Асқар Татанайұлы 1906 жылы Қытайдың Шыңшаң өлкесінің Алтай аймағында Қыран өзенінің Ертіске құйғанында, Нәдіреке аралында туған. Ауыл молласынан оқып сауатын ашқан Асқар 1930 жылдан бастап өлең жаза бастаған. Сарсүмбеден 1934 жылы қысқа мерзімдік мұғалімдер курсын оқиды.

1934 жылы Шәріпхан Көгедаев Зайсаннан баспа машинасын алдырып, Алтайда тұңғыш рет баспа заводын құрады да, ауылда қолөнерге жеттік өскен Асқар алғаш баспа машинасын меңгеруші техниктің бірі болады.  Ең алдымен «Ел иесі ел жақсыларына» деген Алтай халқына арналған үндеу хат басып таратылады. 1935 жылдың шілде айында газет шығару туралы осы үндеу шыққаннан кейін «Алтай» газеті ресми басылып шығады да, Асқар Татанайұлы 1936 жылдан бастап газетте редактор болып жұмыс істейді.

Асқар осы тұстарда өлең және драма жазумен айналысады. 1936 жылы жазған «Талап» пьесасы 1937 жылы «Жаңа Алтай» журналында басылса, 1938 жылы «Таң шолпан» әдеби журналында «Малбикенің өмірі» деген дастаны жарияланады. Ол жазған «Талап», «Қалың мал» қатарлы пьесалары Алтай сахналарында арт-артынан қойылды. Ол қытай қазағында жазба әдебиеттің қалыптасуымен жаңа мәдениет, ағартудың жалпыласуы үшін тың бет ашты. Бұл тұста Қытай қоғамы әлі де бірлікке келмеген саяси күштердің қырқысқан кездері болғандықтан Қытай қармағындағы Қазақ даласы қараңғы күйде болатын. 1930-1940 жылдар ішінде Асқардың өлеңдері мен «Батырлар жыры», «Екі балуан», «Адасқан аю», «Өтірікші шал» қатарлы дастандары «Ерікті Алтай» газеті, «Таң шолпан» журналы басылымдарда жарияланып халықты мәдениетке, жаңалыққа ғылым-білімге шақырады. Бұл еңбектер Қытай қазағындағы алғашқы әдебиет өркені үшін қолдан-қолға түсірмей оқитын табылмас оқулығына айналды.

Бұл кездерде Алтай аймағында Оспан батыр сынды батырлардың дәурендеп, ұлт азаттық қозғалысының етек алған кезі  болатын. Осы тақырыптар да ақын қаламынан қағыс қалған жоқ. Елім деп еміреніп ел азаттығы үшін шабытты жырлар жазды. Осыдан кейінгі жерлерде оқытушы, мектеп басшысы, ойын-сауық үйірмесінде жетекші, мәдениет мекеме бастығы болып жұмыстар атқарған Асқардың Қытай қоғамындағы саяси қозғалыстардың жүрілуімен-ақ басына бұлт үйіріледі. 1958 жылы «Ұлтшыл», «Оңшыл» қалпағы кигізілсе, 1966 жылы өндіріс майданына сүргінге айдалды. «Кері төңкерісшіл», «Ұлтшыл», «Өзгертімпаз» деген жалалармен қуғынға ұшырайды.

1977 жылы жаладан құтылып, зейнетке шығады. 1994 жылы сәуірде дүниеден өтеді.

Асқар Татанайұлы ілгерінді-кейінді болып 10-нан астам дастан,  20-ға жуық пьеса, мыңнан астам өлең жазады. «Арқалық батыр» атты тарихи дастаны, «Үш кезең», «Азамат үні» өлеңдер жинағы, «Тарихи дерек, келелі кеңес» атты 2 томдық деректік әңгімелер жинағы, «Бір ғасыр» өлең романы, «Шәріпхан» атты тарихии романы, «Өмір майдан» сахналық шығармалар жинағы, «Ел қорғаны – Абылай» дастаны жеке-жеке кітап болып шығады.

1989 жылы «Жұлдыз» журналында өлеңдері мен бір топ тарихи әңгімелері жарияланады. «Арқалық батыр» кітабы қытай тілінде басылым көрді.

