді.
Әнші, композитор, Қазақстанның халық әртісі Дәнеш Рақыш 1926 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Төрт жасында кеңес өкіметінің зобалаңынан қашқан әке-шешесімен бірге Қытай асады. Таланты тас жарған ол он жасынан бастап сырнаймен ән салып, әнші бала ретінде танылады да, есейе келе Құлжадағы қазақ-ұйғыр драма театрында жұмыс істейді. 1959 жылы Қытайдан атажұртқа ауған елмен бірге туған жеріне оралады.
Әрине, бұлардан басқа да Қытай асып, ол жақтағы қандастардың өнер, білім саласына өшпес із қалдырған тұлғалар аз емес.