Ескерту: 

Мақала автордың жеке көзқарасы, сайттың ұстанымымен қатыссыз...

 АХАҢНЫҢ «АҚЫЛЫ» ЖӘНЕ ДАҒДАРЫСТАН СӘТТІ ШЫҒУДЫҢ ҰТЫМДЫ ЖОЛЫ

Дағдарыстан кейін мемлекеттің экономикасымен халықтың әл ауқатын көтеру үшін не істеуміз керек?

Бұл сұрақтың билікті де, ашық ойлы азаматтарды да толғандырып отырғаны анық. Үкімет, әрине, бір амалын тауып, жоба жасайды. Тығырықтан шығар жол табады деп сенеміз. Ал, кәсіпкер атанып, өзін белгілі тұлға санайтын азаматтардың пікірі қалай екен деп, біраз белгілі азаматтың пікіріне құлақ түріп көрдік. Соның бірі – бизнес тренинг өткізумен атағы шыққан Ахметбек Нұрсила мырза.

Ахаң «Дағдарыстан аман-есен шығу жөнінде» өз алдына үндеу тастаған екен. Үндеу тастағаны дұрыс. Бірақ, өкініштісі, бұл үндеудің нарықтық экономика қағидаларына мүлдем қайшы болып тұрғандығы бізді  қатты қынжылтты.

Атақты «бизнес тренингші» Ахаң бүй дейді:

Бірінші, біздің экономикамыз шикі затқа тәуелді болғасын, бізде өндіріс болмағаннан кейін, теңге бағамы долларға салыстырғанда құлдырай береді, доллар өсе береді, өйткені долларда кәдімгі тауар сияқты, доллар сырттан аз келгеннен кейін қымбаттай береді. Екінші,  біздің бюджет мұнайдан түседі. Мұнайдың бағасы түскеннен кейін, бюджетте үлкен дефицит болады. Бюджеттің орны толмаған соң, оның орнын «Ұлттық қордың» есебінен толтырамыз. Ол да мәңгілік емес, шексіз емес. Жұмыссыздық орын алады, заттар қымбаттайды. Осы жағдайда не істеу керек? – деп, бір тоқтайды да ары қарай өзінің осы жағдайды шешуге бағыттаған ұсынсын баяндайды. – Осы дағдарыстан шыққанша, барлық тойханаларды жауып, спорттық шараларды тоқтату керек. Тек, «қандай күн көреміз? деген сұраққа жауап іздеуіміз, түгелдей ауыл шаруашылығына, заманауый ғылым-білімді игеруге жұмсаумыз керек. Теле каналдардан әзіл қалжыңды тоқтатып, тек қана ғылым-білім, медицина, бала оқыту, өндіріс, қалай экономикамызды диверсификация (көп салаландыру) жасаймыз? Осыны халық болып ойланумыз керек. Үкіметте барлық көңіл көтеретін іс шараларға тиым салу керек. Сол кезде ғана есімізді жиып, ертеңімізге үмітпен қарай аламыз...

Ахаң ұсынған «Дағдарыстан шығу жолының» түрі – осы.

Бұл үндеу сыртынан қарағанда, шынымен жан тебірентерлік. Той-төкін мен мәдени шараларды пышақпен кескендей тоқтатып тастасақ,  экономика екі үш жылда дүр ете түскелі тұр екен. сөйтіп, тығырықтан секіріп өте шығады емеміз.

Әлеуметтік желіде жұрт «Керемет үндеу болыпты!» деп, Ахаңның үніне үн қосып, дуылдатып әкетіпті.

Әрине, Ахаңның «Ауыл шаруашылыққа, ғылым-білімге, медицинаға ден қою» туралы сөздері дұп-дұрыс, айтарымыз жоқ. Оны қазір еңбектеген баладан, еңкейген кәрияға дейін айтып, шулап жатыр. Өкініштісі, атақты Ахаң бізге сол салаларды қалай дамытудың тетігі туралы тіс жармапты.

