Мұхтар Мағауин. Бір атаның балалары
Он сегізден тірі қалған үшеу туралы орыс әні көпке мәлім. Тарихын естіген жұрттың бәрі көзіне жас алады.
Мен жалғыз баласынан соғыста айрылған кемпір-шалдың үйінен 1942 жылы көктемде түсірілген сурет көрдім. Әскерге жаңа алынған ауыл жастары. Қасап қырғыннан алпыс жетінің үшеуі ғана аман қайтыпты...
Мен оларды көргем жоқ, олармен бірге жүргем жоқ. Олар туралы жаза алмаймын. Бірақ мен сол қыршын ерлердің панасыз қалған кәрі ата-аналарын білем, жетім қалған жас балаларын білем. Туып үлгермеген нәрестелерінің қазір неше жасқа келетінін, қандай азамат болатынын білем...
Осы шағын дүниені фашизм құрбандарының туып жетім қалған, тумай жарығы өшкен сәбилерінің рухына арнаймын. Өлгендеріне тастаған бір уыс топырағым, тірілеріне жанын жұбатар бір шумақ жырым.
Автор
БАСТАУ
— Ал, ағайын, тегіс жиналсаң, сөзіме құлақ сал, — деді басқарма. — Өздерің білесіңдер, мен жұмысшы әкелем деп кеттім. Ақыры былай болды. Үкімет біздің Бұлғыртау ауданының тоғыз қалқозына елу төрт бала жіберген екен. Жер аяғы шалғай, мен барғанша ересектерін бөлісіп әкетіпті. Соның өзі жақсы болды. Жетісіп отырған ешкім жоқ, түгел кем-кетікпіз. Төрт-бес жұмысшы қосылғаннан азаматтың орны толмас деп, ең ұсағынан таңдап алдым.
Жұрт дабырлап кетті. Басқарма мен есепші екеуі шүпірлеген бір арба бала әкелді дегенді мана, жұмыс басында естіген. Рас боп шықты.
— Сабыр, ағайын, сабыр, — деді басқарма қолын көтеріп.
— Менің әкелгенім алты-ақ бала. Бәріңе жетпейді. Және, қазір баурыма салдым деп алып, ертең өгейсітіп жүрсек тағы қазақшылыққа жатпайды. Мүмкін, үкімет әлі де жіберер, сонда қалғаныңа тиеді. Әзір қолда барын құдай жолымен бөлем. Ай, бәйбіше, — деді содан соң дауыстап.
— Тамағын ішіп болса балаларды алып шық.
— Қазір, ақсақал, — деген дауыс естілді киіз үй ішінен,
— Ал, былайырақ тұрындар, балаларға орын беріңдер, — деді басқарма.
Жұрт жапырыла шегініп, есік алдың қоралай тұрды. Орталарын ашқанмен, кимелесіп, мүмкіндігінше алға шығуға тырысады. Бірі қызық көрмек, бірі үміт жетегінде.
Ақыры басқарма әйелінің ақ шаршысы көрінді. Бірақ сыртқа шықпай, көтерме киіз есікті жамылған күйі бөгеле берді.
— Жүріңдер, айналайындар, бері жүріңдер.
Аппақ қаздың баурынан тұрған сары үрпек балапандай, сап-сары шашты сап-сары бала көрінді. Жұрттың дабыры пышақ кескендей тыйылды. Артынша бірінің соңынан бірі тізіліп, қара шашты, қоңыр шашты, жирен шашты балалар өріп шыға бастады. Күнге көздері шағылысты ма, әлде жадау киінген жат топтан именді ме, бәрі есік алдыңда ұйлығып қалды.
— Өй, қалқабастар, қорықпаңдар, бері жүріңдер, — деді басқарма. Қолынан бір-бірлеп жетектеп әкеп, киіз үйдің күнес жақ қабырғасына қатарлап тұрғызды.
Жаңа сілтідей тына қалған жұрт бадалардың ішінде қоңырқай өңді, қара көзділері барын аңдаған соң қайтадан күбір-күбір сөйлесіп, гуілдеп кеткен.
— Ал, Дәуренбек, — деді басқарма, екі қолын кеудесіне айқастырып, алдыңғы қатарда сіресіп тұрған қара ғалифе шалбар, әскери гимнастеркалы жігітке қарап. — Дүкіметіңді оқы, балалардың мән–жайын айт.
Дәуренбек салдат етігімен сарт-сұрт басып, екі-үш қадам алға шықты да, бас бармағы мен жарты шынашағы ғана бар сол қолымен қармалап, төс қалтасынан төрт бүктелген бір жапырақ қағаз алды. Бес саусағы да бүтін оң қолымен қағаздың бүктемесін жазып, ернін жыбырлатып, ішінен оқып аз бөгелді. Содан соң молақ қолының кеміс шынашағымен балаларды санап шықты. Қағазына тағы бір қарады да балаларды орнын алмастырып, қайта тұрғызды. Тамағын кенеп екі-үш мәрте жөткірініп алып, қағазды мұқият бүктеді де қайтадан қалтасына салды.
— Басекең дұрыс айтады, баланың саны алтау, — деді содан соң. — Смирна тұрып, внимательна тыңдаңдар. Мен ретімен таныстырып шығайын. Тылдағы еңбекшілерге көмекке жіберілген жолдастар төмендегіше. Стройдың басында тұрған екеу — қазақ балалары, үлкені сегізде, кішісі алтыда, мынаусы — Нартай, анаусы — Ертай, екеуі ағайынды. Бұлардан соңғы — татар баласы, аты Рәшит, жетіде. Көзі сығырайған жалпақ бет, тақырбас қара — әйел бала, қалмақ, я дүңген, жасы алтыда. Қасындағысының аты — Яков, тоғызда, қолағаштай мұрнына қарағанда жойыт тәрізді, бірақ документте орыс деп жазылған; қайдан кеп, қайдан тұрғаны белгісіз, әрі мылқау. Ең соңындағы — жаңа алдымен шыққан қасқа, жетіде. Сіздерден жасыратын не бар, тегі жаман — неміс. Бұл баланың орны детдом емес еді, әке-шешеден бірдей айрылып, панасыз қалған соң алынған екен. Өкіметтің кеңшілігі көп. Енді осы араға келіп тұрған жайы бар.
— Сонда қалай? — деді біреу.
— Не қалай?..
— Мына бала...
— Қай бала?
— Мына балалар... не... алған адам... алам деген адам... нетіп...
— Мен бәрін де айттым, — деді Дәуренбек. — Тағы қандай сұрақ бар? Ешқандай сұрақ болмады.
— Түсінікті, — деді Дәуренбек. — Мен болдым. Басеке, сөз өзіңіздікі.
— Сөз дейтін не сөз бар... Осы ауылдан соғысқа сайдың тасындай қырық үш азамат кетіп еді. Әзірге оралғаны екеу-ақ. Дәуренбек қолдан, Берден аяқтан айрылып қайтты. Жиырма төртіне қара қағаз алдық. Хабарсызы қаншама. Тегіс жетімбіз. Жетім болмасақ, әліпті таяқ деп білмейтін Тоқажан қалқоз басқарма ма. Жетім болмасақ, жетпіске келген Ахмет күндіз мал қарап, түнде күшкөлік баға ма. Әйтеуір артының қайырын берсін... — Көзі жасаурап сол бөгелді де қайта жалғастырды. — Сөз дейтін не сөз бар, біз баладан айрылсақ, мына алдарында тұрған — атадан айрылған жетімдер. Екі жарты — бір бүтін... — Даусы жарықшақтанып, мұрты селтеңдеп, бұдан ары сөйлей алмады.
— Тоқа! — деді сол аяғына көнетоз саптама етік, он аяғына былғары тысты жаңа протез киген сырма күртелі қарамұрт. Бұл — бригадир Берден еді. — Тоқа, осы тұрған жұрттың көбі бала алғысы келеді. Мен де, ана Ақан да, мына Тілеубай да. Өзіңіз де құр қалмассыз. Тегіс сәби жасындағы кішкентай балалар көрінеді. Шыққан жерін ұмытып, ертең-ақ ет-бауырымыз боп кетеді. Өз қолыңызбен үлестіріп беріңіз.
— Ләббай, — деді қайтадан қатайып алған басқарма, — мен бөлмеймін, өздерің таңдаңдар. Тек ретін айтайын. Реніш-өкпе болмасын. Ақа! Жол сіздікі.
Тысы тозған сеңсең тымағын құлағын қайырып бір жақ шекесіне қисайта киіп, жұрттың бәрінің басынан аса қарап, ат үстінде тұрған Ахмет шал қарына қыстырған құрығын лақтырып тастап, жерге ырғып түсті. Қимылы ширақ.
— Таңдаған балаңызды алыңыз.
Ахмет ысырыла жол берген жұртты киіп-жарып балалардың алдыңа барды да қалт бөгелді. Қайсысын алсам екен деп ойланғандай. Жетімдерді жағалай шолып шықты да, ең баста тұрған ағайынды қазақ балаларының қасына келді. Екеуі біріне-бірі тығыла құшақтасып тұрған. Қолдарынан тартып еді, айрылмады. Ахаң тізесін бүгіп, екеуін бірдей баурына басты. Кезек-кезек маңдайларынан сүйді. Содан соң орнынан көтеріліп, балаларды жағалай бастарынан сипап өтті де, ең шетте тұрған неміс баласының қолынан ұстады.
— Мен осы мықтының өзін қаладым.
Жұрт ду ете түсті.
— Еркіңіз білсін, — деді басқарма.
— Баланың аты кім? — деді Ахаң Дәуренбекке қарап.
— "Жауды аяған жаралы" дегенді білмеуші ме едіңіз, — деді Дәуренбек ызбармен.
— Әй, не шатып тұрсың, мен сенен ақыл сұрадым ба! — деді Ахаң да морт кетіп.
— Сақалыңыздың ағымда жаңсақ іске аяқ бастыңыз, — деді Дәуренбек. Ақсақалға емес, әлдеқайда, алыстағы егін-жайға қарайды.
— Құйысқанға қыстырылмай, қой, шырағым, — деді Ахмет. — Әкең атшабар Бәкібайды да көргем, ол да маған қоқаңдай алмаған. — Екі бүктеп, білеулей ұстаған қамшысының сабымен тымағын түзеп киді. — Еміске сен үш саусағыңды берсең, мен үш ұлымды бергем. Мына жұртты бөгемей баламның атын айт.
— Зигфрид Вольфганг Вагнер. Қарық болдыңыз, — деді Дәуренбек мырс етіп.
— Зекпри Болыпкен... Қалай, қалай?..
— Зигфрид Вольфганг Вагнер.
— Е, жөн-ақ, — деді Ахмет ақсақал. — Келісті, жақсы ат екен. Айналайын, жүр, үйге кеттік. Апаң күтіп отыр. Жұрттың сөзін ұрғаның бар ма, жүр үйге.
Қызыққа жиылған балалардың ересектеу біреуі шылбырынан ұстап тұрған атына барды да, Зигфридті аяғын тарбита көтеріп алып ерге отырғызды. Еңкейіп, жерден құрығын алып, сол жақ қарына қыстырды. Үзеңгіге аяғы тиер тиместен лып етіп өзі де ат үстіне қона кетті. Күміс қасты қазақы ер кең екен, екеуі де сыйды: алдыңда — жалбыраған ұзын сары шашты көккөз сары бала, артында — ширатылған ұзын бозғыл мұрт, шоқша сақалды, өңі жел мен күнге тотыққан ақсұр шал.
Иесінің жүріс бағдарларын жатқа білетін жиренқасқа ат оңға, колхоздың соқаға, тырмаға жегер, егін шабуға, қырман айдауға пайдаланар күшкөлігі жайылып жүрген қыр жаққа қарай беттемек еді, шал тізгінді тартып, солға қарай бұрды да, қатты тебініп қап, бұрын өзінде жоқ, тіпті, қазақта болмаған әдетпен ауылды қақ жарып шаба жөнелді. Абалай қосылған иттерден арылып, шетке шыққан соң ғана аяңға көшті. Оңашарақ тігілгені болмаса, Ахметтің өз үйі де осы ауылдың шегінде еді. Төбесі көрініп тұрған.
— Ұзағынан сүйіндірсін, — деді үйіне жетіп, атынан түскенге дейін Ахметтің артынан қарап тұрған Тоқажан.
— Шоғырлы жердің шоқысы болған аруақты атадан қалған қара шаңырақ еді. Ал, жұмысқа шығу керек, тездетейік, — деді содан соң. — Бокс, Ахаңнан соңғы жол да, жөн де сіздікі.
— Рақмет, Тоқажан шырағым, — деді Бөкең аталған кішкентай қара шал таяғының ұшын шошаң еткізіп. Тілеп алған жалғызды маңдайыма сыйғызбаған құдай басқаның зәузатынан опа бермес. Рақмет пейіліңе. Көр аузына тақап отырмыз, бір рет ата-анасынан айрылып аңыраған баланы екінші қайтара жетім қалдырып күнә арқалағым келмейді.
Осыдан соң жұрттың көңлі басылып қалды. Абыр-дұбырсыз, у-шусыз келісті. Басқарманың өзі әдеппен кезек күткен соң ешкім кеуделемеді. Бала алғандар да, құр қалғандар да риза болысты. Тек бөлінер кезде ағайынды Нартай мен Ертайдың шырылдап жылап, айрылмай қойғаны ғана жанға батты. Ертерек ойламаған екем, өкпе, аразға қарамайтын ем деп басқарма өкінді. Әйелдер көзіне жас алып, еркектер үнсіз тұнжырап, үйді-үйлеріне тараспай көп тұрды. Бірақ Ертайды алған бригадир Берден де, Нартайды алған орақшы Тілеубай да баладан айрылғысы келмеді. Қатты-қатты сөздерге барып, төбелесерменге тақады. Ақыры үлкендер басу айтып қойғызды. Балаларыңның бауы берік болсын, бүгін жылайды, ертең қояды, бәрін ұмытады десті. Сол сөзді медеу қып қалғаны да тарқасты.
БІРІНШІ ТАРМАҚ. ЗИГФРИД АХМЕТҰЛЫ
Ертеңіне Ахмет көрші ауылдан Жақан молданы шақыртып, неміс баласының тілін кәлимаға келтіріпті деген сөз тарады. Молда сыйға лақ сұраған екен, Ахан шарт етіп ашуланып, ішіп отырған шайының да аяғын күтпестен, үйден қуып шығыпты. Хазіреті Ғали мың сан көпірді діңге кіргізгенде кімнен лақ алып еді, азған атаңның аузы деп боқтап, алды-артына қаратпай атына мінгізіпті де, ауылдың шетінен асырып, айдап тастапты. Араға күн салмай кеңес басына барып, көптен бері сыртқа шығудан қалған Сейітбек қожаны алып кеп, баласын сүндетке отырғызған көрінеді. Жұрт тағы бір сойқанды күтіп еді, ондай шетін хабар естілмеді. Қайта керісінше, Ахаңның үйіне қатысы бар әйелдер қожа қозылы қой алып кетіпті десті.
Кешіне Ахаң бүкіл ауылды баласының асықжілік ұстар тойына шақырды. Көптен қызылсырап жүрген жұрт үлкен-кіші, кәрі-жас демей, тайлы-таяғы қалмай тегіс жиналды. Ахаң жалғыз сегін сойған екен, бас-сирақ, ішек-қарнына дейін асыпты. Молынан жетті. Семіз ет пен нәрлі сорпаға лықа тойған жұрт шай келгенде дастарқанға төгілген ірімшік, құртқа қарай алмады. Тек шөлдерін басу үшін бір-бір шыны ақсу ішісті.
Астан соң бригадир Берден ертең жұмыс барын еске салып еді, басқарма тоқтау айтты. Жамиғат той көрмегелі екі-үш жыл болды, отырып, көңілдерін көтерсін деген.
Әйелдер жағы қосылып өлең айтты. "Бір баладан" басталған ән әуені көп ұзамай мұңға ауысты. "... Қай жерімнен келеді ойын, күлкі — Жеті арал жерім-ай, — Сауықшыл елім—ай..." Осыдан соң-ақ кім шығарғаны, қайдан тарағаны белгісіз, сөзі де қораш, әуені де олақ, бірақ жұрттың дәл қазіргі көңіл күйіне сәйкес жаңа әндер айтыла бастады.
Еркектер жағы шыдай алмай сыртқа шығысты. Не істерлерін білмей, ананы-мынаны әңгімелеп, күңкілдесіп тұр. Көзге түртсе көргісіз қараңғы түн. Биікте сансыз жұлдыздар жымыңдайды. Бұдан бес, он, жиырма жыл бұрынғыдай. Жас. Қайғы-мұңсыз.
Іште әйелдер жамырай сұңқылдайды. "Ахау айдай ақыным — Армияда жақыным, — Қолдан келер қайран жоқ, — Алла білсін ақырын..." Ән емес, дауыс айтып жатқандай.
— Ау, не тұрыс, күреспеймісіндер, — деді Тоқажан.
Белсенуші болмады. Өңшең кәрі—құртаң. Ақыры бірін итеріп, бірін сүйреп, қаумалап, ортаға екі шалды шығарды. Әуелде амалсыздан жай ғана ұстасып жүр еді, көтермелеген айғаймен қыза-қыза шын күресіп кетті. Бірі іштен шалып тастағысы келді, бірі жамбасқа салмақ болды, әйткенмен ештеңе өнбеді, ырсылдап, күрсілдеп, ұзақ жүрді, ақыры екеуі де шаршап, тұрған орындарында құлай кетісті. Қалғандары қарқылдап күліп, дабырласып барып тоқтады. Сол кезде ғана аңдады, үйдегі әйелдер әлі зар айтып жатыр екен. Дауыстары манағыдай жамырап шықпайды. Бәрінің қайғысы, бәрінің тілегі бір арнаға құйылған.
— Балаларды күрестірейік, — деді біреу.
Балалар әйелдердің әнінде де, шалдардың күресінде де шаруасы жоқ, үй сыртында асыр сап жүрген. Үлкендердің кейбірі солай қарай ойысып еді.
— Көкпар тартайық, — деді әлдекім. Орақшы Тілеубай екен.
— Ойбай, жетіқараңғы түнде...
— Жер жағдайы белгілі ғой, бірақ, серке қайда, — деді екінші біреу.
— Ақа, сектің терісін әкеліңіз, — деді Тілеубай.
"Бүгін тартылмаған көкпар сірәда тартылмайды" деп ешкімге ырық бермеді. Белдеуде қаңтарулы тұрған аттардың біріне мінді де, жас теріні тақымына басып алып, қырға қарай қиқулап, тасыр-тұсыр шаба жөнелді.
— Қап, мына жүгірмектің істегені-ай... — Бұл — бригадир Берден еді. — Өзі өлсе ештеңе етпес, атты жазым қылатын болды-ау. Қайт-ей, қайт кейін! — деді айғайлап.
Тілеубай әудем жердегі белеске шыға бере көлденеңдеп тұра қалды. Жұлдызды аспанның аясында сұлбасы ғана қарауытады.
— Қайтпаймын-ау! — деді ол да айғайлап, — Бәріңді жерге қаратып осы бетімде ауылға тартам. Тез енді. Ұзатып аласыңдар!
— Шыдап көр қорлығына, — деді Берден. — Астына мінгені қай ат?
— Көкдомбақ.
— Құртқан екен ғой. Оған бұл арада Ахаңның жирен қасқасынан басқа ат жетпейді. Әкел бермен, қарасын үзбей тұрғанда.
Біреу белдеуден жиренқасқаны шешіп әкелді.
— Тез мінгізіп жіберіңдер.
Екі-үш адам сүйемелдеп, атқа мінгізісті. Бұл кезде Тілеубай да жөнеле берген еді.
— Не екі аяқты бірдей ағаш қылам, не көкпарды алып қайтам, — деді Берден. — Айт шүу, жануар.
Келесі сәтте қырқадан асып жоғалды.
Кенет жұрт жау шапқандай абыр-сабыр болды да қалды. Бірі белдеуде тұрған аттарға, бірі ертемен жұмысқа жегілмек, қазір таяу маңда жусап жатуға тиіс жылқыға қарай жүгірді.
Кейде өр жақтан, кейде ой жақтан шыққан топырлаған тұяқ даусы, қиқулаған үзік-үзік айғай түннің бір уағына дейін басылмады.
Жылы қымтаулы төсекте жатқан, ет желініп бітпей-ақ ұйқыға кеткен Зигфрид Вагнер ертеңіне таңертең Зекен Ахметұлы Бегімбетов болып оянды.
***
— Еміс деп, орыс, қазақ деп бөлу пайғамбарға шет, құдайға күнә, — деді Ахаң, әр үйде өткен той ырымы тарқап, әбігер басылған соң, бірде қырманда, жаңа ғана құйып өткен соқыр жауыннан кейінгі рақаттыныс үстінде отырған жұртқа. — Жарықтық үлкен әкем айтушы еді, бұрынғы жайсаңдардан қалған сөз деп... — Қонышынан күміспен өрнектелген мүйіз шақшасын алып, алақанын толтыра насыбай атты. Мұртын ширатып, сақалын салалап, сәл бөгелді. — Алдымен тиянақсыз көк аспан, содан соң тұрлаусыз қара жер жаратылды. Аспандағы ауа қойылып бұлтқа айналды, бұлттан жауған нөсермен иіген жерге жасыл шөп, гүл-бәйшешек, саялы дарақ, мәуелі жеміс шықты. Отты, суды далада, қалың жынысты орман ішінде неше түрлі жан-жануар, хайуанат өсіп-өнді. Ең ақырында солардың бәріне иелік ету үшін адамзат келді дүниеге. Тағыны тізгіндеді, асауды бұғалықтады, құла дүзді қан жайлау, меңіреуді елді мекен етті. Ол кезде ру аласы, ел таласы болған жоқ. Жұрт тегіс шат-шадыман тұрмыс кешті. Өйткені жер бетін қоныстанған алғашқы адамдардың барлығы бір атаның баласы еді.
— Мұныңыз былай... зиянды пікір, — деді жұрт ішіндегі көзі ашығы Дәуренбек. — Бәріміз маймылдан шыққанбыз.
