Айнұр Оразбайқызы «Періште жырыма сенемін»
Өр Алтайдың тумасы, ақын Айнұр Оразбайқызының «Періште жырыма сенемін» атты жыр жинағы Алматыда баспадан шықты. Автордың бұл тұңғыш жинағы кирилл және төте жазуда – екі нұсқада басылған. Алматыдағы «Мерей» баспасынан шыққан алқызыл тонды поэзия тамшыларының алдағы уақыттарда тұсаукесері өтеді. Айнұрдың тұңғыш жинағын ақын Әділет Ахметұлы құрастырып, редакциялап баспаған ұсынған. Ақжарма лебізімен қоса аса үлкен сенім артып алғы сөз жазған – белгілі ақын, жазушы, республикалық «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы.
Ағабуын қаламгер Д.Байтұрсынұлы кітап авторы туралы жазған «Тасадағы талант» атты мақаласында:
«Ақын Айнұр Оразбайқызының өлеңдерін оқыған сайын ойым алысты шарлап, әр жолының шырын дәміне тамсанғандай күй кешемін. Байқаймын, Айнұр ақын біріншіден, таза қазақы ортадан түлеп ұшқан, сөз қадірін білетін, ата-баба салт-дәстүрі сүйегіне сіңген қыз. Екіншіден, жеңіл-желпіге қызықпайтын, тереңге телміріп қарайтын, тұңғиық сезімге бай, тыңнан жол салуды көздеп жүретін сұңғыла жан. Үшіншіден, бос сөзі аз, аузына көбінде ерік бермейтін, салмақты мінезді ұстанатын, алайда жүрегі сөйлей білетін жүйрік ойлы ақын. Төртіншіден, ол оқиғаның жыршысы емес, сөзбен сурет салатын ой орманы қалың, сырын ішіне бүккен астарлап айтатын адам», – дей келіп әрі қарай ақынның өлеңдерінен мысал келтіре отырып, сүбелі сөз айтады:
«.... Қызығына жұртының қанбай қалған,
Алып төсін тауының шарлайды арман.
Қайталаулы қараша қырбағымен,
Еріп кетер ерке өмір қандай жалған, – мінеки, өмірдің күзі жеткенде қарашаның қырбақ қары секілді, ызғарымен қосылып қылаулайды, сөйте тұра, жылт еткен күннің жылуымен еріп кететін қар бейнесі, жалған өмірдің жалт ете қалатын өтпелі күйін көз алдыңа келтіреді. «Еріп кетер ерке өмір қандай жалған!» деген өкінішті өксікпен аяқтайды.
Біздегі арман әрі батыл, әрі аңғал келеді,
Сонан шығар, дауылдар мен жауынды көп көреді.
Шексіздікке шебін жайған қасиетті өлкемде,
Ақ тарыдай ақталатын ақиқатқа сенеді. – бұл өлеңдегі жырдың ұлттық шырайын ашып тұрған «әрі батыл, әрі аңғал», «шексіздікке шебін жайған қасиетті өлкемде», «ақ тарыдай ақталатын»... сөздері қазақ ақыны ғана айта алатын, қолдана алатын төл сөздеріміз. Ақиқатты ақталған тарыға теңегенін көрмейсізбе!.. Тары қазаққа жеңсік ас, ақиқат қауызынан аршылған, топанынан ажыратылған таза дән секілді көз алдыңа келеді». ...
Қаламгер Дәулетбек Байтұрсынұлының бұл мақаласы кейінгі буынға ізгі тілек қана емес, ғылыми пайымы, жүлгесі ұзын жүйелі сын-сарап деуге болатындай. Біз оқырманға тек үзінді келтіріп отырмыз.
Аталған кітаптың айқара бетінде мынадай бір көңіл қуантар сөз бар.
«Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін алыс-жуық шетелдердегі қандастарды отанға шақыру жұмысы қолға алынды. Сол бір ұлы бастаманың нәтижесінде Қазақстанға бір миллионнан астам қандастарымыз оралып, отанымыз топырағында өсіп-өніп, туған жұртымызбен бірге өркендеп келеді. «Елге ел қосылып құт болған» осындай сарабдал саясаттың арқасында қандас бауырларымыз атажұртқа салт-дәстүрлердің сарқытын, ұлттық болмыстың ұмытылып бара жатқан құндылықтарын және қазақы қаймағы бұзылмаған таза тілді, ұшан теңіз сөздік қорды алып келді. Бүгінгі таңда Қазақ елінің ақпарат-баспасөз, мәдениет, т.б. салаларында қандастарымыздың көбірек бой көрсетіп жүргені әне соның айғағы. Қазақтың рухани қазынасына арғы беттен келген небір заңғар ақын-жазушы, этнографтар, өнер адамдары үлестерін қосты. Солардың бірі ретінде Айнұр Оразбайқызын атауға болады. Елдік, бірлік, отансүйгіштік, ұлттық тұтастық, т.б. алуан тақырыптарда қалам тартатын, өз ортасында белгілі ақын, тұрғылас қаламдастар арасында жақсы баға алып жүрген Айнұрдың тұңғыш жыр жинағы алдарыңызда. Кітап әдебиетсүйер, өлеңсүйер көпшілік қауымға арналады».
Мінеки, осылайша бүгінгі таңда Жетісу өлкесінде қоныс тепкен Айнұр ақынның жыр жинағы оқырмандарына жол тарту алдында тұр. Арғы-бергі беттегі қандастардың оқуы үшін төте жазудағы нұсқасын да шығарғанына дән риза болдық. Біз ақынға шығармашылық табыс тілейміз!
6alash ұсынады