Қилы тағдырдың соқпағынан өткен Асқар ақынның  баспаға беріп үлгірмеген әлі де талай еңбектері бар.

Асқар Татанайұлының елге таныстырылуы мен зерттелу жағдайына келсек, қытай қазақ әдебиетіне қатысты оқулықтарда ортасынан ойып орын бергені белгілі. Айталық, А.Кірішбаевтың «Қазақ әдебиеті тарихынан таңдамалы үлгілер» атты кітабының  8-тарауы және «4 мамыр қозғалысынан кейінгі қытай қазақ әдебиеті» атты зерттеуде  Асқардың өмірі мен шығармашылығы жұртқа таныстырылған.

Ал қытай басылымдарын алып айтсақ, төмендегідей:

«Орта Жұңго ұлттар институты» журналының 1984 жылғы 2 санынында «Асқар және оның шығармашылығы» деген атпен;

«Аз ұлттар жазушылығы» 1987 жылы 1 санында «Замана жыршысы» деген атпен;

«Жұңго ұлттар әлемінің» 1997 жылы 1 санында «Ол пәниден бақиға аттанды» деген атпен;

«Батыс жүлдегер қарттары» журналының 1990 жылғы 2 санында «Асқар Татанайұлы» деген атпен таныстырса, «Қытай энциклопедиясының» 1 томына, «Жұңго аз ұлт жазушылар сөздігіне» енгізіледі.

А. Татанайұлы тірі кезінде Қытай жазушылар қоғамының мүшесі, Қытай аз ұлт жазушылар қоғамының мүшесі, Қытай ұлттар әдебиетін зерттеу қоғамының мүшесі, Шынжаң жазушылар қоғамының мүшесі болған.

Асқар еңбектері қытай тілінде де жарияланып тұрды. «Тарихи дерек, келелі кеңес» кітабының бір бөлімі, «Ұлттар жазушылары» журналының 1992 жылғы 1 санында жарияланса, «Арқалық батыр» кітабы да қытай тілінде басылым көрді.

Асқар Татанайұлының шығармалары 1957 жылы «Жұлдыз» журналының  8 санында басылса,  Жәрдем Тілековтың  «Қытайдың жаңа әдебиеті» атты мақаласында Асқардың туындыларына жоғары баға беріледі.

Ал «Совет қазақ энциклопедиясының» 12 томында: «Шынжаң қазақтарының әдебиеті және өнері» деген түсіндірмеде Асқар есімі мен шығармалары аталады. «Қазақстан мұғалімі» газетінің 1990 жылғы  12 қаңтар күнгі 3-ші санында «Асқар ақын туралы сөз» деген мақала мен (авторы Омарғали Құдышұлы) Асқардың «Аға сұлтан Құнанбайдың Абақ керейге келуі» деген мақаласы қатарынан басылды.

Асекеңнің Атажұрттағы алғашқы кітабы – «Ел қорғаны – Абылай» Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Атажұрт баспа орталығынан жарық көрді. Бұл кітапқа ақынның әр кезде жазған түрлі өлеңдері кірген. Онда ақынның ел-жұртын білім-ғылымға, мәдениетке бастаған ізгі жүрегінің үні анық көрініп тұр. Оны «Надандықтың белгісі», «Қала жігіті мен ауыл жігітінің айтысы» секілді бірқатар өлеңдерінен көруге болады.  Ақын табиғат туралы жазған жырларында да тау бұлағындай таза сезіммен төгіліп отырады. «Алтай», «Жайлау», «Қыс», «Көктем» өлеңдері соның мысалы.

Айталық «Көктем» өлеңінде:

Алысып арнасына сыймай тулап,

Көк иірім көбіктеніп жатыр шулап.

Жағада жел үйіріп толықсиды,

Жаңадан көтерілген жасыл құрақ, – десе, «Гүл дала» өлеңінде:

Тау биік, бұлт қалықтап көк аспанда,

Қарағай тауға бойлап таласқан ба?

Даланың салқын лебі қарсы алады,

Құзардың асуынан ары асқанда, – деген жолдарды оқуға болады.