— Қой, шырағым, мұның бос сөз, — деді Ахмет. — Жарықтық үлкен әкем тағы бір сөзінде айтушы еді, арғы атамыз көк бөрі екен деп. Бірақ құраннан ұшырата алмадым. Жер бетіндегі барлық жұрт Адам-Ата мен Хауа-Анадан таралған дейді. Естуімше, тіпті, орыстың молдалары да мұны теріске шығармайтын көрінеді. Адам-Атадан Әбіл мен Қабыл туады. Қабыл...
— Мұның бәрі діңнің сандырағы, — деді Дәуренбек шорт кесіп. — Ғылымның айтуынша, біздің атамыз маймыл. Және кім деп атасаңыз да бір маймыл емес. Көп маймыл.
Қарттың мінезін білетін жұрт бір шатақтың шығуын күтті. Алайда, ешқандай шатақ шықпады.
— Әркім өз атасын айтады, — деді Ахаң кеңкілдеп күліп. Тілінің ұшымен төменгі ерніндегі насыбайын оңдады да, мойнын бұра бере шырт түкірді.
Жұрттың бәрі күлген.
— Ғылымнан хабарыңыз жоқ, сөйте тұра дауласасыз, — деді боп-боз боп кеткен Дәуренбек.
Есепшінің қаһарынан хабардар халық тына қалды.
— Рас, орыстың ғылымынан құр қалдық, — деді Ахан салмақпен. — Мүмкін, сен айтқандай, маймылдан тараған шығармыз. Мүмкін, құранда айтылғандай, бәріміз де Адам-Атаның ұрпағы болармыз. Менің тоқсан жетіге келіп өлген бабам айтқандай, қазақтың атасы көк бөрі, басқа жұрттардың атасы басқадай әртүрлі жануарлар болуы да ғажап емес. Көріп келген ешкім жоқ, бәрі долбар. Бірақ жаңағы сенің ғылымыңның өзі қазақтан орыс кем, орыстан еміс жаман деп айтпайтын шығар. Сыртқы түр — перде. Ішін айт. Жүрегі қалай соғады, бүйрегі кімге бұрады — соған қара. Ойын айт, пиғылын айт.
— Ұлы орыс халқының мақалы бар, — деді Дәуренбек.
— Қасқырдың күшігі қанша асырасаң да орманға қарап ұлиды екен.
— Менің баламды тұспалдағаның ғой, — деді Ахаң. — Әлі көрерміз, қалай қарап
ұлырын, кімді бөксере қабарын. — Насыбайшы жұртты тегіс аралап келген көк ала шақшасын қайтадан қонышына тықты. — Ақыр бос отырсыңдар, қырман сорғығанша мен сендерге бір әңгіме айтып берейін. Менің сегізінші атам Айбас, естулерің бар шығар, ту көтеріп, қол бастаған аруақты батыр болған. Жасақ жинап, жауға көп аттаныпты. Құба қалмақпен соғыс кезі екен дейді, бірде соңынан ерген қолы ойсырап қайтыпты. Ол заманда ер арманы — жаудан өлу, жігіт шәйіт болса арулайды, азалайды, бірақ бос жылап-сықтай бермейді екен. Өлімнің орны бөлек қой, тек жаугершілік кезде қаза — үйреншікті нәрсе болса керек. Өйткенмен де біреудің, кім екенін айтпаймын, бәлки батырдың жамағайын ағасы шығар, бәлки, алыс та болса ел сыйлайтын ақсақал шығар, әйтеуір бір сыйлы кісінің бес ұлы бірдей садаққа ұшқаны жұрттың жанына қатты батыпты. "Әй, Айбас, — деген екен сабазың көңіл айта келген батырға. — Бес ұл қатарынан жаудан өлсе — шәйіт, ата-бабасының аруағы риза, мен бұған жыламаймын. Бірақ түгел көкөрім еді, ешқайсысы артына тұяқ тастап үлгермеді, мына мен қубас қалдым, өлсем шаңырағым құлайды, соған ғана жылаймын, осыны ойладың ба?" — депті. "Ойладым", — деген екен батыр. "Ойласаң, бабаңның салты сол, тез аттан, өлсең артыңда ұлың бар", — деген екен қарғын. Батыр селдіреген жасағын тас түйін етіп, қайтадан атқа қонып, әлденеше күн жорықтан соң, қазақты жеңдік деп қамсыз жатқан жауға қайта тиіпті дейді. Басып, жаншып, бостыра қуып, Алтайдың сыртына ысырып тастапты. Малға, дүние-мүлікке көз салмаса керек. Бойы арбаның күпшегінен аспаған кішкене балаларды ғана олжалапты. Елге әкелген соң қалай үлескенін кім білсін, жаңағы бесеудің орнына келген бес ұлдың ұрпағы осы қалқозданудың алдыңда неше ауыл боп, шалқып, толқып отырғанын өз көзіммен көрдім... — Ахаң қамшысының сабына сүйеніп, орнынан тұрды.
— Қайда? Қазір қай колхозда? — десті отырғандар жамырасып.
— Біздің қалқозда, — деді Ахан мырс етіп. — Осы "Бесобада".
— Кім? — деді бірі.
— Ақсақал қалжыңдайды, — деді екіншісі.
— Сол жолы қаза тапқан ерлердің бодауына келген балалардың біразының ұрпағы қазір осы арада отыр, — деді Ахаң атына мініп жатып. — Мал егінге түссе біргәдір төбемді ояр. Кеттім. — Атын тебіне бере артына бұрылды. — Біріңнің бетіңе бірің жақсылап қараңдар. Мүмкін табарсыңдар. — Ахан басынан тымағын алып, сілкіп қайта киді де, қарқ-қарқ күліп, егінжайға қарай шоқыта жөнелді.
Астына сабан төсеп, малдас құрған, жалдап үйілген бидайға шынтақтай қисайған, жай ғана жүресінен отырған әйел-еркек, кәрі-жас үдірейісіп бір-біріне қарасты. Әркім қасындағы, қарсысындағы, маңындағы кісінің бойынан бөтен кейіп, өзгеше сыпат табуға тырысты. Сәлден соң бәрінің де шұбасы қалмады; бұл отырғандардың ішінде қазақ емес ешкім жоқ екен.
— Ақсақал бізді қатырып кетті, — деді әлдекім ақырында.
Бірі қиқылдап-шиқылдап, бірі ысылдап, бірі қырылдап, тегіс күлді. Жамырап ұзақ күлді. Дәуренбектің:
— Жетеді енді, аз отырған жоқсыңдар, — деген ашулы үні шыққанда әрең басылды.
Сыпырғышын сүйретіп, күрегін иығына сап әркім өзінің жұмыс орнына қарай аяңдады. Күлкісін тия алмай, бірталайының иығы әлі бүлкілдеп бара жатты.
***
— Әйткенмен де, дәл осы баланы таңдауыңызға не себеп? — деп сұрар еді көңлі жақын замандастары.
— Рас, — дейтін Ахаң. — Ойым қазақ балаларында еді. Айыруға қимадым. Әрі үлкені тым есті көрінді. Ұмыттырмас, түбі өзін табар дедім.
— Ал одан басқалары ше?
— Ең тәуірі осы Зекен боп көрінді көзіме.
— Сонда да...
— Маған бәрі бірдей еді, — дейтін Ахаң. — Әйтсе де көп жетімнің ішіндегі шын жетім осы екен. Обалынан қорықтым...
Көп ұзамай Ахаң тұрғыластарымен бас қосқан жерде бөтен сөзді қойып, үнемі баласының жайын әңгімелейтін болды.
— Өзі ұғымтал, — дейтін мақтанып. — Аса зирек. Бірақ биыл мектептен қалады. Тілі бастықсын. Оған да қарамай беріп жіберер едім, келмей жатып кісі үйінде тұрған соң тасбауыр боп кете ме деп қауіптенем.
— Осы атаңның аузын ұрайынның қазаққа бір шатысы болса керек, — дейді тағы бірде насыбайын алшысынан атып отырып. — Жылқыға жаны құмар. Ноқай неме, алды, арты демейді, кеше жиренқасқаның бауырынан өтіп ойнап жүр.
— Тіпті, бөтендігі жоқ, — дейді келесіде басын шайқай масаттанып. — Алғашқы күндері үркек еді. Қазір мені мен шешесін қойшы, осы бәріңе, бүкіл ауылға бойы үйреніп қалды.
Үлкендер Ахаңның әр сөзін бәреукелділеп қостап, бас изеп мақұлдағанымен, бала-шаға жағы Зигфридті бірден мойындамады. Маңына көп жолай қоймайды. Әкесінің қасында жүрген кезде ғана дұшпандық ниет танытпайды. Онда да беріліп ойнамайды. Үлкендердің көзі тайған сәтте қазақ боп бөліне кетуге, реті келсе зорлық жасауға, бірдеңесін тартып алуға бейім тұрады.
Бірақ Зигфрид кекшілдігі жоқ, жайдары бала боп шықты. Көбіне жалғыз ойнайды. Әкесінің тымағын айналдырып киіп, көк шыбықты ат қып мініп, күнұзақ үйінің қасында асыр салады. Таяу маңда бала көрінсе болды, қол бұлғап шақырады. Қарамаса соңынан жүгіреді. Тек алысқа ұзамайды.
Ептеп қазақша сөйлей бастағаннан бері ауыл балаларымен арадағы алалық азайды. Бірлі-жарым балалар өзі іздеп келетін болды. Оларды тартқан Зекен бе, Зекеннің апасы алдарыма қоятын тостаған толы май бидай ма, әлде тұлпар даңқы бар жиренқасқа ат па — тек осы арасын ажырату қиын еді.
Зигфрид кім келсе де жақсы қарсы алады. Бар-жоқтыны адал бөлісіп жеген соң, беті сүйекпен зерленген қазақы ағаш төсектің басына ілулі тұрған, ала ешкінің бітеу сойылған, жүні сыртына қараған мойын терісінен жасалған ұзыншақ дорбаны алып, түбінен көтеріп, ішіндегісін сау еткізіп жерге төгеді. Әкесі атпен үй-үйге арнайы шығып, бір-ақ күнде жинап, өз қолымен тамыр дәріге, қою қынаға бояп берген сары ала, қызыл күрең асықтар. Неше жыл жатқан сандық түбінен апасы әперген, атыла-атыла әбден мүжілген, бірақ әлі де қолда ойнап тұрған үлкен қоңыр құлжа.
— Менде де асық бар, — дейді көзі жайнап кеткен қонақ бала.
— Жахсы, — дейді Зигфрид. "Қ" ға әзір тілі келмейді, "қ" мен айтудан қашады. Үйреніп үлгерген сөздерінің ішінде "қ" әрпі кездесіп қалса үнемі "х" етіп жібереді. Басқа қазақы дыбыстардың бәрін де айта алады. "Ғ" ны да, "ү" ні де, "ә" ні де. Ал "н" ды орынды, орынсыз, мөлшерден тыс көп қолданады: — Ханша асх сеңкі?
Қонақ бала қанша асығы барын білмейді.
— Көп, — дейді біраз ойланып барып.
— Жахсы, — дейді Зигфрид салмақпен. — Меңкі көп-көп. Меңкі хырх... хырх... апа, ханша?
— Қырық тоғыз, жарығым, — дейді жүн түтіп отырған апасы.
— Меңкі хырх тоғз асх.
— Менің де қырық тоғыз асығым бар, — дейді сан білмейтін қонақ бала әйтеуір көптік мағынадағы сөз болар деген шамамен.
— Жахсы... жахсы... — дейді Зигфрид қонағын арқасынан қағып. — Сеңкі хұльжа бар?
Бала өтірік айта алмайды. Үндемей қалады.
— Хұльжа... архар... блесң?..
— Осындай құлжаны мен де тауып алам, — дейді жеңілгісі келмеген қонақ бала.
— Бұль хұльжа Нарым... бет ағамдікі! Маған тастаған. Соғыста өлген. Меңкі үш аға соғыста өлген. Сеңкі неше аға өлген?
— Менің ағам әлі тірі, — дейді қонақ бала.
— Трі... не? Апа, не трі?
— Өлген жоқ, айналайын. Бір жерде жүр.
— О-о! — дейді Зигфрид қуанып. — Меңкі өлген.
Қонақ бала біржола жеңіліп, айтарға соз таба алмайды.
— Меңкі үш аға өлген... Кіммен соғыста, апа?
— Кәрманмен, күнім.
— Кәрманмен соғыста меңкі үш аға өлген.
— Менің ағам да өледі, — дейді ағасының тірілігі зиянға шыққан қонақ бала. — Ертең өледі.
— Сеңкі аға трі, — дейді әбден жеңіп алған Зигфрид. — Меңкі үш аға өлген. — Үш саусағын көрсетеді. — Келім... бет... Жолым... бет... Нарым... бет... — Әр ағасының атын атаған сайын бір саусағын бүгеді. Алдымен бас бармақ, содан соң сұқ саусақ, ең соңында ортан қол. — Енді мен біреу, — дейді жұмылған үш саусағының орнына жалғыз шынашағын шошайтып. Мен мынау... — Содан соң бас бармағын көрсетеді. — Мынау болады. Көкем айтхан.
Ауыл балаларымен кездесу үнемі дәл осындай түсініскен достық жағдайда өте бермейтін. Әсіресе ересектерімен. Алғашында өзенді бойлай тығылып кеп, сыртта ойнап жүрген Зигфридті жылқының кепкен тезегімен атқыласты. Сиыр сауып отырған апасы орнынан тұрғанша, талдың арасына еніп, зым-зия болды. Келесі жолы үй маңынан ұзаңқырап кеткенінде айтақтап күшік қосты. Енді бірде шомылып жатқан үстіне бара қалса, ұстап ап, бет-аузына қан-қара етіп батпақ жағын қоя беріпті. Зигфрид екі көзі ғана жылтырап, бақырып үйге келгенде Ахаң қатты ашуланды. Атына мінді де, Зигфридті сол балшық-балшық күйі алдыңа өңгеріп ап, су басына шауып жетіп келді. Неміс баласы біреуді ертіп әкеледі деп ойламаған, ойласа да атпен, әрі мұнша тез келеді деп күтпеген ауыл балалары тегіс тыр жалаңаш таяз суды шалпылдатып, мәре-сәре боп жатыр екен, тым-тырақай қашты. Бірақ киімдері жағада қалған, ұзай алмай, арғы қабақтағы талдардың арасына тығылды. Ашулы ақсақал өзеннен өтсе, одан да әрі қашуға ыңғайланып, су-су шаштары үрпиіп, жылт-жылт сығаласып тұр.
— Әй, өңшең қара сирақ! — деді Ахан айқайлап. — Сендер кім деп жүрсіңдер! Мынау — менің балам. Нарымбеттің інісі. — Ересектеу екі-үш баланың атын атап шақырды. — Мына Зекеннің бетінің балшығын жуыңдар. Суға малтытып үйретіңдер. — Сөзіне жауап күтпестен Зигфридті жерге түсірді. — Бар, ойна. — Атының басын бұрды да, артына қарайламастан аяндап жүре берді.
Сол күннен бастап Зигфридті ешкім сыртқа теппейтін болды. Өзі де ойынға тоймайтын бала екен. Таңертеңнен кешке дейін өзен бойында жүреді. Балалармен бірге у-шу боп суға түседі. Құмнан қорған соғады, балшықтан үй қалайды. Жапырақ желкен керіп, қамыстан қайық жасайды. Тас лақтырып қаймақ жалатады. Өтірік малтып қақ ойнайды. Ақыры кешке үлкен жұмыс басынан келгендей, шаршап жығылады. Таң ата тағы кетеді.
Үш-төрт аптаның ішінде аяғын күс басқан қара сирақ қара торы бала болды да шықты. Шашы ұстарамен алынған тақыр басы да қарақұйқа. Бірақ түр-тұлғасы әлі де бөлек. Тұнық көкпең көк көзі, ақшыл сары кірпігі мен қасының өзінен бұл баланың бөтен нәсіл екені айқын танылатын. Әйткенмен, бұған жұрттың көзі үйреніп қалған еді. Көп ішінде бұрынғыдай аңдағайлап тұрмайтын сияқты. Тілі де біршама бастыққан. Балалардың арасынан жақын достар ғана емес, алты атадан, жеті атадан табысатын қандас туысқандар да табылды. Ес білетін ересектері, тіпті, Нарымбет ағаға тартқан десетін. Аханның үлкен ұлы Келімбет соғыста неміс әйелін алыпты, содан қалған бала екен деп те соғушылар болды. Әйтеуір көп ұзамай Зигфрид балалар мемлекетінің тең мәртебелі, хан сайлауға, "Айгөлек" ойнауға, алысуға, күресуге толық хақысы бар қатардағы азаматы боп шықты. Басқа балалармен қол ұстаса тұрып: "... Қанжығадан қан керек. — Тебінгіден тер керек, — Маған анау тұрған пәленнің қу басы керек" — деп қыза айғайлайтын, иық тірестіре отырып "Хан жаман" деп еркін сөйлейтін дәрежеге жетті.
Ойын ұзаққа созылмады. Сентябрь туа мектеп жасындағы, егіс жұмысына жарамайтын балалардың да мойнына құрық түсті. Ойын балаларының ересегі Зигфридтің өзі боп қалды. Ұйымдастырушылары жоқ өңкей шиборбай. Әрі күн салқындай бастаған. Асық ойнаудың да, суға шомылудың да қызығы азайды. Оның есесіне Зигфрид жаңа ермек тапқан.
Алғашқы күндерден бастап әкесінің алдыңа мініп үйренген еді, ойын сұйылған соң мүлде атқұмар боп алды. Ахаңның өзі де Зигфридті жанынан тастамайды. Үнемі алдыңа алып жүреді. Мал қайырғанда да, қырман басына барғанда да. Тіпті үй арасында да. Ахаң түскенде Зигфрид ат үстінде қалады. Әуелде ердің қасына жабысып отыратын. Көп ұзамай, тізгін ұстап өз бетімен жүріп-тұратын дәрежеге жетті. Екі-үш жасынан ашамайға мініп, ертоқым үстінде жеткен өзі құралпас балалардай ат құлағында ой-намағанымен, тумысында жуас жиренқасқаны суарып келіп, қырға шығып, арлы-берлі аяңдап, тіпті, қопаңдап желіп, әжептәуір боп жүрді. Кемпірінің қарсылық білдіргеніне қарамастан Ахаң Зигфридті егінді қарауылдап келуге, бірлі-жарымды малды қайырып тастауға жұмсай бастады. Ата жолы солай, ат үстінде жүріп үйренсін деген. Көп болса жығылар. Аттан жығылмаған қазақ жоқ. Аттан жығылып өлген қазақ тағы жоқ. Әйткенмен, жиренқасқаның айылын берік тартатын да, таралғыға аяқ салмауын қатты тапсыратын. Көп ұзап шықпауын, мезгілінде қайтуын қадағалайтын. Кешігіп бара жатса жаяулап соңынан іздеп кететін. Онсыз да мазасыз жұмысының үстіне жұмыс қосып, ай бойы тыным таппады. Ақыры мақсатына жеткендей болды. Зигфрид салт жүруге әбден үйренді. Әкесі құсап ат үстінде еркін, оң жақ жамбасына қарай қисая, немқұрайды отырады. Желгенде онша қопақтамайды. Тіпті, ой-қырға қарамай, ағыза шапқаннан да қорықпайды.
Түнде күшкөлік бағатын Ахаң күндіз жөндеп тыныға да алмайтын. Егін қору керек. Жегінге ілінбеген немесе көбең тартсын деп екі-үш күнге арқасын босатқан ат, айғыр өз алдыңа. Ауылда үй басы дерлік сиыр бар. Жаңа астыққа жеткенге дейін, тіпті, жеткеннен кейін де қоректерін айыруы соның арқасы. Молшылық кезде сиырды мал деп білмеген қазақ қазір анық кедейдің қолы осы екеніне көзі жеткен. Бірақ Ахаң үшін бар пәле сиырдан басталады. Күнұзақ күзететіні осы он бес сиыр.
Күн шығар-шықпаста күшкөлікті ауылға әкелген бетінде, жаңа сауылған сиырларды жиып алып, қырдан асыра айдап тастайды. Үйге кеп, бел шешіп отырып, шайын ішіп бітер-бітпесе: "Ойбай, Нәкеннің... Зекеннің әкесі, сиыр егінге кетіп барады", — дейді, шай құя отырып, ара-тұра сыртқа шығып, қарауылдап кеп жүрген кемпірі. "Әп-п, мұрны пысылдаған атаңның аузы..." — деп бір сыпап алып, Ахаң атқа қонады. Сиырдың алды өзенге жетіп қалған. Сол қабақ — төгіліп тұрған егін. Ахаң барғанша сиырлардың алды ауыз салып үлгерері сөзсіз. "Қайт!" дейді Ахаң ақырып. — "Қайт кейін!" Сиырлар алыстан шыққан жарлықты естиді. Тыңдамаса шатақ боларын біледі. Амалсыз қарсы алдыңда тұрған тәтті тағамнан бас тартады. Аз-маз ақылы барлары өзі бұрылып, кейін қарай аяндайды. Ақылсыздары кейін бұрыла қоймайды. Алға да баспайды. Қашан Ахаң өзі барып айдағанша не егінді қимай, не кері кете алмай, сілекейі шұбырып, бір орында теңселіп тұрады.
Ахаң қамшы үйіріп, бар сиырды жайымен айдап, — ұрса, қуса сүті қашады, — тағы қырдан асырады. Бұл жолы манағыдан ұзатыңқырап тастайды. Мейлі. Арада бірер сағат өтпей, бар сиыр өңкілдеп, тағы да егін жаққа қарай беттейді. Соқа тартатын өгіз, лобогрейкаға жегілетін ат, қырман айдайтын құнан, тай, астық артатын түйе — үш-төрт түліктен құралған елу қаралы күшкөлікті түні бойы қалт еткізбей бағатын, ара-арасында ердің қасына сүйеніп ат үстінде, кейде, тіпті, жерге түсіп, тонына оранып жатып та ұйықтап, тынығып алатын Ахаң күнұзаққы мынадай өнімсіз тірліктен әбден қажып бітетін.
Зигфрид атқа үйренгеннен бастап Ахаңның арқасы кеңіді.
