Жылқының тектілігі
Тілі ат, ата деп шығатын қазақ ұлтының арасында жылқының жершілдігі мен естілігі жайлы айтылатын әңгімелер аз емес. «Төрт түліктің қайсысы болса да туған жерін көксейді. Бірақ жылқыдай апарған жерінен өз жеріне қайта қашып келген түліктер некен-саяқ» деп тарих ғылымдарының докторы, жылқы жайлы көп зерттеу жасаған Ахмет Тоқтабай айтқандай, жылқы – өзі үйренген жері болмаса, «Жат ел, жат жерге» оңай бауыр баспайтын хайуан. Тәжірибелі жылқышылар қыл құйрықты хайуанның бұл қасиетін жерсінбеуімен байланыстырып, оны барған немесе әкелген жеріне үйретуде екі түрлі әдіс қолданған. Оның бірі жылқының кірпігін жұлып тастау болса, екінші сол жылқының туған жерінен топырақ ала келіп, жылқы жайылатын өріске немесе ашылайтын жеріне сол топырақты шашып тастайтын болған.
Шандұңнан қашқан қара айғыр
Өткен ғасырдың 60-70 жылдарында қытайлар Шыңжаңның Алтай аймағынан ішкері Қытайдың Шандұң провинциясына жылқы тасыды. Алтайдан жүк көліктерімен Үрімжіге жеткізіліп, осы арадан жабық вагонға тиеліп, 3500 шақырым қашықтықтағы Шандұң өлкесіне жөнелтілген осы жылқылардың арасынан бір қара айғыр Алтайға қашып келіпті.
Бұл – 1973 жылдың күзі мен 1974 жылдың жазының арасындағы уақиға. Күзде қара айғыр ішінде 200-ге жуық жылқы әкеткен жылқы алушылар бір айдан кейін қамап қойған қашадан секіріп кеткен қара айғырдан айырылып қалғанын айтып, Көктоғай ауданына телеграмма салады. Бірақ ол кезде 3500 шақырым қашықтағы Шандұңнан жылқы қашып келеді деп ешкім ойламаса керек. Келесі жылдың мамыр айында Көктоғай ауданының Дүре ауылына жетіп, кісінеп келіп Ертістен су ішіп, жағадағы топыраққа аунап жатқан қара айғырды көргенде жылқышылар «Обалыңа қалыппыз-ау, жануар» деп құрығына сүйеніп жылаған екен деседі. Ел аузында «Қара айғыр Шандұңнан бір емес, екі рет қашып келген. Соңғы рет қашып келгенде иесі «Басың Алтайда қалсын» деп атып тастапты» деген әңгіме де бар. Міне, осындай екі түрлі нұсқамен айтылатын қара айғырдың сонау ит арқасы қияндағы ішкі қытайдан Алтайға қашып келгені – шынымен де адам сенгісіз ғажап уақиға. Жолдағы үлкен өзендерден, ірі қала, қайшыласқан жолдардан қалай өтті, ол да жұмбақ. Неше мың шақырым жолда ешкімге ұстатпай кеткені де үлкен сыр.
Біреулер қара айғыр адамдардың көзіне түсіп қалмау үшін күндіз тынығып, түнде жүрген деседі. Жалпы, қашқан жылқының күндіз жайылып, тынығып, түнде қашатыны рас. Зерттеуші Ахмет Тоқтабай жылқының бұл қасиетін «біреудің көзіне түсіп қалмауы үшін жасаған қулығы» деп сипаттайды. Бізше, бұл – дәлелсіз дәйек. Жылқының күндіз оттап, түнде қашатын себебі жылқы – өте есті хайуан. Қазақтың түнде жұлдызға қарап бағыт-бағдар айқындайтыны сияқты жылқы да жолын жұлдызға қарап туралайды. Қара айғырдың күндіз тұрып, түнде жүруінің сыры, міне, осында.
Туған жерін тапқан ат екен
Вьетнамдықтар 1960 жылы Моңғолиядан жылқы тасыпты. Әне сол жылқылардың арасынан арбайхер (қазақша кері ат) деген ат Вьетнам елінен қашып, 2 жыл өткенде қу сүйегін сүйретіп, Моңғолияға жеткен екен. Туған жеріне жеткеннен кейін бір төбенің басында тұмсығымен жер тіреп, бір апта тұрып өлген деседі. Ал енді есептей беріңіз, Вьетнам қайда, Моңғолия қайда?! Картаның өзінен қарасаңыз, екі елдің арасы кере қарысқа жуық, ортада кең көсілген қытай елі жатыр. Асқар тау, асау өзен, құба шөл де аз емес. Егер жылқы да жұлдызға қарап бағдар түземесе, қалай жол тапты? Демек, қазақтың аспан денелеріне қарап бағдарды, ауа райын, уақытты болжайтын қасиеті оның баққан жылқысында да бар.
Жылқының жершілдігі жайлы Ахмет Тоқтабай да көп жазды. Есті хайуанның бұл ерекшелігі тұқымы мен тегіне қатысты екеніне тоқталған ғалым жылқының жершілдігі жайлы мынадай дерек келтірген:
1910 жылы атақты Жәмеңке батыр Ташкентте тұратын қырғыз досы Қыдырекеге бір сары ат сыйлайды. Қыдыреке жаз бойы Қарқара жайлауында болып, тамыздың ортасында сары атты жетекке алып еліне қайтады. Ташкентке барған соң сары ат бір-ақ күн тұрып кері қашып, он сегіз күн дегенде Қарқараға қайтып келеді. Қыдыреке сары атты біреу ұрлап кетті деп ойласа керек, төңірегіне сұрастырып жүргенде, Жәмеңкеден «Атың Қарқарада, алып кет» деген хабар келеді. Сонда Қыдыреке еш ойланбастан: «Досым, атың ат-ақ екен, тілі жоқ демесең, адамнан артық жануар екен, өз жерінде жүрсін» деп сәлем айтыпты.