Ахаң «Теңге жалғасты құнсызданады, доллар өседі» - депті.

Мен кесіп айтайын, теңге жалғасты құнсызданбайды, доллар өспейді!

Өйткені, дағдарыс тек біздің елде ғана болып жатқан жоқ. Дағдарыс  доллардың отаны АҚШ-тың өзінде де туындап отыр.

АҚШ экономикасын көтеру үшін, қазір доллардың пайыздық мөлшерлемесін 0 ге дейін түсіретінін мәлімдеді. Сонда да долларға сұраныс тудыра алған жоқ. Әлемде барлық мемлекеттер есік-терезесін негізінен жауып алғасын,  «экономика» деген бұл алып машинаның негізгі жанар майы болып тұрған АҚШ долларына да сұраныс болмай қалды. Мұндай жағдайда, долларға байланысты теңгенің бағамының үздіксіз құлдырауы мүмкін емес.

Біздің мемлекетте теңгенің тұрақтылығын сақтап қалатын бір мүмкіндік бар. Ол – экономикамызды қысқа уақыттың ішінде трансформациялап, ішкі тұтынуды жедел түрде арттыру.

Кез-келген әлемдік дағдарыстың салдары қысқа периоды дегенде 5-8 жылсыз айықпайды. Бұл жолғы дағдарыс 1929 жылғы әлем экономикасының 50% желге ұшырған әлемдік дағдарыстан кейінгі ең жойқын дағдарыс болып отыр. Біздің елде әлемдік қауымдастықтың бір бөлегі, біздің шығынымыз халықаралық капитал қорының орталығы болған елдерге қарағанда аз болады. Бірақ, бір бөлім халықтың жалаң аяқ, жалаң бас қалуы әбден мүмкін. Одан қашып құтыла алмаймыз. Бірақ Ахметбек мырза айтқандай, теңгеміз құнсызданып, зат бағамыз қымбаттап құрдымға кете қоймайды.

Білдей №1 тренингшінің тек жалаң сезімге сүйеніп, халыққа теріс бағыт-бағдар беруі – тым жауапкерсіздік. Бұл – еліміздің қаржылық жүйесіне жасаған қиянат.

Ахаңның Елімізді дағдарыстан шығаратын екінші әдісі – «Тойханаларды жауып, телевизиялық шоу бағдарламаларды қысқартып, спорттық шараларды  тоқтату» еді ғой.

Бұл енді ұят әңгіме. Азды-көпті атағы бар,  өзін экономистпін деп атап жүрген Ахаңның айтатын сөзі емес!

Әдетте ел экономикасының хал-жағдайын кәсіпкерлердің «балық» аулайтын «Теңіз айдыны» десек, Ахаң секілді бизнес тренингтер – сол «Теңіздің» түбіндегі ұңғыл-шұңғылды тегіс біліп, «балық аулаушыларға» бағыт-бағдар сілтеп отырушылар. Таратып айтсақ, сол «Теңіз айдынынының» қай жерінде «жайындар», қай түкпірінде «сазандар» жатқанын көрсетіп, оны қармаққа қалай ілуді үйретіп отыратын кісі. «Теңіздің» терең жері мен таяз жерінің қай тұста екенін, оған қай мезгілде қалай бару керектігін айтып отыру да  осы тренингтердің міндеті.

Себебі, Ахаңдардың әр сөзі – алтын. Әр кеңесі үшін манағы «балықшылардан» шытырлатып ақша алады.

Қысқартып айтқанда, Ахаң малданып жүрген тренингші дегеніңіз мемлекеттің экономикалық құрылымы мен нарықтық экономиканың заңдылығын бес қолдың саласындай білетін маман болуы керек.

Талабы таудай жас буынның сеніп ұстаз тұтып жүрген білдей «Тренингшісінің» өзі нарықтың өзін-өзі реттейтін экономикалық заңдылығына қайшы «ертек» айтып, мемлекеттің экономикалық құрлымын қайтадан жоспарлы шаруашылыққа итермелеп, әрең шаққан «тай қазанды» қайта орнатқысы келгені – шынымен де жыныңды ұстатады екен.

