Айн РЭНД. Менің сатып алған күйеуім
(әңгіме)
Мен бұл әңгімені жазбауым керек еді...
Үн-түнсіз ғана бәрін еңсерген едім ғой. Өзімді үнсіз ету үшін бәлкім, бұл дүниедегі ешбір әйел заты басынан кешпеген зобалаңға мен ғана төзген шығармын. Ал, енді әңгіме тиегін әбден ағытпақшымын. Шындығына келгенде, жүрек түкпіріндегі құпия сырыңды жұртқа жайып салудың еш мәні болмаса да, үміт шоғы сөнбегенін таяуда ғана сездім. Бұл менің жалғыз ғана үмітім. Менің уақытым түгесіліп барады. Құлазыған өмірім бос кеңістікке айналып, жаһанамның қақпасына жеткен кезімде ең ақырғы мүмкіндігімді пайдаланғанымды ешбір жан айыпқа бұйырмас деп сенемін. Барлығының аяқталуы алдындағы бір ғана сәт... Осы себептен, құпия сырымды жасырмай жазуға бел байладым.
Мен Гэнриге ғашық едім. Қазір де қатты сүйемін. Өзім жайында, өткен өмірім туралы айтар жападан жалғыз дүнием осы ғана. Менің өмірімнің өзі де тек қана Гэнри. Жалпы, бұл жалғанда сүйіп-күйіп, ғашық болмаған пенде мүлде жоқ шығар! Махаббат дегенің өзі сенің ақыл-ойыңдағы, көңіл-көкірегіңдегі, жүрегіңдегі күллі шектеулер мен бөгеттерге еш аялдамастан-ақ бұзып-жарып өте шығатын зат екен ғой.
Онымен қалай танысқанымды еске алмаймын да. Мен үшін ол өзекті емес. Жүздесуді маңдайға жазған екен, ұшырастық. Қашан, қалай, неге оны сүйе бастағанымды, қалай ғашық болғанымды сезгенімді ойлап та жатпаймын. Бір білерім, өмірім екі-ақ сөзден тұрды: «Гэнри Стаффорд». Ол ұзын бойлы, арық бола тұра тым көрікті жігіт еді. Арманшыл, жігерлі бола тұра онысына қатты зер салмайтындай көрінетін. Табиғат оны солай жаратса керек. Үзіліссіз жалғасатын арман-тілегі құдайдың бұйрығы шығар. Менің білуімше, Гэнри жан-жақты толысқан ақылды жігіт. Айналасы жаппай таңдай қағып табынғанда ол өзгелерді әжуалап, миығынан күліп жүре берер еді. Аздап жалқаулығы болса да, өте мұқият. Оны ештеңе де абыржыта қоймас еді. Өзіне сын көзбен әрі нық сеніммен қарайтын. Сөйте тұра өзгелерге миығынан күліп қана паңдана қатынас жасайтын.
Әрине, біздің шағын қаладағы қыз атаулының бәрі оған қоғадай жапырылатын. Бәрімен де ашық-айқын қылмыңдасатыны қыздарды естерінен тандыра жаздайтын. Гэнридің әкесі оған өзінің ірі бизнесін қалдырған. Ұлы оны қиындықсыз басқарса да, жеткілікті қаржы табатындай үйлестіретін. Ол ұжымымен қарым-қатынас жасағанда, бикештермен жымыңдасқанда, кітап, газет оқығанда көрсететін биязы әрі бейтараптау кейпімен бизнесін де меңгеріп жүретін.
Жасы егде заңгер, байырғы досым Барнес мырза бірде маған ойлы әрі асқан байыптылықпен былай деген еді: «Ол ыңғайсыз жігіт... Мен оны сүйетін қыздарға қызғанышпен қараймын... ал, оған тұрмысқа шығатын қызға жаным ашиды». Ол тұста мен жалғыз Барнес мырзаның ғана емес, талайлардың ішін күйдірдім ғой. Гэнри Стаффорд мені сүйген уақытта небары 21 жастамын, ең мықты университеттің бірін бітіріп келгенмін. Ата-анамнан мұраға қалған табиғаты тамылжыған жерім бар, байырғы туған қалама оралуға шешім қабылдағанымда не сыр барын қайдан білейін. Жақын туыс атаулыдан жұрдай менің ғана иелігімдегі жер орасан көлемді әрі ірі саябағы бар тамаша мекен болатын. Мен онда өз еркіммен өмір сүріп үйренген жанмын.
Әңгімемде бар шындықты жайып салып отырмын ғой, сондықтан, өзімнің де ақылына көркі сай сұлу болғанымды айтқаным жөн шығар. Ауыздыға сөз бермейтін шешендігімнің де барын білетінмін. Жалпы, ақылды жандар өзінің жайын қалай да біледі емес пе. Адамдар мен туралы «өте ақылды қыз», «оның келешегі зор» дескенімен, тым бір беткейлігімді аса ұнатпайтындай көрінетін.
