Біз қалай Солтүстікке көшіп келдік
Егеменді елімізде ел болуға керектің бәрі бар. Бірақ тек ұлттық рух жетісіңкіремей тұрған бүгінгі таңда, біреу болмаса да біреуге пайдасы тиер, санасына сілкініс әкелер деген оймен, өз басымнан өткен оқиғаны баяндамақпын.
Қысы қытымыр емес, жазы жайлы жер жанаты – Жетісуды тастап, еліміздің қиыр терістігіне қоныс тебуге бір жас отау иелерін нендей күш сүйреді екен, ендеше менің өткен күндеріме бәріміз бірге көз жүгіртелік.
Бұл бір қыс еді. Қыс дегені болмаса біздің Жетісудың аязы қатты сезілмейтұғын. Тіпті аузынан ақ көбік атар ақпан айының өзінде, менің бұл шаһарымда кереметтей жылылық пен табиғат үндесіп, ғажайып бір сыр тұнып тұратын. Міне бұл қысы да жанға жайлы, ертегідегідей сиқырлы қала – Талдықорған!
Осындай қыстың бірінде аспаннан ақ ұлпа ақ мамықтар жайлап түсіп, жер анаға жабыса жарқырап, түн туырлығын жауып, әлем ақ көрпесіне оранған сәтте, қаланың ортасындағы жаяу адамдарға арналған жолмен әкешімнің қара шаңырағына асығып бара жаттым.
Жол бойы әсем қаланың табиғатына сән беріп тұрған небір көз сүріндірер сұлулыққа сүйсініп, соның ішінде қазақы нақыштағы сәулетті құрлыстарға тәнті болып, жаным рахатқа бөленіп келе жатқанда ойыма тағы да сол Солтүстік орала берді. Неге екені түсініксіз, Кереку жеріне деген ынтызарлық күннен-күнге санама оралып, ой тереземді тықылдатады да тұратын болды.
Мен үшін қазақтың әр жері ол мейлі шығыс, батыс, оңтүстік немесе солтүстік болсын өте ыстық еді. Сол сияқты солтүстіктің сақылдаған сары аязы немесе оңтүстіктің шіліңгір ыстығы мені аса толғандырмайтын еді. Менің ойымды алысқа жетелеп тұрған бір шексіз ішкі түйсік пен бабаларым ғасырлар бұрын шыбын жандарын шүберекке түйіп, ыстық қандарын төгіп бодау беріп қорғаған Керекудей керім өлкеге деген махаббат болды.
Павлодар өңірінің бүгінгі тыныс тіршілігі, қазақ тілінің, салт-дәстүріміздің жалпы қазақтың иісі енді ғана қайтадан шыға бастаған, бұл ортаға етене араласу жәй, қарапайым тұлға ретіндегі азаматтық арым мен парызым сияқты болып сезілетін. Менің басты мақсатым да сол еді. Осы ішімдегі арпалысқан ойлар мен толқыған көңілдің жетегі мені төркініме тез-ақ жеткізді.
Ұзақ уақыттық толғаныс ақыры отағасымен келісіп тон піштік те, нақты шешімді үш күнде қабылдадық. Жолдасым шаруасының ыңғайына байланысты соңымыздан келетін болып бірінші бізді Құдайға аманаттап шығарып салатын болды. Шешім шығарылды, үшінші күні Талдықорған-Павлодар бағытына жүрдек поездға белет алдық. Сосын ағайын туысқандарымызға айтуға шамалы жүрексіндік. Себебі мендей еркетотай қыздарының бұл шешіміне қарсы шығатындары анық еді. (әкешімнің көзі тірі болса осы тарихи шешімді қуана жеткізер едім, әттең... сондықтан тек анама айтуды жөн санап, анамның ақ дастарханында балқаймақпен тәтті шәйін іше отырып, әңгімемнің тиегін ағыттым...
