Қазақстанда тұрмысқа шыққан қыздардың күйеуінің тегіне көшуі қалыпты үрдіске айналған. Кеңес Одағы тұсынан бастау алған бұл жайт Қазақстан тәуелсіздік алғалы 30 жылға таяса да әлі жоғалған жоқ. Орыс отаршылдарының қазақ ұлтының әдет-ғұрпын, бабадан жалғасқан бағалы дәстүрін бұрмалаудың бір көрінісі есептелетін бұл қағиданың қазақтың дәстүріне жат екенін ескеретіндер де ел ішінде сиреп барады.

Ат тергеу – асыл дәстүр

Қазақ келіндерінің шешендігін, сұңғылалығын, әдептілігін көрсететін дәстүріміздің бірі – ат тергеу. Ол жаңа түскен келіннің ата-енесінің, қайын аға, абысындарының, қайын сіңлілері мен қайындарының, ауылдағы жасы үлкен, сыйлы адамдардың атын тіке атамай, басқаша ат қойып, баламалап айтуын меңзейді. Нақтылап айтқанда, босаға аттаған келін күйеуінің әке-шешесін «ата», «апа», «ене» деп атаса, қайнағасын «үлкен аға», әйелін «үлкен абысын», «жеңешем», қайындарын «мырза», «сері», келіншегін «тетелес», «ақылдас», қайын сіңлілерін «еркем», «кербез» деген аттармен атаған. Жасына, бедел-дәрежесіне, мінез-құлқына, сын-сипатына, кәсібіне қарай да ат қойып тергеген қазақ келіндері өз күйеуінің атын да тіке атамай, «отағасы», «балалардың әкесі» деп ізеттілік көрсеткен.

«Ат тергемесе, артқан жүк ауады» деп ырымдайтын халқымызда келіндерінің ат тергеу шеберлігін бейнелейтін мынадай бір мысал бар. «Бір-біріне жақын туысқан Қамысбай, Қашқынбай, Қуанбай, Тезекбай, Бұлақбай, Қасқырбай, Қойлыбай, Қайрақбай, Пышақбай, Қылышбай есімді ағайындыларға бір қыз келін болып түсіпті. Бір күні ауыл маңындағы бұлақтың арғы жағында қамыс­тың қасында жайылып жатқан қойға қасқыр шауып, бір тоқтыны жаралайды. Оны тезірек бауыз­дап алмаса арам өлетін болған соң, оқиғаны көзімен көрген жас келін ауылға былай деп айғай салыпты: Ау, халайық, сарқыраманың (бұлақты айтады) арғы жағында, сылдыраманың (қамыс­ты айтады) бергі жағында, маңыраманы (қойды айтады) ұлыма (қасқырды айтады) жаралап кетті. Жылдам білеуіт (Қайрақ) пен жаныма (пышақ) әкеліп, адал орақтап алмаса, өлетін түрі бар» депті». (қ. Халид «Тауарих хамса», Алматы, «Қазақстан», 1992 ж). Міне, көрдіңіз бе, қысылтаяң сәтте де әдептен озбайтын қазақ әйелдерінің тапқыр­лығын! Алайда бабадан балаға жалғасқан осы асыл дәстүріміз бұл күнде бүкілдей жойылып кетпегенімен, арқауы босап барады. Бұрын «ар­уақтан, шаңырақтан ұят болады» деп үлкендердің атын жаны шығып бара жатса да атамайтын қазақтың келіндері қазір атасының атын айта беруден тым қымсынып кет­пейтін болды. Керек десеңіз, барған әулетінің тегіне көшіп, атасының атын фамилия­сы ретінде күнде атап жүрген келіндер де көп.

Заң мен діннің үкімі қалай?

Азаматтық құқық тұрғысынан алғанда, некеленген қыздың бұ­рынғы тегінде қалуы немесе өзгертуі – өз еркінде. Заңдық тұрғыдан айтатын болсақ та, «Неке және отбасы туралы» заңның 31-бабында ерлі-зайыптылардың тек таңдау құқығы анық көрсетілген. Яғни неке қиған кезде олар өз қалаулары бойынша тегін таңдайды, ортақ текті қолдануына да, өзінің тегін сақтап қалуына да болады. Ал неке бұзылған жағдайда, неке қиған кезде таңдаған тектерін сақтап қалуға немесе некеге дейінгі тектерін қалпына келтіруге құқылы.