Мен Гэнри Стаффордты ғана сүйдім. Өмірімнің соңында ұққаным осы ғана. Ол менің өмірімнің мәні еді. Әрқашан да өзге ешкімді сүйе алмайтынымды үнемі айтатынмын. Сол рас екен. Бәлкім, адам біреуді дәл менше сүюге болмайтын шығар, қажеті жоқ та болар. Алайда, маған енді, қандай әулие айтса да пайда жоқ: ол менің ғана өмірім болған екен.
Стаффорд та маған ғашық еді, шын көңілімен. Оның өміріндегі ең алғаш рет миығынан күлмей қараған дүниесі де осы шығар. «Мен өзімді махаббат алдында осыншама әлсіз жан болып қаламын деп ешқашан ойлағамаған едім» деп, ол кейде жұмсақ үнмен айтатын еді. «Сен мендік қана болуға тиіссің, Иренэ! Неге десең, мен өзіме қажеттің бәрін алу үшін дүниеге келген адаммын. Ал, сен әлемнен тілеген жалғыз затымсың» - деп, саусағымның ұшынан бастап, иығыма шейін сүйіп шыққанын ұмытқан емеспін.
Ал, мен оны көрген сәтімде бұл әлемнен ештеңені сезінуден қалатынмын. Оның қимыл-қозғалысы, мінез-құлқы, дауысы да мені дірілдетіп жіберетін ... Көңіліңе осындай ұлы сезім мен арман бір мәрте қонақтап қалса, ешқашан шықпайды екен ғой. Соңғы демің үзілгенде ғана нүкте қойылатын шығар. Мұндай сезім тұла бойыңда дәмің таусылғанша тұрады. Тіпті, денеңді өртеп, күлін көкке ұшырса да сезімнің оты лаулап жанып тұрады. Бақыт содан басталады. Өлшеусіз бақыт...
Сол бір күн ойымда өте анық. Тасқында су қаншалықты мол болушы еді... Сондай бір нұр шуағын молынан төккен күн болатын. Ол екеуіміз әткіншек теуіп ойнағанбыз. Екеуіміз де аппақ киім киіп, ұзын жіңішке басқыштың екі жағында тұрып алғанбыз. Жіптен қатты ғып ұстап алып, ерсілі-қарсылы алма кезек ұшып жүргендей теңселіп тұрдық. Өте жылдам тепкендіктен жіптің қиқылдаған үні үрей тудырып, мен тіпті демімді жұтып қойдым. Жоғары қарай... Төмен қарай... Жоғары қарай... Төмен қарай... Юбкамның етегі тіземнен жоғары көтеріліп, желбірегенде ол «бұдан да жылдам, тіпті жылдам» деп айғайлаумен болды. «Жоғары... Гэнри жоғары...» деп жауап қаттым. Жейдесінің кеуде тұсы ашық, жеңін шынтағына дейін түріп тастаған жігітімнің көріктісін айтсаңшы... Арқан жіпті қос қолдап мықтап ұстаған оның қимылы ширақ әрі жеңіл болғанымен күші мығым, қозғалысы әткіншекті оңды-солды тербелтеді. Шашы желбіреп...
Дем алуға да мұршам жоқ, жарқыраған күн шуағына малынған сол сәтімде мен қарсы алдымдағы жігіттен өзге ештеңені сезінген жоқпын. Кейін бір бірімізге ештеңе айтпай-ақ әткіншектің биігіне де қарамай секіріп түсістік. Жерге құлап түскенімізде аяқ-қолымызды аздап сүріп алсақ та оған мән беруге де мұршамыз болмады. Ол мені құшақтай алып, әткіншекте де сезілмеген ынтықтықпен құшырлана сүйді. Бұл жолы біз алғаш рет сүйіспесек те дәл сол сүйісті мен өмір бойы ұмытқан емеспін, ешқащан ұмытпаймын да. Оның ыстық құшағында болғандықтан мен есімнен адасып талып түсуге шақ қалған едім. Мен оның иығын қатты мытып (сояудай тырнағым кіріп, қан аққанша мыжыппын ғой) сүйгенім бар. Кейін мойнын... ашық тұрған жағасына дейін сүйіппін ғой...
Сол сәтте бір бірімізге айтқан сөзіміз, әсіресе, оның айтқаны... Ақырын ғана сыбыр... «Мәңгілік осылай болады деші... Иренэ... Мәңгілік».
Келесі күні ол келмеді. Кешке дейін көңіл құлазып күтумен болдым. Ұшты күйлі жоқ. Одан арғы күні де төбе көрсетпеді. Есесіне, сәл де болса менің назарымды аударғысы келетін, өзіне сенімді бір жігіт арнайы келіп, біраз әңгіме-дүкен құрды. Сөзінің соңында былай демесі бар ма: «Айтпақшы, Гэнри Стаффордын бизнесіне қауіп төнген көрінеді. Өте күрделі жағдайға ұшыраған десіп жүр ғой, жұрт».