Нарықтық экономикадағы мемлекеттің ең басты міндеті – тірлік істеймін деген азаматқа бар мүмкіндікті беріп, халықтың әл ауқатын көтеру.

Сонымен бірге, халықтан түскен салықпен инфрақұрылымды қалыптастырып, халыққа бар жағдайды жасау. Барлық экономикалық тұлғаларға тең мүмкіндік беріп, олардың өз қанын өзі жасайтын жанды механизмге айналуына мүмкіндік тудыру. Қатысты заңдар мен нормативтік құжаттар шығарып, экономикалық тұлғалардың қалыпты тіршілігін қамтамасыз ету. Ахметбек мырзаның  жабу керек деп отырған «тойхана» «телевизия» «спорт кешендері» дегеніңіз, біле-білсе, ол – мемлекеттің маңызды экономикалық тұлғаларының бірі болып табылады.

«Той» жасау – біріншіден, қазақтың дәстүрі. Екіншіден, мемлекеттің ішкі тұтынуды арттыратын, экономиканы тұрақтандырғыш факторлардың бірі. Біз оның сыртына қарап, көзін құрту керек десек, ол экономикаға жат догма болады. Қазір шет елдерде дағдарысқа байланысты тұтыну төмендеп кеткеннен кейін, ішкі тұтынуды ынталандыру үшін, әртүрлі тұтынушылық құнды қағаздар таратып жатыр. Неге? Өйткені, нарықтық экономикада  біреудің шығысы, енді біреудің кірісі болып табылады. Тұтыну қаншалық артқан сайын, табыс көбейеді. Сөйтіп, экономика өз қанын өзі жасап, макролық экономиканың жандануын келтіріп шығарады. Бүгінгі дағдарыс біздің тұтыну өремізді барған сайын төмендетеді,  бара-бара ең төменгі деңгейге түсіреді. Сол кезде жілік майы аз тойханалар мемлекет күштеп жауып тастамаса да, өзідігінен қаңырап бос қалатын болады.

Егер, бәрін жаптырып тастасақ, бұл неге апарып соғады?

Ең бірінші, жұмыссыздыққа, екінші, азық-түліктің өндірушісі мен өңдеушісінің бір жүріс өнеркәсібі күйрейді. Мейлі қайсы саланы дамыту үшін де, ең алдымен жоғары деңгейдегі ішкі сұраныс қажет. Біз ауыл шаруашылығын дамытамыз десек, алдымен ішкі сұранысты арттырумыз керек. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша ішкі сұраныстың негізгі тұтынушысы, әрине, тамақтану, ойын сауық орындары. Мұның ішінде біздің той-томалақ өткізетін тойханаларымыз да негізгі тұтынушы экономикалық тұлғалардың бірі. Түркістан облысындағы қырыққабат неге шіріп жатыр? Карантинге байланысты тамақтану, ойын - сауық орындары жабылып еді, көкөніске сұраныс азайып кетті. Демек, ішкі сұраныс көп болғанда ғана, оның өндірушілері – шаруа қожалықтар мен тамақ өнеркәсібі есейеді. Сол арқылы ұлғаймалы өндіріс қалыптасады. Соңында  кәсіпорынның деңгейі жоғарлап, экспорттық әлеуетке көтеріледі.

Сондықтан мемлекет алдымен ішкі тұтынуды ынталандыруға күш салғаны жөн. Мемлекеттік сатып алуда, ең алдымен, өзіміздің кәсіпкерлердің өндірген өнімдерін алуға баса мән беруі, халықты ең алдымен өзімізде жасалған өнімдерді тұтынуға жебеуі, ішкі тұтынуды арттыруға септігін тигізетін сауда орындарының көптеп ашылуына жол ашуы керек. Сонда ғана ауыл шаруашылық өнімдерінің импортты азайтып, ішкі тұтыну сапалы түрде өрлеуге көтеріліп, экономика тұрақтанады.