Қазір күйеуінің фамилиясына көшпегендерге «уақытша тұрмысқа шыққандар» деп қарайтындар да жоқ емес. Алайда босағаның беріктігі тектің бірдейлігінде емес, махаббат пен құрметтің құзырында екені кім-кімге де тү­сінікті ғой. Осы тұрғыдан алғанда, жігіттердің болашақ жарының пікірімен санас­пай, әйелінің өз тегіне өтуін талап етіп, табандап тұрып алуы да дұрыс емес. Қалыңдықтың да Қазақстан азаматы ретінде құқығын пайдаланып, өз таңдауын жасау еркі бар.

Ал діни тұрғыдан келгенде, мамандардың пікірі екіге жарылады. Кейбір дін мамандары пайғамбарымыздың: «Кімде-кім өзін өз әкесіне емес, өзгеге қатысты етсе… Алланың, періштелердің және бүкіл адамдардың лағнеті соған болсын» деген хадисін алға тартып, тек ауыстыру күнә деп есептесе, бұған қарсы пікірдегілер тек өзгертудің дінге қайшы еместігін, бұл тек «пәленше-түгеншенің отбасына әйел болып барды» дегенді айғақтайтынын айтып, сахабалардың жұбайлары «пәленшенің әйелі» деп шақырылғанын мысал ға келтіреді.

Дәстүрге томпақ, салтқа сыйымсыз

Қазақы таным тұрғысынан айт­қанда, тек адамның сойы деп қарау­ға болады. Ол тіпті ата-анасының кім екенін айқындайтын құжат іспетті болғандықтан, оны өзгерту шыққан тегінен бас тартумен бірдей. Ал шыққан тегіңді өзгерту қазақтың қалыптасқан шежіресін бұзумен тең. Әрине, әйел (қыз) адам шежіреге енбегенімен, ол да бір әулеттің артында қалған тұяғы. Сосын да атамыз қазақ «қыз – жат жұрттық» деп біліп, қызын біреудің босағасына бала қылып бергенімен, тегін өзгертпеген.

Ұзатылған қыздың тегін ауыс­тыратын әдет Қазақстанда, Түркия қазақтарында (бұл елде некеленген әйелдің күйеуінің тегіне көшуі міндетті) болғанымен, Қытай мен Моңғолия қазақтарында жоқ. Моңғолия қазақтарынан шыққан шежіреші, жазушы Шынай Рахметұлы келіннің күйеуінің тегіне көшетін әдет қазақ дәстүріне жат, славян халықтарынан келгенін айта келіп былай деді: «қазақтың келіндері атасының атын айтпақ түгіл, келін боп түскен елдің руының атын да тіке атамаған. Мәселен, Шеруші руының келіндері аталған руды «Жорықшы» деп тергесе, Тайлақ руының ке­ліндері Тайлақты «Бұйдасалма» деп атайды. Бұл – жай ат тергеу ғана емес, аруаққа деген құрмет. Мұндай дәстүр моңғол ұлтында да бар. Киіз туырлықты екі ұлттың тұрмыс-салтындағы мұндай ұқсастық ат тергеу дәстүріміздің тамыры тым тереңде жатқанын айғақтаса керек.

Филология ғылымдарының докторы Бекжан Әбдуәлиұлы да жаңа түскен келіндердің тегін өзгертуін құптамайтынын, керісінше, қазақтың «ұлы», «қызы» деп қолданатын дәстүрін қайта қалыптастыру керектігін айтады. «Қазақ қызын ұзатқанда «сүйегі менікі, еті сенікі» деп береді. Бұл арадағы сүйекті тек деп түсінуге болады. Оның үстіне, біздің қазақ толық аты-жөнін жазғанда немесе айтқанда «ұлы», «қызы» деп атайтынын ескерсек, орыстың ықпалымен енген дәстүрімізге кереғар әдеттен құтылатын кез келді. Екінші жақтан айтқанда, тегін өзгерткен келін фамилиясы арқылы күнде атасының атын атап отырады. Бұл дәстүрге сыймайды. Сондықтан есіміміздің артына ұлы, қызы деп қосуды қайта қалпына келтіруіміз керек. Мұның артында ұлттық шежіре тұр. Көне түркілерден жалғасқан бұл дәстүрді кешегі Алаш арыстары да сақтап келді» дейді ол. Біздің де айтар ойымызға осыдан артық сүйеу жоқ.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