Ертеңінде сол бір жайсыз хабарды бүге-шігесіне дейін естідім: Гэнри әбден тақырға отырған екен. Бір өзі ғана дағдарғанымен қоймай көптеген жандардың тағдырына жауапты әрі оларға қыруар қаржы өтеуі тиіс екен. Алайда, бұған оның кінәсі шамалы еді... Ақыры, солай болып қалған. Барлығы оны білсе де, Гэнриді кінәлаумен болды. Банкрот өз жөнімен ғой, онымен бірге Гэнридің бет-беделі, іскерлігі, келешегі де батпаққа батыпты.
Оның компаниясының күйреуін біздің қала тұрғындарының біраз бөлігі табалап бақты. Ішінара Гэнриге жандары ашығандар болғанымен қуанатындардың қатары да көп болды. Адамдар Гэнриді сыйлаумен қатар іштарлық та жасайды екен … әлде, құрметтей тұра қызғана ма, кім білсін. Тіпті біреудің «Енді оның түрін бір көргім келеді» дегенін де құлағым шалды. Тағы бірі «ха, ха! Ұят-ай» дейді...
Адамдар мені де мазалаумен болды. «Гэнри ана бір Иренэ Вилмэрдің несіне қызықты екен?». Паци Тиллинс деген бір атақты жүргіш әйел көп адамның ой-пікірін бір сөйлеммен жеткізуі арқылы ерекшеленді. Ал, біздің қала қоғамының алдыңғы қатарлы адамдарының бірі Хью ханым (ол кісінің бір кемшілігі – үш бірдей қызын ұзата алған жоқ) маған «Сен дер кезінде онымен көңіл көтеріп үлгердің. Сол жігітті біртүрлі суханым сүймейтін» деп қояды. Паци бетін бояп тұрып, тағы «Ал, сұлуым, енді келесіде кімді көздедің?» деп сүйреңдейді…
Ондайлардың ешбірі де маған елеулі әсер ете қойған жоқ. Мен несі болса да, жағдайды түсінуге тырыстым. Гэнри қайта еңсесін көтере ала ма дегенді білгім келді. Бір бизнесмен сыйласым ойда жоқта мені толғандырған сауалға жауап беріп тастады. «Гэнри негізі, адал жақсы жігіт қой. Бірақ, дәл қазір өзін қаншалықты тезірек атып тастаса, беделін де соншалықты сақтап қала алатын шығар» деп, бір досына айтқанын кездейсоқ естіп қалдым …
Маған бәрі түсінікті болды. Ұзақ ойланып та жатпадым. Үстіме бірдеме ілдім де екі өкпемді қолыма алып, оның үйіне қарай зыттым. Оны көре сала қорқыныштан қалшылдап кеттім. Оны тіпті танудың өзі мұң: үстелдің артында отырған оның кейпі тас іспетті, беті мен қимылсыз көзін ғашығымдікі дегенге сене алмадым. Орындығының бір жағында қолы жансыз секілді салбырып, саусақтары болмашы ғана дірілдейді.
Менің кіргенімді ол сезген де жоқ. Мен оған жақындап барып, екі тізесінің арасына басымды тыға жығылдым. Ол біраз қалшылдап отырды да қолымнан тартып тұрғызды. «Үйіңе қайт, Иренэ!» деп салқын әрі мәнсіз тонмен айтты. «Енді, мұнда ешқашан келме!». «Сен мені сүймейсің бе, Гэнри?» деп, еріксіз сыбыр еттім. «Енді, екеуіміздің арамызда бірдеме болудан қалғанын неге түсінбейсің?» деген оның үнінен қажыған, қайғырған ашу-ыза аңғарылып тұрды.
Мен түсінген едім. Түсіне сала күлімсіредім: оның айтқаны шындық болғанымен ешбір маңыз жоқ. Ақша махаббатымызға кедергі жасамақшы. «Ақша менен Гэнриді тартып алмақ па? Әпенділік қой!». Мен қарқылдап тұрып күлдім... Оның өзінде үрейге толы күлкі … егер сенің бүкіл өміріңді, оның мән-мағынасын, сендегі жалғыз табынарыңды жай ақшасыз қалғаны үшін ғана тастап кет десе, күлкің келмей ме?
Ол қанша жерден маған құлақ асқысы келмесе де, тыңдата алдым. Қанша уақыт жалынғанымды білмеймін. Ол бас тартумен болды. Кейде байыппен ғана өзін тастауымды өтінеді, енді бірде қатқыл суық дауыспен «кет» деп тұрып айғайлайды… Сонда да мен оның көзіндегі маған деген ұлы махаббаттың сөнбегенін көрдім. Сондықтан кетуді ойға да алмадым. Оның аяғына жығылып «Гэнри Гэнри… Мен сенсіз өмір сүре алмаймын... мүмкін емес» деп жылаумен болдым. Маған иланғанша қаншама уақыт өткенін білмеймін... Бірақ, таусыла жалынудың да жемісі болады екен… Ақыры беріліп тынды: ол кенет мені құшағына алды да көз жасымен, сүйіске қатар ерік берді. «Жарайды… Иренэ... солай-ақ болсын» деп дірілдей жауап берген еді. Оның ұлы махаббаты көңіл тебіреністі молынан сыйлады.
