Балқадиша әнінің түпнұсқасын білесіз бе?
Бурабайдай сексен көлі бар Көкше өңірін ғана емес, барша қазақ даласын ән бесігіне бөлеген Ақан серіні бүгінгі ел жақсы біледі. Қазақ мәдениеті мен өнер әлеміне өзіндік үлесін қосқан Ақан серінің шашасына шаң жұқпаған жүйрік аты Құлагері, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, күні бүгінге дейін шырқалып жүрген ән-жырлары жетерлік болса, солардың ішінде «Маңмаңгері» мен «Балқадишасы», «Қараторғайы мен «Сырымбеті» халық арасында кеңінен тараған. Ақанның сері болуының да өзіндік сыры бар сияқты. Әншілігі мен қатар ақындығы онымен қоса композиторлық өнерге ие серінің бапкерлік, шешендік, айтыскерлік өнері туралы құнды мәліметтер бар. Бірақ, заманның бұралаң қалтарысында Ақанның шағармалары да мың сан мәрте өзгеріске ұшырапты. Тіпті, бір кездері солайқай саясаттың да салқыны тиген екен. Әсіресе, “байтал түгілі бас қайғы” болған қызыл кеңестер одағының қылышынан қан тамған тұста қазақ әндері мен жырларының бірталайы өзгерістерге ұшырап, тіптен көбі мүлде жоғалғаны рас. Біразы сиқыр саясатты ел-жұртқа насихаттаудың амалына да пайдаланылыпты. Бүгінгі тақырыбымыздың тұздығы қылғалы отырғанымыз да Ақанның «Балқадиша» әні болып отыр. Заманында ән атасы атанған Әміре Қашаубаев Париж төрінде шырқаған әннің тұтас ел әлі естіп білмеген, нұсқасы яғни, түпнұсқасы бар екен. Бұл туралы біз жыршы, ән өнерінің тарихын зерттеуші Жұмабай Есекеевпен әңгіме кезінде алғаш рет естідік.
Ақанның ел арасында үлкен дау болып жүрген екі әні бар. Бірі «Әудем жер» болса, екіншісі осы – «Балқадиша» әні. Балқадиша әнінің тарихы да тереңде жатыр. Қазір заманға сай өрнекпен үлкен сахнаға алып шыққан «Жігіттер» тобының керемет орындауында тыңдарман жүрегіне жол тауып жүргенін қалың ел жақсы білетін шығар. Бірақ ән бір-екі ауыз шумақпен қайырылады да тез аяқталып қалады. Ал, әннің тарихы тереңде жатыр екен. Бұл туралы бізге Жұмабай ақсақал әңгімелеп берді.
Ақан серінің алпысты алқымдап қалған кезі екен. Қараөткел жақтан ірі тойлардан келе жатқан Ақан сері Сандықтаудан Зеренді жерлеріне дейін созылған үлкен Жыланды, Кіші Жыланды тауларын бөктерлей өтіп, сол жердегі Үлгілі деген ауылға түсіпті. Талай жерді аралап жүргендіктен қандай үйге түсетінін біледі ғой. Сол уақытта Үлгілі ауылында Тіржан қажы деген қажы өткен. Ақан осы қажының үйіне түседі. Ақан келді дегесін ауылдың еңкейген қариясынан еңбектеген баласына дейін тайлы-тұяғы қалмай жиналыпты. Сол уақытта Мұса дегеннің үйінде Баймырза есімді бала дүниеге келіп жатса керек. Бұл атақты жазушы «Көкшетау правдасы» газетінің алғашқы редакторларының бірі болып қызмет атқарған Жанайдар Мусиннің әкесі Баймырза екен. Шілдеханаға жиналған халық Ақанды осында алдырайық деп тойға Ақан серіні де шақыртып алады. Үйге сыймағаны киіз үйдің етегін түріп сыртына жайғасқан қалың жұрт сол отырғаннан күні бойы тіпті таң атқанша ән тыңдапты. Қалың көпшіліктің ортасында он төрт жасар Ыбырайдың қызы Балқадиша да болған екен. Таң сарғайып атқасын жұрттың дені кетіп үйді-үйлеріне тарай бастапты. Бірақ, ән әуезіне беріліп ауызының суы құрығанша тыңдаған Балқадиша Ақанның оң тізесін баса жайғасып отыра беріпті. Тіпті, келіп «Үйге жүре ғой ерке қыз» деген жеңгелерін де елең етпесе керек. Бұл көріністі Ақан да қалт жібермей бақылап отырып, сол арада «Балқадиша» әні өмірге әкеледі.
Бірақ, Балқадиша әні Кеңестер уақытында күрделі өзгеріске түсіп кеткен екен. Мәселен, «Дегенде Балқадиша, Балқадиша, күйеуің сексен бесте шал қадиша» деген сөздері кейін қосылыпты.
- Мұны сол кездегі әйелдерді ерлермен теңестіру саясатында қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрін мұқату есебінде қолданған дейді, – Жұмабай ақсақал.
Яғни, ақындар әйел теңдігін жырлауға кіріскен кезде «Балқадиша» әні қысқартылып, сол әндердің ішіне еніп кеткен екен. Тіпті өрескел бұрмаланғандығы сонша, әннің тарихын білмегендіктен жас Балқадишаны сексен бестегі шалға қосып та қойған. Яғни, дұрысы жап-жас Балқадишаны сексеннен асқан шалға куйеуге беруге атастырылып қойыпты-мыс. Бұл әнді Парижде өткен концертте атақты күміс көмей әнші Әміре Қашаубаев та шырқаған. Қазіргі барлық әншілердің айтып жүргені де осы нұсқа болса керек.
Тарих бұрмалаған әннің бүгінгі көрерменге дәл Ақан сері айтқандай болып жетпеуі алаңдатады. Бәлкім әннің осы түпнұсқасын қалыпқа келтіріп өңдеп арқаның әні мен жырының жампозы болған Ақанның “Балқадишасын” қайта қалпына келтіріп, әншілеріміздің толық нұсқасын бүгінгі заман музыкасына салып қайта өңдеп көрермен жүрегіне жеткізген жөн шығар. Сонда қазақ баласы да тарихын танып, музыка арқылы ұлтжандылыққа бір табан жақындай түсер ме еді. Сіз қалай ойлайсыз?
Автор: Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы
6alash ұсынады