5 қыркүйек қазақ тіл білімінің атасы - Ахмет Байтұрсыновтың туған күні. Ол 1872 жылы Қостанай округі, Торғай уезі, Тосын болысының 5-ауылына қарасты Сартүбек елді мекенінде дәулетті отбасында дүниеге келген.

Ақынның шығармашылығы мен еңбек жолын қысқаша баяндайық.


Нақты туған күні белгісіз

Ақынның туған күні туралы деректер Желіде әртүрлі жазылады. "Уикипедия" ашық энциклопедиясында тұлғаның туған күнін 1872 жылдың 5 қыркүйегі деп жазса, мектеп оқулықтарында 1873 жылдың 28 қаңтарында дүниеге келді деп көрсетілген. Міржақып Дулатұлы 1922 жылы Орынборда орыс тілінде жарық көрген "Ахмет Байтурсунович Байтурсунов" атты биографиялық очеркінде "Ахмет Байтурсунович родился 28 (15) января" деген дерек берсе, академик Рымғали Нұрғали "Ахаң 1873 жылы 18 январьда дүниеге келген" деп жазған. Ал Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің жетекшісі Райхан Сақыбекқызы бұл сұраққа Massaget.kz тілшісіне нақты дәлелдер келтіріп жауап берген.

Райхан Сақыбекқызының айтуынша, ақын 1872 жылдың 5 қыркүйегінде дүниеге келген.

"Тұлғаның туған мерзімін "5 қыркүйек, 1872 жыл" деп нақтылауымызға негіз болып отырған - ғұламаның 1929 жылы өз қолымен орыс тілінде жазған "Өмірдерегі" (Жизнеописание) және әр жылдары мемлекеттік мекемелердегі ресми сауалнамаларға берген нақты жауаптары", - дейді мұражай жетекшісі.

Сондай-ақ Райхан Сақыбекқызы ақынның 5 қыркүйекте өмірге келгенін бірнеше дерек көрсеткенін айтады. Біріншісі, Орынбор Мұғалімдер мектебін бітіргені туралы куәлікте, туған мерзімі "5 қыркүйек, 1872" деп көрсетілген. Екіншісі, Ахметтің "Анама хат" атты өлеңі де ол кісінің "1872 жылы" дүниеге келгеніне дәлел бола алады. Мәселен, Семей түрмесінен анасына жолдаған өлеңіндегі: "...Оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп, Бітпеген жүрегімде бар бір жарам" деген жолдар, әулет басына түскен "1885 жылғы оқиғаны" меңзеп отыр. Мұрағат деректеріне сүйенсек, бұл Ахметтің әкесі Байтұрсын, үлкен әкесі Ақтастың бiрнеше ағайын-туғандарымен қоса, "25 жылға итжеккенге жер аударылатын тұсы". Демек, осы 1885-тен бала Ахметтің 13 жасын шегерсек, туған жылы 1872 жыл болып шығады екен.

"Үшіншіден, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағаты, 81-қоры, 1-тізбесі, 1652-ісі, 6-парағында (бұдан әрі – ҚР ОММ) Ресей коммунистік партиясының "Жауапты қызметкерлерге арналған" 20 сұрақтан тұратын сауалнамасының туған жылы деген тұсына: "1872, 49 жас" деп жазған, құжат 1921 жылы толтырылған. Бұл - үш. ҚР ОММ, 5-қор, 18-тізбе, 158-істің, 1-парағындағы "Сайлауға түсу сауалнамасы", 1921 жылдың 11-қазанында толтырылған. Сауалнама 29 сұрақтан тұрады, осында жасы деген тұсқа "49" деп көрсетеді. 1921-ден 49-ды шегерсек, 1872 жыл шығады", - дейді Райхан Сақыбекқызы.