Біздің кішкентай қаланың зор таңданысы Гэнридің банкроттығымен түгесілмеді: біз екеуіміз жайында естігенде сұмдық жарылысқа тап болғандай күйге түсті. Бастабында мұнымызға сенген жан болмады. Сенетін де жағдай емес еді ғой… Бәрі мені есі ауысқан жындының қатарына қосып тастады… Онысы да жөн енді, махаббатқа жынданған едім… Хью ханымның өзі маған шауып келіп «Сен құтырып кеттің бе? Онымен тұрмыс құруға болмайды, Иренэ… Мұның ақымақтық қой… есалаң…» деп шын ниетімен айтқаны бар. Ол тіпті айтарға сөз таппай жатты. Оның досы, бұрын ашылып сөйлемейтін Броган мырзаның өзі «андағың есінен адасқан ғой» дегенін қайтерсің.
Дэвис мырзамен бірге ата-анамның екі бірдей ежелгі досы менімен тілдесуге келді. Олар маған шешіміңді қайталап бір ой елегінен өткіз десіп өтінді. Егер өз болашағыма балта шауып, күйеуімнің қарызын жабуға барымды салсам, кейін тұмсығым тасқа тиеді екен, ха ха ха. Мен олардың сөзіне күлуден басқа жауап қатпадым. Шексіз бақытты едім.
Ең көрегенділік танытқан адам Барнэс мырза болды. Ол маған көпті көрген ойлы жанарын тіктеп тұрып, көңілсіздеу күлімсіреп былай деген-тін: «Сені үнемі осылай қуанышың қойныңа сыймай отыра алмас па екенсің деп қорқамын, Иренэ... осыншама ұлы арман, алып ұшқан көңіл жақсылық әкеле қоймайды». Сосын, Гэнриге қарай бұрылып: «Стаффорд! Сен әр қадамыңа абай болғайсың!» деп суық үнмен тіл қатқан болатын. «Маған олай деуіңіз артықтау болар» деп, Стаффорд та одан кем түспейтін суық үнмен жауап берген еді.
Осылайша біз отбасын құрдық. Кейбіреулер айтады ғой, толық бақыт деген болмайды деп. Ал, мен сол толық бақыттың дәмін татқан адаммын. Менің сол тұстағы сезімімді бақыт деудің өзі аздық етеді... Мен Гэнридің әйелі болдым... Енді мен Иренэ Вилмэр емес, Иренэ Стаффордпын. Үйленген соң дәл қандай күйде болғаным есімде жоқ. Ойыма ештеңе оралмайды. Егер кімде кім үйленген соң не болғанын сұраса, айтарым: «Гэнри». Ол үнемі қасымда, маған басқа не керек еді. Мен өз иелігімдегі бар дүние-мүлкімді сатып, оның борышын жаптым, қысқасы, құтқардым. Енді, бір біріміз үшін өмір сүру ғана қалды: ешкім бізді шаршатпайды, тек қана екеуіміз. Екі жанның бірге ғұмыр кешкен ұлы бақыты.
Бірақ, кешікпей тірлік қамын ойлауға тура келді. Біз мендегі бар ақшаны, үй-жай, бағалы заттардың бәрін сатып бітіргендіктен табыстың өзге бір көзін табуымыз қажет болды. Гэнри университетті инженер мамандығы бойынша бітіргендіктен осы бағыт бойынша жұмыс істейтін болды. Керемет қызмет болмаса да бұрын мамандығы бойынша жұмыс істемеген жан үшін тәуір бастама болды.
Шағын ғана үйде тұратын болдық. Осылай өмір басталды дерсің. Оны жұрт қатарлы жүрсінші деп мен бар күшімді салдым. Гэнри өз күш-қуатын дұрыс жұмсай алмайтындықтан, мен оның жұмысына да қол ұшын беретінмін. Жұмыстың ең қызған маңызды тұсында ол орта жолда тастай салып, диванға сұлай кетеді, әлде бір қызықты кітап оқиды, кейде темекісін бұрқыратып текке жатқаны. Сонда да, оған жұмысын қолға алдырудың амалын үнемі табатынмын. Соның арқасында ол табысты еңбек етті.
Мен оның қатардағы досына немесе үй қызметшісіне айналып кетпеуге тырыстым. Есесіне, оның жары әрі сүйіктісі бола алдым дегенге сенемін. Мен өзіме де беймәлім салқындықты жасап алдым. Осы арқылы одан сәл ғана алыстағандай боламын да, оның қызығушылығын одан ары үдете түсемін. Үй шаруасын қашан, қалай тындырып тастайтынымды ол ешқашан аңғарған емес. Мен оның кепіл заты емес, үйдің ханшайымы, құпия күш екенімді сездіре білдім. Екеуіміз де отбасы тірлігін аңғара бермегенімізді толық сеніммен айта аламын. Біз көңіл толқынының қуатты күшімен қанаттанған ғашықтар едік... Соның өзі жеткілікті болатын...