Анам көз жасына ерік берді. Сенің бар туғандарың, өскен ортаң осы жерде еді ғой дейді анам. Бұрын-соңды бармаған, көрмеген жерге неге сонша бекініп, кеш айтып отырғаныма шамалы ренішін де білдіріп жатты. Менің тік мінезім мен өзіме деген сеніміме, ерік жігеріме, қазақы болмысыма қанық анашым өз-өзіне тез келді де, арман мақсаттарыммен Солтүстікке деген құштарлығыма мойын ұсынып, ақ батасын берді. Жанарындағы жасын көрсетпеуге тырысып анам қала берді. Өзім де қатты жыладым. Әрине бұл жеңіл шешім емес еді). Міне осылайша ақпан айының соңғы күндерінде өзегімді талдырып үздіктірген Солтүстігіме пойызбен көштім де кеттім.
Бұл тәуекелге келуіме әрине оңтүстіктен солтүстікке кеткен жерлес ағайындарымның, атап айтар болсам, Жұмабек жездемнің «біз әрдайым күтіп алуға дайынбыз» деген бауырмашылдыққа, қазақылыққа толы жомартттықтарының да үлесі болды.
Қанша дегенмен жаным нәзік қыз баласымын ғой. Оңтүстік көз ұшымда қалып бара жатқанда көңілім қатты босады. Елге қимастық, әсіресе анашыма деген перзенттік пейілден тамған жас төгіліп-төгіліп кетті... Бірақ кезінде өз бабам ту тіккен мекенге деген ерекше құрмет пен сүйспеншілік мені ол сезімдерден құтқарып жіберді. Шынымды айтсам, түн бойы ұйқыға көзім бармады. Кешегі қобалжыған көңілімді ақ қармен шағылыса атып келе жатқан ақ таң бірден қуаныш пен үміт кернеген кереметтей өңіл-күй толқынына толы бейнеге айналдырды. Балаларымды оятып керемет көңіл-күймен тезірек далаға шығуға асықтым. Көздері бақырайған балапандарым анасының балаша күліп езу тарта берген оғаштау қылығына таңдана қарйды.
Міне осылайша Керекуге табан тіредік. Поездан түскен сәттегі тебіреніс өзіме ғана аян. Тіпті ол сезімді қандай сөзбен жазсам да жеткізе алмаспын. Иә, мен аңсаған Керекуге жеттім. Үш күнде қабылданған бұл шешім өмірімдегі тарихи шешім еді.
Мен әрине «Оңтүстіктен Солтүстікке көш» бағдарламасы бойынша, бірден Альпеисова Салтанат Муратовна басқарып отырған Успен аудандық жұмыспен қамтыу орталығына бардым да, құжаттарымды тапсырдым. Сол сәттің өзінде ол кісі біраз жерге хабарласып, бірден Успен аудандық сауық орталығынан жұмыс ұсынды. Бұл мейірбандыққа әрине алғысым шексіз. Ол жерде мені орталық директоры Бикенов Бейбіт Жолжанұлы күтетінін айтты. Мен бірден сол жаққа тарттым. Сөйтіп ол кісі сондай бір ашық құшағымен, жылы лебізімен қарсы алды. Және аудандық мәдениет тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімі басшысы Тауасқан Медет Алпысбайұлы отыратын кәбинетке бастады. Жан-жағым бейтаныс әлем. Ойымдағы сансыз жауап күткен сұрақтардан бір сәтке тынышталған емеспін. Дәл осы сәт мәңгілік есімде қалды. Кабинетіне кіргенімде, маңдайы жарқырап жүзінен жүрегінің ақтығы мен көңіл парасаты көрінп отырған жылы шырайлы, қарапайым қазақтың жоғары білімді, білікті азаматының отырғаны әрине көңіліме қуаныш ұялатты.
«…Кел, келіңіз! әрине бізге келген әр қазаққа құшағымыз ашық. Әр қазақ – менің жалғызым» деген салмағы ауыр сөзі бойымды ширатып, көкірегіме қуаныш сыйлап сала берді. Арқам жеңлдеп, бабамның төріне келгенімді шын сезіне бастадым. Жұмысқа қабылдандым. Осылайша осындағы қос қамқоршым мені жұмысқа қабылдап көңіл мәртебемді бір марқайтып тастады.