Үшінші, мәдениет өнеркәсібі экономикалық тірегінен айырылады. Сонымен, мәдениет өндірісі күйрейді. Жасырары жоқ, біздің шоу бизнесіміз – той бизнес. Осы той бизнестің арқасында, қаншама өнерпаздар нанын тауып отыр? Қаншама жақсы шығармалардың барлыққа келуіне экономикалық тірек болып отыр? Егер, той бизнес болмағанда, бүкіл мемлекеттік театр, мемлекеттік концерттік ұйымдар да мардымсыз жалақы алып отырғандар жан жаққа тентіреп, сапалы концерттік ұжымды сақтап тұру мүмкін емес еді. Анығын айтқанда, тойбизнес мемлекеттің мәдениет, көркемөнер деңгейін көтеруге өшпес үлес қосып тұр.

Төртінші, спорт ойындарына келсек, ол – бірінші, адамдардың денсаулығының кепілі. Екінші, онда үлкен экономика айналып жатыр. Мәдениет, спорт бизнесі қосылып, жалпылай мәдениет өнеркәсібі деп аталады. Дамыған елдерде оның ішкі өнімде ұстайтын орны бірінші, екінші орында тұрады. Егер, бізде өзімізде барды көзге ұрып, жүйелі түрде мәдениет, спорт, туризмді ойдағыдай дамыта алсақ, біздің де мәдениет өнеркәсібіміздің ішкі өнімдегі ұстайтын орны бірінші болмаса да, екінші орынға көтерілмесіне кім кепіл?!

Ал, Ахаңның бұл болжамына қарағанда, ол кісінің «тәлімінен» өткен болашақ кәсіпкерлер көлшіктің бетіне шыққан шабақтарды ғана ұстауға жарайтын көрінеді.

Ахаң жайлы айтарымыз – осы.

Енді, бұл дағдарыстан қалай сәтті шығудың, ел экономикасын көтерудің жолдарын өзімше пайымдап көрейін.

Бірінші, Үкімет шағын кәсіпкерлікпен айналысуға шектеудің барлығын алып тастау керек. Кім қандай орта-шағын кәсіппен айналысам десе, құжат жиып сандалмауы тиіс. Мемлекеттік мекемелердің кәсіпкерлерге болған «Алдымен бекітіп, артынан жұмыс бастау» талабын, «алдымен жұмыс бастап, артынан бекітуге» өзгертетін формаға көшіретін мезгіл жетті. Егер кәсіпкер қатысты заң тәртіптерге қайшы келген жағдайда да, мемлекеттік қызметкерлер оған бірден айыппұл салып немесе жұмысын жаптырып тастамай, керісінше кәсіпкерді дұрыс бағытқа жүруге өздері жол сілтеуі, тығырықтан алып шығуы керек. Тек, белгілі мерзімнің ішінде (2-3 жыл) мемлекет бекіткен нормалардың талабына жетуді міндеттесін.

Осылай болғанда, әр бір адам өзінің қолынан келген кәсіппен айналысып көруге тырысады, тірлік етуге талпынады. Осы арқылы өзін-өзі жұмыспен қамтитын, өз отбасын өзі бағатын, біртіндеп өзгелерді де жұмыспен қамтитын дәрежеге жетеді. Сөйтіп, азаматтардың жеке белсенділігін арттыруға мүмкіндік туады. Жаңа жұмыс орындары көптеп ашылады. Президенттің микро бизнесті 3 жылдық салықтан босату мораториы біткенше, олар да мемлекетке салық төлеуге дайын экономикалық тұлғаға айналады. Бұл – Қытайдың осыдан 40 жыл бұрынғы алғашқы дамуға бет алу барысында «Реформалау есікті ашық ұстау» саясатының аясында қолданған тәжрибесі. Қытай оны «Ауыл-қалашық кәсіпорындарын жандандыру» саясаты деп атады. Аш-жалаңаш отырған қытай халқы бірден кәсіпкерлікке бет алды, әл ауқаты көтерілді. Аталған саясат өз жемісін бергені соншалық, халық Үкімет дегенді ұмытып, тек өнім өндіру, салық төлеу дегенді ғана білетін деңгейге жетті.

