Шыңғыстың махаббаты
Шыңғысты өзінің жанымен, тәнімен баураған сәулелі махаббаты Қырғыз елінің атақты бишісі Бүбүсара Бейшаналиева екенін жасырмаған. Мінезіне көркі сай Бүбүсара жазушының шығармашылығына айрықша әсер еткен.
Бір-біріне деген ыстық сезім оянған сәттен бастап, Бүбүсара қайтыс болғанға дейін, яғни 14 жыл бойы қарым қатынастарын үзбеген қос ғашық «Мың бір түн» хикаясындағыдай небір ғажайып сәттерді бастан өткерген. Алайда, Бүбүсара үйленуге келісім бермеген. Сүйген адамы үшін жеке бақытынан да бас тартқан Бүбүсара ақыры омырау қатерлі ісігіне шалдығады. Бір жарым жыл қатты қиналып, қайтыс болады.
Бүбүсара Бейшеналиев
(Жазушының әңгімесі)
Әлі күнге түсіме еніп, елесімен жебейтін, көңілімді еліктіріп, өткен күндерге қиялмен болса да оралтатын сол қымбат бейнемен қалай кездескенім қазірге дейін көз алдымда. 50-жылдардың соңы. Мәскеуде оқу бітіріп, шығармаларым орталық баспасөзде жарияланып, ел аузына еркін ілінген шағым. Балтық флотында әскери қызмет етіп жүрген қырғыз жігіттеріне шефтік көмек көрсетейік деген оймен делегация жасақталды. Фрунзе қалалық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Тұрдахун Усубалиев шақырып алып, делегацияның құрамымен бірге Ленинградқа жүр, теңізшілерге сый-сияпатымызды көрсетіп қайтайық деген соң, қоса аттанып кеттім.
Қырғыздың «Шолпон» деген классикалық балеті бар еді. Біздің алдымызда олардың да Балтық бойына сапар шегіп, Ленинград балетімен бірге фильмге түсіп жатқан тұсы екен. Небір ыстық жүздесулер өткіздік. «Шолпон» балетінде басты рөлді орындап жүрген Бүбүсара Бейшеналиевамен сол жерде алғаш рет кездестім. Мұны тағдырдың жазуы екенін кейін ұғындым. Жанымда екі-үш матрос бар, моторлы қайықпен «Аврора» крейсеріне жақындап келгенімде, біздің делегация палубада тұр екен. Орталарында ақша жүзі қуаныштан гүл-гүл жайнаған, сұңғақ та сымбатты Бүбүсара. Шашын теңіздің майда самалы еркелете тарап, бізге қол бұлғады. Бұрын бір-бірімізді сырттай білгенмен, онша таныс емес едік. Тез сырласып кеттік. Тіпті тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Сезіміміз от секілді тұтанды десем, сенбессің. Осы кезге дейін кездеспей қалай жүрдік екен деп таңғалыстық.
Айналамдағы адамдар да, тіпті сайраған құс та, сыбдырлаған жапырақ та, теңіздің шулаған толқындары да көзіме басқаша көрінеді. Дүние бұрынғысынан шырайланып, құлпырып сала берді…
Ленинградтың ақ түндеріне шомылып, Нева бойлап қыдырған, армансыз сырласқан сол сәттер-ай! Елде қалған жеңгең мен екі бала да естен шыққандай, ғажайып бір сал дәуренді бастан өткердік.
Сапар мерзімі біткен соң, делегация мүшелері елге жүріп кетті. Өзімнің кеткім жоқ, бөгеле бердім. Жүрегімнің жартысын Нева жағалауына қалдырып бара жатқан тәріздімін. Ақыры Мәскеуде жұмысым бар, пойызбен қайтамын деп сылтауратып, Ленинградта қалып, Мәскеуге екі-үш күннен соң аттандым. Іле-шала алып-ұшып Бүбүсара да жетті. «Москва» қонақ үйінде бір күн, бір түн, екеуден екеу оңаша қалып, небір рухани түйсік табу, ыстық сырласу сәттерін бастан кештік. Қайта-қайта қоштасып, бір-бірімізді қия алмай, ақыры жұп жазбаған қалпымызда Бүбүсараны электричкамен Ленинградқа апарып салдым. Орыс орманының көк шалғынды даласын көктей өтіп зулаған «Стреланың» үстінде тербеліп кетіп бара жатқан сол бір қайта айналып келмес шақтар есімнен әлі күнге дейін бір сәт көмескіленген емес… Ленинградқа келген соң, Бүбүсара мені кері – Мәскеуге дейін шығарып саламын деп еді, өзім өтініш жасап, әрең тоқтаттым.
Осыдан бастап, Бүбүсара қайтыс болғанға дейін он төрт жыл бойы алаулаған жүрек жалыны бір сәтке де бәсеңдеген жоқ. Өсек-аяңның өрті де осы жылдары бізді аямай шарпыды…
Бүбүсара Ленинградта оқып, білім алған, театр, кино мен әдебиетке келгенде ерекше зерек, парасат иесі еді. Мінезі мен көркіне өнері жарасқан біртума тұлғаның менің өмірім мен шығармашылығыма тигізген әсерін айтып жеткізу қиын.
«Мың бір түннің» хикаясындай екеуінің ғашықтығын естімей қалған ешкім жоқ, ендеше не себепті қосылмады деген сауал туар. Мен емеурін танытсам, Бүбүсара ылғи да әңгіме бетін аулаққа бұрып, кешеуілдете беретін. Кездейсоқтық дегенді қойсаңызшы, екеуміздің де жаңадан алған пәтеріміз бір үйдің көрші подъезі болып шықты. Оңаша бір отырып сырласқанымызда, Бүбүсара:
— Ачинов (фамилиям мен атымның алғашқы әріптерінен құрап алған есімі), ойыңды оқып отырмын, — деп наздана күлімсірегенімен, жүзінде кіреуке мұң тұрды. — Шын ғашықтар қосылмайды деген бар ғой. Бәлкім, сол дұрыс та шығар, – деді енді ол ойлы кейіпке түсіп. – Өйткені үйленгеннен кейінгі тірліктің күйбеңі ұлы сезімдерді жеп қояды. Махаббатымызды некеге байлап қайтеміз.
Жұбайлық өмірді қай әйел аңсамайды дейсің. Кейін аңғарсам, бұл Бүбүсараның менің шығармашылығыма кесірім тимесін деген тілекпен істеген әрекеті екен.
"Жұлдыздар Отбасы - Аңыз адам"
6alash ұсынады
"Өздерінің асқақ армандарын бір шаңырақтың астында біріктіреміз деп мүлде өшіріп алғандар аз ба? Шыңғыс екеуміз некеге тұрып, үйленгенде не болар еді? Қаптап жүрген ерлі-зайыптылардың бірі болар едік. Кейде, бас қосып бір шаңырақтың астында бірге тұру ұлы сезімдерді жұтып жібереді. Мен содан қорықтым. Шыңғысқа сағыныш боп кездесіп, сағыныш боп қоштасқанды дұрыс көрдім…
Үйленгеннен кейінгі тірліктің күйбеңі ұлы сезімдерді жеп қояды. Махаббатымызды некеге байлап қайтеміз..."
Бүбүсара Бейшеналиева