Мен оның өмірін романсқа айналдыра алдым. Өмірдің әрбір сәтін сан алуан түрге бояп, көңіл тебіренерлік ете білдім. Үйіміз демалатын, ішіп-жеп, ұйықтайтын орын ғана емес, күресетін, ұтатын, жаулап алатын ойын алаңы іспетті көңіл қуанышының ордасы еді.
«Сендей жанды жаратқан қандай құдірет екен, Иренэ» деп, ол кейде таңдай қағатын. «Менің тірі жүргенім сенің арқаңда ғана» деп, мойыным мен иығымды ыстық демімен қыздыра сүйетін еді. Мен ештеңе айтпайтынмын. Жалпы, ешқашан көңілімдегін түгелдей ақтарып тастамайтынмын. Әйелі өз өмірінің мәні екенін ер азаматтың аңғара бермегені де дұрыс. Соған қарамастан Гэнри оны сезетіні анық болатын.
Біршама уақыт өткеннен кейін бізге қырын қараған қала тұрғындарының райы жұмсарып, оң қабақ таныта бастады. Дегенмен, күрес, еңбек, жалғыздық атаулыдан өзге ештеңесі қалмаған Гэнриді бастапқы жылдарда жалғыз өзім ғана жетелеп алып шықтым. Сол жылдары оған менен өзге ешкімнің қажеті де жоқ еді дегенді ауыз толтыра айтуыма болады.
Біздің үйге жиі келетін қонақтың бірі менің жақсы досым Барнес мырза еді. Ол біздің тірлігімізге мұқият зер салып, біртүрлі бақытымызға таңдана қарайтын. Бірде ол кісі «Иренэ, егер ол саған ғашық болмай қалса, не істейсің?» деп сұрағаны бар. Мен бар күшіммен оған «Бұл туралы енді ауыз ашпа, кейбір нәрселердің айтуға да тұрмайтын тұстары болады» дегенім бар.
Уақыт жылжып өтіп жатты... Соған қарамастан, біздің арамыз суымады, тіпті, барған сайын өршіп, ұлылыққа ұласып жатты. Ендігі жерде біз бір біріміздің жанарымыздан, қимыл-қозғалысымыздан бәрін оқитын жағдайға жеттік. Оның жұмыс бөлмесіндегі камин пештің алдында отырып, кеш өткізуді біз жақсы көретінбіз. Мен жастықпен отырамын, ол кілемнің үстіне басын менің алдыма қойып жатады, маздап жанған оттың жалынына қарап, ұзақ сүйісетінбіз. Ол кейде айтатын: «екі бөлек адам қалайша осылай үйлесім табады деп ойлаймын, Иренэ».
Осылайша төрт жыл өмір сүрдік. Төрт жыл бойы зор бақытқа, ессіз махаббатқа кенелдік. Осыншама бақыт әркімнің маңдайына жазыла ма, білмеймін. Қазір өзімді қиналып жүрмін деп айтуға қақым бар ма, жоқ па, тағы айта алмаймын. Өміріме аса қымбат құн төлегенім рас десем де, тағдыр да маған ұлы бақыт сыйлағанын ұмытпаймын! Менің бастан кешкен қасіретім мен бақытымды таразыға салса, екеуі дәл теңесетін шығар...
Біз екеуіміз қоғам өміріне қайтадан қадам бастық. Жұрт біздің таңғажайып махаббатымызды көріп, бәлкім, бұрынғыдан артығырақ құрметттейтін болған шығар. Гэнриді бәрі сыйлайтын, қоғадай жапырылып қонаққа шақыратын болып кетті. Оның жұмысы табысты болып, әйтеуір, мықты инженерлер қатарына ілікті. Ондай көңілді, тартымды адамды қолында қаражаты жоқ екен деп қоғам жарға итермейді екен.
Өстіп бақытты шат күндер өтіп жатқанда сол бір оқиға болған еді... Осының бәрін бастан кешкендіктен жазуға да батылым бар...
Біздің қалада жаңадан бір келіншек пайда болды. Оның аты-жөні Клэйр Ван Дален. Күйеуінен ажырасқан, Нью-Йоркте тұратын біреу екен. Еуропадан қайтып келе жатқан сапарында жол-жөнекей біздің қалада тұратын жамағайындарына қонаққа келіпті. Мен оны алғаш рет би кешінде көрген едім. Ол ежелгі дәуір мүсіндері секілді сымбатты, қолаң шашты, үлбіреген қызыл ерні бар келіншек. Көмірдей қара шашын ортасынан қақ жарып тараған, ұзын сырғаны жарастырып таққан екен. Оның ырғала қозғалған қимылы денесін сүйексіз, буынсыз секілді толқындандырып жіберетіндей көрінеді. Ол қарапайым киінсе де, сонысының өзі ерекше баға жетпестей сезіледі...