Қытайлар құрмет көрсеткен қара ат
Жылқының естілігі де ерекше. Оған өз құлағыммен естіген бір жайды мысал ретінде келтіре кетейін. Қытайдың Іле қазақ Автономиялы облысына қарасты Текес ауданының Бозадыр деген қыстауы бар. Қыста малдың жоны таймай шығатын күлтелі жер. Алайда жолы өте нашар, ұлы таудың қойнауындағы қыстауға жету үшін өттегі шалаң асулардан асуға, жалама жартастың бетінен қиып салған жалғыз аяқ жолдармен жүруге, тас домалап, көшкін түсетін қия беттерден өтуге тура келеді. Ұмытпасам, 2009 жылы ғой деймін, сол Бозадырдан малшылар көктеуге қарай көшкенде қарлы боран соғып, көшкен ел орта жолда қамалып қалады. Текес ауданының сол кездегі әкімі Қызыркелді Әбдірахманұлы малшыларды құтқару үшін аудандық сақшы бөлімшесінің қызметкерлеріне дейін аттанысқа келтіріп, жолды аштырады.
– Басына қарасаң, тымағың түсердей биік асудың үстінде жол таба алмай қамалған ел тұр иіріліп. Етекте біз жол ашқан болып жатырмыз. Бірақ ол күрегенге күш беретін қар емес еді. Ешқандай техника бара алмайды. Түнімен, күнімен соғып жауған қар қия беттен жыланша ирелеңдеп түсетін жалғыз аяқ жолды сымпитып көміп тастапты. Алда-жалда сол жалғыз аяқ жолдан бір табан шалыс бассаң, біттің, құздан құлап, қорымға түсесің, – деп бастады Қызкелді аға әңгімесін.
Біз дағдарып тұрғанда, қойдай иірілген көштің арасынан бір қара ноқат шығып, еңіске қарай жылжыды, мал да, қамалған көш те соның соңынан ерді. Өзімізге таяғанда байқадық, жол бастап келе жатқан үстінде ер-тұрманы бар қара ат екен. Әлгі жануардың естілігін айтсаңшы, жерді иіскеп-иіскеп қойып жалғыз аяқ жолды жаңылмай тауып келеді. Артындағы көш сәл алыс қалса, олар жетіп алғанша күтіп тұрады. Содан не керек, қара аттың салған сорабымен шұбаған ел етекте тұрған бізге 4-5 сағатта әзер жетті. Қара ат қасымызға келгенде аудандық сақшы бөлімшесінің қытай бастығы бастаған полицейлер әскери тәртіп бойынша қолдарын шекелеріне апарып, тап бір әскери лауазым иесін көргендей атқа сәлем берді. Ал қара ат жазыққа түскен соң жолдың шетіне бұрылып, әлдекімді күткендей қақшиып тұрды да алды. Қасынан қаншама жылқы, қаншама көш өтіп жатыр, біреуіне ілеспей, қой соңындағы аққұба жігіт келгенше қозғалмай тұрды.
Иесі қасына келгенде қара аттың оқыранып жібергенін көргенде, менің де көзімнен жас ыршып кетті. Жүгіріп әлгі жігіттің қасына барып жөн сұрадым. Сөйтсем, бұл жігіт асуға көштің соңынан жетіпті. Жол таба алмай қамалған елді көрген соң, астындағы атын тізгін-шылбырын түріп алдыға салып айдапты. Қара ат та иесінің ойын түсінгендей, иін тірескен мал мен жанның арасынан жарты сағатта әзер өтіп, жол бастапты.
Қысылтаяң сәтте асқан ақылдылық танытып, мал мен жанды құтқарған есті жануарға қалай сүйсінбейсің, керек болып қала ма деп қалтама салып алған 5000 юань (шамамен 250 мың теңге) ақшаны аттың иесіне ұстаттым да:
– Бауырым, қара аттың бүгінгі жақсылығы үшін оған екі жыл азаттық бер. Екі жыл мінбе, қыста жем-шөбін беріп жақсылап бақ. Жазда жайлауға қоя бер. Мына ақшаға басқа ат алып мін. Қара атқа жем- шөп керек болса, ауданның запасқа сақтаған жем-шөбінен тегін алып тұр дедім. Жігіт келіскендей, бас изеді. Кейін уақытым болғанда қара атты арнайы барып көріп қайттым. Екі жыл мініс көрмеген жануар жылтырап тойынған екен, – деп Қызыркелді аға әңгімесін аяқтатты.
Қазақ жылқысының тағы бір қасиеті өз құлынына шаппайды. Сақа айғырлар өзінен туған ұрғашы құлындар құнажын, дөнежін шыққанда үйірден қуып шығады. Өкініштісі, қазақ жылқысының қанындағы осы бір дегдарлықты да адамзат өз қолымен жоюға айналды. Атап айтқанда, жылқының нәсілін сұрыптау үшін әртүрлі тұқымдағы жылқыларды будандастыру қазіргі таңда кеңінен етек алды. Әне сол будан тұқымдарда қазақ жылқысына тән тектілік, жершілдік, естілік мүлде жоқ. Өзінен туған байталдарды үйірден қуып шықпақ түгілі, енесіне шабатын анайылығын жылқы фермаларындағы қарт жылқышылардың аузынан талай естідім. Қан былғанса, қасиет те жоғалады деген осы.
Қалиакбар Үсемханұлы
"Астана ақшамынан" алынды
6alash ұсынады