Таңертең ұлын атқа мінгізіп жібереді де, рахаттанып отырып, шайын ішеді. Тіпті, бірер сағат мызғып та алады. Күндіз кеп қалды деген қауіппен қайта-қайта атқа қонбайды. Зигфрид шоқытып барып, сиырлардың қай шамада жүргенін байқап қайтады. Ахан төбесі көкке жеткендей мәз болады. Кемпірінің баланы пәлеге ұшыратасың деген сөзін тыңдамады. Қырық шақырымдық бәйгеге шабатын кезі деді. Мен дәл мұндай күнімде Қояндыға мал айдасып барғам деді. Өз бетімен осылай еркін жүрсе тез есейеді деді. Әйтеуір өз айтқанын істеді. Өстіп тайраңдап жүргенде Зигфрид шынында да пәлеге ұшырады. Тек Зигфрид қана емес.
Әкесінің тапсыруы бойынша, Зекен малды алыстан ғана қарауылдауға тиіс еді. Егінге қарай беттесе тез үйге жетуі қажет. Атқа Ахаң ауысып мінеді.
Әлде тапсырманы ұмытты ма, әлде балалықпен өзімнің де қолымнан келер деп ойлады ма, бірде Зигфрид егінге тақап қалған малды өзі қайырмақ болды. Қолына шолақ қамшы ұстаған кішкене баладан, оның шіңкілдеген айғайынан сиырлар ыққан жоқ, алға қарай баса берген. Желе шауып жүріп бірін қайырса, екіншісі қашып, екіншісіне беттесе үшіншісі бой бермей, ақыры бар сиыр дүркірей шауып, шарасы таусылған Зигфридпен бірге егінге кеп түскен. Осы кезде лобогрейкашылар мен орақшылардан келе жатқан есепші Дәуренбек те жетті. Жапырылған егінге де, жас бидайды құныға асаған сиырларға да қараған жоқ, жиренқасқаны қамшымен сауырынан тартып-тартып жіберіп, Зигфридті алдыңа салып айдай жөнелді. Қос аттың дүбірі мен "Аттан, аттан! Жау шапты! Неміс шапты!" деген ащы айғайдан үркіп далаға шыққан Ахмет қамшы үйіріп, Зигфридті тықсыра қуып келе жатқан Дәуренбекті көргенде абдырамай, аял да қылмай қарсы айғай сап, сойылға жармасқан. Жиренқасқа белдеуге кеп, тұмсық тіреп тұра қалғанда, ақ сойылды көрген Дәуренбек астындағы атын жерошақтан қарғыта жалт бұрылды. Әйтпесе ашулы шалдың қағып түсіруі кәдік еді. Сол бұрылған күйі қайтадан егінге қарай шапқан. Өксіп жылап, жиренқасқадан домалап түскен Зигфридке де қарамастан, сойылын сүйреткен күйі атқа міне сала жаудың соңынан қумақ болған Ахаңды кемпірі жібермеді.
Кешке екеуі басқарма алдыңда табысты. Дәуренбек: "Қызметімді сыйламай, сойыл ала жүгірдің, қандай хақың бар? Кімге қоқан-лоқы жасамақсың? Маған ба, әлде үкіметке ме?" — деді. Ахмет: "Қаршадай баламды қамшының астына алмақ болдың. Жетім көрдің бе, жесір көрдің бе? Неге басынасың?" — деді. "Зигфрид Вагнер егінге малды қастандықпен түсірді, — деді Дәуренбек. — Айдап әкелгенін өзім көрдім". Ахаң "Астапыралда!" деп жағасын ұстап отырып қалды. Сөз таба алмай, таңдайын қағып, басып шайқай берді. "Немістің аты неміс, — деді бел ала бастаған Дәуренбек. — Осыны ұмытпауымыз керек. Соғысты шығарған кім? Сенің үш ұлыңды бірдей жалмаған кім?" "Балаларымның атын арам аузыңмен былғама", — деді Ахаң. Даусын көтермесе де ызбармен айтты. Бірақ бұл кезде Дәуренбек күшейіп алған еді. "Немістің аты неміс, — деді бастапқы сөздерін қайталап. — Сен оларды білмейсің. Мен білем. Мына көзіммен көрдім. Екі жыл от кешіп, соғысқа кіргенде, қатерге бас тігіп қан төккенде ауылда алдымнан неміс шықсын деп жүрді деймісің. Жоқ, көнбеймін бұған. Көнбеймін! Және жол бермеймін! Апарып қайта өткіз. Көзін құрт. Әйтпесе сен де жаусың. Халық жауысың!.." Ахаң қалшылдап кетті. Араға басқарма түспегенде Дәуренбектің басына қамшы оратылары сөзсіз еді. Сабасына түскеннен соң да ыза буып сөйлей алмады. "Нағыз халық жауы сенсің, — деді бар болғаны. — Сен немістен де жамансың. Сен нағыз пәшиссің". Енді Дәуренбек кеуделеді. Бірақ басқарма оқыс ақырып қап оны тез басты. Содан соң Ахаңа кейіді. Бірде ұрса отырып, бірде ақыл айтып, екеуін де кінәлі қылды. Дәуренбек қолма-қол ғафу өтінді. "Қателік өтті, қызулық жасадым, неміспен соғыста қаным бұзылыпты, өзімді-өзім ұстай алмаймын", — деді. "Айтқан сөз — атылған оқ, қайтпайды; баурыма салған балама тіл тигізді", — деп, Ахаң өз кезегінде кешірім сұрамай қойды. Әйткенмен, екеуінің де жүзі жылып, татуласқан кейіпте айрылысты.
Бес-алты күннен соң ауылға қызыл ала жағалы бір топ адам сау ете түсті. Әлдекім Ахмет шалды сыртынан көрсетіпті. Ата тегі қалмақ деп басқарманы, тағы сол сияқты біраз адал совет адамдарын ғайбаттады, ұлттар достығына қайшы келетін сөздер айтып, үгіт таратып, тылдағы еңбекшілердің арасына іріткі сап жүр депті. Бұл түк емес-ау, үйіне бір фрицті паналатып отыр, шашын алғызып, киімін өзгертіп, жұртшылықты алдамақ, тіпті, есіміне дейін жаңадан қойды, бірақ ол адамның аты-жөні Зекен емес, Зигфрид Вагнер, не орысша, не қазақша білмейтін таза неміс депті. Қару асынып, сайланып шыққан кісілер Зигфрид Вагнердің кім екенін көрді. Басқарма да, өзге жұрт та Ахмет шалдың теріс үгіт жүргізгенін растамады. Кісілердің қаһары қайтып, ашулары біраз басылды. Зигфридке тиген жоқ, әйтсе де Ахаңды өздерімен бірге әкетті.
Ахан бес-алты күннен соң оралды. Аудандағы дөкейлердің бірі үлкен ұлы Келімбетпен бірге оқыған, кезінде шалдың өз үйінен де дәм татқан адам екен. Сол шығарып алыпты. Аузыңа ие боп жүр деп ұрысса керек. Пәлелі баладан да құтыл деген кеңес беріпті. Ахаң аузына ие болуға уәде бергенмен, баладан өз еркімен айрылуға көнбепті. Кемпірі де, ауыл-аймақта кәрі шалдың ақталып шыққанына қуанысты. Әйткенмен де, сөз Зигфридке келгенде, бәрі де тығырыққа тірелген. Ахаңның айтқанындай, заңның шешуін күтті.
Келер аптада ауданнан арнайы уәкіл келді. Зигфридтің әкесі советке қарсы күреспеген көрінеді. Оны аз десеңіз, қызыл әскерде үлкен кәмәндір бопты. Қайдан барғанын кім білсін, ЬІспан деген елде қаза тауыпты. Пәшистермен соғыста. Қырық екінші жылы шешесі де өлген соң детдомға алыныпты. Балада кінә жоқ депті уәкіл.
"Апыр-ай, — десті фашист атаулының бәрін неміске балайтын жұрт. — Неміс пен неміс те соғысады екен ғой. Әлде Зекпірейдің әкесі неміс емес пе?.."
Жоқ, неміс көрінеді. Сондықтан Зигфрид Вагнердің бұл ауылда тұруына болмайды. Ойдағы "Қызыл ту" колхозына немістер көшіп келмек. Зигфрид те сол араға орын аударуы қажет. Ахмет Бегімбетов қоса көшем десе қарсылық жоқ.
Көп ұзамай, қараша үйімен, барлық мал-жайымен Ахаң төменгі колхозға көшіп кетті.
ЕКІНШІ ТАРМАҚ. НАРТАЙ МЕН ЕРТАЙ
Нартай әу бастан осының бәріне күмәнмен қараған. Сенбеген. Әйтсе де көңілі түйткілді еді. Үмітті түйткіл.
Өзін танып алған Тілеубай деген кісі кейде қолынан жетелеп, кейде еркіне қоймай көтеріп, қыр астындағы аулына апарғанша көп әңгіме айтты. Қайда екенін білмей жүреді екен. Әйтпесе іздеп бармай ма. Ақыры қайыр болды. Баласының өзі келді. Көрген бетте мынау менің Нартайым деп жылап жібере жаздадым дейді. Ол жерде жылаған жоқ, енді ғана жылап келеді. Менің көкемнің сақалы жоқ, мұрты ғана бар болатын. Сақал кейін шықты дейді. Әуелде ештеңе болмайды. Содан соң мұрт шығады. Содан кейін сақал. Рас айтады. Бұрын мұртпен ғана жүретін. Сақал кейін өсті. Сенбесе қазір үйге барған соң қырып тастайды. Сонда біледі өзінің көкесі екенін. Менің көкем жас болатын. Мен де жас болғам дейді. Осы ауылда жүріп қартайдым. Бейнеттен, қайғыдан. Маңдайға басқан жалғыз ұлдан айрылған оңай дейсің бе. Сол ұлды қайта тапты. Енді жасарады. Сөзі дәлелді еді. Нартай сеніп қалды. Қосылып аңырағысы келді. Мойнынан құшақтады. Тер сасиды екен. Қайта құшақтамады. Бетінен сүйгізді. Сақал, мұрты жыбыр-жыбыр еткізіп, қытығын келтірді. Бірақ күлмеді. Күле алмады. Есіне Ертай түсті. Оның жылағаны. Өзінің жылағаны. Оның ағасының, яғни мұның, мойнынан тарс құшақтап ап айрылмай қойғаны. Өзінін оның, яғни інісінің, соңынан жүгіргені. Оның қара мұрты ширатылған ағаш аяқ адамның мойнында кетіп бара жатып артына қайрылып боздағаны. Өзін әлдекімдердің ұстап ап, мына сақалды шалға әкеп бергені. Ертай менің баурым деді. Иә, айналайын деді. Өзі сақалынан тарам-тарам жас ағып әлі жылап келеді. Ертай кішкентай, мен жоқта оны балалар ұрып тастайды. Ешкім ұрмайды деді сақалды. Неге сен оны да алмадың. Өз әкесі табылды деді сақалды. Нартайдың көңіліндегі күмән қайта тірілді. Ол менің туысқаным, екеуміздің әкеміз бір деді. Жыламай айтты. Мен қайтейін деді сақалды. Ол да жылағанын қойды. Мен қайтейін. Жаңа көрдің ғой. Алайын дедім. Бермеді. Өзімді сабап тастай жаздады. Қамшысына қарадың ба. Қос өрім дырау қамшы. Сонымен бір салса нем қалады. Қорықтым. Әлім келмейді. Әйтпесе Ертайды тартып алатын ем. Нартай үндемеді. Осыған да тәуба деді сақалды. Сені тағы біреуі алып кеткенде қайтетін ем. Рас, деп ойланды Нартай. Мені басқа біреу алып кеткенде қайтетін ем. Көкемнің... кімнің... осы сақалдының... кімнің... көкесінің алғаны жақсы болды.
— Міне, ауылға келдік, — деді сақалды көкесі.
Ауыл — сай етегіне тігілген жалғыз киіз үй екен. Үй алдыңда құлын байлаулы тұр. Анадайда сиырдың баласы мен бес-алты қозы-лақ жүр. Тура суреттегідей. Мө-ө-ө!.. Мә-ә-ә!.. Сиырдың баласы да, қозы да, құлын да мә-ә-ә, мө-ө-ө демеді. Ешқайсысы бұған мойын бұрмады. Бері жүрмеді. Оның есесіне үйден бір кемпір шықты. Басына аппақ ораған. Аппақ боп арқасын да жауып түр. Тура бағанағы апаныкіндей. Сонда сұраған. Кимешек-шаршы дейді. Кимешек-шаршы. Кимешек-шаршы тартқан кемпір қолымен көзін көлегейлей қарап сәл тұрды да, бері жүрді. Бейтаныс кемпір. Ол да мұны танымайтын сияқты. "Әкем-ау, мынау мұсылман ғой" деді. "Жарығым-ау, қазақ қой" деді содан соң. Сүйдеді де Нартайды бас сап құшақтап, аңырап қоя берді. Өлең айтып жатыр. Жылап айтып жатыр. Ара-тұра: "Арманда кеткен жалғызым-ау, аһ..." деп қайырады. Мұның жалғызы кім екен деп ойлады Нартай. Кемпірдің көз жасымен бет-аузы түгел су боп қалды. Тамағы мен мойнына дейін шыланды. Тіпті, аузына да тиіп кетті. Ащы, кермек екен. Нартай түкіріп тастады.
Көкесі бұл жолы жыламапты. Нартайды көтеріп, кемпірді сүйемелдеп, киіз үйдің ішіне кірді. Кемпір мойны ұзын сары құман әкеп көкесінің қолына су құйды. Үшеуі де беттерін жуды. Содан соң кемпір ортаға дөңгелек стол қойды. Дастарқан жайды. Ыдыс-аяқты салдыратып, босаға жақтағы ши ішіне енді.
— Әже неге жылады, жалғызы кім? — деп сұрады Нартай сонда ғана көкесіне сыбырлап.
— Жалғызы сенсін. Сенің табылғаныңа қуанғаннан жылады, — деді көкесі. Нартай ұға қоймады.
— Бұл кім? Біздің туысқанымыз ба?
— Иә, — деді көкесі. — Сенің апаң осы кісі.
— Менің апам өліп қалған, — деді Нартай.
— Апаң өлген жоқ, — деді көкесі. — Өлген адам тірі жүрмейді. Міне, көріп тұрсың ғой. Тірі ме?
— Тірі... — деді Нартай.
— Міне, осы — сенін анаң, — деді көкесі.
— Бұл тірі апа — менің апам емес. Менің апам өлген апа. Жерге көмгенін де көргем, — деді Нартай.
— Сонда өлмей қапты, — деді көкесі. — Өзім қазып алдым. Содан бері тірі. Қарашы өзің. Тірі болмаса өстіп жүре ала ма.
Рас. Тірі емес, яғни өлген адам қозғалмай жатады. Өлген адамға қозғалуға, жүруге болмайды. Апасы қозғалмай жатқан. Әлі ұмытқан жоқ. Одан бері екі рет қыс болды.
— Өзің сұрап көрші, тірі ме екен? — деді көкесі.
— Апа, сен тірісің бе? — деді Нартай.
— Не дейді?
— Тірімісің, денің сау ма дейді.
— Тірімін, шырағым, тірімін. Денім сау. Ірімшік же, айналайын. Қаймаққа қосып же.
— Енді өлмейсің бе?
— Өлмеймін, құлыным, өлмеймін. Сен барсың, неге өлейін. Енді өлмеймін.
Нартай сенер, сенбесін білмей, ойланып аз отырды.
— Бидай жоқ, айналайын. Енді мына әкең тауып әкеледі ғой. Қырманға астық түссін. Сосын бәрі де болады. Же, — айналайын, құрт же.
Нартай құрт та, ірімшік те жемеді. Нан болса да жемес еді. Іші алай-түлей.
— Алматыдан қашан келдің? — деді бір кезде.
— Ойбүу, жарығым, Алматы менің не теңім. Мына тұрған Нарынды да көргем жоқ.
— Оттапсың, — деді Тілеубай.
— Сен менің апам емессің, — деді Нартай. — Сен тірі апасың. Әжесің. Менің апам өлген. Ол әлі Алматыда тұрады. Таудың басында. Сол жерге апарып, шықпайтындай етіп, топырақтың астына көмген. Менің апам өлген апа.
Сақалды көке шай аяғын күтпей жұмысына кетті. Нартай да орнынан тұрды. Кимешекті кемпірдің өзін белінен орай құшақтаған қолын жазып, сілкіп тастап, сыртқа шықты. Үй іргесіне, көлеңкеге кеп біраз отырды. Дәл қасында жатқан, тілі салақтаған ала төбетке де қараған жоқ. Содан соң төбе басына шықты. Көк ала таудан бері, бөктерде бытырап мал жайылып жүр. Көп емес. Тегіс ірі қара. Бірақ көзге әрең ілінеді. Алыстан қарағанда бәрі солай. Үлкен нәрсе кішірейіп көрінеді. Ал кішкентай нәрсе мүлде көрінбейді. Сол арада тұрса Ертай да көрінбес еді. Бәрібір тауып алады. Көрінбесе де. Тек қайда кеткенін білу керек. Жаңағы көп ауылда болса табу оңай. Рас, ауыл да көрінбейді. Өйткені қырқаның астында. Ана көлденең қоңыр белден ары. Жап-жақын. Көкке ширатылған түтіндерін қарашы. Сол ауылда жүрсе табу оңай. Ертай барған үйдің апасы қандай екен. Біздің апамыз сол жақтан табылмас па екен. Жоқ. Табылмайды. Біздің апамыз өлген. Өлген адамды тұра алмайтындай етіп жер астына көмеді. Үстіне көп топырақ үйеді. Қайтіп шықпайды өлген адам. Шығуға болмайды. Ертай әлі жылап отыр. Жылап отыр. Барған үйінде қозы-лақ болса ғой. Ойнар еді. Жыламас еді. Қайтадан етекке түсті. Есік алдында жайылып жүрген бұзауға мінді. Мөңкіп-мөңкіп жығып кетті. Әжесі қорқып қалды. Бірақ еш жері ауырған жоқ-ты. Ұстап ап қайта мінді. Тағы жығылды. Шынтағы сыдырылып, қызылшақаланып қалды. Сонда да жылаған жоқ. Күлді. Өтірік күлді. Қозыға мінді. Көтере алмайды екен. Лаққа мінді. Ол да. Құлынға мінуге бойы жетпеді. Әрі батылы бармады. Әжесі айран әкеп берді. Ағаш тостағанмен. Ағаштан ойылған сырлы қызыл тостаған. Ішті. Тостағанның айраны тәтті екен.
Әжесімен бірге үйге кірді. Жан-жағына бажайлап қарады. Отты ортаға жағады. Жаңа көрген. Төбедегі түтін шығатын дөңгелек ағаштың аты шаңырақ екен. Уық. Кереге. Ши. Алматыда мұның ешқайсысы да жоқ болатын. Киіз үй де жоқ-тұғын. Жүкаяқ. Беті қаңылтыр өрнекті үлкен сандық. Қайқыбас сүйек төсек. Ағашы оюланған қара кебеже. Бәрі басқаша. Ал кітаптың ізі де, исі де жоқ. Бір де бір кітап жоқ. Сандық түбінде бір кітап жатыр деді әжесі. Құран. Көргісі келмеді. Екі кітап емес. Үш кітап емес. Жүз, жүз, жүз, тағы неше жүз кітап емес. Бір кітап. Оның өзі ескі кітап. Жоқ! Бұл — басқа үй. Басқа кісі. Басқа кісілер. Басқа көке.
Мен сенің көкеңмін деп өтірік айтқан сақалды ата кешке жұмыстан шаршап келді. Не қағазы, не қаламы жоқ. Жалғыз кітаптың өзін қолына алмады. Келесі күні де. Арғы күндерде де. Таң бозынан кетеді. Қас қарая шалдығып әрең оралады. Нартайды баурына басып, бет-аузынан, мойнынан сүйе береді. Қуырылмаған бидай сасиды. Ата. Жақсы ата.
Өзімен бірге қырманға, тағы бір үйлерге ерте бармақ еді, әжесі жібермеді. Шөлдейді деді. Ұйықтап қалады деді. Үйге үйренсін деді. Нартайдың өзінің де шыққысы келмеді. Ойлануы керек еді.
Неше бөлме екені есінде жоқ. Үй кең еді. Барлық бөлмелердің еденіне кілем төселген. Сәнді. Отыратын, жататын — сәкі ме, төсек пе, атын білмейді, — толып жатқан жұмсақ нәрселер. Әлденеше құлақты шам жарығына шағылыса жарқыраған неше түрлі ағаш — шкафтар, кебежелер. Шамға ілінген шыны қаншама; кебеже, шкафтардың үстіне қойылған құман ба, не ме... әлекей-шәлекей дүние қандай көп. Бірақ бәрінен көбі кітап еді. Бір үй толы кітап. Бұл — көкесінің кабинеті. Кіруге рұқсат жоқ. Үнемі берік. Көке жұмыста жүргенде кейде апа ашады. Қағаз, не кітап алады. Қолма-қол қайта жабады. Көке үйде барда да бұл бөлме ашық тұрмайды. Көке іштен бекітіп алып отырады. Кіру қайда. Маңынан жүруге болмайды. Тіпті, алыстан шулауға да. Бірақ Ертай ештеңені тыңдамайтын. Ақымақ. Өзі құралпас балалардан есті дейтін апасы. Тек әлі кішкентай. Айтқанды ұқпайды. Сондықтан да ақылы аз. Қалтақтап кабинеттің алдыңа жетіп келеді. Тұра қап сығалай бастайды. Не көрсін. Ештеңе көрмейді. Ол түгілі Нартай да ештеңе көріп тұрған жоқ. Есіктің шынылы көзіне көкшіл перде тартылған. Бір жақ бұрышындағы саңылаудан жазу столының бір сирағы, көкесінің кебіс киген екі аяғы көрінеді. Столдың сирағы қозғалмай бір орында тұрады. Ал көкесінің аяғы кейде қимылсыз қалады, кейде өзара айқасып, тербеле бастайды, ал кейде мүлде жоғалып кетеді. Яғни көке орнынан тұрды. Бірақ сыртқа шықпайды. Кабинет ішінде ерсілі-қарсылы жүрген дыбысы естіледі. Осы кезде ақымақ Ертай аңырап қоя береді. Көке өзі қояр деп бір сәт үнсіз қалады. Ертай қоймайды. Жылауын үдете түседі. Көке сонда ғана дауыстайды. "Апасы-ай, әкет мына бандиттеріңді". Апа естімейді. Ас үйде. Шыж-ж... Быж-ж... Тамақ пісіріп жатыр. Көке амалсыз есік ашады. Бұларды бәрібір ішке кіргізбейді. Есік саңылауын аяғымен көлегейлеп тұрып, қаттырақ дауыстап апаны шақырады. Алжапқышына қолын жүре сүртіп, асығыс басып апасы келеді. Жылап, көкесінің жұмысына бөгет жасаған Ертайды да, ешқандай жазығы жоқ Нартайды да жетектеп басқа бөлмеге апарады. Алдарына көп етіп ойыншық үйіп береді. Өзі тағы да кухняға кетеді. Апасының көзі тайса болды Нартай аяғының ұшымен басып, кабинеттің есігіне келеді. Ұзамай қалтақтап, аюын құшақтаған, не машинасын сүйреткен Ертай да жетеді. Тағы да сығаласып жатқаны.