Ол шынымен де адам таңданарлықтай керемет сұлу еді. Қала тұрғындары оның аяқ-қолына шейін тамсана көз тастап жатты. Оған да не шара, ондай көрікті жанды бұрын-соңды ешкім көрмесе. Ол барлық адамдармен биязы қатынасқанымен жүзіндегі жасанды күлімсіреген кейпі жұрттың сүйсінген сый-құрметінен әбден мезі болғанын аңғартады.
Гэнри оған көз салды... ұзақ әрі байыппен... Бұрын одан байқалмаған зор табынушылықпен Клэйрдің әр қимылын бақылап тұрды. Бәрі оның көзінен аңғарылып тұрды ... Екеуі бірнеше мәрте биледі.
Би кеші тараған соң бір топ жігіт оны шығарып салмаққа асыға жүгірісті. «Тұра тұрыңдар, өзім таңдаймын» деп Клэйр көңіл қуантарлықтай күлімсірегенде оның жаңа фендерінің бірі «осындағы барлық жігіттер арасынан таңда» деп айғай салды. «Барлығының арасынан?» деп, ол қайталады да біраз ойланып: «Онда Стаффорд мырзаны таңдаймын» деді.
Гэнри оны жеткізу жайында ойламаса керек, таңданып қалды. Бірақ, енді ат-тонын ала қашатын емес... Мені Барнес мырза үйге жеткізіп салды.
Гэнри үйге оралған соң Клэйр туралы не ойлайтынын сұрадым. «Иә, қызық» деп қана қысқа қайырды. Мен оның жауабынан бұрын көңілі қатты толқығанын аңғарсам да аса мән бермедім.
Келесі би кешіне шақыру келгенде Гэнри баруға құлықсыз болды. Ол шаршаңқы әрі жұмыстан қолы да босамай жатқан болатын. «Ой, Гэнри жүрші! Бізді бәрі күтеді ғой, Харвингстар, Хью ханым, Брукс ханым, Клэйр, Барнес мырза» деп, айта бастап едім, ол аяқ астынан ол ойынан айнып «Жарайды, барайық» деді.
Сол кеште Клэйр мен Гэнри әбден биледі. Клэйр арқасы ашық көйлек киіпті, Гэнридің қолы оның жібектей жұмсақ терісіне тиіп кетіп жатқанын мен байқап қалдым. Гэнридің көзіне еш қымсынбай қараған ұзын кірпікті оның көзі мені шынымен қайран қалдырды. Үстел басында да ол екеуін қатар отыратындай етіпті. Кешті ұйымдастырушылар Клэйрдің көңілінен шығуға барын салыпты.
Осыдан кейін Гэнри Клэйр баратын кештікті қалт жібермейтін болды. Оны машинамен алып жүріп, ол тұратын туыстарының үйіне телефон шалатынды шығарды. Шаруасы қанша қарбалас болса да, Клэйр театрға баратын кеште ол қалай да үлгеретін. Оның көзінде толқынысқа толы қызық ұшқынның пайда болғанын көрдім. Ол үйдегі кезінде тынымсыз еңбек етіп, әлде бір жаққа асығатын.
Маған бәрі де алақандағыдай көрініп тұрды. Өлердей таңданғаным болмаса ешбір күдік тумаған еді. Шындығында, менің ойыма ештеңе енген жоқ. Біраздан соң Гэнри күтпеген жерден Клэйрден байланысын үзді. Ол бір жаққа шыққысы да келмей барлық шақыруларды кері қайтарумен болды. Ол бүрісіп үйде отыратын болды... Қараңғылықтың артында не тұрғанын мен көргендей болдым. Әрине, үрей!
Сонда мен бәрін түсінгендей болдым. Өзін тежеп, кері тартып алмақшы болғанының маған еш қатысы жоқ еді. Ал, ұстамдылықтан айырыла жаздағаны маған бәрін түсіндірді. Әрине, дереу сол сәтте емес. Ондай жағдайлар ешқашан бір орында бола бермейді... Алғаш рет маған күдік туғанда қаным кеуіп, жүрегім айнып кеткендей болды. Артынан күмәндану... Осы күдіктен арылмақ болсам да өзімді қинаудан өзге ештеңе шықпады. Содан кейін оған зер салдым. Сосын... Сосын... Себебін тауып түсіне қойдым. Гэнри Клэйрге ғашық болып қалыпты...