Сөйтіп мен Павлодар обылысының қазағы сирек Успенка ауданының тұрғыны атандым. Аталған аудан туралы сөз сабақтасақ, Успенка ауданы 1938 жылы құрылған екен. Мэртенс деген жағрапия тану маманыны прафессордың айтуыынша бұрын бұл жерде Ұялы деген болыс болған. Бұл өңір негізінен Арғын, Ақтілес, Уақ руларының байрғы мекені болған, аздаған қыпшақтар да қоныс тепкен. Успенка Павладар облысының солтүстігінде орналасқан аудан. Өзі Ресеймен көз-көрім жерде, иық тіресіп жатыр. Қазіргі уақытта құрамында Лазовой, Қозыкеткен, Успен, Ольгина, Равнопль, Қоңырөзек және Новопокровка болып жеті ауылдық округтен құрам табады.
Тарихына сәл үңілсек, ауданның кереметтей мықтылар мен ақыл-парасаттың иелері ғалымдардың да шыққаны белгілі. Тіпті байырғы кезінде ауданда Абдуахит деген үлкен молда болған екен. Ал естуге қарағанда бұл жерден 11 қажы шығыпты. Содан да болар, бұл жерде төрт бірдей медресе болған екен. Осы фактілердің өзі ауданымызда діндар, білімді адамдардың көп болғанының бір дәлелі болмақ.
Келер күндерде ауданым жайлы жазар жазбаларым көп болатынына сенімім мол!
Аллаға шүкір, бүгінде Оңтүстіктен Солтүстікке көшу бағдарламасының барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, өзіме үлкен жауапкершілік арқалап, Успен жұртшылығымен бірге үлкен мақсаттарға жұмыс жасап жатырмын.
Қазағы сирек ауданға бүгінде қаншама қазағым, жастарым келіп ортаны толтырып жатыр. Соған қарағанда бұл жерде қазақтың салт-дәстүрі, ұлттық құндылықтарымыз күн санап биіктей беретінін болжауға болады.
Мен біздің жарқын болашағымызға үлкен үмітпен қарайтын жастың бірі болғандықтан әр қазақ өзінің жері, тілі, ұлттық құндылығы жолында еңбек етуі керек деп есептеймін. Айта кетелік, Павлодар облысы басшылығы және облысқа қарасты кез-келген елді мекеннің әкімшілігі, жұмыспен қамтыу басқармалары және басқа салаларыда барынша көмек көрсетіп, әр өңірден келген қандастарымыздың жағдайын жасап жатыр. Арғы беттен келген ағайындарды орналастыру, халық саны сиреген ауылдарға қазақтарды қоныстандыру, мектеп салу істері қарқын алды. Ел ішіндегі көші-қон мен шеттен келген қандастардың көші-қонына ден қойып, белгілі деңгейде жәрдемақылар мен шаруашылық жүргізу, кәсіптену жақтардан жетелеп, барлық мүмкіндіктерді ұсынуда. Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын дейді атамыз қазақ. Осы жазбамызды біреудің тапсырысымен иә жарнамасымен жазып отырғамыз жоқ. Тіптен, менің көш туралы қалам тербеп отырғанымды төңірегімде ешкім де білмейді. Мен қысы қалың ақ көрпе жамыдатын осынау ұланғайыр елдімекенді жалпақ жұртқа таныстырғым келеді. Бабаларымыз аманаттаған Ұлы даламыздың барлық топырағын қадірлеп, отансүйгіш ұрпақты қалыптасырсақ бүгінгі біздің де кісілік парызымыз орындалған болар еді.
Менің өскен жерім Жетісу, туған жерім бүгін ҚХР территориясы саналатын күллі түрік жұрының түп қазығы саналатын Өр Алтай. Ертістің басынан көшіп, Керекудегі Ертіс бойындағы Успен ауданына жетуімнің қызықты хикаялары келер жазбамызда.
Перизат ҚҰРМАНӘЛІ
Успен аудандық Достық үйі, ойын-сауық орталығының әдіскері
6alash ұсынады