Көкесінің жеке бөлмеде іші пыспай ұзақты күн өз еркімен қамалып отырғанда не шаруамен айналысатынын ұқпаған. Сол ұқпаған күйі қалды. Кабинеттің ішінде нақты не барын да білген емес-ті. Ақыры білді. Көкесі жоғалып кеткен соң. Ашық қалған сәтін аңдып жүріп, жалғыз өзі армансыз көрді. Төрт қабырға толы кітап екен. Еденнен төбеге дейін. Тегіс шыны астында. Неше түрлі әдемі кітаптар. Алып қарауға батпады. Тіпті, жерде, қызыл ала кілем үстінде шашылып жатқандарын да сыртынан ғана сипады. Стол үстінде, еденде қобырап жатқан қағаздарға да тимеді. Кейбіреулерін ғана ұстап көрді. Суреті жоқ. Ылғи жазу. Шимай-шимай.
Көп ұзамай бұлар басқа үйге көшті. Ертай да үлкейіп қалды. Тілі шықты. Мұнымен күресіп ойнауға жарады. Өзі мықты. Тек ақылы аз. Нартайдан аз. Басқа балалардан ақылды. Түрі көкесіне тартқан дейді апасы. Нартайдың ақылы тартқан. Көкесіне. Апасы да жақсы. Ол да көкеге тартқан. Бірақ өліп қалғаны жаман болды. Машина баспаса өлмейтін еді. Ақылсыз машина. Жауыз машина. Ақылсыз машина түзу көшеде де тура жүре алмайды. Жауыз машина қашанда жақсы адамды басады. Бір тәуірі бұл ауылда машина жоқ екен. Машина жоқ. Ат бар. Арба бар. Соқа, тырма бар дейді. Олар да кісіні баса алады. Бір жерден, тіпті, тоғайдың арасынан машинаның да шыға келуі мүмкін. Ертайды басып кетсе қайтеді. Ертайды... Жалғыз баурын...
Үш-төрт күн өткен соң әже кешке той жасаймыз деді. Той деген қызық болмайды екен. Он-он бес адам жиналды. Ылғи кемпір-шал, қатын-қалаш. Ойнамайды, күлмейді. Ет жеп алып өлең айтады. Шай ішіп алып өлең айтады. Бұл — әйелдер жағы. Ал еркектер ара-арасында күрсініп қойып, қырман дей ме, қызыл керуен дей ме, күбір-күбір әңгімеден аспайды. Сондай көңілсіз. Бірінің әнін тыңдасаң жылағың келеді, екіншісінің сөзін тыңдасаң ішің пысады. Той деген — түкке керегі жоқ, мазаны алатын артық жұмыс екен.
Бір жақсысы, Нартай еттен соң қонақ балалармен бірге сыртқа шығып, үй артында ақсүйек ойнады. Түгел ауыл балалары. Нартайдың танитыны — Рәшит қана. Оның көкесі колхоздың бастығы көрінеді. Өзі мақтанған жоқ. Басқа балалар айтты. Зигфрид те, Яков та келмеген. Ертай да... Оның есесіне тақырбас дүңген қызы Оля келіпті. Шешесімен бірге. Сақылдап күліп, ұшып-қонып отыр. Шешесі емес, — шешесі — беті үлкен, өзі де үлкен, орта жастағы дәу қара әйел екен, мойнын қисайтып, мықынын таянып, тапжылмай отырған қалпы аңыратып өлең айта береді, — сықылықтаған Оля. Ұлдармен ере шығып еді, Нартай желкесінен алды да, қыздар ақсүйек ойнамайды деп итеріп үйге кіргізіп жіберді. Бірақ бұлар бәрібір жөндеп ойнай алған жоқ. Кішкентайлары ойынға жарамады, ересектерінің саны аз болды. Бірін-бірі қуып, бос шулап, үйді айнала жүгіре берді. Тіпті, тобымен оты сөнбеген жерошаққа түсіп кете жаздады. Ақыры атасы мен әжесіне бауы берік болсын айтып, Нартайдың бетінен сүйіп, үлкендер үйді-үйіне тарай бастады да, ойын мүлде тыйылды.
Түні бойы қайта-қайта шошып оянып, жөнді ұйықтай алмай шыққан Нартай таңертеңгі тамағын апыл-құпыл ішті де, әжесіне анықтап жөн де айтпастан көпауылға тартты. Рәшит сілтеген жобамен Ертай тұратын үйді оңай тапты. Ертай да мұны сағынып қалған екен, анадайдан көріп, алдынан жүгіріп шықты. Келе мойнына асылды.
Үстіне тегіс жаңа киім киіпті. Екі иығына қызыл қадаған ақ көйлек, балағын көкпен әдіптеген қызыл шалбар. Тек аяғындағы ескі сандалы ғана бұрынғы. Екі қолымен бірдей Нартайдың ышқырынан ұстап ап, үйге қарай сүйреді. Есік алдында жатқан қара төбетті: "Кет, былай, атанның аузы..." деп тезекпен ұрып, қуып жіберді. Нартайды артынан итеріп ішке кіргізді.
— Мынау менің апам, — деді төсек алдында, тулақ үстінде ұршық иіріп отырған, басына сары екені, қызыл екені белгісіз, түсі оңған көнетоз шәлі тартқан жасамыс әйелді көрсетіп. — Апа, мынау менің ағам. Налтай. — Апасы Нартайға салқын жүзбен, қабағының астынан қарады да, ұршығын иіріп отыра берді.
— Көкем жұмыста, — деді Ертай. — Менің көкем білгәді. Мықты менің көкем.
Екі қамшысы бар екен. Бірін өзі алып кетіпті. Екіншісі — төрде ілулі тұрған. Тобылғы сап, сары ала шырмауықты үш айыр қамшы. Ертай өз бетімен ала алмады. Апасы әпермеді. Енді Ертай басқа қазына-мүліктерін көрсетуге кірісті. Он бес-жиырма асық. Солақай сампай. Ит екені, мысық екені белгісіз, сыры көшкен шиқылдақ рәзеңке қуыршақ. Күнге қарайтын жасыл шынының сынығы. Ағаштың қу бұтағынан жасаған екі айыр аша мен төрт тісті тырмауыш.
— Апа, бауылсақ бел бізге, — деді Ертай бар байлығын көрсетіп болған соң.
Апасы ұршығын жерге қоя сап, орнынан қозғалмаған күйі төсек астына үңілді де, бірдеңе алып шықты. Үн қатпастан алға қарай емініп, Ертайдың қолына ұстатты. Жалғыз бауырсақ екен. Ертай жалғыз бауырсақты ары-бері айналдырып, не істерін білмей аз бөгелді. Содан соң Нартайға ұсынды.
— Мә. Же. Біздің үйде бауылсақ көп.
Нартай алмады, өзің же деді. Ертай ойланып тағы біраз отырды, әйткенмен жемеді.
— Апа, тағы біл бауылсақ.
Апасы сонда ғана тіл қатты.
— Алдымен анауыңды жеп алсаңшы. Кешегідей ит алып кетеді. — Үні ызбарлы екен.
Ертай бауырсақты аузына сала салды. Апыл-құпыл шайнап, асығыс жұтты. Тамағына тұрып, қақалып қала жаздады. Көзінен бір тамшы жас шықты.
— Апа, тағы біл бауылсақ.
Апасы естіген жоқ. Сұп-сұр қалпы қырын қарап, ұршығын соза тартып отыра берді.
— Апа...
— Ақымақ! — деді Нартай. — Сенің апаң өліп қалған. Мынау — бөтен кісі.
— Әй, не дейсің? — Бөтен кісі ұршығын бұрқ еткізіп ортадағы күлге лақтырып, қолына темір көсеу алды. — Не дейсің ей, жетімек!
Нартай орнынан тұрып, есікке қарай беттеді. Қашқан жоқ. Дәл босағаға барып, кері бұрылды да, жаңағы сөзін толықтырып айтты.
— Екеуміздің шешеміз бірақ адам. Өлген. Алматыда, таудың басында жатыр.
Ашулы апа көсеуін көтеріп қоқақтағанымен, жіберіп ұрмады.
— Жоғал! Батыр қараңды! Енді қайтіп бұл үйдің маңынан жүрсең оңдырмаймын, — деді барылдай айғайлап.
Нартай көзінің алдыңдағы бір тамшы жас әлі құрғамаған, айран-асыр боп отырып қалған Ертайға тағы бір рет қарады да, бұрылып жүре берді. Көсеулі ападан қорыққан жоқ. Тіпті, іргеде жатқан итті, оның тісін ақсита ырылдап, өзіне ұмтыла жаздап барып тоқтағанын да аңдамады. Жайлап басып, белге шықты. Содан соң ғана артына қарады. Бауыры қалтиып есік алдыңда тұр екен. Нартай бұдан ары шыдай алмады. Бұрыла сап, ылдиға қарай жүгіре жөнелді. Үйге жеткенше жүгірді. Үйге жеткенше жылады.
***
Көп ұзамай оқу уағы болды. Ересек, үшінші, төртінші кластың балалары бұрынғыша қырман басында жұмыста қалды да, бірінші, екінші класта оқитын ұсақ балалар тегіс колхоз орталығына кетті. Тілеубай да Нартайды мектепке берді. Өзімізге бауыр басып әбден үйренсін, биылша қоя тур деген кемпірінің ырқына көнбеді. Жасы сегізде, онсыз да оқудан қалған бала, тағы бір жыл бөгеу — обал болады деді. Аталас ағайындарының бірінің үйіне тұрғызды.
Баламның азығы деп жарты қарын май, жарты қап құрт пен ірімшік апарып берді. Қысқа қарай бір қой, бір пұт талқан әкелем, тағысы тағы бола жатар деп, үй иелерін риза етіп қайтты.
Колхоз орталығы қырман басына жақын, он шақты шақырымдай ғана жер еді. Тілеубай кейде құлынды биеге мініп, түнделетіп, колға түскен бір қадақ, жарым қадақ бидайын жеткізіп тастайтын, баласының бетінен сүйіп қайтатын. Ал демалыс күндерін Нартай үнемі үйде өткізеді. Тілеубай сенбі күні жұмыстан соң, түнде барып, алдына мінгізіп әкеледі де, дүйсенбіде таң қараңғысымен қайта апарып тастайды. Бала аунап-қунап, көтеріліп қалатын. Қырман жиылып біткен соң ауыл арасы ұзады. Тілеубай бір қора қой алып, тау ішіндегі шалғай қыстауға көшті. Бұрынғы күнара қатынас тоқтады. Тіпті, ай бойы ат ізін салмады. Қысқы он күндік демалыста ғана түн қатып, борандатып жүріп, баласын әрең жеткізіп алды. Ал қар қопсыған, мал төлдей бастаған аласапыран марттағы алты күндікте хабарласуға мұршасы келмеді. Нартай өзінің жаңа ата-анасын оқу жылы бітіп, жер аяғы кеңіп, ел ойға, өзен бойына түскен соң ғана көрді.
Ертаймен де осы кезде әрең табысты.
Қыс бойы сағынып жүрген, қыс бойы көре алмаған. Тіпті, онкүндік кезінде де. Алыста, басқа бір қыстауда болды. Сондықтан бара алмады. Басқа бір бала барды. Үшінші класта оқитын ересек бала. Үйлері Ертайлармен бірге екен. Онкүндікте де, алтыкүндікте де барды. Онкүндікте де, алтыкүндікте де Ертайды көріпті. Кішкене ақ тон киіп алған дейді. Басында қаракөл малақай, аяғында сырма пимасы бар. Тентек дейді. Боқтампаз дейді. Бірақ Нартай қайшымен жапырақтап қиылған газеттің бетіне салып беріп жіберген аттың, қошқардың, текенің суреттерін алыпты. Қатты қуанған көрінеді. Ағама апарып бер деп екі бауырсақ жіберіпті. Алтыкүндік демалыс кезінде Нартай сәлемдемеге ат үстіне мінген батырдың суретін жіберді. Бір бет ақ қағаз тауып алып, көк қарындаштың тұқылымен әдемілеп салған. Ертай бір бауырсақ беріпті. Шеті кішкене тістелген. Нартай үш бауырсақты көпке дейін жеген жоқ. Тіпті, қарны ашқанда да. Жаңа ақ киізден тігіп жасалған портфелінің түбіне сап қойды. Ертайды қатты сағынған кезде алып көретін. Ақыры жазғасалым, өзегі талып, көзі қарауытқан ұзақ күндердің бірінде сабақ соңынан жеді. Тас боп қалған екен, тісі өтпей, көп кемірді.
Інісі суреттерді жоғалтпапты. Қырық бүктеліп, қалтасында жүр екен. Жазып көрсетіп еді, ештеңе табылмады. Бүктесіндері қырқылдап әбден тозған, жем-жем боп іріп кетіпті.
Ертайдың бойы өсе қоймапты. Бірақ денесі іріленгені байқалады. Басы үлкен, мойны қысқа, кеудесі зор. Ұрты салбыраған жалпақбет, төртбақ. Тіпті, танауы да тәмпіш. Нартайдай сұңғақ, әрі сұлу емес.
Елден асқан сотқар боп шықты. Үйінің маңынан бала жүргізбейді. Ит қосады. Тас лақтырады. Тек Нартайға ғана оғаш мінез көрсетпейді. Нартайдың өзі де бригадирдің үйі жаққа бармайтын. Ертаймен далада, ойын басында ғана кездеседі. Оны өші кеткен, қарымта қайырғысы келген балалардан қорғаштап жүреді. Бірақ кіп-кішкентай Ертайдың өзі ешкімге есесін жібермейтін. Ештеңеден қорықпайтын. Өзінен әлдеқайда үлкен балалармен де төбелесе кетуге әзір тұрады. Таяқта жейді. Кейде Нартайға да өзімен бірге таяқ жегізеді. Бірақ қайтпайды. Және бас, көзге қарамайды. Аяушылық дегенді білмейді. Қолына тас түссе де, таяқ түссе де іркілмей жұмсайды. Бүгін жеңілсе, ертең қайта бастайды. Сөйтіп, тентектерді тегіс ықтырып алды. Әлі келетін балалардың өзі онымен байланысудан қашатын.
Күзде оқуға алынды. Берденнің баласы да Тілеубайдың баласындай зирек деп жүрді мұғалім. Ал Нартай баяғыда-ақ білген, Ертайдың үздік оқитынын. "Тілі шықпай тұрғанда қолына қағаз ұстап отырғанды жақсы көретін. Көкесінің кабинетінің есігінен сығалап жүретін, не істеп жатыр екен деп. Солай. Ертай ақылды. Ертай бірінші кластың барлық баласынан артық оқиды. Екінші класта да, үшінші класта да, бесінші класта да... сөйтеді. Ертай көкесіне тартқан. Көкесі сияқты көп оқиды. Нартайдың өзі де. Ертай да. Нартай да. Әсіресе Ертай. Ешкімнің мұндай інісі жоқ. Рас.
***
Көктемде соғыс бітті.
Жұрт қуанған. Мәре-сәре болған. Көпшіліктің қабағы ашылды. Кейбіреулер, тіпті, той жасады. Бірақ бәрі бұрынғыша қала берді. Мұғалім төрт класты қосып оқытатын сабағын тәмамдап, жылдағы уақытында балаларды таратты. Тілеубай қыс бойы баққан қойын колхозға қайырып беріп, соқаға шықты. Бригадир Берден дырау қамшысын алып, тағы да ақтабан атқа мінді. Қырманға тақау жерге, өзен жағасындағы үйреншікті орнына бастықтың боз үйі бастаған, қоңыры, қарасы аралас он шақты шаңырақ орнады. Жұрт қатарлы егіс жұмысына жегілгенмен, жеке отырғысы келген төрт-бес үй қозы-лақ, бұзау-торпағымен аяқ жетер таяу маңға көшіп қонды. Ересек балалар соқаның басын жетектеп, тоған байласып, үлкендермен бірге жұмысқа кірісті. Ұсақ балалар сирақтары жарылып, табандары дүңкіп, күнұзақ жар жағалап жүгіруге, ертеден қара кешке дейін шалпылдатып суға түсуге, малта тас жинауға, көйлектерінің жаға, жеңін, дамбалдарының балағын буып, шабақ балық сүзуге кірісті.
Бәрі де бұрынғыша. Тек бәрі де өзгеше сияқты.
Неге бұлай екенін Нартай көп ұзамай білді. Ауылға бірлеп, жарымдап бейтаныс кісілер келе бастады. Үстері жыртық, жамау емес. Алба-жұлба, алқам-салқам емес. Тегіс жана киінген. Тегіс жинақы, әдемі киінген. Суреттегідей. Басқа бір жақтың, ырысты, берекелі ауылдың адамдары сияқты. Алыста тұратын бөтен біреулер сияқты. Бірақ бөтен емес. Осы ауылдың кісілері. Біреудің ағасы. Біреудің көкесі. Осындай ағасы бар балалар қандай бақытты. Осындай көкесі бар балаларда не тілек, не арман қалды екен.
Ағалар үздік-создық келіп жатты. Біреу. Екеу. Үшеу. Содан соң төртінші аға. Бесінші боп Рәшиттің ағасы келді. Рәшиттің ағасы. Басқарманың баласы. Алдыңғы жылы өлген еді. Өлді деген хабар келген еді. Рәшит, Рәшиттің басқарма көкесі, бүкіл ауыл өлді деп отырған. Өлмепті. Келді. Бір аяғы жоқ. Бір қолы жоқ. Бір қолының бес саусағы мен алақаны жоқ. Басы бар. Бір аяғы, жарты қолы бар. Аузы, мұрны, көзі тегіс орнында. Тірі. Бір орыс тәте ертіп келді. Аты Сестра. Шашы сары. Көзі көк. Жүзі жылы. Рәшиттің ағасын ертіп келді де, бөгелмей қайтып кетті.
Басқарма той жасады. Өзінің баласының, яғни Рәшиттің ағасының бір бас, бір кеуде, бір аяқ, жарты қолымен аман-есен келгеніне. Бүкіл ауыл жиналды. Колхоздың орталығынан да, фермадан да кісілер келді. Нартай да барды. Ертай да болды.
Рәшиттің ағасы көп әңгіме айтты. Тілі кәдімгі тіл. Снаряд жарылғанда аузына оқ тимепті. Оқ тимеген соң дәрігерлер тілін де, басын да кеспепті. Айтпақшы, басына да оқ тиіпті. Миына жетпей тоқтаса керек. Кішкентай ғана жарықшақ дейді. Дәрігерлер құйқасын сыпырып қаншама іздеп, әрең тауып алыпты. Құйқаны ғана тілгілеп, бастың өзін орнында қалдырған. Әйтпесе шын өледі екен. Басына тиіспей, аяқ-қолын ғана кескен соң қайта тіріліп кетіпті. Көп жұрт жылады, көп жұрт қуанды. Жаны ашығандар жылады. Мүмкін, біздің де баламыз тіріліп кетер деп үміттенгендер қуанды. Қаралы қағаз алғандардың бәрі жапырлап Рәшиттің ағасының қасынан шықпады. Пәленді көрдің бе дейді. Түген қайда дейді. Көрмеген. Білмейді. Тек Орақтың көкесімен ғана бірге соғысыпты. Қара қағаздың айтқаны рас деді. Менен жарты сағат бұрын өлді. Тура осылай, көз алдымда жатып жан тапсырды деді. Орақтың апасы бетін жыртып, дауыс салып қоя берді. Нартайдың төбе құйқасы шымырлап, зәресі ұшып кетті. Рәшиттің ағасы да сөйте керек. Маңдайынан бұршақтап тер шығып, өңі көгере бозарып, сіресіп қалды. Жаман болды.
Көп ұзамай қайтадан күліп, әңгіме айта бастады. Туған жердің топырағын басып, суын іштім, тағдырға ризамын дейді. Манағыдай дабырламағанмен, әркім өзіне керегін сұрап жатыр. Бірақ Рәшиттің ағасы Орақтың көкесінен басқа жұрттан бейхабар боп шықты. Бригадир Берденнің балаларының, яғни, Ертайдың екі ағасының да хабарын білмеді. Нартай білетін. Ертайдың ағасы өзіне аға болмайтынын. Өзінін ағасынын Ертайға аға болмайтынын да. Өйткені Тілеубай мен Берден бұлардың әкелері емес. Аталары да емес. Жай туысқан. Ол екеуі, яғни, Тілеубай мен Берден өзара араз, бөтен адамдар, ал бұл екеуі, яғни, Нартай мен Ертай бірге туған. Ағайынды. Апалары өлген. Көкелері жоқ. Көкелері... Мүмкін...
Нартай денесі бір қызып, бір суып, бата алмай көп отырды. Сосын сұрады.
— Менің көкемді көрдіңіз бе? — деді
— Кім? — деді Рәшиттің ағасы. — Кім ол?
— Ертай екеуміздің көкеміз.
— Кім? — деді Рәшиттің ағасы жан-жағына мойнын бұрып.
Ешкім жауап бермеді. Бәрі көзімен жер сүзіп қалған.
— Кімнің баласы?