Ақынның кемеліне келген шағының жемісті еңбегінің біреуі «Ел қорғаны – Абылай» дастаны. Мұнда бұрынғы халық әдебиетінің озық үлгілері барынша көркем өрнек табумен бірге ақынның шабытты шағының ізі анық.

Мәңгілік дос көп емес,

Мәңгілік дұшпан болмайды.

Жылы-жылы сөйлеген,

Жыланды да алмай қоймайды, – дей келіп қазақ халқының ұлы жігерін, бас имес рухын онан ары жырлайды.

Сонда-дағы бұл халық,

Арымаған, талмаған.

Ханы өліп, қаласы,

Өртесе де болмаған.

Сонда дағы бұл халық

Рухына дақ салмаған.

Міне, бұлар бүгінгі шеттегі жүрген бауырларымызды сақтап қалатын ұлт бойындағы асыл қасиеттің өлместігін көрсетіп береді.

Халық мұрасын қадірлеу жағында ерекше еңбегімен көзге түскен А.Татанайұлының жырларынан да халықтық сарынның қобыз үнін естиміз. Ақынның жырауларша төгілетін сәті де аз емес.

Ұлы жүздің Төлесі,

Ел қамқоры, ел есі.

Ұлы жүздің айдары,

Төремен тең төбесі,

Жауына жүрдек жебесі.

Онсыз шешім болмаған,

Бүкіл қазақ кеңесі… – деп бір төгілсе,

…Ұлан-ғайыр сар дала,

Сарыарқаның белі ме,

Сар далада сар бала,

Сағым қуған ері ме?

Сағынышпен келе ме,

Сағындырған еліне, – деп тағы да жол жорғадай тайпалады.

Халықтық тіл, ұлтымыздың ауыз әдебиетінің мәйекті мәнері осы жолдардан көрінеді. Жалпы шетелдегі қазақ әдебиеті сөз болғанда Асқар Татанайұлы шоқтықты тұлғалардың бірі есептеледі. Ол әдебиеттің бір жанрына ғана емес, поэзия, проза, драма жанрларына қатарынан қалам тербеген көрнекті қаламгер.

Оның әдебиетіміз бен мәдениетімізге қосқан үлесі мол.

Асқар мен Мағаздың шері және «Құба дүздің құланы»

1989 жылы Үрімжі қаласына барып, Шынжаң оқу-ағарту инситутына оқуға түстім.

Дәл осы шақ Бейжіңде, Үрімжіде «19 мамыр» оқиғасын еске алған демокриятияшылдар қозғалысының дүмпулері туған кезең еді. Әрі сол жылы жазушы Қажығұмар Шабданұлы «шетел тыңшысы, отан сатқыны» ретінде қолға алынған болатын. Үрімжі қаласында, әсіресе біз секілді жаңадан барғандарға, арнайы ашылған көрмелер көрсетілді. Соның ішінде «Қажығұмардың пайдаланған тыңшылық құралдары да» көрсетілген. Енді-енді ес жиып, етек жауып, көз жасын құрғата бастаған Шынжаң зиялыларына бұл жағдай айтпаса да түсінікті рухани соққы болып еді.

Сөйтіп, қаламгерлер қауымы тағы да «бір елі аузына екі елі қақпақ қойып» айбайлап сөйлей бастады. Бұл расында зиялылар басындағы рухани бұғау болатын. Саяси сақтық пен қысым осылайша күшейіп тұрғанда «жоспарлы туыт» аталатын саясат та бас көтерген-ді. Анығын айқанда ханзу ұлты бір, аз санды ұлттар екі баладан артық бала көрмейді. Ауылды қыр жерлерде үш бала алуға болады. Көтеріп қалса, зорлықпен түсіреді. Бұл саясат та аз-шағын ұлттарға, соның ішінде қазақтарға көптеген қыспақ әкелді. Тіпті туудан шектелу жолын білмейтін жас келіндердің іштегі баласын мезгілсіз түсік қылдырып, жылап туған сәбиді суға тұншықтырып өлтірген сұмдықтар да белең берді. Бұл да манағы ұлт зиялыларының шарасыз, міскін күйімен қанаттасқан, қабаттасқан қасірет еді.

