Соңғы жылдары Қазақстанда қазақ тарихына, ұлт өнегесіне және елі үшін еңбек еткен айтулы тұлғалардың тағылымы мен тағдырына қатысты кинофильмдер түсіріле бастады. Әсіресе, қазақ тарихының арғы қатпарынан сыр шертетін «Алтын тақ», «Алмас қылыш» сияқты фильмдердің жасалуы ұлттық рухты оятып, ұрпақ санасын жаңғыртудың жақсы жолы болғаны шын.

Алайда осы тарихи фильм­дердің ұлықтаған идеясы, көтерген тақырыбы ұлттық құндылық болғанымен, тіл жағынан көрерменін тұшынта алмайтын тұстары көп. Тұшынтпақ түгіл, тілімізде әбден қалыптасып, орныққан тұрақты тіркестердің өзі кейде орынсыз бұрмаланып кетіп жатады. Сондай кемшілікті шешендігі мен әділдігі исі қазаққа аңыз болған «Төле би» телехикаясынан да таптық.

«Біткен іске сыншы көп». Түркістан облысы әкімдігінің бастамасымен, «Сақ» киностудиясы және «Оңтүстік фильм» компаниясы бірлесіп түсірген бұл телехикая біршама сәтті шыққан. Фильм режиссері Батырхан Дәуренбеков бас кейіпкер Төлені қара қылды қақ жарған әділ би ғана емес, ержүрек батыр ретінде көрсетуге тырысқан. Он бөлімнен тұратын сериалдың тым әсірелеп жіберген және қазақы қағидаға сай келмейтін ішінара тұстарын былай қойғанда, жалпы барысы жаман емес. Әсіресе, қазақ пен жоңғар қолы кезіккен сәттердегі жекпе-жектер «Алтын тақ» тағы сияқты тар жылғаның ішінде емес, кең жазықта көсілте көрсетілген. Фильмнің сценарийін жазған Бақытжан Құлжабай мен Шойбек Орынбай да Төленің шешендігін, тауып айтар тап­қырлығын көркемсөз, тамаша тіркестермен бейнелеуге тырысқан. Алайда тіл қолдану жағында кейбір жібермеуге тиісті қателіктердің кеткені қынжылтады. Мәселен, Төле мен Айғанымды кезіктіру үшін қыздың жеңгесіне жолыққан Анапкел «Жеңеше, ізетіңізге құрық бойламас, кеш батқанша ауылға жетуім керек» дейді. «Қулығына құрық бойламайды» дегенді естісек те, ізетке құрық бойламайтынын естігеніміз осы. Әбден қалыптасқан тұрақты тіркесті бұлай «Бұқадай мұрындықсыз сүйрелеу» сөз қадірін білетін қазақ үшін әбестік екені айтпаса да түсінікті. Осыдан кейінгі көріністе, жас Төле мен Айғанымның алғаш кезіккен жерінде Анапкелдің Төлемен бірге жүрмей төбе басында қалуы, Төленің екі етегі желпілдеп үш қыздың қасына жалғыз шауып баруы да тым ыңғайсыз. Осы арадағы диалогтардың да дімкәстігі бар. Мәселен, қыздардың Төлеге «Қамыстай көп болсаң, қарақан басың неге жалғыз жүрсің» деген сөзі естір құлаққа томпақ сезіледі. «Қарақан басың» деген сөз қазір тілімізде «Соқа басы, жеке басы» деген ұғымды білдіргенімен, бұл арада «Соқа басың сопайып» десе, жатық болатын секілді.

Төленің Айғаныммен алғаш кезігіп, танысып тұрып, «Ұрын келген жігіттің ниетін ұққан боларсыздар» деген сөзі қазақы жосынға мүлде сыймайды. Тек бұл жерде ғана емес, фильмнің тағы бір жерінде Төленің досы Анапкел «Бойдақпыз ғой, кейінгі кездері қыздарға ұрын барғанды да қойдық» деп соғады. Бұл енді аса әбес айтылған сөз. Байқаймын, сценарий авторлары ұрын баруды «Қыздарға бару, қыздарға қырындау, қыздармен кездесу» деп қана түсінетін секілді. Нағызында қазақ салтында ұрын бару, ұрын келу деп күйеу жігіттің айттырылған, атастырылған қалыңдығымен танысу үшін қайын жұртына ең алғаш барған жолын айтады. Ендеше, Төленің атастырылмаған Айғаныммен танысқалы келіп тұрып, «Ұрын келгені», Анапкелдің «Қыздарға ұрын бармағаны» қалай?! Жолға да, жосынға да сыймайды. Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романында: «Абайдың бұл келісі ұрын келу деп, жыртыс сала келу деп, кейде есік көре келу, қол ұстау деп те аталады. Өзге келістердей емес, күйеу бұл жолы, алғашқы күндерде талай нәрсеге көндіге білу керек. Сол өзгешеліктің үлкені – қалыңдықты көрсетпеу» деп тегін жазған жоқ.

Төле мен Айғаным Жұбайқызылда кезіккен кезде, Айғанымның «Мен мұнда болмағанмын» деген сөзі де тарихи киноның құтын қашырып тұр. Жалпы «Мен пәлен жерде болғанмын» деген сөз Қазақстанда ғана қолданылып жүр. Мүмкін бұл орыс тілінің әсерімен енген сөз болуы керек. Басқа елдегі қазақтар «Мен пәлен жерге барғанда, бардым» деп қолданады. Яғни бұл жерде Айғаным «Мен бұл араға бұрын келмеген екенмін немесе алғаш келіп тұрмын» деп айтса, барлық қазақтың жүрегіне жылы тиер еді.

Фильмде «Төңіректің төрт бұрышы» деген сөзді де «Даланың төрт бұрышы» деп алу не тіркестің, не сөйлемнің ажарын ашып тұрған жоқ. Керісінше, қалыптасқан сөздің құтын қашырып тұр. Сонымен қатар қой соятын көріністе мал бауыз­даған жігіттің пышақты арамен кесіп жатқандай егеп жатуы, Төле бидің ақбоз атты бауыздағанда пышақты өзіне қарсы тартуы да қазақы тұрмысты білетін көзге сөлекет көрінеді.

Қазақстанда түсірілген тарихи фильмдердің бәрінде сүліктей сұлу арғымақтарға мінген бай-бағландардың атқа ноқта салмай, жалаң жүген салатыны да тым дұрыс емес. «Төле би» телехикаясында да осы қателік қайталанған. Ноқтаның қазақ тұрмысындағы орны, әсіресе, ат әбзелдеріндегі рөлі бөлек. «Атасы басқаны қыз қосады, үйірі басқаны ноқта қосады» дегендей, ноқтаны қазақ сән үшін ғана емес, атты байлауда, жетектеуде, шылбырынан ұстап жайылту үшін де пайдаланады. Тілімізде «Екі тізгін, бір шылбыр» деген сөздің айрылмайтыны сияқты, тарихи фильмдерде ноқтаны да назардан қағыс қалдырмаған дұрыс. Өйткені жаугершілік заманда шылбырдың атқаратын орны да өзгеше. Оның үстіне, аттың басына жалаң жүген салу жоқшылықтың белгісі сияқты сезіледі. Қазақ бәйгеге қосқан атқа ғана жалаң жүген салған. Себебі бәйгеге шапқан баланың астына тоқым ғана салынатындықтан, шылбырды тізгінмен қосып ұстау балаға қолайсыздық тудырады. Ал күнделікті тұрмыста жүгеннің астынан ноқта салып, шылбыр­ды ерге орап немесе алдыңғы қанжығаға байлап қояды.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

"Астана ақшамы"