Иә, өз тағдырыма налыған қолыммен осы сөйлемді жазып отырмын. Адам өмірінде айтуға ауыр дүниелер де болады. Оны мен сол сәтте түсінгенмін. Дәл сол кезде басымнан алғаш рет буырыл шаш көрдім... Кейін жын буған ыза. Шынымды айтсам, сене алмадым. Оқиңаның көз алдымда өтіп жатқанын көре тұра ол миыма қонбай қойды. Өз айналамда, ішімде бас-аяқсыз, қашан аяқталары белгісіз күйреудің басталуын сезіну қандай қорқынышты десейші... Алғашқыда барынша сабырлы болдым... Қорқынышты сабырлылық. Бәрібір шыдамай көз жасыма ерік бердім. Кейбір түндері амалым таусылғанда қан аққанша қолымды тістеп алған кездерім болды... осындай тозақтан соң мен күресуге бел будым...
Санамдағы өмір туралы бейне сурет күрт алмасып, суық қараңғы үрей торлады. Сонда да, мен ең соңғы бар күшімді салып, орнымнан көтерілдім... «Некелі байыңды оп-оңай жібере салуға болмайды» деп өзіме айттым. Ол бұрын менікі болып келген, енді неге қайтармасқа. Мен оның ішкі әлемінде не болып жатқанын анық көріп тұрдым. Басында ол Клэйрге аздап қылмыңдаған. Әрине, ол кезде Гэнри бұған аса қатты мән бермеген. Бейтаныс әйелді жай ғана қызық көрген. Махаббат жайында ойлау тұрмақ түсіне кірмеген. Бірақ, күтпеген жерден онысы жетіп келген. Біле сала бәріне нүкте қоюға тырысқан.
Сонымен, екеулеп күрестік. Мен ол үшін, ол өзіне қарсы. Біз ұзақ күрессек те... бірақ, төзбедік! Күрес барысында да, жалпы қай кезде де маған қырғи қабақ танытқан, ренжіткен де емес. Менімен әрдайым жұмсақ үнмен сөйлесіп, байыпты қатынасатын. Менің де жүрегімді әрдайым қуаныш кернейтін... мен де үнемі тартымды болуға тырыстым. Бірақ, мен оны бірер сәт де кері итеріп, сосын, қайтаруды ойламаппын. Бәрі біткен соң не шара.
«Гэнри, екеуіміз би кешіне барайық» деп, бірде оған батыл шешіммен айттым. Соңғы кезде екеуіміз де би кештерінің шақыруларын кері қайтарумен болған едік. Сонымен би кешіне бардық. Ол Клэйрге қарады. Мен ақырын аса сақтықпен қарадым... Кештің соңында екеуіміз де білгіміз келген білдік. Енді, қанша күрессең де пайда жоқ екен.
Сол түні ұйықтамадым. Қанша тырыссам да, тамағыма бірдеме тығылып алып, болмады. «Екеуіміздің біріміз осы азапты өмір бойы бастан кешуге тиіспіз... Ал, мен бе? Гэнри ме?»... «Қиналуға тиіс адам мен болуым керек... Гэнри болмасыншы... Бір күні ол бар сырын ақтарады. Сол сәтте ажырасайын. Мені жібермеймін десе, оған айтайын, мен саған бұрынғыдай ғашық емеспін дей салайын. Ал, сонда осының бәрін жасауға менің әлім жете ме?»... Қалай десем де, ол менімен бақытты болудан қалыпты...
Сонымен, бір кеште онымен оттың қасында отырып, бар дәрменімді салып сұрадым: «Гэнри, егер мен сені сүймей қалдым десем, қайтер едің?». Ол менің көзіме жылы сезіммен қарады да «Мен сенбеймін» деді...
Уақыт сырғып өтіп жатса да, ол маған шындық жайында бір сөздің шетін шығармады. Маған түсініксіз еді. Бәлкім, мені аяған шығар, бірақ, ерте ме, кеш пе маған айтуға тиіс қой. Ол биязы қалпында жүрсе де жүдеп-жадап, түңілген жанарын, бозарған түрін көргенде ішім алай-дүлей болып кететін. Мен оны кінәламаймын! Іштей қанша қиналса да, бір ауыз сөз айтпады. Жүректі тілгілеген күндер мені де өз жайыма қалдырмады.
Ол не еді дегенге келсем, Геральд Грей деген ағылшындық ақсүйек жігіт. Жасы 30 шамасында, сымбатты, сәнді киінеді, өр мінезді, биязы, қыздарға қылмаңдаудың шебері сол жігіт біздің қалаға қыдырып келе қалды. Біздің қаланың көп қызы оған ғашық болып үлгерді. Маған не үшін қызыққанын қайдам, менің қарсылығыма қарамастан маған телефон шалып, әуірелей берді.
Әр таңда ұйқыдан оянған сайын Гэнридің сөзін естірмін деп дәмелене оянатын маған әлгі жігіт те бір қосымша жүк болды. Гэнри ол туралы айтып қалар деп ұзақ күттім. Бірақ, ол ауыз ашпады. Клэйр Гэнримен кездесудің барлық тетігін іздесе, Гэнри керісінше онымен жолығып қалуы кәдік барлық жағдайдан бойын аулақ ұстады. Біздің үй би кеші шақыруларының астында қалды. Ақыры, Клэйр өз қолы қойылған арнайы шақыруды Гэнриге жіберсе де, ол бас тартты. Бір күні бәріне көз жеткіздім. Дәл сол күні өз тағдырыма шешім шығардым...