— Тілеубайдың баласы, — деді әлдекім. — Детдомнан3 асырап алған.
— Тәйт! — деді біреу зекіп. — Бұл — Тілеубай ағаңның шаңырақ иесі — азаматы. Аты Нартай. Тілекең көкпарда аттан жығылып, аяғы сынып жатыр, өзі келе алмаған соң баласын жіберген ғой, сізге сәлем берсін деп.
— Е—е... — деді Рәшиттің ағасы. — Е, пәлі, — деді демігіп. — Тілекеңнің кенжесі екен ғой. Менің Рәшитімнің жолдасы екен ғой. Кел, айналайын, бетіңнен сүйейін.
Нартай бармай қойды. Омырайған иықтан, шолтиған жарты қолдан қорықты. Әйтсе де біреулер қолтығынан көтеріп, Рәшиттің ағасынын алдыңа отырғызды. Рәшиттің ағасы бетінен сүйді. Ерні мұздай. Білегімен, яғни, жарты қолының ұшымен басынан сипады. Жұп-жұмсақ.
— Жігіт-ақ еді шіркін, — деді күрсініп. — Әй, тамаша жігіт еді... Әуелде бірге ойнадық. Сосын бөліп жіберді. Мен атты әскерге кеттім. Оны снайпірге4 шығарды. Біздің балалардың көбі не атты әскерге, не снайпірге тіленді. Жаяулағаннан гөрі ат үстінде жүрген тәуір ғой дедік. Көз ашқалы көргеніміз ат. Жаяу соғысады деп кім естіген... Снайпірлер атты әскерлердей қырылған жоқ. Олар да өлді, бірақ біздей тобымен кеткен жоқ. Мерген-ақ еді ғой шіркін... Мақтағанын майдан газетінен де оқыдым... Содан соң... Жылама, айналайын... Тірі... тірі шығар. Мен қайдан білейін. Мың мілион әскер... Өлгенін өз көзіммен көргем жоқ. Бір жерде жүр ме, кім білсін... Мына мен де кескен ағаштай кеудемді сүйретіп... Не өмір... Не тірлік... Өлгендерде арман бар ма... — Рәшиттің ағасы қыстығып сөйлей алмай қалды. Жұрт қауқылдасып, жамырап жатты. Нартай көзінен жасы сорғалаған күйі алды-артына қарамай сыртқа бір-ақ атқып шықты. Осы ауылға келгеннен бері екінші рет жылағаны. Бірақ бұл жолғысы — қуаныш жасы еді.
Бірге ойнадық, көрдім дейді. Тірі болуы да мүмкін дейді. Тірі. Бір жерде жүр. Қолы тимей. Әскерден босатпай. Келеді. Ертең-ақ келеді.
Нартай көкесінің келуін күтті. Таң атқаннан кеш батқанға дейін қарауылдап төбе басында жүреді. Ауданға баратын үлкен жолды күзетеді.
Кейде жалғыз салт атты көрінеді. Кейде екі-үш атты көрінеді. Кейде бірінің артынан бірі шұбатылған өгіз арбалар, не қайтқан қаздай тізілген түйелер келе жатады. Нартай жүрегі лүпілдеп, көзі жасаурап төбе басында ұзақ отырады. Сосын жолаушыларды ауылға тақағанда ғана көрген басқа балалармен қоса жүгіреді. Балалардың көбі арбаға міну, атқа мінгесу үшін. Ал бұл көкесі үшін. Бірақ көкесі жоқ боп шығады. Аяңдай басқан жалғыз атты — орталықтан келе жатқан басқарма; жүгіріп шыққан балалардың ең бұрын жеткенін алдына, одан кейінгісін артына мінгізеді, сәлден соң бұларды басқа балалар алмастырады; Рәшитке кезек ең соңынан, әкесі ауылға жетіп, аттан түскен соң ғана тиеді, бірақ ол ешкімге мінгеспей, ешкімді мінгестірмей, атты жалғыз өзі иеленеді. Желе жортқан екеу — ауданнан шыққан уәкіл мен әктеп5 Дәуренбек; олар ешкімді де алдына мінгізбейді, жамырап жеткен балаларға оқшырая қарап, қара жолдың шаңын бұрқыратып өте шығады. Нағыз қызық — арбалылар мен түйелілер келгенде болады. Бұл — қоймаға астық өткізіп қайтқан керуен. Кейде арбаға ілесіп, ие түйеге мініп әскерден оралғандардың бірі келеді. Ондайда керуен көрінісі әдеттегіден өзгешерек болады. Қанша мимырт келе жатқанымен, дәл ауылға тақағанда суыт жүреді. Өгіздерін үсті-үстіне қамшылап, арбаларын салдыратып, бірер шақырымнан айғайлай бастайды. Немесе біреу жүрдек түйеге міне сала ауылға қарай шабады. Тымағын бұлғап айдаладан сүйіншілейді. Мұндайда балалар тұрғай үлкендердің өзі орымдарында отыра алмайды. Тайлы-таяғы қалмай бүкіл ауыл боп қарсы жүгіреді. Үлкендерден шырқап ұзаған балалардың ішінде Нартай да кетіп бара жатады. Ақыры балалар керуенге тақайды. Бұлар жете бергенде арбадан әскери киінген біреу қарғып түседі. Балалар оның кім екенін анық білмейді. Білмесе де қойып кетеді. Шулай жапырлап бірі мойнына асылады, бірі арқасына мінеді, бірі аяғын құшақтайды. Үлкендер де жетеді. Құшақтасып, көрісе бастайды. Біреу жылап, біреу күліп әжептәуір уақыт өтеді. Нартай сонда ғана біледі, келген адамның кім екенін. Басқа бір баланың көкесі. Басқа бір баланын ағасы. Басқа бір баланың жақыны.
Үмітпен келер күнді тосады.
Ертеңіне де, бүрсігүні де, арғы күні де көкесі келмеді. Апта өтті, ай өтті — келмеді. Тіпті ешқандай хабары естілмеді. Күз болды, оқу басталды — жоқ. Күн суытты, қара жаңбыр жауды — жоқ. Қыс түсті — әлі жоқ. Нартай сонда ғана түсінді. Күтуі бекер. Келмейді. Мұнда келмейді. Қайдан келсін, балаларының осында екенін білмейді.
Ертайға айтты. Ол қазір кішкентай кезіндегідей ақымақ емес. Жасы сегізден асты. Екінші кластың озат оқушысы. Миы көп. Бәрін түсінеді. Біздің көкеміз келді деді Нартай. Біздің көкеміз. Алматыда. Екеуіміздің қайда жүргенімізді білмейді. Алматыдағы кең, жарық үйімізде кабинетінің есігін бекітіп алып, көп кітаптың ортасында отыр. Бізді таба алмай отыр. Өзіміз баруымыз керек. Үйді табам деді Нартай. Биік үй, үш қабат. Қасында фонтан бар. Фонтан деген — суы көкке шапшып жататын бұлақ. Иә, көгалы да бар. Сол арада сен де ойнағансың. Алматыға жетсек болды, табам. Ал Алматыға жету үшін поезға отыру керек. Барлық поезд Алматыға барады. Нарыннан мінеміз. Нарын бұл арадан жүз тоқсан шақырым. Есеп кітабында айтылған, жаяу адам сағатына бес километр жер жүреді. Отыз сегіз сағаттық қана жол. Шаршаса дем алады. Түнде қар астына кіріп ұйықтайды. Ана тілі кітабында солай жазылған.
Ертай бәрін де құптады. Тек онкүндікке қашан келеді деп күтіп отырған көкесін қимайды екен. Мен де осындағы атамды сағындым деді Нартай. Бірақ бізді өз көкеміз іздеп жатыр. Осында жүре берсек бізді жоғалып кеткен екен дейді де, өліп қалған апамыздың орнына бөтен апа кіргізіп алады, басқа бала тауып алады. Содан соң мүлде көкесіз қаламыз. Бұл соңғы сөз Ертайға әсер етті. Онда кеттік деді. Бірақ дайындықсыз кете салуға болмайды. Алматыға барғанша жетерлік азық әзірлеп алу керек. Екеуі бірнеше күн тамақтарынан жырып, құрт, ірімшік, бауырсақ жинады. Енді қарайлайтын ештеңе қалған жоқ.
Келісім бойынша жұрт көзіне түспей, таң қараңғысынан тұрып, суат басында кездесті. Ертай уақытында келгенімен, әлі қобалжып тұр екен. Осындағы апасын қимайды. Осындағы көкесін қимайды. Нартай ұрса алмады. Өзі де атасы мен әжесін қимай тұрған. Бірақ сыр бермеді. Барған соң хат жазамыз деді. Жазда демалысқа келеміз. Тез Алматыға жету керек. Әйтпесе өз көкелерінен айрылады.
Екеуі бұдан ары бөгелмеді. Шана салған жол ирелеңдей созылып, көзкөрім жерге дейін сайрап жатыр. Жүре бересің, жүре бересің, жүре бересің. "Қызыл ту" колхозына жетесің. Аялдамайсың, әрмен асасың. "Азат" колхозына барасың. Одан да өтесің. Жүре бересің, жүре бересің... Нарын... Алматы... Алатау...
Балалар ауылдан қозыкөш жер ұзағанда оқыс күн суытып, жапалақтап қар түсе бастады. Алда келе жатқан Нартай екі ойлы боп, бөгеліп қалды. Артынан жеткен Ертайға қарады. Танауынан бу бұрқырайды, екі беті қып-қызыл.
Аспан тұтасып, қар қаба жаууға айналды. Нартайдың көңіліне қорқыныш енді.
— Қайтайық, — деді. — Адасып кетеміз.
— Адаспаймыз, — деді Ертай. — Міне, алдымызда жол жатыр.
— Қайтайық, — деді Нартай.
— Оқудан қалып қойдық, мұғалімге не айтамыз?
— Қайтайық, — деді Нартай жалынышты үнмен. — Үсіп өлеміз.
— Үсімейміз, — деді Ертай. — Енді бір сағат жүрсек сиыр фермаға жетеміз.
— Жете алмаймыз.
— Тұмсық астында тұрған фермаға жетпегенде, алыс қалған ауылға қалан барамыз?
— Жел арттан. Қуалап отырады. Қайтайық.
— Өзің қайта бер, — деді Ертай. — Мен кеттім. Тура Алматыға. Сен бәрін білесің. Апаны да, көкені де көрдің. Мен ештеңе білмеймін. Апаны да, көкені де көргем жоқ. Менің де көргім келеді. Сен айтқан үйді өзім-ақ табам.
Өзін ұстамақ болған Нартайдың қолын сілкіп тастады да, шана табанымен тығыздалған қарды сықыр-сықыр басып, алға қарай жүре берді. Ілгерінді-кейінді жалтақ- жалтақ қарап сол тұрды да, Нартай інісінің соңынан ерді.
Қар ұйтқи жауып, үйіріліп соға бастады. Жел күшейіп, аяз қатая түсті.
***
Жоғалып кеткен балалар боран басылған соң, тоғызыншы күн дегенде әрең табылды. Алдымен Нартай жығылыпты. Сынар пимасы бір жақта, малақайы бір жақта. Тонының омырауы ашық. Суық әбден жеңген кезде жанталасып, үстіндегі киімдерін шешіп, лақтыра бергенге ұқсайды. Ақыры пималы аяғын бүге, шалқалай, ұзынынан сұлап түсіпті. Ертай көкке қарап тізерлеп отыр екен. Ағасының жалаңаш басын тас қып құшақтап алған. Сол құшақтап отырған күйі қатып қапты.
Балалар бораннан құтылып, ықтасын тау ішіне ілінген кезде ғана бағдардан айрылса керек. Сиыр фермасы үш-ақ жүз қадам жерде тұр екен.
ҮШІНШІ ТАРМАҚ. ЯКОВ — ЖАҚЫП
Қай ұлт екенін өзі де білмейді.
Алғаш келгенде орыс дейтін. Ғажап емес. Тіпті, күмәнсыз нәрсе. Бірақ қазақтар әдетте түр-тұлғасы өздерінен бөтен, көзі көкшіл, өңі сары адамдардың бәрін орысқа балайды. Сондықтан ересек тартқан кезінде өзінің орыс екеніне шүбалана бастаған. Бәлки, украин, иә белорус шығар. Немесе поляк, тіпті, еврей болуы да мүмкін. Әйткенмен өзін орыс санайтын. Орыс и все!6 Ал бұл кезде ауылдастары мұның орыс екенін де ұмытып кеткен. Жақып. Жақып Көбегенов. Өзара "әлгі Жақып", басқа Жақыптардан айырып айту керек болса "Көбегеннің Жақыбы деп сөйлейтін. Жақып: "Осы мен қазақ емеспін бе" деп ойлай бастаған. Шет жақта жүрген қазақтардың бірі орысқа немесе полякқа, немесе еврейге үйленуі мүмкін ғой. Бірақ қанша ойланғанымен әкесін көзіне елестете алмайды. Сары ала киінген әскери адам екенін біледі, жалпақ қоңыр белбеуі, былғары қапты ауыр тапаншасы болғанын біледі. Түр-түсі, аты-жөні тегіс ұмытылған. Бәрін ұмытқан.
Есінде қалғаны — күздің қара суығында әлдебір қалада шешесі екеуі поезға отырды. Жұрт абыр-сабыр. Өңдері жадау, жүздері сынық. Ал бұған бәрі қызық көрінген. ЬІсқыра пысылдаған паровоз да, бірінің үстіне бірі шыға сығылысқан, шаң-шұң ұрысып, абұр-дұбыр сөйлескен қатын-қалаш, кемпір-шал, бала-шаға да. Жол бойы көңілді болды. Поезд аз жүріп, көп тоқтайды. Жүрсе жұрт тыншып, тоқтаса берекесіздене бастайтын. Бұған бәрібір еді. Көргендерінен көз ала алмады. Істіктері сорайған ұзын мылтық асынған, сұр шинельді жаяу әскерлер. Артына зеңбірек тіркеп, үстіне батыр солдаттар тиелген ашық, иә жабық машиналар. Танктер! Көп танк. Бірінің соңынан бірі тізіліп, қоңыздай өріп барады. Бір ғажабы, әскерлер де, машиналар да, танктер де поезбен бірге жүрген жоқ, қарама-қарсы бағытқа бет түзеген. Бәрі де бұлар шыққан жаққа қарай бара жатыр. Қоса жүрсе қызығырақ болатын еді. Ең жаманы, самолет көре алмады. Көрсет деп шешесін мазалай берген. Ақыры арада екі түнеді ме, үш түнеді ме, оны да көрді. Поезд таң атқаннан бері әлдебір кішкене станцияда бөгеліп тұрған. Асыға күткен самолеттері түс кезінде жетті. Өздері шыққан жақтан. Лек-легімен, қатар-қатар тізіліп. Көп. Мұның екі қолындағы саусақтары шамалас. Жұрт қызыққа қараудың орнына бытпырақай болды. Шешесі самолет санауға да мұршасын келтірмей, мұны қолынан жетектеп алып, жұртпен бірге аулаққа қарай жүгірді; топырағы алынған әлдебір шұңқырға жетер-жетпесте, қаусыра басып, етпеттеп жата кетті. Яков осы кезде ғана қорыққан. Тұншыға жылап қоя берді.
Бұдан ары не болғаны еміс-еміс қана есінде. Тарсыл-гүрсіл дауыстан аспан шайқалды, беліне тиген соққыдан жер теңселді. Көк ала түтін, қызыл ала жалын. Жер тулаған шақта жұлын тұлғасының үзіліп кете жаздағанын біледі. Шешесінің өзін баса-жаншып, үстінен аударылып түскенін біледі. Дүние құлаққа ұрған танадай тым-тырыс бола қалған кезде көзін ашқанын біледі. Шешесінің оң жақ қолымен жер тырнап, оң жақ аяғымен жанталаса тебініп, тулап жатқанын біледі. Шынтақтан сынып салбыраған сол қолдан, қара саннан үзілген сол аяқтан шүмектей шапшыған қызыл ала қан көз алдында. Мыж-тыж болған, әлдебір сіңірге ілініп, аяқ-қолдың тұқылымен қоса шоршып жүрген қып-қызыл ет, жартылай қанға бояла сорайған аппақ сүйек көз алдында. Бұдан соң не болғанын білмейді.
Жадында сақталған келесі үзік сурет дәрі иісі шыққан таза, жылы бөлме, ақ халатты тәтелер. Жүрген дыбыстары естілмейді. Сөйлемейді, тек ауыздары ғана жыбырлайды. Дүние бойындағы бар дыбысынан айрылған, сілтідей тынады да тұрады. Басында бұл ғажап құбылысқа таң қалған. Екі-үш күннен соң бір жақ құлағы жеңілейгенде ғана аңдады, дыбыстан айрылған өзі екен. Әр адамның аяқ басысына, тысыр еткен дыбысқа, әрбір сөзге үрке қарады. Өзімен бірге жатқан үлкен-кішісі аралас адамдардың, аппақ, тап-таза тәтелердің кім екенін ұқпады. Тіпті, өзінің кім екенін, қайдан кеп, қайдан тұрғанын да есіне түсіре алмады. Төңірегіндегінің бәріне таңырқаумен, үнсіз таңырқаумен болды. Сол күні түс көрді. Шешесінің қолынан ұстан алған, қашып келе жатыр. Өкпесі өшкен, буындарынан әл кеткен. Бірақ арттан тықсыра қуған әлдебір құбыжықтан зәресі ұша қорқып, шаршағанына қарамай жүгіре берді. Көп жүгірді. Күні бойы, түні бойы. Құбыжық соңдарынан қалмайды. Шешесі екеуі бірдей шаршап, бұдан ары жүгірмек түгілі аяқтарын да басып тұра алмай, еңбектеуге көшті. Осы кезде ғана артына қарады. Самолет екен бұларды қуған. Мотор орнында басы тұр. Тұмсығы имек, үшкір, көзі оттай жанады. Қу ағаштың бұтағындай тарбиған ұзын тырнақтарын жайып жіберген, жер бауырлай ұшып келеді. Жақындап қалды... Жетті... Бүреді енді... Бүреді!.. Самұрық самолет мұны қанатының ұшымен қағып жіберді де, шешесін іліп ала жөнелді. Шешесі шоршымайды, туламайды. Құбыжық құстың тырнағында қол бұлғап, күліп кетіп барады. Бұл қорқып, бақырып қоя берді. Біреу лып еткізіп, жерден көтеріп алды. Бауырына баса құшақтап, жұбатып отыр. Бұл бақырып, жылай берді. Ақ халатты тәтелер абыр-сабыр боп қасына жиналып қалды. Кезекпе-кезек қолына алды. Бірі аймалап, бірі сүйіп жатыр. Бұл жылауын үрдіс күшейтті: шешесінің қан атқылап, сүйектері ырсиған аяқ-қолы көзіне елестеген; әкесінің жалпақ қоңыр белбеуі мен былғары қапты ауыр тапаншасы есіне түскен, өзінің кім екенін ұққан. Бірақ үш ай бойы құлақ, тілден қабат айрылып, өмір мен өлімнің арасында жатқанын, бір құлағы алдыңғы күні ғана ашылып, тілі бүгін, осы жаңа ғана шыққанын білмейтін.
Тәтелер жабыла жұбатып, ақыры жылағанын қойғызды. Біреуі жарты шақпақ қант әкеп берді. Екіншісі әлдебір шиқылдақ ойыншық ұстатты. Ананы-мынаны сұрап, сөйлеспек болды. Бірақ мұның басы ауырып тұр еді. Сөздерінің көбін анық естімеді. Естігендерін нақты түсінбеді. Түсінгендеріне жауап бергісі келмеді. Тек болмай қойған соң бір-ақ сауалға жалғыз сөзбен жауап қайырған.
— А... а... ақ-ып!
— Яков! — деді тәтелердің бірі. Қосылып бәрі жылады.
Тәтелер тамаша еді. Емхана жақсы еді. Балалар үйі. Яковқа ұнамады. Әлденеше рет поезға мінді. Әлденеше рет орын ауыстырды. Бәрібір. Айырмасы аз. Жиырма-отыз балаға бір-ақ шеше. Оның өзі кезекпен ауысып отырады. Үлкен балалар тентек. Кішкене балалар шақар. Тіліне, сөзіне күледі. Айтқанды уақытында естімей қалғанына немесе шала, я жаңсақ ұққанына күледі. Айналасы екі жыл ішінде тұйықталып, тағы тартып кетті. Үнемі саяқ жүреді, үнемі түнеріп жүреді. Келе-келе мүлде тасбауыр боп алды.
Ол өзінің алыстан келгенін, бұл — түр-тұлғасы бөлек жат жұрт жайлаған жер екенін білетін. Білетін де өзін жай жетім емес, мүлде бөтен сезінетін. Бірге жүрген балалардың басым көпшілігі өзі түстес екенін мүлде есепке алмас еді.
Неге екенін білмейді, үнемі әлденендей өзгеріс, ғажайып іс күтті. Ақыры жаздың жылы күндерінің бірінде тәтелері көп ұсақтың ішінен жастары шамалас он шақты баланы бөліп алып қалды да, олардың ауылға баратынын, ал ауылда әке-шешелері күтіп отырғанын хабарлады. Балалар қуанып шулап, азан-қазан болды. Яков та қуанды. Бірақ ол құлағы сау, тілі бүтін балалар құсап ойнақтап жүгірген жоқ. Осылай болатынын, әкесі мен шешесінің өзін тауып алатынын баяғыда білген.
Ауылға баратын бұлар ғана емес екен. Көп бала. Дені ересек, он төрт, он бес жастағылар. Олар өздерін еркін, тәуелсіз кейінге ұстады. Қалталарына қолдарын салып, шырт-шырт түкіріп, бұрқыратып темекі тартып, кердеңдей басады. Алып кетуге келген кісілерді көп елеп, тыңдай қойған жоқ. Жол бойы да, кейде арбадан ескіріп түсіп, алысып, кейде бірін-бірі қуып айдалаға қашып, кейде, тіпті, өзара төбелесіп, жұрттың берекесін кетірді.