Бірақ, Қытайдың  «Не істегің келсе, соны істе. Әйтеуір, өз жаныңды өзің бағып, мемлекетке салық тапсырсаң болды!» деген бұл «Ұзын арқан-кең тұсау» саясатының ұтқан жері де, ұтылған жері де болды. Ұтылған жері – қытай тауарлары сапасыздықтың символына айналды. Ұтқан жері – халықтың әл-ауқаты көтерілді, мемлекеттік бюджеттің қоржыны толды. Қытай  тауарлары бүкіл әлемді жаулады.

Мейлі, қалай болса да нарықтық шаруашылықтың алғашқы басқышында кәсіпкерлікті жаппай дамытуда, халықты өз еркіне жіберудің дұрыс екендігін бұл экономикалық саясат дәлелдеді. Өнім сапасын біртіндеп нарық өзі теңшеп отыратын болады. Өйткені, тұтынушылардың табысы мен тұтыну деңгейі жоғарлай бастайды.

Ал, мұндай формаға көшкен жағдайда, әкімшілік басқару қай кезде керек?

Ол  өндіріс орындарының саны көбейген тұста, басқармаса болмайтын деңгейге жеткенде, сол кездегі іс жүзіндік жағдайға икемделе отырып, талап бойынша реттеу алып бару керек. Қазақстанның қазіргі жағдайынан алып қарағанда, халыққа «Осы талапқа жетсең өндіріс ашасың, жетпесең ашпайсың!» деп, сасық кекіріп тұратын заман емес. Қайта, Ұкіметтің «Не істесең соны істе! Жаныңды бақ!! Бізден не көмек керек, орындайық!!!» дейтін мезгілі. Сондықтан бір шеңберді сызып алып, жұмыс істеймін деген халықты сол шеңберден шығармау – халыққа кіріс, мемлекетке салық әкелмейді. Қазір халықты аш-жалаңаш қалдырмай, мемлекетті тұрақты ұстап тұрсақ, соның өзі үлкен олжа.

       Екінші, «Жер кодексінде» жердің пайдалану мақсатына қарай, «Бизнеске арналған жер, Ауылшаруашылыққа арналған, Тұрғын үйге арналған жер» деген сияқты әртүрлі жерлер бар. Сонымен бірге, қалада да үйлердің қолдану мақсатына қарай «бизнеске арналған» «тұрғын үйге арналған» деген үйлер бар. Бұлардың шекарасын заңмен пышақ  өтпейтіндей етіп, мұздай қылып бекіткен. Бұл шекараны қорғап жататын «арнаулы жасақтар» «ә» десең, «мә!» дегелі тұр. Егер, біліп-білмей сол шекарадан өтіп кетсең, айыппул арқалап, қатаң жазаланасың. Өзіңнің жерің өзіңе қол болмай қалады. Тұрғын үй салам деп алып, артық жатқан жеріңе кіші-гірім бизнес аша қойсаң, оны басқаратын «жандайшаптар» келіп, жаныңды суырып ала жаздайды, көзіңе көк шыбын үймелетеді. Ал оның пайдалану мақсатын өзгертіп, заңды жолмен іске қосайын десең, өзің сатып алған жеріңді өзіңе сатып береді. Болмаса, заңды құжат жасамайды. Мейлі, жер бос жатса жатсын, оған ештеме ашуыңа болмайды. Оның жанды мысалдары көп, өз басымыздан да өткізіп отырмыз.  Егер, өкімет шынымен орта шағын бизнесті қолдап, халықтың тұрмысын жақсарту ниеті болса, тұрғындардың ауласындағы бос тұрған жер учаскесін іскерлік мақсатқа пайдалануға өзгерткісі келсе, онда оны төлемдерден босату керек. Көп қағаздылықтың да жолын кесіп, бірден рәсімдеп берген дұрыс. Кәсіпкер өзі қал-құлт етіп жүріп жинаған аз ақшасына өз жерін өзі сатып алып,  тоналмауға тиіс. Сауданың мақсаты өзіндік құнды түсіріп, ең жоғарғы пайдаға кенелу. Кәсіпкер үшін өзіндік құнды жоғарлататын ең үлкен шығыстардың біреуі – өндіріс орнының жалақысы.