Осындай қыспақ кезінде, яғни, 1989 жылы Кеңес одағы мен Қытай арасында жылымық туды. Екіге бөлініп, қан жылаған туыстар қайта көрісу мүмкіндігіне ие болды. Роза Рымбаева және «Арай» ансамблы Үрімжіде концерттік сапарда болды. 1991 жылы тәуелсіздік жарияланбай тұрып-ақ, елдің Қазақстанға деген елеңдеуі басталды. Бірақ, жол жоқ еді. Арманы болғанымен дәрмені жоқ, «ұшарға қанаты жоқ» зарлы күйде болатын.

Аталған алмағайып күндердің ой тоғыстыруымен менің қаламымнан «Құба дүздің құланы» атты шағын баллада туды. Толық мәтіні төмендегідей:

Қағырлы алап сағымы елес пе еді,

Жұпар лебі даланың неге еспеді.

Жортқан мынау жапанның жандысына,

Қай қылығы тағдырдың егескені.

Бұйрат құмдар бұйыққан мылқау дала,

Көз ұышында көлбейді шырқау дара.

Шақырмайды шалқар көл жағасына,

Неге құшақ ашпайды бір Тау – ана.

Аспанында аңдыған құс қыраны,

Жанарында мергеннің сұсты жаны.

Құрсағында тың тірлік бұлқыныста,

Құлағында оқ үні ысқырады.

Бұлаң қағып шықпайды қосағы алдан,

Тұра алмайды тұсалған жоса қаннан.

Жапан кезіп келеді жалғыз құлан,

Тасалаған, талыққан, бошалаған.

Кең даланың кесікті тарлығыма,

Тарлан көңіл, талды аяқ, қалды мұңға.

Жаутаңдайды қос жанар, жоқ жанашыр,

Қақтап барад қара жер – жалын құм да.

«Қинадың», – деп, – «ана жан, мұнша мені!», –

Тепкілейді құлыны тұмса енені.

Қысып жанын тынысын тарылдырып,

Құлазытып жүрегін құмша егеді.

Беу, құлыным, тыныш жат асықпа сен,

Жапан дала – жалпақ шөл басып келем.

Бұл тірліктің несіне құмартасың,

Көз бен сұқтан сені алып қашып келем!…

Әурелеме құлыным, теппе мені,

Талай тірлік текке кеп текке өледі.

Қызығың не, қызыққан ғұмырың не?

Көресің ғой тағдырдан шектемені!

Тірлігіңнің тілегін, біл ертеңін,

Адамға олжа – бізге олжа күнелтер күн.

Енең таппай еш пана жортқанында,

Қайдан, қалай, сен мейір тілер едің?

Серік алып жаныма нұр сағымнан,

Құба түзде келемін құм сабылған.

Жатқан жерің жәннәт боп есептелсін,

Бұл даланы кең көрме құрсағымнан… –

Құба дүздің соны ойлап кер құланы,

Құлынына іштегі шер қылады.

Тумау жөн бе, толса күн, туса үміт,

Бірақ, бірақ…

Белгісіз жер тұрағы.

Ну орман ба, ондада ор қазулы,

Тау іші ме, онда бар зор азулы.

Көл бойында жүр мерген мылтық асып,

Қағыр жондар тек қана құлазулы.

Жас па, қан ба, қос жанар боталады,

(Артта қанша біле ме жота қалды?)

Оңай екен даланың құлазуы,

Қиын екен көңілдің жұтамағы.

Дариға- ай, болат тұяқ не кешпеді,

Жеңіл күнде жанары неге өшпеді.

Қайтер екен іштегі құлын жаны,

Көз алдына шын өлім елестеді…

Балладаны сиясы кеппеген күйде «Шұғыла» журналының редакциясына жолдадым. Көп өтпей журнал ұжымы мені шақыртыпты. Онда редактор, ақын Сәли Садуақасұлының кабинетіне бас сұқтым. Ол кісі аталған балладаның қандай мақсаты, артқы көрінісі барлығы жөнінде егжей-тегжейлі сұрай келіп:

– Мұның бәрін сұрап отырғаным, өткен жылы Асқар Татанайұлының «Жоңғар жарнамасы» деген толғауын басамыз деп басымыз пәлеге қала жаздап еді, – деп біраз әңгіме қозғады. Айтпағы, қазіргі саяси жағдайларға байланысты партияның газет-журнал, баспасөзді қадағалап отыруы мен олардың «шиқанына тиетін» дүниелерден сақ болу керектігі жөнінде болды.

