Атамекен сағынышы
«Атамекен сағынышы»
Шәмен Исаұлы
Орндаған: Жанар Зікіроллақызы
«Тұрғандай күзетіп қара мекенін»
(ақын, сазгер Шәмен Исаұлының «Атамекен сағынышы» әні жайында)
Жылдың Қараша айында Шәмен Исаұлы өскен елімен қоштасып, өскен жеріне жантайды. Қазақ фолклоры, өнері қормал қамқорынан, белі талмас ақбас нарынан айырылды. Содан бері жеті жыл. Қараша қылпын білдіре бастады. Уақытпен үндестік тапқан саналы ғұмырға «Ата мекен сағынышы» үдей түсті. Я, Шәкең кеше ата мекенге арнап, сағына әуелетсе, бүгін сол аяулы, кіндігі, кірлігі қалған ата мекен осы әнмен шәкеңді сағынуда, аңсауда. Асау үйреткен белдері, арман шағаласын ұшырған айдын көлдері іздеуде. Есімімен бірге аталып кеткен «Ата мекен сағынышы» жүр жанары жасқа толы.
Шәмен Исаұлы 1938 жылы 12 Қазанда, Алтай қаласының Тұлты деген жерінде дүниеге келген. 1941 жылы қабаның қызылқайың деген жеріне келіп мекенденеді. 1947-1951 жылдар аралығында Қызылқайыңдағы Шәріпхан мектебінен білім алып, 1951-958 жылдары Алтай аймақтық орта мектептен толып орта бітірген талантты жас, сол жылы күзде Шинжияң университетінің химия факултетыне қабылданады. 1960 жылы Сәуір айынан бастап, Қаба ауданында оқытушылықтан қоғамдық қызметін бастайды.
Шамен Исаұлы 1960-1979 жылдары Қаба ауданының ауыл-қыстақтарында оқытушы болғасын, 1979-1997 жылдары аудандық мәдениет сарайының бастығы міндетін өтейді. 1984 жылдан 2002 жылға дейін Қаба аудандық саяси-мәслихат кеңесінің тарихи материялдар кеңсесіне жауапты болады.
Шамен Исаұлы шығармашылық сапарын 1956 жылы орта мектеп партасынан бастаған. Содан өмірінің соңына дейін тынбай, отанды, партияны, халықты, ата-мекенді жырлап өткен ақын. 1982 жылы «Жыл құсы» атты алғашқы жыр кітабы Шинжияң халық баспасынан басылып шығады. Оның «Күн фонтандары» атты өлеңі 1979 жылы районымызда 2 дәрежелі сыйлықты еншілесе; «Маржан-Қасым» атты дастаны 1980 жылы 3 дәрежелі сыйлықты қанжығасына байлағады. «Қазақтың ақындар айтысы туралы» атты зерттеу мақаласы 1987 жылы райондық бұқаралық мәдениет ғылми қоғамы жағынан қытай тіліне аударылып, жоғары бағаға ие болған.
Қыс қыстау, жаз жайлауда радиодан көтерілген «Ата мекен сағынышы» атты әдемі ән таңдағанының жүрегін жаулап, биігінде тербетіп, бүкіл сахара осы әндегі кеңдік, биіктік болып елестеді. Оның жиып-теріп, реттеуімен жарық көріп жатқан алуан жанрдағы халық ауыз әдебиеті, халықтық ән-күй мұралары, әсіресе, Қаба ауданының ауыз әдебиеті төрт топтамасын шығарудағы есіл еңбектері, өнерлі шәкірттерді тәрбиелеп баулудағы бапкерлік өнегесі бәрі-бәрі ел өсінде.
Мәдениет қайраткері 1982 жылы Желтоқсанда, автономиялы район бойынша егінші-малшы райондарының мәдениет көркемөнер шебіндегі қызметкерлерді бағалауда, ілгері жеке болып, автономиялы райондық халық үкіметі жағынан марапатталады. 1991 жылы қытай фолклоршылар қоғамы, қытай халық әдебиет топтамаларының мемілекеттік бас редакциясы қатарлы орындар жағынан «Үздік қызметкер» болып бағаланған.
Болбадайдың биігінен қара үңгірдің қиырына дейінгі сахара, салып ұрып арындай жөңкілген өзендердің уақыт қолымен жазылған қызықты тарихы, аңызы көрікті жердің тарихын жазды. Қарапайым ғұмырын халық тағдырына бірлестіріп «Мың өліп, мың тірілген» елінің кешесі, бүгінін ой хатына өрнектей білді.
Шәмен Исаұлы Шинжияң жазушылар қоғамының, іле облстық жазушылар қоғамының мүшесі. Мемлекеттік фолклоршылар қоғамының мүшесі, автономиялы райондық бұқаралық мәдениет зерттеу қоғамының мүшесі. 1995 жылы Шандұң өлкесі Чишан қалалық мәдениет-көркемөнер зерттеу орны жағынан тете аға зерттеуші атағын алған.
«Ата мекен сағынышы» – зарығу мен сағынудың асқақ мұнарасы. Ол туған тауының баурайында тұрып, басын сағына алды. Сағынштан биік ән жазды. Туған жер, Сайран елдің құшағында. Ата мұра, ақ жалын жыр, әсем ән аясында жиі толқып, жиі тебіреніп жүрген адуын жүрек 2008 жылдың 8 Қарашаға қараған түні соғуын мәңгі тоқтатты. Қайран ел, Сайран жерде ән болып, жыр болып, сағынышы қала берді. Я, бұл сағыныш – ақынның екінші ғұмыры, өлмейтін рухы еді, ғасырларға жалғасар. Бұл әнде бар жүректің дірілі, лүпілі, аңсағаны, іздегені бар мәңгілік.
«Ата мекен сағынышы» досы, сырласы, мұңдасы көп ән. Өйткені онда бізге керекті өзек жайлы ойлардың бәрі айтылған еді ғажабы.
Ойлаймын даламды жұпары ескен,
Ақ бастау арайлы бұлттары көшкен.
Қайда екен айна көл құстарым қонған,
Сағындым Сайран ел құштарым болған.
Қоңыр ел, қоңыр бел, жанатым құшқан,
Қоңыр ән, қоңыр жел, қанатым ұшқан.
Бәріңді сағындым, нәріңді сағындым,
Жырың боп ағылдым, бәріңе табындым.
Құмартам мен саған қадірлеп ойлап,
Ақбөкен жусаған адырлы аймақ.
Тұр сенде қоңыр дөң, ғаламның жасы,
Кеудеңе көмілген бабамның басы.
Қасыңа келгенде күре жол бойлап,
Сиынам мүрдеңе сүрелер ойлап.
Тұрғандай күзетіп қара мекенін,
Өзіңе ізет қып қарап өтемін.
Шәмен Исаұлы жыл құсының соңын жинап, «Жыл құсы» есімді кітабын, осыбыр әнін, өнегесін тастап кетті. Ғаламның жасы қалған, бабаңының басы көмілген қоңыр дөңінің жүзін ақ жауын шайып, айғыз-айғыз әжім салып үлгірді. Сол қоңыр дөңінің бірін мекен етіп, қасиетті қабаның бір пұшпағын күзетіп, мәңгілік ұйқыда жатыр ол. Құлаққа ән келеді алыстан...
Қасыңа келгенде күре жол бойлап,
Сиынам мүрдеңе, сүрелер ойлап.
Тұрғандай күзетіп қара мекенін,
Өзіңе ізет қып қарап өтемін.
Қуаныш ІЛИЯСҰЛЫ, 2008 жыл
6alash ұсынады