Ұлыстың Ұлы күнінің қарсаңында көне қазыналарға бай Орталық ғылыми кітапхананың Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорын ақтарып көрдік. Наурыз туралы жазылған бес-алты қолжазба қолымызға тиді. Ал, 1896 жылы  шыққан «Китаб-е Қисса-и Науруз = كتاب قصة نوروز» ( - Қазан : Б. Л. Домбровский баспаханасы, 1896. - 24 б. - Мәтін араб шрифтімен берілген. - Қисса екі бұлбұл бірге түптелген) атты кітапты зерделеп барып пікір айту керек. Себебі, кітап мазмұнынан жылдың басы – ұлыстың ұлы күні туралы сөздер бірден көзге шалынбай отыр. Сонымен, қолжазбалар арасынан Мәшһүр -Жүсіп Көпейұлы  халық арасынан жинаған әдеби мұралардың ішінен мына табылған бір  өлең  мен Шәкәрім қажы Құдайбердіұлының  «Наурыз айындағы өлеңдер» атты ақырыпқа үңілдік. Бұл екеуінен де ертерек жазылған, бірақ қолжазба қорына 1940 жылы тапсырылған «Наурыз көже туралы» жырдың да маңызы бөлек.

Ендеше аталған материалдарға бір-бірден келейік.  Қазақтың  заңғар ілім иесі  Мәшһүр Жүсіп атамыздың мыңжылдық мұрасының дені Алматыдағы  Орталық ғылыми кітапхананың қолжазбалар қорында сақтаулы. Ғұламаның төл шығармаларының және жұрт арасынан жиған-терген мұраларының қолжазбаларынан жалпы 30-дан астам аса көлемді бума дәптерлер аталған қорда сақтаулы. Одан сырт, егей тұлғаның өткен ғасыр басында шыққан бес кітабы да Сирек кітаптар қорына жайғасқан. Мәшһүрдің осыншама мол жазба мұраларының ішінде біздің бүгін қалам тартып отырған тақырыбымыз – наурызға қатысты өлеңді толықтай салуды жөн көрдік. Аталған қолжазба «Машһүр Жүсіп жинаған өлеңдер» (1176 – Қолжазба, № 7)  деген атпен, араб жазуында жазылып, жинақталған. Бұл бумада  «Ертерек заманда Машһүрдің айтқан өлеңі», «Дүние үшін оқу оқып болған молда», «Наурыз өлеңі», «Шал батасы»  деген тақырыптар бар. Қолжазбаны кітапхана қорына кім, қашан тапсырғаны көрсетілмеген. Жалпы 13 беттен тұратын бұл жазбаның 12-13 бетінде біздің тілімізге тиек болған «Наурыз өлеңі» бар [1]:

(1176 – Қолжазба, № 7)  «Наурыз өлеңі», «Шал батасы»

Біреуім екеу болып, мал қосылды,
Қорама жүзден  ұлақ, қозы толды.
Ызғарлы, қыс-зымыстан,суық кетіп,
Аспаннан күн күлімдеп, шырай енді.
Ұзамай қар да кетер, жаз да болар,
Сай-сала күрілдесіп, суға толар!
Бөленіп жер жеміске, мың құлпырып,
Шалғынға көкорайлы ауыл қонар.
Жаз исі бүгін келді, жан жайланды,
Кешегі көрген бейнет артта қалды.
Өмірге жаңа жолдар ашатұғын
Жаңа жыл- бүгінгі күн – жаздың алды.
–  Қатын тұр, көжеңді ішіп, асыңды сал!
Келейін түске шейін мен жайып мал!
Жаңа жыл  –   шілде күні – өмір басы,
Тойынсын бүгінгі күн жас балалар!