Мен сол кездегі студенттік өмірдің сақтығымен өз шығармамда ешқандай астарлау, «бөтен көзқарас» жоқ екенін айттым.

Сөйтіп, Сәли аға менің сөзіме сенді ме, әлде, расында «саяси астар» жоқ болды ма, әлде батылдық танытты ма, «Құба дүздің құланын» жариялауға уәде берді. Уәдесінде тұрып, шығарма 1991 жыл мамырда «Шұғылада» жарық көрді. Аңысы да жаман болмады.

Енді, А.Татанайұлының бұрын оқып көрмеген «Жоңғар жарнамасына» назарым ауды. Шынжаңда «Жоңғар ойпаты» – «Жоңғар құмдығы» деген жер аты бар. Жоңғар даласы Шынжаң өлкесіне қаратылып, жалпылық атау ретінде де айтылады. Сол дала хақындағы Асекеңнің толғауын тауып алдым. Оқыдым, толқыдым.

Жоңғар талай шаңдады,

Ұлы дүбір – тасырдан.

Тарғыл-тарғыл тасында,

Талай қан бар шашылған.

О, сары жон, сары дала,

Аңың қайда жүгірген!

Айрылыпсың гүліңнен,

Айрылыпсың түріңнен.

Қаралы бір жандайсың

Адамдардан түңілген.

Суық түспен қарайсың,

Апырау сен қалайсың?!

О, сары жон, сарғайып,

Қаламын ба демейсің,

Бара жатыр мүжіліп,

Жасыл дала, егей шың.

Орманыңа таласты,

Қорғаныңа таласты,

Алдағыңа таласты,

Арманыңа таласты,

Сенің ыстық қойныңа,

Суық қолын салады.

Жамылғыңды ап жап-жасыл,

Жалаңаштап барады…

Не айтасың заманға?

Не айтасың ғаламға?

Не істейсің, не дейсің,

О, сары жон, егей шың!…, – деген жолдар бар еді онда.

Бұл толғау 1988 жылы жазылып, «Шұғыла» журналында жарияланған. 1991 жылы ақынның «Азамат үні» жинағына кірген.

Мен «Құба дүздің құланын» жазғанда қытайлық цензурадан қорғалап, ұлт зиялыларының тағдырын, жоспарлы туудың қасіретін шағын балладама сыйдырған болып едім. Ендігі ұрпақтың ертеңі жанымды мүжіп, күйзеле күңіренген шарасыздықтың суретін жасағым келген.

«Жоңғар жарнамасын» оқығаннан кейін, мен ғана емес аталарым мен ағаларымның да қабырғасын қайыстырып, ішін қайнатқан талай шерді аңғардым.

Дәл қазіргі қытайдағы қазақтардың, Шынжаңдағы шағын ұлттардың қасіретін көз алдыңызға келтіре отырып:

Орманыңа таласты,

Қорғаныңа таласты,

Алдағыңа таласты,

Арманыңа таласты,

Сенің ыстық қойныңа,

Суық қолын салады.

Жамылғыңды ап жап-жасыл,

Жалаңаштап барады…

Не айтасың заманға?

Не айтасың ғаламға?… дегенді қайталай оқысаңыз, көкірек көліңіз тағы да шайқалады, тұмандайды; қасірет, шер қалыңдай түседі, қабындай түседі.

Шынжаң зиялыларының ауыр тағдырының шерлі мысалы ақын, жазушы Мағаз Разданұлынан да табылатын. 1970 жылы жазықсыз жалаға ұшырап, өзінің 20 жылға сотталғанын естігенде ақын:

Ер жасып мұңаяма ажырғыға,

Немене ауыр бейнет сабырлыға.