АҚШ-тың отызыншы президенті Джон Калвин Кулидж «Америка халқының ең басты жұмысы- сауда» деген еді.

Демек, біз де дамуға қол жеткіземіз десек, Қазақстан халқының да ең басты жұмысы – сауда болуға тиіс. Егер шынымен де бүкіл халық кез-келген жерде кедергісіз сауда істей алатын болса, мемлекеттің бүкіл қойнауы саудаға толса, дағдарысты көзді ашып - жұмғанша еңсеріп тастаймыз.  Ол кезде қазақ бай болмай, кім бай болады?

Үшінші, әр өңірдің жергілікті әкімшілігі егін егемін, мал бағамын деген кәсіпкерге, жерді «жерден шұқып» болса да тауып беру керек.

Яғни әрбір елді мекендердегі игерілмей жатқан жерді мемлекет тезден қайтарып алып, игеремін деген кәсіпкерге бизнес жоспарына қарай тегін бөліп беруі тиіс. 70% -ін игеруге келетін ұлан байтақ қазақтың жерінде «мал өсіруге жайлым жоқ, егін салуға жер жоқ!» деп, халықтың тентіреп жүруі  ешқандай логикаға сыймайды. Өңір басшыларының қызмет нәтижесін  оның ауыл шарушылығына қаншалық деңгейде көңіл бөлуімен, алдынғы жылдан қарағанда кәсіпкерлікті қаншалықты деңгейде көп жолға қоя алғанымен бағалап отыратын механзим керек бізге. Сонымен бірге,  мемлекет бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерінің дұрыс игерілу, игерілмеуін бүкіл халық болып қадағалай алатын ыстық желі іске қосылып, кез-келген қоңырау өзіне ең қысқа уақыттың ішінде жауап ала алатын болса,  «бос жатып жау шақыратын» жер қалмас еді.

Төртінші, Қазір бізге келген Инвесторлар ана әкімнің есігін бір сығалап, мына әкімнің есігін бір қағып, қолынан беріп, аяғынан тозып жүр.

2016 жылы Астана қаласының сауда палатасының басшылары және бірнеше кәсіпкерлер Қытайдың Нантуң қаласының өнеркәсіп көрмесіне  және инвестор тарту жиналысына бара қалдық. Сонда қытайдың «Инвестиция тарту мекемесінің» қызметкерлерінің жұмысы, құдды тауарын тықпалап сатып жүретін компанияның қызметкерлері сияқты зыр жүгіріп жүр. Визиткасын ұсынып, «Зауыт салам десеңіз, зауыт үйін көрсетейін, бізде барлық жағдай жасалған, мынадай тиімді саясаттарымыз бар..» деп, алды-артыңды орайды. Құдасын күткендей, жайлып жастық болып, ішіңнен кіріп, сыртыңнан шығады. Қытайдың тез дамуының бір сыры – осы. Біз де неге солай істемеске? Істеуге болады. Қолымыздан келмей ме? Келеді! Егер, біздің атқарушы билік жалғасты осылай бюрократиялық дертпен  жұмыс істей берсе, біздің тығырықтан шығып, дамуға қол жеткізуміз қиынға соғады...