Шал батасы

Бас қосқан: шалдар, жастар бөлек-бөлек,
Қамдаған үй қожасы мейрамды елеп.
Шараны шайқалдырып алып келді,
Шалдардан енді бұған бата керек!
– Ақсақал, «илай-аумин»- батаңды бер,
Көгерсін көкірегінде ең кіші ел!
Бір малын келер жылға екеу қылып,
Кәсіпке жұмылмаған қалмасын ер!
Береке күннен-күнге таса берсін,
Кедейдің үстемдігі аса берсін!
Құдайдың не бергені қайырлы боп,
Ел өрлеп ілгері аяқ баса берсін!

Мәшекеңнен қалған Наурыз туралы сарымайдай сақталған сарқыт жазба осы. Бұл ақынның өз өлеңі емес, ел арасындағы туынды болуы мүмкін. Себебі, қолжазбаларда ғұламаның өз туындылары бір бөлек, жинаған фольклорлық мұралары бір бөлек сақталған. Аталған қолжазбада «Наурыз өлеңі» мен «Шал батасы»екі бөлек өлең ретінде бірлген.  Ал, қазіргі басылымдар мен ресми сайттарда бұл екі өлең бір-бірімен қосылып кеткен. Оның үстіне авторы Мәшһүрдің өзі ретінде көрсетіліп жүр [2] .

Дегенмен авторы белгісіз шығарманы біреуге тәуелдегенде аса абай болуы керек. Түйе танитыны жапырақ деп «адасып» жүрген шығармаларды Абайға, Мәшһүрге, Мұқағалиға тели салу үрдісі белең алып барады. Тірісінде еш пендеге қиянат жасамаға тұлғалар, о дүниеде де біреудің туындысын меншіктеуден арланатынын көкейде ұстаған жөн.

Наурыз туралы жазылған енді бір маңызды қолжазба 1088 нөмірмен тіркелген «Наурыз тойындағы өлеңдер» деген атпен жинақталған Шәкәрім қажының мұрасы. Шәкәрімнің бұл жазбасы 1925 жылы «Таң» журналының 4-нөміріне басылған. Кейін басқалар латын әрпінде қолмен көшіріп жазып, кирилл жазуында машинкада теріп, ОҒК-ның қолжазбалар қорына тапсырған.  Ол кезде қызықты, құнды деп танылған материалдар кітап болып шыққанына қарамастан, қолдан-қолға көшіріліп отыратын. Сол тұрғыдан алғанда Шәкәрім ақсақалдың бұл материалдары да басқаларға ерекше ұнаса керек. Қажы жазбасында «Наурыз – парсы сөзі. Қазақ бұрын олай атамайтын. Ескі қазақша (ескі түрікше) жаңа жыл күнінің аты – ұлыс»,-дей келіп, наурыз деген атты қожа-молдалар қазаққа енгізді деп түйіндейді. Сондай-ақ ғұлама қажы: «Жыл басының аты – ұлыс екенінің дәлелі мыналар» деп төмендегі өлең жолдарын көрсетеді:

Ұлыс күні қазан толса,

Ол жылы ақ мол болар.

Ұлы кісіден бата алса,

Сонда олжалы жыл болар.

Ұлыстың ұлы күнінде,

Бай шығады балбырап.

Қасында жас жеткіншек,

Тұлымшағы салбырап.

Келіншек шығар керіліп,

Сәукелесі саудырап.

Қыз шығады қылмиып,

Екі көзі жаудырап.

Бозбала шығар бұрқырап,

Ақбөкендей сырқырап.

Құл құтылар құрықтан,

Күң құтылар сырықтан.

Кетік ыдыс, шөміштің,

Түтіні шығар бұрқырап.

Шәкәрім осы секілді тағы да бірқанша көне өлеңдерді мысал келтіреді де, осы өлең жолдарында «наурыз» атауы емес, «ұлыс» атауы қолданыста екенін тиянақ етеді.

Ұлыс күні кәрі-жас,

Құшақтасып көріскен.

Жаңа ағытқан қозыдай

Жамырасып өріскен.

Шалдар бата беріскен,

Сақтай гөрі деп терістен.