Жеті мың үш жүз түннің баста ұйқысын,

Жайлап сал төсегіңді абыржыма, –  деп кете барған екен. Бұлт айығып, ақталып, ауылына қайта оралғанда:

Сәлем саған Алтайым,

Тентегің сонша сағынды.

Жоғалып кеткен бір тайың,

Тарландап барып табылды, –  деп ағынан жарылыпты.

Кейіннен, яғный, 1994 жылы шілдеде Алтайдың Буыршынының әйгілі «Үштас» жайлауында өткен Алтай аймақтық 10-реткі ақындар айтысында Мағаз Разданұлының өз аузынан да талай жыр тыңдап едім. Соның бірі: «Туған жер» аталатын өлеңі.

Онда:

Алтын ба туған жердің топырағы,

Күміс пе талдарының жапырағы.

Мұжылған молалардың құлағында,

Алтайдың ақ иығы отырады,  – деп толғайтын ақын.

Кеңестік қызыл империяның қылышын жалаңдатқан кезіндегідей, қытайлық қызыл саясаттың бораны соғып тұрғанда ақын-жазушылар амалсыздан астарлап жеткізу, басқаша бейнелеу тәсілін қолданатын еді. Ашық жазған дүниені баспа да, заман мен заң да көтермейтін.

Уақыт өтті, заман аунады. Қытайдағы тар заманда – «мәдениет төңкерісінде» оңбай таяқ жеген, шерлі көкірек қариялар бүгін жоқ. Асқар мен Мағаздың да арамыздан кеткеніне ұзақ жылдар болды.

Дегеменде, дәл бүгінгі күні Қытайда сол «мәдениет төңкерісінен де» ауыр тағы бір «мәдени емес төңкеріс» туды. Халық қан жылады, аузына қақпақ қойылған, басына тоқпақ ойнаған шағын ұлттар құлдыққа итермеленуде. Ежелгі мекеннің еңсесі түсіп, ертеңі бұлдыр тартты. Таулары бұғып, тағдыры тұманданды.

Енді, Арқадан алысқа, мұнарлы белдер мен бозғыл көкжиектің көмескіленген шалғайына мұңдана көз тастап, Алтайды іздеймін, ағаларды іздеймін.

«Жоңғар жарнамасын» оқып тұрған алып Асқар да, «туған жердің тұғырында» отырған маңғаз Мағаз да жоқ. Олар бір рет «тозақ отынан» тірідей құтылып еді. Екінші «тозақты» көргілері де келмеген шығар. Бізден алыс, бейіштің төрінде шалқыды.

Тек көз алдыңа қаңыраған, қан жылаған жоңғар даласының жетім жоталары келеді; бабалардың бағзы мекеніндегі мұжылған молалардың құлағында отырған Алтайдың ақ иығы келеді. Ұрпағын, ішіндегі құлынын қайда апарарын білмей, жан ұшыра шауып жүрген Жоңғар төсіндегі «құба дүздің құланы» келеді көз алдыңызға.

Қос тамшы – жанарыңның бұлағы төмен сырғиды.

«Туған жер, туған жер… !» деп әлде неше рет күбірлегеніңді де білмейсің. Мұның аты – жүрек шері, ғасыр қасіреті!

Күнделік парағынан бір үзік:

1992 жылы 18 шілде түстен кейін Алтай қалалық мәдениет сарайының 4 қабатында Шынжаң уақыты 15:00-де «Асқар Татанайұлының 87 жасқа толу» байланысымен естелікке алу әңгіме отырысы болды. Мені ұстазым Бақытхан Тағайұлы арнайы сонда ертіп барды.  Қала бастығының орынбасары Ағзам, партия секратарының орынбасары Қасен және ақын Бәйтік Дүйсебай, Кәзім Мәңкейұлы, Митхат Разданұлы, Уәлиолла Садуақасұлы, Рүстем қатарлылар, облыстан Кенжехан Кәрменұлы қатысты. Бұл туралы «Екі реткі кездесуді еске алғанда» мақалам «Алтай газетінде» жарық көрген.

Жәди Шәкенұлы

"Тұғырылханнан" алынды

6alash ұсынады