Он шақты өгіз арбадан құралған керуен аудан орталығына төрт қонып әрең жетті. Жол ауыр болды. Әсіресе соңғы күн титықтатты. Арбаға жегілген өгіздер сілекейлері шұбырып, мүйіздерін шайқап қойып, бірқалыпты ілбіген аяннан танбайды. Майы таусылған дөңгелектер сықыр-сықыр етіп, оңды-солды қиралаңдап әрең айналады; шабағын санап отыруға боларлықтай. Бірде тобылғы, көкпек, бірде қалын көде арасымен ирелеңдеген қара жол таусылмайды, ұшы қиырсыз. Бір белестен екінші белеске, бір қырдан екінші қырға жалғасып, шұбатылып жатыр. Балалар өнімсіз мимырт жүрістен әбден қажыды. Алғашқы күндегідей жолды кесе қашқан қоянға, көз көрім беткейде мойнын соза секемденіп тұрған дуадақтарға қарауды да қойды. Тентектер де төбелестен, алыс-жұлыстан тыйылды. Түскі аялда бұларға үш күннен бері қорек боп келе жатқан сабадағы іркіт те таусылды. Үлкендерінің қарны ашып, кішілері шөлдей бастады. Ақыры кеш бата көше тәртібінсіз, бірде іркес-тіркес, бірде ұйлығыңқы, бірде шашыраңқы салынған, өңкей жайпақ төбелі, жатаған үйлерден құралған үлкен селоға келіп кіргенде бәрі қуанды.
Ертеңіне таңертең бұларды көруге кісілер келді. Іштерінде әскери киініп, пистолет асынған ешкім жоқ. Түгел өңдері тотығыңқы, қара көз, қара мұрт, қара сақалды, тымақ, шапанды қазақтар. Мына балалар менікі болады деп жеті-сегізден бөліп әкетіп жатты. Көп ұзамай, түндегі елу-алпыс бала түнеп шыққан аткомның кеңсесінде он-он бес ұсақ бала ғана қалды. Сорпа, шалап ішісіп, бұлар кеңсеге тағы бір қонды.
Азаннан оянып, қайтадан арбаға міністі. Көбі ұйқысын да ашып үлгермеген еді. Таңғы салқынмен дірілдеп тоңып, әрі қарындары ашып жылай бастаған. Арбамен қабаттасып ат үстінде келе жатқан маңдайы әжім-әжім, шегір көз, жалпақ бет, сирек мұртты қартаң қазақ қазір үйлеріне барасыңдар, әке-шешелеріңді тауып аласыңдар деген соң жылағандарын қойды. Мұртты қазақ қыңқылдаған балаларды кезекпе-кезек алдына алып, жол бойы әңгіме айтып отырды. Зер сала тыңдаған Яков бәрін де естіді, бірақ ештеңе ұққан жоқ. Кәрі қазақтар орысша сөйлемейді екен. Яков жүзі жылы болғанымен орысша сөйлемейтін боз атты кәрі қазаққа да, орысша білгенімен өңі суық, арбамен қатар жүрмей, кейде озып, кейде қалып, үнемі тыпыршумен болған құла атты жас қазаққа да, арба айдап отырған, бір ауыз тіл қатпай, жан-жағына бірде-бір рет бұрылып қарамай, жол бойы ыңылдап өлең айтумен болған мосқал қазаққа да күмәнмен қарай бастады. Әкесі мен шешесі түр-тұлғасы да, тілі де бөтен осындай адамдардың арасында тұрады дегенге сенгісі келмеді.
Яковтың күмәны шындыққа айналды. Бірге келген балалардың бәрі де ата-анасын тапты. Өздерін әкелген кәрі қазақ — Рәшиттің әкесі боп шықты. Жол бойы қайта-қайта алдына ала беріп еді. Зигфридтің әкесі — Чапай сияқты ширатылған ұзын бурыл мұртты, оған қоса аппақ сақалы бар, Чапай сияқты арғымақ ат мінген, қылыш орнына сары ала қамшы ұстаған тәкаппар ақсұр шал екен. Бірі әке-шешесімен қауышты. Ең аяғы тақырбас Оля да. Тек Яков қана әкесіз қалды. Шешесін таба алмады.
Рас, далаға тастаған жоқ. Ақыр аяғында мұны да біреу ертіп әкетті. "Я твой мама"7 дейді. "Я твой мама" дей береді. Яков өзінің мамасын ұмытқан жоқ. Көзі тұнық көк, шашы қызыл жирен, екі бетінен қаны тамған ұзын бойлы, толық ақсары кісі еді. Ал мынау қара көз, қара шашты, талдырмаш дене, орта бойлы, қараторы келіншек. Мамасы орысша сөйлегенде ағын тұратын. Ал мынау — орысша бір-ақ ауыз сөз біледі. Оның өзін қате айтады. Оның өзін өтірік айтады. "Я твой мама". Қайдағы мама. Бөтен адам. Бөтен мама.
Бөтен мама мұны қолынан жетектеп, ауыл шетіндегі өз үйіне алып келді. Басқа үйлердей еңселі емес, жапырайған кішкентай қос екен. Үлкен кісі қақ ортасында тұрмаса бой жаза алмайды. Отырғанда екі адам әрең сиярдай. Әйткенмен қос Яковке қатты ұнады. Ойынға арналған үйшік сияқты. Өзін еркін сезініп, қоқиланып қалды.
Алдына шеті кетік ағаш тостағанмен кішкене қаймақ, қол басындай жұмсақ ірімшік келген соң тіпті көңілденіп кетті. Жаңа ана үйде отырғанда ас батпап еді, тәбеті ашылып, дымы шығып тұрған сары ірімшікті қарбыта асап, қою, тәтті қаймақты түбіне дейін жалап-жұқтап жеп қойды. Содан соң бір аяқ айранды тағы ішіп алды.
— Оһ! Оһ!.. — деді қарнын сипап, мәз боп күліп. Іші сыздап кеткен еді. Бөтен мама да күлді.
— Апа, — деді сұқ қолын шошайтып, өзін нұсқап. — Апа! — Аты Апа екен.
— А-па, — деді Яков. Айтуға оңай, тілге жеңіл жақсы сөз. — Ана, — деді екінші мәрте қайталап.
Апа қуанып кетті. Басынан сипап бірдеңе деді. Яков түсінбесе де көңлі өсіп, марқайып қалды. Әйтеуір бір жақсы сөз айтып тұрғанын сезген.
Апа айран ішіп, құрт жеді де бір жаққа кетті. Яков үйде жалғыз қалды. Есік ашық болса да сыртқа шыққан жоқ. Апа іргені түріп берген. Құрым киіз үстінде етпеттеген қалпы, үй-үйден бытырай шығып, әлдеқайда беттеген қатын-қалаш пен кәрі шалдардың артынан қарап жатты. Апа сол жадау топтың орта шенінде кетіп барады. Сәлден соң жардан асып, көзден тасаланды. Үлкендердің соңынан балалар шықты. Көбі өзі қатарлас. Сәл-пәл қалқыңқылары да бар. Ішінде өзімен бірге келгендерден ешкім көрінбеді. Түгел бейтаныс. Жар жағалай жүгіріп, улап—шулап олар кетті. Содан соң саф тыныштық орнады. Тек өзеннің ар жағынан машина ма, трактор ма, әлдененің қақалып-шашалып тырылдаған даусы ғана үзіліп-талып естіледі.
Бағзы бір заманда алыстағы, жердің екінші жақ шетіндегі әлдебір қала, әлдебір станцияда жүк поезына мінгені, оның көп тоқтап, аз жүрген, бірқалыпты тарсылдай тербелген мимырт қозғалысы, жүздері түнерген солдаттар тиелген машиналар, мойындарын алға еміне созып, жолды шандата шұбырған танктер ойына оралды. Самолетті көруге құмартқаны, ақыры көргені, жұрттың тым-тырақай қашқаны есіне түсті. Аяқ-қолы мылжа-мылжа, үсті-басынан шапши атқылаған қып-қызыл қанға көміле шорши тулап жатқан шешесі көз алдына келді. Бұрын осы көрініс қиялына оралған сайын денесі түршігіп кететін. Бұл жолы өйткен жоқ. Тым көмескі. Басқа біреу көрген, басқа біреудің басынан өткен. Қорқынышты, бірақ сенімсіз ертегі. Баяғыда болыпты-мыс оқиға. Әйтсе де көзіне келген жасын ірке алмады. Қайғысыз, әрі үнсіз жылады. Жылап жатып ұйықтап қапты.
Тағы да түс көрді. Тағы да қашып келеді. Жалғыз. Жалғыз өзі қашып келеді. Соңында жербауырлай шүйілген самолет. Жегіп ап, мылтығының аузын тіреп тұрып атпақ. Екі аяғын, екі қолын бірдей қырқып түсірмек. Тек жете алмай келеді. Бірақ Яковтың да әлі құрыған. Аяқтан да, қолдан да жан кетіпті. Өзінікі емес. Ағашқа айналып барады. Самолет жетті. Енді атады. Енді қырқады... Сөйтсе, қуып жүрген өзінің папасы екен. Бұлттан қарғып түсіп, бас сап құшақтайды. Бетінен сүйеді. Ерні жұмсақ. Маңдайында бес бұрышты қызыл жұлдызы бар. Өзінің папасы. Тағы да бетінен сүйеді. Ерні тікенекті. Тағы сүйеді. Тікенегімен тырнап сүйеді. Қараса, папасы емес. Басқа біреу. Маңдайында төрт қырлы қара кресі бар. Фашист. Яковтың зәресі ұшып кетті. Қашайын деп еді, қозғала алмады. Айғайлайын деп еді, даусы шықпады. Ал жаңағы қорқынышты кісі тікенекті ернімен бет-аузын тырнап, өне бойын тегіс сілекейлеп сүйе берді, сүйе берді. Мені танып ал дейді. Мені танисың дейді. Маңдайыма қара. Маңдайында жұлдыз да, крест те жоқ. Жалғыз көзі бар. Жалғыз көзді, жалғыз қолды жалмауыз. Таниды. Бағана өздерін әкеліскен Дәуренбек деген кісі екен.
— Өк-әй, өк!
Яков оянып кетті. Қас қарайған. Аяқ-қолы ұйып қапты. Манадан бері іргеден бет-аузын жалаған — тайынша бұқа екен. Апа да үйге кірді. Арқасынан қағып, бірдеңе деп жатыр. Әйткенмен Яков өне бойы дірілдеп, көпке дейін өзіне-өзі келе алмады.
Апа қостың қақ ортасына тезек қалап, от жақты. Мосы көтеріп, шөңке асты. Сүт пісіріп, оның үстіне су құйып қайнатты да, талқан салып ас пісірді. Өзіне үлкен кесеге, Яковқа кішкене кесеге құйды. Екі кесе де құрсаулы, жамау-жамау. Жамау кесемен ішкен тамағының аты — қара көже екен. Тәтті. Яков сұрап, тағы жарты кесе ішті.
Үйде төсек жоқ. Апа бір бұрышқа жиналған дүниелерін алып, жертөсек салды. Яковтың үстіне іріп тоза бастаған, әр жерінен жүні шығып тұрған үлкен көрпе тастады. Өзі тон жамылды. Жастық етіп бүктелген ескі сырма күртеге басы тиісімен қор ете түсті.
Яков алағызып ұйықтай алмады. Қоламтада екі-үш шоқ жылтырайды. Маңдайшаның үстіндегі тесіктен бір-екі жұлдыз жымыңдайды. Шоқ беті күлгін тартты. Бейне ауамен дем алып жатқандай, жарығы бір көтеріліп, бір басылады. Осы, солықтаған күйі уақыт өткен сайын әлсірей берді. Келе-келе өшуге айналды. Өшті. Оның есесіне жұлдыздар жарқырай түсті. Мінгесе біткен екі жұлдыз. Екеуі де жымың-жымың етіп, қол бұлғап шақырғандай. Кенет жұлдыздар өшіп қалды. Қайта көрінді. Қайта өшті. Әлдекім қалқалаған екен. Әлдекім есік алдында кеп, тың тыңдап тұр екен. Тықыр-тықыр еткізіп, жабықтан қол сұқты. Есіктің ілгегін ағытпақ. Қолы еркін жетпесе керек, ағыта алмады. Қараңғы үйге кірген көрінбейтін қол екі-үш рет бос қайтты. Белгісіз кісі тағы да тың тыңдап аз бөгелді. Сосын ысылдай сыбырлады.
— Сақып... Ай, Сақып...
Яков бірден таныды. Дәуренбек! Жол бойы қабағының астымен, түнере қараған. Ұра ма деп ойлап еді, ақсақалдан именген болу керек, ұрмады. Арбаны маңайлаған сайын Зигфрид екеуін тапай жаздап, төне түсіп келетін де, көзімен атып, кері шегінетін. Зигфридті білмейді, Яковтың өзі жол бойы көңлі қобалжып, әбден берекесі кеткен. Енді сол Дәуренбек түн жамылып, оңашада кеп тұр. Сабайды, буындырады, атады. Яков зәресі ұшып, сіресіп қатып қалды. Дем алуға, қыбыр етуге шамасы жоқ.
Дәуренбек тағы бір-екі дыбыстады да, қайтадан жабыққа қол салды. Қостың қабырғасын сықырлатып, құлатып барады. Ақыры Яков ілгектің сырт етіп ұясынан шыққанын ап-анық естіді. Сол сәтінде топсасы шиқ етіп есік те ашыла берді. Жан қорғар амалы түгесілген Яков бар даусымен бақырып жіберді. Үйге кіріп үлгерген Дәуренбек те қалт тұра қалды. Ыңырана қорылдап жатқан Ана да оянды. Яков домалап Апаның бауырына, тонның астына кіріп кетті. Бұдан әрі не болғанын анық білген жоқ. Бар ұққаны, Апа оянып кеткен соң Яковты ұрлап әкете алмайтынына көзі жеткен Дәуренбек ашуланып, аяғымен теуіп қап шөңкедегі көженің қалғанын төкті, шәугімдегі суды ақтарды. Сыртқа шыға бере қамшысымен сарт еткізіп, қосты ұрып кетті. Апа қармалап жүріп шәугім мен шөңкені орнына қойды, есікті мықтап бекітіп жапты, содан соң жүрегі дүрс-дүрс соғып, тонның астына тығылып жатқан Яковты құшақтап, бауырына басып алып ұзақ жылады.
Таңертең үйде қалуға қорқып, Анамен бірге кетті. Қырманда жұмыс істейді екен. Кеше тырылдаған даусы шыққан нәрсе — астық бастыратын машина боп шықты. Аты ма-ла-тилка. Жүргенінен тұрғаны көп. Тырылдай жөнелсе Апа ауызда тұрған кісіге бау-бау бидай әпере бастайды. Шаңнан жылтыраған көзі ғана көрінеді. Ерні қап-қара боп, бет-аузы түтігіп жанталасады да жатады. Бір тыным таппайды. Тек молотилка тоқтап қалғанда ғана тыныстайды. Тұрған жерінде сылқ етіп отыра кетеді. Бірақ маза жоқ. Қайдан келгені белгісіз, Дәуренбек сап ете түседі. Жұрттың бәріне ұрса бастайды. Әсіресе Апаға. Ешкім қарсылық айтпайды. Апа да. Тек басқалар құсап тұқия бермей, Дәуренбектің бетіне тік қарайды. Қорықпайды. Яков та қорыққан жоқ. Көптің көзінше өзіне ешкім тиісе алмайтынын білетін. Қырман маңында шегіртке қуып ойнап жүре берді.
Кешке ел жатқан соң Дәуренбек тағы келді. Апа әлі ояутұғын. Дәуренбек өткен түндегідей әкіреңдеген жоқ. Даусында өтініш, тіпті, жалыныш бар. Көп жалбарды. Бірақ Ана жібімеді. Тіпті болмай қойған соң өтірік ұйықтай қалған Яковты оятты.
Дәуренбек кеткен соң Апа кешегідей жыламады. Күрсінді де қойды. Көп күрсінді. Сол күрсініспен таңды атырды.
Көп ұзамай Яков ептеп қазақша түсінетін дәрежеге жетті. Апаның аты Апа емес, Сақыпжамал екен. Тіл келмейтін, ұзақ әрі киын ат. Апа — мама деген сөз көрінеді. Яков Сақыпжамалдың өзінің мамасы емесін білгенмен, бұрынғыша апа деп атай берді. Қаншама уақтан бері ешкім іш тартып көрмеген бала бейтаныс әйелге бауыр басып қалған еді. Жалғыз Сақыпжамал ғана емес, бұрын кейіптері мүлде бөтен көрінетін ауыл қазақтарын да әуелгідей жатырқамайды. Үркектігі де азайды. Үй арасында еркін қыдырады. Тек оңаша жүреді. Балалармен көп араласа алмайды. Әйткенмен, ауыл өміріне үйреніп қалды.
Таң бозарып атар-атпаста үй сыртынан ат дүбірі естіледі. Бригадир Берден.
— Сақыпжамал! Ай, Сақыпжамал! — дейді барқырап.
Бұл кезде апа ояу. Шөкелеп еңкейген күйі қоламта астында қалған кішкене шоқты үрлеп, от тұтатып, тезек қалап жатады.
— Е, қайнаға, — дейді дауыстап.
— Көктегір, тұрсаң бопты, — дейді Берден. Жерошақ басында ат ойнатып, он қадам жерде тұрған көрші үйге барады.
— Күлиман! А, Күлиман!
Ешқандай жауап естілмейді.
— Күлиман! Әй, көк соққан Күлиман! Жерік болмасаң тұр енді.
Күлиманның тоңқ еткен даусы шығады.
— Е, жолын болғыр, ояу жатсаң неге дыбыс бермейсің, күн шықты, — дейді Берден. Ақтабан атты ескіртіп, келесі үйге көшеді.
— Бекет, ай, Бекет!
Бекеттің де үні естіле қоймайды.
— О, жүгірмек! Сенің жасыңдағы орыстың балалары тіленіп соғысқа кетіп жатыр дейді. Сенің сиқың мынау. Бекет!!
Әлі дыбыс жоқ.
— Тұрасың ба, жоқ па?! Бекет! Ай, Бекет!
Сірә, Бекет те дыбыс берсе керек. Берден:
— Ой, айналайын, он үште отау иесі деген, тез бетіңді жуып, тамағыңды іш, — дейді де ары қарай жылжиды.
— Әй, құдай ұрған Тілеубай... Елден жырылып қонған жеке шаруа... Әлі көрінбейді. Оны да барып оятуым керек пе! — деп көп ауылдан аулағырақ қонған Тілеубайды сыбап бара жатады.
Елмен бірге оянып, іргеден сығалап жатқан Яков бәрін де көреді, бәрін де естиді. Бригадир ауылдың екінші жақ шетіне ауысып, ұзап кеткенде ғана орнынан тұрады.
Апа сиыр саууға кіріседі. Маздап от жанып жатады. Ызылдап шай қайнай бастайды. Апасы жерге кішкентай алаша дастарқанды жаяды. Яковқа бір кесе етіп түннен қалған көжені құйып береді. Өзі шай ішеді. Шайы — қайнап қана шыққан қара судың өзі. Бар қасиеті — сүт қатқан. Сондықтан ақсу аталады. Апа терлеп-тепшіп отырып жыртық кесемен төрт-бес шыныаяғын ішіп алады.
Шай жиналып бітер-бітпесте үй сыртынан тағы да ат дүбірі естіледі. Тағы да бригадир Берден. Бірақ бұл жолы бөгеліп тұрмайды.
— Сақыпжамал! Күн көтеріліп кетті!
— Күлиман, а, Күлиман! Шұбатылмай тез шық!
— Бекет! Осы ырғалғаныңда жарар, шырағым. Мұндағы сен түгілі жер түбіндегі Тілеубай шал да қырманға жетіп қалды. Бол енді! — деп, бір-бір айғайлап өте шығады. Бұдан соң ешкім бөгелмейді. Шұбыра ілбіп жұмыс басына қарай беттеседі.
Яков әуелде елмен бірге қырманға баратын. Күнұзақ сол төңіректе жүреді. Өзін жақын тартқан әйелден айрылғысы келмегеннен, әрі Дәуренбектен қорыққаннан. Келе-келе өз басына ешқандай қауіп жоғын аңдады. Әрі үнемі қырман маңында жүре бергеннен іші пысты. Сондықтан азаннан оянғанымен көбіне үйде қалатын болды. Онша жұғысып кетпесе де ауыл балаларымен ойнайды. Ішінде бірді-екілі ескі таныстары да бар. Әйткенмен тілінін мүкістігі жұрттан оқшауландыра беретін.
Бірақ оу бастан оңаша ойнап үйренген Яковтың өз қызығы өзінде еді. Бұзауға мінеді. Сиырды көздейді. Кейде қап алып, тезек теріп кетеді. Әрі ойын, әрі қолғабыс. Апа да, көлденең жұрт та риза боп қалатын. Тіпті, үнемі суық қарайтын Дәуренбектің өзі бірде Яковтың жуан қап тезекті мықшыңдап, әрең көтеріп, қырдан түсіп келе жатқанын көргенде: "Жарайсың, жойытым! Жарайсың, орысым!" деп мақтағаны бар.
Қар жауа Сақыпжамал қойға, шеткері қыстақтардың біріне көшті. Бір жақ — меңірейген тау. Екінші жағың — әлі жазық. Отыз-қырық шақырым таяу маңда ел жоқ. Төңіректе ертемен еріп, кешке қораға оралатын қой шиырынан, қар бетіне жамырай шашылған құмалақтан, жортып өткен аң ізінен басқа тіршілік белгісі білінбейді. Күнұзақ қора маңында бір топ алақанат сауысқан жүреді. Түнде тау беттен бөрілердің ұлыған үні естіледі. Сыртқы дүниеден бұл ауылға сыбай жан иесі осылар ғана. Бірақ ауыл адамдарының іші пысар, жалғызсырар жайы жоқ еді.
Сақыпжамал қораның күнес жағындағы тал шарбаққа қамалған жаман-жәутік қой-ешкі, тоқты-торымды күтеді: шөп салады, астын тазалайды, бұлақ басына, суатқа айдап апарады. Қойшы Көбеген шалдың дімкәс кемпірінің ештеңеге себі жоқ. Малдың екінші жақ шетінде жұрттың тілі келмегендіктен қазақыланған Жақып деген атты иемденген Яков жүреді. Қора маңындағы жұмысының бір парасын атқарып болған соң Сақыпжамал мұрны тесік ала өгізді сүйреткіге жегіп шөп тасуға шығады. Яковтағы бірге кетеді. Сүйреткінің үстіне тұрып ап, ашамен әперген шөпті таптағаннан басқа көмегі жоқ. Соның өзін әжептәуір шаруаға балап, мәз боп қайтатын.