Хоббиі

Ағартушы-ұстаз Ахмет Байтұрсыновтың сүйікті ісі - қолына фотокамера ұстап, сан алуан нәрселерді суретке түсіру болған екен. Алайда оған фотоаппараттың тілін бірден тауып, қыр-сырын меңгеріп кету оңай болған жоқ. Себебі табиғи жарық көзіне байланысты объективті дәлме-дәл есеппен ашып-жауып, суретке түсіргенде қолмен реттеу кәсіби дағды мен аса шеберлікті талап ететін. Суретке түсіру барысында кездесетін қиындықтарға қарамай Ахмет Байтұрсынов фотоөнер бағытында кәсіби шебер болғанын бізге жеткен жалғыз суретінен аңғаруға болады.

Ахмет Байтұрсынұлы түсірген сурет. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Бүгінге дейін ғұламаның даусы сақталған аудиожазба табылған жоқ

2018 жылы әлеуметтік желілер арқылы Ахмет Байтұрсыновтың даусы жазылған аудиожазба тараған. Бұл аудиожазбаға берілетін қысқаша түсініктемеде "Ахмет Байтұрсынұлының өз даусы және жақында Орынбор архивінен табылыпты" делінеді. WhatsApp мессенджері арқылы таралып жатқан бұл аудиожазбаға берілген мәліметке сеніп, таңғалып, өз ризашылықтары мен ой-пікірлерін білдіріп жатқандар да болған.

Алайда, Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры Райхан Сақыбекқызының айтуынша, жазба қазіргі уақытта жазылған жалған аудио екен.

"Жазбаның қазіргі уақытта жазылғаны еш сараптамасыз-ақ білініп тұр. Хәкім Абайдың "Көп айтса, көнді, жұрт айтса, болды. Әдеті надан адамның..." дегеніндей ахуал болып тұр. Бұл Ахмет Байтұрсынұлының даусы емес. Ахаңның досына жолдаған хаты негізінде өңделіп жазылған. Ал, бұл толғауды "Орынбор мұрағатынан табылды" деулері тіпті қисынсыз. Талай деректанушы ғалымдар, мен де мұрағатта болғанбыз. Сирек қорлардағы сарғайған құжаттарды зерттеп, зерделедік. Егер Орынбор мұрағатында хат сақталған болса, оның сканерленген немесе көшірмелік нұсқасын сол күні-ақ жариялар еді ғой", - деген екен Райхан Сақыбекқызы.

Райхан Имаханбет. © facebook желісінен

Мұражай директорының сөзінше, хат ретінде жазылған бұл өлең Ахмет Байтұрсынұлының замандасы Файзолла Сатыбалдыұлы және оның ұрпақтарының қолында (отбасылық жеке қорында) сақталып келген.

Ақынның отбасы

Ахмет Байтұрсынов Алматы қаласында қызмет етіп жүргенде тұрған үш үйі болған екен. Оның жазбалары арқылы осы үш үйдің орнын зерттеушілер анықтаған. Алайда ол тұрған екі үй қалада жаңа құрылыстар басталғанда алынып тасталған болып шықты. Соның ішінде тек Ахмет Байтұрсынұлы мұражай үйі ғана қалған. Ахмет Байтұрсынов бұл үйде 1934-1937 жылдар аралығында тұрған.

Ахмет Байтұрсынов саяси қуғын-сүргінге ұшырап айдаудан келгеннен кейін, көпшілік оны "халық жауы" деп, көмек көрсетуден бас тартқан. Сол кезде оның қызы Шолпан мен күйеу баласы қамқорлыққа алған.

Ахмет Байтұрсыновтың жары Бәдрисафа

Ақын жары Александра Ивановнаға "Бәдрисафа" деп ат қойған. Ол есім араб тілінен аударғанда "Бадрун" - толық ай, "сафа" - кіршіксіз таза деген мағынаны білдіреді екен. Ахмет Байтұрсынов мен Бәдрисафаның туған балалары болмаған. Олардың бауырларына салып, асырап алған Аумат, Қазихан және Шолпан деген үш баласы болған. Аумат пен Қазихан ертерек дүниеден өткен. Ал Шолпан халық жауының қызы ретінде Бәдрисафамен бірге айдауда болған.

1937 жылы қазанда Ахмет Байтұрсынов қамауға алынған, екі айдан соң, 8 желтоқсанда "халық жауы" есебінде атылған.

Tengrinews.kz сайтынан

6alash ұсынады