.....

Көмілсе мін кетер ме көкейімнен,

Қалқаммен Ұлыс күні ойнағанмын [3].

Наурыз тойындағы өлеңдер (1088 – қолжазба, № 2), Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы.

Шакәрім қажы бұл өлеңдер көнеден келе жатқан салт-дәстүр жыры екенін өзі айтады. Алайда бүгінгі таңдағы ресми сайттарда осы халық өлеңдерін Шәкәрімнің авторлық шығармасы дей салу көп ұшырасады. «Қазақстан» теле-арнасының сайтында және басқа да сайттарда осы өлеңдерді жинаушы Шәкәрім қажы автор болып көрсетілуде [4]. Зерттеушілер осындай ағаттықтардың ара-жігін ажыратуы тиіс.

Бір дәуірдің екі алыбынан қалған жыр жолдарынан тұжырымдайтын дүние көп. Әсіресе, бұл жазбалар ұлттың ең ұлы мерекесі ұлыс күнін, ұлыстың ұлы күнін атаудан бастап, қазыналарымызға қайта қайырыла қарауымыз керектігін ескертеді.

Наурыз мерекесі туралы жазылған тағы бір материал – «1088 – Қолжазба, № 1» бумасында 1940 жылы   Ертай Құлсариев  қорға тапсырған, араб әрпінде жазылған, 6 беттен тұратын «Наурыз көже туралы жыр» атты қолжазба.  Бұл жазбаның емлесінен қарағанда 1925 жылдан бұрынырақ жазылса керек. Себебі, төте жазудан бұрынғы қадімдік стілде жазылғаны байқалады. Қолжазбада наурыз мерекесінде болатын жоралғылар сөз болады. Дегенмен, мазмұнына наурыз мерекесімен қатысы аздау салт-дәстүрдің енгеніне қарағанда, автор бұл дәстүрді тым терең білмеуі де мүмкін деген ойға жетелейді.

Наурыздың сонымен келер айы,

Көженің жасалатұн жол ыңғайы.

Өгіз, жылқы сойылар, қойдан қошқар,

Қысырдың еміп жүрген семіз тайы.

.............

Бәрін де сойған малдың асар барын,

Жұуған қатын алады қатпаршағын.

Наурызда көжеге қосамыз деп,

Сақтаған сүр соғымның жамбастарын [5].

«жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы» деп, малдың ауызы толықтай көкке іліне қоймаған, арық-тұрақ мал өліп қалатын, қара өзек шақ аталған наурыз кезінде қазақ баласы мал соймайтын еді. Жаңа сойған малдың етін наурыз көже жасау туралы айтылғанына қарағанда біз қазірше бұл белгісіз автордың жазбасын қазақтың көшпенді түркілік өмірінен сусындамаған адамның туындысы деп шамалай тұрамыз. Бұл туралы қолжазбатанушы ғалымдар мен этнографтар тереңдете түсер деген ойдамыз.

Наурыз көже туралы жыр (1088 – Қолжазба, № 1)

Орталық ғылыми кітапхананың Сирек кітаптар қорынан біз байқаған «Китаб-е Қисса-и Науруз = كتاب قصة نوروز» атты кітап та зерттеушілердің назарынан тыс қалмағаны дұрыс. Бір қарағанда діни тақырып, бір қарағанда қыз-жігіттер арасында өлеңдер секілді болып келетін бұл ескі кітаптың толық мазмұнын екшеп үлгірмедік. Десе де, оқырман назарына ұсына кетудің айыбы жоқ деп ол кітаптан да үзінділер бере кетуді жөн көрдік. Қазақ, башқұрт, татар және ноғай жазбалары аралас-құралас шығып жататын Қазан қаласына тән көп кітаптың бірі.

«Китаб-е Қисса-и Науруз = كتاب قصة نوروز» (Қазан:Б. Л. Домбровский баспаханасы, 1896.)