Бәрі бір үйде тұрады. Төргі бөлмеде Көбеген кемпірімен. Ауызғы бөлмеде Сақыпжамал мен Яков. Сыры кеткен төсек, тозған сандық, ескі көрпе-жастықтың жиналу реті солай. Әйткенмен бәрі бірге отырады, бірге тамақ ішеді.
Яков кешкі, қой қамап келгеннен соңғы отырысты жақсы көретін.
Көбегеннің кемпірі үнемі от жағып, су қайнатып қазан-ошақ маңында жүреді. Сақыпжамал диірмен тартып, не талқан түйіп отырады. Кейде құрт езіп, ара-тұра, тіпті, кеспе жайып жатады. Ортада, қиюы қашқан дөңгелек сары столдың үстінде сынық кесенің түбіне тұтатқан білте шытырлай жанып тұрады. Столдың төр жағында, құрым киіз үстінде тізерлеген Яков, пеш жағында ешкі тулағының үстінде малдасын құрған Көбеген. Бірер шыныаяқ шай-пай ішіп жылынған соң қойшы ата көзін ашып-жұмып, мандайын сипап, онды-солды теңселіп біраз отырады да көмейлеген қоңыр даусымен бастап кетеді.
— Ерте, ерте, ерте екен, ешкі құйрығы келте екен, бөрі бақауыл екен, түлкі жасауыл екен... — Үнемі осылай бастайды. Үнемі жаңа ертегі айтады.
Көбеген шал ертегі айтуға кіріскен сайын:
— Пішту, — дейді дімкәс қара кемпір. — Ертегі сенін не теңің!
Көбеген кемпірінің үйреншікті сөзіне назар аудармайды. Мұртын сылап, сақалын сипап қойып желдірте жөнеледі.
— ... Баяғыда бір бай бопты, төрт түлігі сай бопты, бір перзентке зар бопты...
— ... Баяғыда бір бекзада елден елді аралап, тектіден текті саралап сұлу қалыңдық іздепті...
— ... Баяғыда жалаң аяқ, жалаң бас бір жетім бала Бағдаттың базарында жүреді екен. "Ақылымның көбі-ай, ақшамның жоғы-ай!" деп жылап...
— Сенің бай, бағланын кімге дәрі, бекзада, ханзадаң кімге тұлға, — дейді қара кемпір.
— Бағдаттың базары неңді алған. Сорлы-ау, отырмаймысың тыныш қана, көжеңді ішіп. Кімге керек сенін ертегің.
Шынында, қазанның маңынан шықпайтын дімкәс қара кемпірдің де, шаруадан қолы босамайтын Сақыпжамалдың да ертегі тыңдауға мұршасы келмейді. Ал әзір тілді еркін үйреніп жетпеген, әрі құлағының мүкісі бар Жақып қанша зер сап тыңдағанымен хикаяның ұзын-ырғасын әрең түсінетін.
— ... Ата-анасымен табысып мауқын басыпты.
— ... Отыз күн ойын, қырық күн тойын қылып, барша мұратына жетіпті.
— ... Елге аға, тонға жаға болыпты.
Үлкенді-кішілі төртеу жатар мезгілде бөлектенеді.
Кемпір аһылап-үһілеп ескі ағаш төсекке жатады, тынымсыз сарнап, кейде құдайды, кейде адамды қарғап-сілеп түні бойы көз ілмей шығады.
Көбеген шал төр алдыңа ұйықтайды. Шешінбейді. Төсенбейді. Үлкен қара тонға оранады да, қор ете түседі. Түнде екі-үш рет тысқа шығып, үйді айнала жүріп, айтақтап келеді. Көбегеннің ән салғандай күмбірлеген айғайына қос төбеттің екілене үрген даусы ұласып, тау жаңғырығады.
Яков пен Сақыпжамал ауыз үйге, пеш түбіне жатады. Сақыпжамал да Көбегеннің дімкәс кемпірі сияқты, түні бойы мазасызданып шығады. Ұйықтауы да, ояна салуы да оңай. Бірақ ешкімді қарғап, сілемейді. Ақырын күрсінеді. Кейде етпетінен түсіп, әлсіз ыңырсып жатады. Көбегенмен кезектесіп малды байқап, қораны айналып қайтады. Яков өзін ешкім шақырмаса да үнемі Сақыпжамалмен бірге тұрып, қоса шығатын. Жұлдыз тоңған, аспан дірілдеген аязды түнде екеуі қарауытқан тау жаққа қарап қатар тұра қап айтақтайды. Бір қызығы, бұлар айғайлағанда ешқашан ит үрмейтін. Қораның ығында, салам арасында бұйығып жата береді. Қасына барса бастарын болмашы көтеріп, құйрықтарын бұлғаңдатады. Иттердің бұл мінезіне үйренген Сақыпжамал мен Яков оларды орындарынан тұрғызып әурелемейді, — бәрібір үрмес еді. Дауыстары қарлыққанша айғайлап, айғайлап, бойлары тоңазығанда үйге кіреді.
Азанда жұрттың алды боп Көбеген тұрады. Содан соң Сақыпжамал мен Яков. Күнделікті тіршілік күйбеңі басталады.
Яков ертеден кешке дейін тыным таппайтын. Бірақ қи ойған қауырт күндерде болмаса, үлкендер құсап жығыла шаршамайды. Үнемі сергек жүреді. Көктем шыға оның да жұмыс астында қалуына тура келді. Мал төлдеген. Бар қиындық Сақыпжамал екеуінің басына түсті.
Көбеген қойда. Дімкәс кемпірден пайда жоқ. Сақыпжамалдың қыстан сіңіріне ілініп әрең шыққан көтеремдерді бағып-қағудан, саулықтарға шөп салып, қора тазалаудан қолы босамайды. Төлге қарау, оны емізу, күту негізінен Яковтың еншісіне тиді. Қанша ауыр, қанша мазасыз болғанымен қызық. Әрі уыз мол. Қарның үнемі тоқ жүреді. Апаның да көңлі көтеріңкі. Тіпті, қара кемпір де құдайды қарғағанын азайтты.
Күн жылынып, жер аяғы кеңи бастады. Қар тау етегінде ғана қалды. Қора төңірегі көктеп кетті.
Яков күні бойы қозы, лақпен ойнайтын. Кешке қызық ертегілер тыңдайды. Өзін Көбегеннің баласы санай бастады. Сақып пен Көбегеннің асыранды баласы.
Бекер екен. Мал жайлауға шыққанда Сақыпжамал шөпауылға көшірілді. Көпеші болды.
Яков Көбегенді де, оның ғажайып ертегілерін де ұмытып, жаз бойы тақырда асық ойнады. Бұрынғыдай өзін бөтен сезінген жоқ. Күрескенмен күресті. Төбелескенмен төбелесті. Айғайлап жүгірді. Дауласып шулады. Жұрттың айтқанын тегіс түсінеді. Қазақшаға судай. Тек ойша ғана. Құлақпен естігенге. Әрине, онда да қатты, анық айтылса. Ал сөзге келгенде бөгеле береді. С-з, т-д, р-л тегіс т-д боп шығатын. "Асық" демейді, "атық" дейді. "Тақа" дегені — сақа. "Қақта өдім, киыд өдім" — қақса өзім, қиыр өзім. Көлденең естіген жұрт ұқпағанымен, балалар тегіс түсінеді. Сонда да именшектей беретін. Аса қажет болмаса, сөйлемеуге тырысады.
Шөп біте үйі егінге ауысты.
Егін жиналған соң қайтадан баяғы қыстауға көшті.
Өстіп тауқыметі мол тіршілік үстінде уақыт өте берді.
Үшінші жылы күзде, алғашқы қар жауған күні Көбегеннің кемпірі өлді. Соңғы айда мүлде төсек тартып жатып қалған. Түні бойы: "Пішту... ертегі... ертегі сенін не теңің... ертегің кімге керек, өзің кімге керексің", — деп сандырақтап шығатын.
Ауылға мал санауға Дәуренбек бастаған екі-үш адам кеп жатқан. Санақ жайына қалды. Біреуі қойға шықты да, қалған секеуі Көбегенмен бірге әудем жердегі төбесі ойылған күмбезді ескі зираттың іргесінен қабір қазуға кірісті. Жері тастақ қатты боп, күні бойы азаптанды. Мәйітті ертеңіне таңертең түсірді. Артынша малдың есебін алып, уәкілдер келесі қыстаққа жүріп кетті. Көбеген де қойын өріске шығарды. Сақыпжамал мен Яков екеуі иен қорада қала берді.
Кемпірдің аты бар да, заты жоқ-ты. Сөзіне де, жүріс-тұрысына да ешкім назар аудармас еді. Ешкім елеп, адам қатарына санамайтын. Енді орны үңірейіп қалды. Оны Көбеген мен Сақыпжамал түгілі Яков та сезді. Көбеген көзін жұмып, теңселіп отырып ертегі айтқанын токтатты. Сақыпжамал күнделікті жұмысын жүрдім-бардым істейді. Яковты жалқаулық пен ұйқы басты. Қыс өтпей қойды.
Ақыры көктемге қарсы Яков бұл үйге әлденендей өзгеріс енгенін байқады. Бір күні кешке Көбеген қайтадан ертегі айта бастады.
Жатар мезгілде Сақыпжамал төсегін төргі үйге, Көбегенмен бірге салды.
Көбеген бір айтқан ертегісіне өмірі оралмайтын. Үнемі жаңасын бастайтын. Мал төлдей бастаған шақта ол қасиетінен айрылды. Жаңылысып, осыдан үш-төрт күн бұрын айтып кеткен ертегіні қайта туындатып, кейде, тіпті, бірінің басын екіншісінің аяғына қосып, шатыстырып та алып жүрді. Биязы, момын Сақыпжамалдың да мінезі өзгерді. Ананы-мынаны сылтау етіп, Көбегенге мыжыңдап сөйлеп отыратынды шығарды. Яковқа мүлде суық тартты.
Бұрын қара кемпірдің сөзіне мүлде мән бермейтін Көбеген Сақыпжамалдың қабағынан-ақ ығып, ал ол сөйлей бастаса мүлде жасып, мыж-тыж боп отыратын болды. Кешке екеуі екі көрпе жамылып, екі жаққа қарап жатады. Әйткенмен төсекті қатар салып жүрді. Соған орай Яков биыл жайлауға Көбегенмен бірге шығармыз деп жүрген. Олай болмады. Бұлар шөпауылға кетті де, Көбеген бір қора қойымен жалғыз қала берді.
Көп ұзамай Яковтың да жалғыз қалуына тура келді. Жеккен өгіздері оқалақтап, Сақыпжамал шөп машинаның шалғысына түсіп өлді. Яков жыламады. Сақыпжамалдың бұрын бала көтермегендігінен, иә жастығынан ба, әлде Яковтың ересектігінен бе, немесе қам көңіл мен мүкіс тіл үйлестік таппады ма — әйтеуір бірі бала, бірі ана боп кете алмаған. Яков — тұлдырсыз жетім де, Сақыпжамал — жамағайын баурын қолына алған жақсы туыс сияқты еді. Кейінгі кезде аралары суып кеткен. Алайда Яков шын жетімдік дегеннің не екенін Сақыпжамал өлген соң ғана көрді.
Бұрын үйде барды именбей жейтін; өз үйінде жүргендіктен аштыққа да, тоқтыққа да назар аудармайтын. Енді кісі қолына қарауға, бардың өзін өлшеп ішуге көшті. Бұрын Сақыпжамалдың баласы деп, ешкім шетке қақпайтын, енді ешкім де мұның көңліне қарамайтын болды. Айналасы екі-үш айдың ішінде жүдеп-жадап, азып-тозып кетті.
Ел қыстауға қона әлдекімдермен ілесіп. Көбегеннің үйін тапты. Басқа барар жері де жоқ еді.
Көбеген былтыр әскерден келген ойық шеке кісімен бірге тұрады екен. Бет сүйегі сорайып, көзі адырайып, мүлде өзгеріп кетіпті. Тұнжырайды да отырады. Тіл қатып, өз бетімен сөйлемейді. Өзіне қарата айтылған сөзді көбіне естімейді. Естісе бас изеп, не бас шайқап қана жауап береді. Яковтың келгеніне қуанып қалды. Қасына алып жатады. Бірер рет артына мінгестіріп, қой бағуға да ертіп шықты. Яков өзін қайтадан панасы бар, үйлі-күйлі адам ретінде сезіне бастады. Бірақ бұл сезім де ұзаққа бармады. Қыс ортасында Көбеген шал да қара кемпір мен Сақыпжамалдың соңынан аттанды. Ерте тұрып, қой қораның түбінде шылбырға асылып қапты. Бұл жолы Яков жылады. Егіліп, шын жылады. Көнпіс Көбеген үшін. Бақытсыз Сақыпжамал үшін. Оқ астында қанға батып өлген бейтаныс әйел — өзінің туған анасы үшін. Тіпті, өмірін аурумен, азаппен өткізген сөйлеуік қара кемпір үшін. Түптеп келгенде өзі үшін. Кісі қолына қарап, біржола жетім қалғаны үшін. Өзін қанша басқанымен тоқтай алмады.
Көбеген барлық ертегісімен жер койнына еніп, біржола көзден ұшқан соң-ақ Яков қайтадан қатайып алды; өзін панасыз, бірақ өз бетімен жан сақтай алатын үлкен азамат сезінген. Шынында да, бұл кезде Яков ержетіп қалған еді. Жасы он төртке аяқ басқан. Бірақ үнемі таза ауада, жұмыс басында жүргендіктен өзі құралпас балалардан денесі де ірі, күшке де мығым. Сырттай колхоздың еңбекке жарамды мүшелерінің санатына енген.
Жаз бойы балакөшшілермен бірге сіңірі созылып, мая салды. Күзгі қара суықта балшыққа батып ескі қораларды жөндесті. Қыс бойы бірде қи ойып, бірде шөп тасып, бір қыстаудан соң екінші қыстауды адақтаумен жүрді. Айналасы үш-төрт жылдың ішінде зіңгіттей азамат болды да шықты.
Ес білген соң ата-анасын іздестірген. Дәлірек айтсақ әкесін. Өзінің қайда туып, қайдан келгенін. Фамилиясының кім екенін. Жалғыз ауыз жауап алды. Неизвестный. Бұл — фамилиясы. Неизвестный — беймәлім деген сөз. Кім екені беймәлім болған соң осындай фамилия беріпті. Неизвестный — қайдан кеп, қайдан тұрғаны белгісіз деген сөз. Қазақ тексіз дейді. Атасыз дейді. Жолдан табылған дейді. Яковтың бұған көнгісі келмеді. Қабылдамады ондай фамилияны. Сонда кім? Иванов па? Әлде Петров, немесе Сидоров па? Белгісіз. Бәрі сол Неизвестныйдың ағайыны. Ақыры, ойлана келе өзіне фамилия тапты. Сақыпжамалов деген болмайды. Әйел. Көбегенов. Дұрысы осы. Яков Көбегенов. Осылай жаздырды.
Ай артынан ай, жыл артынан жыл өте берді. Яков есімі тілге ыңғайлы Жақыпқа айналып, біржола тұрақтады. Көлденең жұрт көпке дейін қоймай жүрген орыс аты да, әктеп Дәуренбек таратқан жойыт аты да ұмтылды. Көзінің көк екені де, мұрнының үлкен екені де, бет бейнесінің өзгешелігі де оны жұрттан ерекшелейтін белгі болудан қалды. Желге, күнге тотыққан, сырма шалбар, тері тонды көп колхозшының бірі болды да шықты.
Жақып ферма бастығы, немесе, бригадир жұмсаған жердей тартынуды, анау-мынау сылтау айтуды білмейтін. Және қолға алған ісін тиянақты атқарды. Не жұмысқа түссе де опырып жібереді. Алдарқатпайды, аяншақтанбайды. Соны білетін басшылар оны қайда қиынға салады. Қай ара кетілсе, сонда апарып тығындайды. Жұт жылы жылқы бақты, қуаңшылық жылы құдық қазды. Тас тасып, қой қоралар қалады, балшық құйып тұрғын үйлер салды, арық тартып егін суарды; пішен шапты, шөп үйді — істемеген жұмысы қалмады. Біреулер мұны Жақыптың дүлейлігінен көрсе, біреулер адалдығына, еңбекшілдігіне балайтын. Әттең, тілі мүкіс, әйтпесе қазаққа бергісіз деп мақтасатын.
Шаңырақ көтеріп үй болса, қатарға қосылып кетер еді, ой, не керек деп өкінісетін. Жанашыр ағайындардың ішінде қыз қарастырғандар да болды.
Бұлардың алғаш нысанаға алғаны — Полина дейтін аспаз әйел еді. Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын қаладан жазғы жұмысқа келгенде ауыл жігіттерінің бірі алып қашып, жібермей қалған. Артынан қоя берді. Бірақ Полина осы ауылға біржола тұрақтады. Күні бойы қазанның маңында жүретін бес-алты жасар қарадомалақ ұлы бар. Өзі де балтырлы, бөкселі, доп-домалақ әйел. Жиырмадан жаңа астым дейді, онысын кім білсін, әйтеуір қырыққа жетпегені анық. "Жақыптың қолы" десті қамқор ағайындар. Бірақ құдалық жайын сөйлескенде Полина: "Құдай сақтасын! Мылқауға қатын боп не қара басыпты. Аулақ! Аулақ!" деп азар да безер болды. Салы суға кетіп қайтқан құдалар ауылда Жақыпқа лайық тағы кім барын ойластыра бастаған.
Бұл кезде Яковтың көңлі әйел мәселесінен тысқары — мүлде басқа жақта еді. Сырттай бұрынғы тұнжыраңқы қалпында, бірақ іш пікірі өзгеріп, мүлде бөтен кейіпке түскен.
Бұрын мен кіммін, қайда жүрмін, неге жүрмін, бүгінім неге осылай, ертеңім не болады деген тәрізді сауалдар төңірегінде ойланбаған. Жұрттың бәрі өзіндей. Мал бағады, шөп шабады, егін жинайды. Кәрісі де, жасы да, еркегі де, әйелі де қысы-жазы тыным таппайды. Яков та сол көптің бірі боп жүре берген. Сөйтсе, басқаша да өмір сүруге болады екен. Мұны жайлаудағы ауылдың іргесінде кілең ақ шатыр құрып, жаз бойы жатқан кен іздеуші геологтардан білді.
Геологтар кіл қазақ жайлаған шалғай ауылда жүрген жалғыз орыс ретінде Яковты бауыр санап, іш тартқан. Шақырып қонақ қылғанда да, бейсауат кездесіп әңгімелескен шақтарында да жат өлкеде бұлай жүруінің бекер екенін, қалада тұрмаған күннің өзінде орысы бар, жемісі мол, тұрмысы жеңіл жерлердің біріне кетуі керектігін айта берген. Рас, Яковтың орысша шалағайлығынан жөндеп ұғыныса алмады. Бірақ орыс жігіті орысша білмейді деп ойламаған геологтар Яковтың әрнені қайта-қайта сұрай бергенін, өзі де жарытып ештеңе айта алмағанын құлақтың тосаңдығынан, тілдің мүкістігінен көрген. Әлденеше рет қайталап, байжайлап түсіндірді. Яковтың бар ұққаны: шаһар өмірі нұрлы бейіш; сағатпен ғана істейсің, уақытында тынығасың, сенбі — қысқа күн, жексенбіде жұмыс жоқ, жылында бір ай демалысты былайша тағы аласың: асхана, ресторан — қалаған тамағың әзір, кино, театр — не қызық көрем демейсің. Жан рақаты қалада. Мұндай ит байласа тұрғысыз жерден кету керек. Созбай, тез кету керек.
Осы әңгімелерден соң Яков өмірінде тұңғыш рет өзінің басқа ұлт өкілі екендігі туралы шындап ойлады. Көңіл түкпірінде сақталған бұлдыр суреттерді қайта тірілтіп, ата-анасын еске алды. Ешқайсысының да атын білмейді. Бірі, әрине, өлді, ал екіншісі тірі болған күннің өзінде мұнымен ешқашан ұшыраспақ емес. Ешкімі жоқ. Тек өзі ғана. Тек өзін ғана ойлауы керек, тек өзі үшін ғана өмір сүруге тиіс. Ал қазіргісі — өмір емес. Жат жер, жат орта. Қарайлайтын ештеңе жоқ, кетуі қажет. Тумаса да туысқан, қандас бауырларының арасында жүргенге не жетсін. Өз ойлап тапқаны ма, әлде өзгенің пікірі ме — білмейді. Әйтеуір осы ой көңілінен мықтап орын тепті. Қайтсе де кетуге, қалаға кетуге бел байлады.
Алайда, бірден кете алмады. Науқан уағында жұмыстан босау мүмкін емес еді. Оның үстіне колхоз қандай қиынға салсаң да көтеретін белді жұмысшысынан айрылғысы келмеді. Науқан уағы біткен соң да сөзбұйдаға сала берді. Үгіттеді, ақыл айтты, қорқытты — болмады. Яковтың аузынан "Қадаға кетемнен" басқа сөз шықпады. Ақыры бірталай машақат кәріп жүріп есебін алды. Ешкіммен қоштаспастан, сол күні-ақ қалаға тартып кетті.
***
Арада жыл өткен. Ел жайлауға жаңа шыққан кез еді. Жақып аудан орталығы Сартерекке келіпті-міс деген сөз тарады. Пәленшекең көріпті. Түгеншекең сөйлесіпті. Әңгіме неше саққа жүгірді. Біреулер: "Байғұстың документі жоқ екен, еш жерге жұмысқа орналаса алмаған соң амалсыз қайтыпты" деді. Енді біреулер: "Документі бар көрінеді, тек орысша білмегендіктен қалаға сыймапты" десті. Тағы біреулер: "Бәрі бос сөз. Жұмыс та істейді, сыйысып та жүр. Демалысқа шығыпты. Колхозда көп ақшасы қалған екен, соған оралыпты", — деді.