Сол үшін, шеттен келген инвестицияға қойылатын қатаң талаптарды азайту керек. Әкімшілік кедергі деген атымен жоқ болуы керек. Ақша салам деп келген шетелдік инвесторға өндіріс ашуға лайықты инфрақұрлым дайын болу керек.  Билік бір адамның қолына шоғырланбай, жергілікті әкімшілікке құзырет беру керек... Сол керектердің бәрін жүзеге асыру үшін кемелді Заң керек!!!

        Бесінші, кәсіпкерлікті дамытудың тағы бір тиімді жолы – қаржылық қолдауды одан ары жеңілдету. Нақтырақ айтқанда, банктың несие беру жүйесін реформалап, мемлекеттің жеңілдетілген несиесін алудың мүмкіндігін тіпті оңтайландыру керек. Қазір мемлекеттің «Даму қоры» екінші дәрежелі банктердің қол жаулығы болып қалған. Банктер оны өзіне тиімді болса пайдаланады, тиімсіз болса лақтырып тастайды. Банктер барынша мемлекеттің жеңілдетілген несие саясатын атқармауға тырысады.

Өйткені, сіздің кепілге қойған мүлкіңіздің сыртында «Даму қоры» сізге 50% кепілдік береді. Бірақ, ол 50% кепілдіктің қатерін несие берген екінші дәрежелі банк арқалайды. Яғни, банк өзінің берген қарызын қайтарып алуға 100% өзі жауап береді. Сондықтан, егер мемлекеттің қамқорлығынан игіліктенгіңіз келіп,  "Даму қоры" арқылы орта-шағын бизнеске «Даму қоры» көрсеткен банктен несие сұрасаңыз, банк сізден кем дегенде екі айсыз жинап бітпейтін құжаттарды талап етеді. Сонымен бірге,  несие шарттары ауырлай бастайды. Ал, жоғары пайызды (20-26%) несие алам десең, оны 3 күнде рәсімдеп беруге уәде береді. Банк оны «сыйақы» деп, атайды екен. Ал қараңыз, мұндай "қолдаушы" емес, "тонаушы " банк жүиесі тұрғанда, орта-шағын бизнес, кәсіпкерлік қалай дамиды?!

Менше, қолдау көрсететін кәсіпорының экономикалық жағдайын «Даму қоры» өзі анықтап, өзі беретін 50% кепілдікке өзі ие болғаны дұрыс. Сөйтіп, ақшаның кейін қайтарылу қауіпсіздігіне өзі жауап беріп, банктың жауапкершілігін жеңілдетсе, несиенің берілуі де жылдамдайтын еді.

«Сауда сақал сипағанша» дегендей, қазіргі таңда кезкелген сауда өз уағында жасалмаса, пайда көрудің орнына зиян тартып қалуың әбден мүмкін. Сондықтан, несиені рәсімдеу мерзімін барынша қысқартып, несиені кәсіпкерге «егістікке уағында жауған жаңбырдай» етіп тез қолына тигізсе, сонда ғана орта шағын бизнесіміздің тамырына дәл уағында су барып, қаулап өсер еді.

Айта берсек мәселе көп. Әрине, бәрі бір мақаланың көлеміне сыймас. Естір құлақ болса, алда және айта жатармыз. Бұл жолғы карантин бүкіл елді жұмыстың қадіріне бір жеткізудей жеткізді. Енді ешкім жұмыс істеуден жалықпайтындай болды. Осындай да билік жұмыс істеймін деген халыққа дұрыс саясат берсе, Еліміз әлі-ақ  дағдарыстан аман есен шығып, бай қуатты ел болады! Оған  сенімім кәміл!

Ең бастысы, осы айтқанның бәрін орындау үшін, тағы қайталап айтам, кемелді заң керек. Ол заңды «кеңсебайлар» емес, тәжірибелі мамандар мен стажы көп кәсіпкерлер жасаса, тіпті қатып кетер еді.

 Ербосын НҰРМҰХАНҰЛЫ

6алаш ұсынды