Иолұм болса бұргаймыз,

Уағдемізде тұрғаймыз.

Бұлбұлларыны көргәйміз.

Науруз мәрхабат!

Бізләр икі қызлармыз,

Уағдаларны сөзләрміз.

Білкесізләр анкләрсіз.

Науруз мәрхабат!

...............

Бүгүн өзүм дош көрдүм,

Дошүмде бір қош көрдүм.

Бен өзімә жош көрдүм.

Науруз мәрхабат!

Ніндәй екән атасы,

Шыбар екән анасы,

Күзәл хұп қыз баласы,

Науруз мәрхабат [6]!

Өткен ғасыр басына дейін татар, ноғай, қазақ және башқұрт жұрттары бір-бірінің жазбаларын еркін түсіне беретінін ескеру керек. Сол тұрғыдан қарағанда бұл кітапты қайсы ұлттың қаламынан туғанын да қазірше дөп басып айта алмаймыз. Бұл жазба мұраны  дәстүрлі ұлттық жырдан гөрі осы кітап шыққан кездердегі жағдайға сай жазылған тақпақтар тізбесі деуге болады. Қазақтың «жар-жарына» да ұқсап қалатын қыз бен жігіт айтысынада жақын келеді. Әз наурызбен яғни ұлыстың ұлы күнімен тікелей болмаса да жанамалай қатысы бар болған соң, зерттеушілер назарын бұру үшін мақаламызға қосып отырмыз.

Қорыта келгенде, Ұлттық жаңғыру ғасырын өткізіп жатқан елімізде ұлттық құндылықтар дәріптеліп жатқан бүгінгі таңда, біз де мақаламызды ұлыстың ұлы күнінің қарсаңында жұртқа ұсынып отырмыз. Ұлыс күні дегеніміз шын мәнінде ұлттық яғни мемлекеттік ұлы мереке-мейрам дегенді білдіретін ауқымды мағыналық қуатты алып жатқан атау. Ұлыстың ұлы күнінде ұлы адамдардан бата алып, ұлттың жолы ашыла түседі дейді жоғарыда көзімізбен шолған жазбалар. Наурыз мерекесін тек қана көлемді той деңгейінде ғана емес,  елдіктің, ерліктің, бірліктің тұтастығын ту еткен іргелі істердің басы, ұраны айтылып, ұлы жоспарлар жасалатын, ұлы істерге қортынды жасалатын ұлы мереке ретінде ұрпақ санасына сіңіре беру керек.

Сондай-ақ, біз қазыналарын ептеп ашып отырған Орталық ғылыми кітапхана сияқты тарихи жазбалары аса мол орындарды нысана етіп, мемлекеттік деңгейде ірі-ірі нысандар қолға алынып, өшкен сананы жаңғыртып, өткен тарихты қайталай түгендеуге талпыныс жасауымыз керек.

Ұлыс оң болсын!

Әділет АХМЕТҰЛЫ

6alash ұсынады


Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. ОҒК; 1176 – Қолжазба: Машһүр Жүсіп жинаған өлеңдер. №7. - 13 б. - Араб әрпінде.
  2. https://ortalyq.kz/zamaj-ar-da-keter-zhaz-da-bolar122/
  3. ОҒК; 1088 – Қолжазба: Наурыз жайындағы өлеңдер. №2 / Жинаушы: Шәкәрім Худайбердіұлы. - 1925. - 3 б. - Латын және кирилл әрпінде.
  4. https://qazaqstan.tv/news/14915/
  5. ОҒК; 1088 – Қолжазба; Наурыз көже туралы жыр. №1 / Жинаушы: Ертай Құлсариев. - 1940. - 6 б. - Араб әрпінде.
  6. «Китаб-е Қисса-и Науруз = كتاب قصة نوروز» ( - Қазан : Б. Л. Домбровский баспаханасы, 1896. - 24 б. - Мәтін араб шрифтімен берілген. - Қисса екі бұлбұл бірге түптелген)