Көп ұзамай "Беларусь" тракторына мінгесіп, Яковтың өзі де келді. Шыттай киінген. Үстінде шоқпардай етіп галстук таққан ақ нейлон көйлек, аз-мұз қыры кетіп тізесі қалталанған жаңа қоңыр костюм, басында күнқағар пісті қайқиған сұр шляпа. Жаздық ала пальтосын немқұрайды бүктеп, сол жақ білегіне аса салған. Екінші қолында үлкен қара шабадан. Шаш қойған, мұрт қойған. Түрі мүлде өзгеріп кетіпті. Бұрынғы жүзі тотыққан қара Яков емес, еңгезердей сары орыс.
Жұрт бірден танығанымен, жатырқай амандасқан еді. Құрбы өсіп қатар жұмыс істеген бір-екі жігітті Яковтың өзі кеп құшақтады. Одан соңғы елмен де шұрқырасып табысты. Шалдардың арқасынан қағып, балалардың бетінен сүйіп, ыржия күліп, былдырлап сөйлеп жүр. Түр-тұлғасы ғана емес, мінезі де өзгерген тәрізді.
Екі-үш күн ішінде ауылдағы үйге тегіс қонақ боп шықты. Шабаданның іші толған інжін шәй мен әлекей-шәлекей ойыншықтар екен. Шәй — кәрі шешелерге, ойыншық кішкене балаларға. "Апыр-ай, қала — білім мен мәдениет ордасы деген рас-ау, қараңғы Жақыптың өзі бір жылда осындай дәрежеге жетіпті" деп таңырқамаған адам жоқ. Былтыр бәрі сөгіп еді, енді тегіс қостап отыр: "Е, мұнда не бар, әйтеуір туған жер деп жүре береміз, кеткені жөн болған" десті. Яковтың қайтуын күтті. Сыйға сый ретінде тәбәрік әзірлесті.
Алайда, ешкім күтпеген оқиға болды. Ауылмен көрісіп, қымыз ішіп, ет жеп, аз-маз аунап-қунаған соң Яков бір күні таңертең шабаданының түбінен жаңа көк комбинезон алып киіп, шөп маялауға шықты. Ертеңіне де, арғы күні де кетпеді. Арада бірер ай өткенде жұрт ойламаған тағы бір ғажайып болды: Яков Күлиман кемпірдің қолына кіріп алды. Күлиманның анау жылы балалар үйінен Яковтармен бірге келген Оля деген қызы үйде отырып қалған еді. Көпеде жүретін. Түскі үзілісте көп әйелдің ортасында дем алып отырған кезінде қасына барыпты да: "Сен жақсы қатын, мен күшті жігіт, күшті жігітке жақсы қатын керек" депті. Құрдастары шығарған қалжың. Жанында тұрған ешқайсысы жоқ. Ал куә болған әйелдер т-т-т, д-д-д дегеннен басқа ештеңе ұқпадық деседі. Бұлардікі де әзіл. Шыны — сол күні кешке Яков үйленіп шықты. Алай-былай емес, кәдімгідей. Ертеңіне бригадирден сұранып аудан орталығына барып, неке куәліктерін алып келді. Қолма-қол той ырымын жасады.
Сонда ғана Жақыптың ауылға біржола келгеніне, енді ешқайда кетпейтініне жұрттың көзі жетті.
АРНА
Газетте істеп жүрген кезім. Жеңіс күні қарсаңында майдангерлер өмірінен ерлік жөнінде көркем очерк жазуға тапсырма алдым. Бұрын журналистер назарына мүлде ілінбеген адам туралы тың дүние болуға тиіс. Редактордың кеңесімен бірден Отан соғысы мүгедектерінің қалалық госпиталіне тарттым.
Істің мән жайына қаныққан бас дәрігер мені Тоғрыл деген қазаққа сілтеді. Жиырма жыл ішінде алдымнан талай адамды атқардым, бірақ дәл мұндай берік, мұндай қайсар, мұндай өмірге құштар адам көргем жоқ деген сөз менің көңлімде ешқандай күмән қалдырмады. Іздеген кісімнің осы екенін айттым да тезірек табыстыруын өтіндім.
Тоғрыл госпиталь багында дойбы ойнап отыр десті білетіндер. Мен таңырқап қалдым. Жаңа ғана екі қол, бір аяғы жоқ деп естігем. Көз алдыма, неге екені белгісіз, құлағы жұлынған, түбі тесік ескі самаурын елестеген. Қалай дойбы ойнайды? Жарайды, тасын біреу қозғап беріп тұрсын. Сонда несіне жетісіп ойнайды? Тамақты қалай ішеді, киімді қалай киеді?.. Не тірлік, не өмір!
Жерге қазып орнатқан добал стол басында теріс қарап отыр екен. Біз тақай бергенде қарқ-қарқ күлген даусы естілді. Түрі Котовскийге ұқсаған тақырбас, толық қазақ орнынан оқыс тұрып, қолы дір-дір етіп шапанының омырауын түймелеп жатты.
— Ойбай, Сәке, кешіріңіз. Байқамай ұттым. Ойын жолы болсын. Қайта ойнайық.
— Тағы ұтасың, — деді Сәкең. — Ойнамаймын. — Айтқанындай, столға сүйеулі тұрған таяғын алды да, бұрылып жүре берді. Дойбышы әріптесінен тезірек құтылғысы келгендей, ақсаңдай, асыға басып, келесі столға қарай беттеді.
— Қап, өзіме де обал жоқ. Ұтыла салу керек еді...
Екі үлкен кісінің балалық мінезіне енді біздің күлуімізге тура келді.
— Уақа емес. Сізбен дойбы ойнауға мына жігітті әкелдім, — деді бас дәрігер.
Тоғрыл сонда ғана бізге бұрылды. Шашы аппақ қудай. Тіпті, қасына дейін боз қылауланыпты. Бірақ көзі өткір, өңі жас еді. Әлі елуден аспағаны айқын танылады. Мүгедектігі де мен ойлағаннан гөрі өзгешерек сыпатта. Рас, бір қол иықтан кесілген. Ал екінші қолдың басы ғана жоқ екен. Кәрі жіліктің қос шабағын қышқаш іспеттес етіп, ортасынан айырыпты. Маған өте епетейсіз, еш ыңғайға келмейтін тәрізді көрінді. Мұнымның қате екенін келер сәтте-ақ аңдадым. Тоқаң қос "саусағымен" дойбы тігуге кірісті. Әрине, табиғи саусақтардай нәзік емес, бірақ иесіне қажетті істі өз қадарынша атқаруға машықтанып қалғаны байқалады.
Жұмыс үстіндегі адам, дәрігер бөгелмеді, мені таныстырды да, өз жайына кетті.
Тоғрыл ақжарқын, ашық кісі екен, тез тіл табыстық. Жараланған соң екі жылға жуық, ұзақ уақыт бойы өлім аузында жатқанын, одан соңғы көрген мехнаттарын, хирургтердің снаряд жарықшағы қалған тұқыл қолдың өзін кеспек болғанын, оған келісім бермей, ақыры ауыр операциямен құтылғанын тегіс әңгімеледі. Ештеңе жасырған жоқ. Өзінің көңіл күйі, қамыққаны, торыққаны, неше рет өліп, неше рет қайта тірілгені, тіпті, азаптан қажып, талай рет егіліп жылағаны туралы да айтты.
Неше партия ұтқызғаным есімде жоқ, әйтеуір екі-үш сұхбаттан соң-ақ өзіме қажетті деректі тегіс жиып алдым. Қаламым жүріп, арқам қозып тұрған бір сәтті кез еді, ұзатпай жазып та тастадым. Ойдағыдай шықты. Өзіме-өзім риза боп, көңлім өсіп қалды. ЬІстық-суығымыз басылғанымен, әзір менің жазғыштығыма күмән келтірмейтін әйеліме үш қайтара оқып бердім. Тым құрыса елу-елу бес сом алатынымызды естіп, ол да мәз болды.
Бірақ амал не, очеркті редактор жаратпады. Бұл өзі кім, қандай адам, не бітірген? Танк қиратқан ба, дзот бұзған ба? Неше ордені бар? Хош, рухани ерлік көрсетсін. Сонда кім үшін? Өзі үшін, өз өмірі үшін. Ал бұл өмірден қоғамға келетін пайда қандай? Не керек, қанша күнгі еңбек далаға кетті. Оның үстіне газетке қажетті материалды уағында дайындап бере алмағаным үшін сөгіс алдым. Бұл жолы ауызша. Бірақ сөгістің аты сөгіс.
Алайда, менің жаныма батқан — зая болған енбек те, көп алдында арқалаған сөгіс те емес еді. Арттағы елден ұялдым. Гонорардан қағылған әйелді қойшы, алдап-сулап бір ебін табармыз. Тоқаңа не бетімді айтам. Бүгін-ертең жарияланады деп кетіп ем. Сонша алақайламасам қайтетін еді. Басқа пәле тілден деген осы екен ғой. Әлде тастай батып, судай сіңіп дегендей, үнсіз жоғалсам ба екен. Абзалы осы болар еді, бірақ намысым жібермеді. Өтірікші атанғым келмеді. Бар пәлені редакторға жауып, ақталып қайтпақ ниетпен госпитальға тағы бардым.
Бұл жолы бақ ішінде серуендеп жүр екен. Протез киген көп жұрт құсап аяғын қадай баспайды, сылтып алады. Кеудесі шалқақ. Қасында, сірә, қала тұрғыны болса керек, интеллигент кейіпті жас жігіт бар. Уақытым тығыз еді, оңаша қалуын күтуге шыдамым жетпей, салып ұрып Тоқаңның өзіне тура беттедім. Шаруасы тәмамдалса керек, бейтаныс жігіт те мені көрісімен кетуге ыңғайланды. Соңғы сөздерін ғана естідім.
— Жарайды, аға. Тым құрса он шақты күн жатып кетіңіз. Әйтпесе Балым өкпелейді.
Тоқаңа құрметпен сәлем берген маған салқын ғана бас изеп амандық ишаратын жасады да, бұрылып жүре берді.
— Телефон соғыңыз, біреуіміз машина әкелеміз, — деді анадайдан дауыстап.
Мен аңтарылып қалдым. Бейтаныс жігіттің қазақша сөйлегеніне. Үйткені қазақ емесі анық-ты. Татар ма, башқұрт па, әлде шұбаш па. Тіпті, орыс болуы да. Аузымды ашып үлгергем жоқ. Тоқаң мені одан әрмен таңырқатты.
— Балалар мені көшіріп алғысы келеді, — деді, қалын бұға шоғын айнала бере көрінбей кеткен жігіттің соңынан қарап тұрған күйі. Үнінде ризалық, масаттық бар. — Жылда қолқалайды. Өзімнің де көшкім келеді-ақ. Не амал, сақараға үйренген жандармыз. Көк шалғын, сары қымызсыз күніміз жоқ. Анда-санда бір келгенде ішің пысып өле жаздайсың. Есейсін деп жүрмін, келер жылы Болатымды жіберем. Қолдарында тұрып оқысын.
— Бұл жігіт күйеу балаңыз ғой, — дедім мен.
— Жоқ, інім, — деді Тоқаң. — Туған інім.
— Аты кім?
— Рәшит.
Інісі. Сірә, әкесі бір, шешесі бөлек болды. Осымен қоя салуға болар еді, бірақ біздің қазекең ат сұрасып бастаса, жеті атадан беріден тоқтамайды. Сол сүйекке біткен әдетпен мен де періп кеттім.
— Түрі нағашы жұртына тартқан екен.
Тоқаң шарт ашуланды. Менікі де рабайсыз қылық еді. Үлкендігін сыйлап, кешірім өтіндім. Әлгі іске жарамай қалған мақаланың айыбы тағы бар.
Тоқаң сабасына тез түсті.
— Ғафу ет, айналайын, — деді сыңар, әрі келте қолын менің иығыма салып. — Саған айып жоқ, көрініп тұрған нәрсе ғой. Бірақ Рәшиттің тегі бөтен деп көзтаныс жұрт та, жай таныс жұрт та айтып көрген жоқ еді. Сұрағаның — білместігің емес, аңғырттығың. Оның мәні былай еді, қалқам...
Сөйтіп, Тоқаң маған ата-анадан тұлдырсыз қалған Рәшиттің және тағы бірнеше баланың сонау соғыс кезінде алыстағы қазақ аулына келуі, жаңадан туыс табуы туралы әңгімелеп берді. Көп қазбаламай, шет жағалап қана айтты. Денін көңілмен ұқтым. Көркемдік, қызғылықтылық жағын қайдам, мен бірден-ақ хикаяның идеялық мәніне назар аудардым. Баспасөзімізде көп айтылып жүрген, бірақ құрғақ айтылып жүрген халықтар достығы дейтін тақырып үшін таптырмас материал. Сол арада-ақ жаңа бір көлемді очерк жазуға, сөйтіп алыс-жақын, үлкен-кіші жұрттан алдыңғы сәтсіздігім үшін кешірім алуға ой кетті. Бірақ әлі де материалым жеткіліксіз еді. Сол алыс түпкірдегі ауылға барып, бәрін өз көзіммен көруге, болашақ шығарманың кейіпкерлерімен жүзбе-жүз танысып, ауызба-ауыз сөйлесуге тиіс едім.
Жаңа идея туғанын салтанатты түрде редакторға мәлімдедім. Інісінің үйінде қонақтап жатқан Тоқаңды күтуге де мұршам келмей, — бұл жолы құпия сақтағам: кездейсоқ айтқан әңгімесінің беделді газет арқылы жер жүзіне тарағалы тұрғанынан ол кісі мүлде бейхабар, — қолма-қол аттанып кеттім.
Іздеген адамым тегіс бір ауылдан табылды.
Бала Зигфрид қазір совхоздың бас зоотехнигі. Отызды еңсерген жігіт ағасы. Зигфрид Вольфгангович Бегімбетов. Келіншегі мұғалима екен. Университетте оқыпты. Мен түсерден бірер жыл бұрын бітіріпті. Әңгімелесе келе толып жатқан ортақ таныстар табылды. Жайдары мінезді, мейірбан кісі көрінді. Баяғының бәйбішелері осындай-ақ болған шығар. Әрі мәдениетті, әрі кең. Тамақты қандай дәмді пісіреді. Үйі толған бала. Жетеу ме, сегіз бе, шүпірлеп жүр. Санына жете алмадым. Түгел әдемі. Түгел қойкөз аққұба. Жалғыз баланы ауырсынып жүрген көп жасағыр өз әйелім есіме түсіп, киын емес пе деп ем, күлді. Қиын дейді. Атам барда жақсы еді. Бәйбішесі өлген соң балаларының қолында қалған Ахмет ақсақал осыдан үш-төрт жыл бұрын дүние салған екен.
Яковты шөпауылдан таптым. Онымен не орысша, не ымдасып сөйлесетін шығармыз дегем. Қажеті болмады. "Т-т, д-д"-сына тез үйрендім. Жақсы түсіністік.
Осы Яковтың үйінде отырған кезде мені совхоз басшыларының бірі Дәуренбек ақсақал іздеп тапты. Жайлауда жүріп, Алматыдан журналист кеп жатыр деген хабарды кеш естіпті. Әйтпесе бірден жетеді екен. Ұлы Отан соғысының мүгедегі, осы ауылға көп еңбегі сіңген қадірлі адам көрінеді. Мені қызықтырған істің бүге-шігесінен нақты хабардар. Жетім балаларды алғаш ауылға әкелген де осы кісі боп шықты. Түгел кішкентай еді дейді. Заман деген осы. Бірде алай, бірде былай. Қалай өткенін білмейсің. Кешегі шиборбай балалар бүгін тегіс зіңгіттей азамат. Бір адам, екі адам емес, бүкіл коллектив боп тәрбиеледік. Енді соның зейнетін көріп отырмыз.
— Мына, қарадомалақ, — деді маған Яковтың төрт-бес жасар ұлын көрсетіп, — кім қазір. Ойлап көріңіз, енді он-он бес жылдан соң кім боп шығарын. Бақыт, бері келші! — Бала Дәуренбектің алдына келе қоймады.
— Бұл өзі бір қу, — деді отырғандардың бірі. — Білмейтіні жоқ. Бақытжан, Алматыдан келген ағаға айтшы, кімсің?
— Кімсің, айналайын, айта ғой, — дедім мен де.
— Әкем орыс, шешем қалмақ, өзім татар, — деді бала. Күліп жатырмыз.
— Әкең де, шешең де қазақ, сен ақымақсың, — деді біреу. Еркелете, зілсіз айтты.
— Бұралқы сөз күлуге жақсы, деп кішкене баланы қазірден бастап ата-тек таратуға үйреткендерің жөн емес, — деді екінші біреу.
— Айта берсін, — деді Дәукең. — Бүгін айтады, ертең ұмытады. Бірақ, балам, әкең орыс болар, орман болар, шешең қалмақ болар, шүршіт болар — өзің советсің. Осыны жадыңа тұт. Осыны ұмытпа.
Өңі қайтқанмен, даусы әлі қатқыл. Күш-қайраты бойында екені аңғарылады. Турашыл, ашық Дәукең маған қатты ұнады. Ықыласымды таныса керек, Дәукең машинасының билігін маған берді де, қашан жүріп кеткенімше қасымда болды. Өзіме қажет мағлұматтың денін осы кісіден алдым. Ештеңе жасырған жоқ. Бар шындықты айтты. Тек Ертай мен Нартай туралы әңгімеден ғана тайқақтай берді. Бар болғаны, Берден байғұс өле өлгенше арман қып аһ ұрып кетті, ақсақалға соғыс жұтқан екі баласының күйігінен гөрі кішкентай Ертайдың қазасы қаттырақ батты деді. Қартайған шағында Тілеубай екеуі ағайынды адамдардай қатар көшіп, қатар қонып, бірге жүрді, қазір екі үйден де жан қалған жоқ, түтіндері өшті деді. Ал Ертай мен Нартайдың қазасына келсек, оған не колхоздың басшы ұйымдарының, не мектептің жазығы жоқ, оқыстан, балалардың балалығынан болған іс, қайта қоздырғанмен түк өнбейді деді. Бұдан ары ештеңе айтпады. Әйтсе де балалардың басына барып қайтуды парыз санадым.
Көп зираттың шет жағына қойылыпты. Ұзындығы құлашқа толмайтын қос төмпешік. Кезінде бесіксыпа орнатылса керек, жауын шайып, үстіне боз жусан, қызыл изен шығып кетіпті. Екеуінің басына бір-ақ құлпытас қойылған екен. Таудың ұзыншақ, төртқырлы көк тасы. Бетіне ай суреті ойылып. "Ағайынды Нартай және Ертай Арыстанбеков" деп жазылған екен.
Мен бұл балалардың әкесін білетін ем. Газеттің мерекелік номерлерінің біріне интервью алғаным бар. Мені кеңседе емес, өз үйіндегі жұмыс кабинетінде қабылдады. Қасында бес-алты жасар ғана кішкене ұл ойнап жүр. Аса мазасыз екен. Көзге көрінбейтін жаулармен қылыштасты, айғайлап өлең айтты, кілемге аунады, столдың астына кіріп кетті, ең ақырында сөрелерді ақтарып, суреті мол кітаптар іздей бастады. Тым еркелетіп жіберіпті. Немересі болар дегем. Өз баласы екен. Сонда сөзден сөз шығып айтып еді. Қанша сұрастырса да ізін кесе алмапты.
Алматыға түскен бетте бірден Арыстанбеков ақсақалға жетпек ем. Қабырғаммен кеңесіп, мұның парықсыздық боларын аңғардым. Қаралы хабар айту да мұрат па екен. "Биыл үлкені отыз беске, кішісі отыз үшке келеді, — деген еді. — Қазір олардың балаларының өзі мына Алтайдай болған шығар. Бір жерде жүр. Ерте ме, кеш пе, табылуға тиіс". Жарық дүниеде үміттен артық не бар. Қайтадан түтін түтетіп, қайтадан шаңырақ көтеріп отырған аяулы азаматтың көңіліндегі үміт сәулесін біржола үзуге дәтім бармады. Жендет рөлін атқарғым келмеді.
Газет берген арнайы командировкамның да орнын толтыра алмадым. Айрылысар сәтте Зигфрид: "Атасын жасырған — нәмәрт. Мен өзімді тәрбиелеп өсірген даланың дархан перзенті — бүкіл семьямыз фамилиясын алып отырған көкем, сіздерше Ахмет ақсақалды ғана емес, фашистермен айқаста испан республикашылдары қатарында қаза тапқан, маған өмір берген ғазиз әкем Вольфганг Вагнерді де мақтан етем. Бірақ неміспін деп айта алмаймын. Бұл — менің қалауымнан тысқары нәрсе. Қазақ тағдыр ісі дейді. Анық: мен неміс емеспін. Қазақпын деп кесіп айтуда киын. Шыққан тегім неміс десем қисынға келер. Ал балалар... Жалпы, арғы текті қазу — азаматтың ісі емес. Қазір бәріміз бір өзеннің арнасы, бір атаның баласымыз. Бір семьяның мүшесі, бір ұлыстың ұлымыз. Ескі жараның аузын тырнап қайтесіз", — деген еді. Тек өзінің ғана емес, Яковтың, Рәшиттің, бүкіл қауымның атынан айтқандай көрінген. Қабылдамай кетіп ем, ойлана келе сөзінің дұрыстығына ден қойдым.
Әйтсе де, осы сапарда естіген-білгенімді, көзбен көріп, ойша түйгенімді толайымен мансұқ етуге қимадым. Өмірде шын болған адамдардың бәрінің атын өзгертіп, көкейімдегі тірі суреттерді ептеп тұздықтап, повесть пе, әңгімелер циклы ма, әлде, тіпті, роман ба, әйтеуір бірдеңе жазып тастадым. Журналист шықпады, бәлки жазушы боп кетермін. Менікі үміт. Мүмкін орындалмас. Қайтеміз. Көнеміз. Көтеріп аламыз.
Бір жақсысы, оған дейін әлі көп уақыт бар.
1973, Переделкино — Алматы
6alash ұсынады