Мен бір би кешіне жалғыз бардым. Әрине, Гэнри жұмысын сылтауыратып, өңі-түсі қашып, үйде қалған. Мен кешті ұйымдастырған сыйлас жандарды ренжітпеуді ойлағандықтан баруды жөн көрдім. Алайда, сол кеш маған бір азап секілді көрінді. Кетіп қалуға ыңғайлы сәтті күту деген төзімімді тексерген сынақ іспетті еді. Дегенмен, сол кештікке барғаныма мен ешқашан өкінген жоқпын...
Бөлмені ортасынан бөлген сәнді перденің қасынан өтіп бара жатып, Хью ханым мен Броган ханым екеуінің сөзін естіп қалдым. Әңгіме Гэнри, Клэйр және мен туралы екен.
- Иренэ ол үшін қыруар қаржы төледі емес пе? Гэнри енді оны тастап кете алмайды – дейді, Хью ханым.
- Мен де солай ойлаймын. Иренэ шын мәнінде өз күйеуін сатып алды ғой. Гэнри өлім аузында жатса да енді оған опасыздық жасауға еш қақысы жоқ – деп, Броган ханым да Хьюды қолдап жатыр...
Қолымдағы орамалмен аузымды бітей қойдым... Себебін енді түсіндім...Жалғыз өзім үйге қарай тартып отырдым...Күйеуімді сатып алыппын...Өмірлік серігімді тауар секілді сатып ала салған екенмін ғой, мен. Мәселенің мәні осында екен. Ол мені тастап кете алмайды...маған ауыз аша да алмайды...Ол бар азабын өзінде ғана сақтайды... Ол менімен бақытты болудан қалса да өмір бойы түк болмағандай жүре береді... Менің ақшамның кесірнен... Егер ол айтпаса, мен айтуға тиіспін...
Сонда, менің қаржым болмаса, мұны жасай алмайды екенмін ғой. Бәлкім, күресті жалғастырып, Гэнриімді қайтарып алған да болар ма едім. Енді, бәрін білген соң оны жасай алмаспын! Менде ондай жүрек жоқ. Мейлі, ол кетіп қалып та маған қайта оралған күннің өзінде ол шын ниетімен мені жақсы көргендігінен бе, әлде, оның жолында құрбан болған қаржының өтеуі ме дегенді қалай айырып білмекпін ... Ол менің ақшамның құрбаны ма, басқа ма дегенді мен енді ешқашан айыра алмайтын болыппын... Мен оған өз еркіммен азаттық беруім керек...себебі, ол маған шексіз қарыздар болғандықтан... Мен ол үшін өте көп дүниені құрбандыққа шалуға зор қабілетім болғандықтан күйеуімді сақтап қалуға қақым жоқ екен.
Не болса да, қозғалуым қажет. Не істеймін? Ажырасайық деймін бе? Ол бәрібір келіспейді... Сені жек көріп кеттім деймін бе? Тіпті сенбейді...
Бас киімімді шешіп қолыма алдым. Жаңбырдың ұсақ тамшылары маңдайымнан сүйіп, баяу самал шашымды сипайды... Мен шешімге келдім... Несі болса да, жүрек тұсымнан бір ауыр жүкті алып тастағандай болды.
Үйге жақындаған соң көз салсам, Гэнридің жұмыс бөлмесінде шам жанып тұр екен. Оған кедергі жасамау үшін еш дыбырсыз үйге кірдім. Оның бөлмесінің жанынан өтіп бара жатып, жүрек тіліп өтердей дыбысты естідім.... Құлағыма сенбей бөлме есігіне көз жүгірттім... Гэнри үстел басында басын мыжығылап жылап отыр. Арқасы есікке жаққа қарағандықтан дірілдеп, өксіп отырғаны аңғарылды. Есіктен жалт беріп ұзаған сәтімде есімнен адасқандай күй кештім... Гэнри жылапты...
«... Гэнри өлім аузында тұрса да онысын көрсетуге қақысы жоқ қой».
Не істеуім керек екенін жақсы біліп тұрдым. Мен оған ғашық болмай қалдым десем, сенбейді, сондықтан, қандай бір тәсілмен иландыру керекпін.
Бөлмеме үрей, мұң мен таусылған амалды көтере алмай арқалап зорға кірдім. Таңертең оянғанда көңілім тынышталып қалыпты... Сол түні не ойлағанымды бұл жалғанда тірі жанға айтпаймын.
Иренэ, не болды? – деп, Гэнри таңертең көзіме қадала қарап сұрады.
Ештеңе болған жоқ. Жайсыз түс көріп... бірақ, бәрі өтті, қам жеме! – дей салдым.
Менің ол тұста ойлаған жалғыз нәрсем Гэнриге барынша өзімді опасыз етіп көрсету ғана. Оны еш күмәнсіз сендіруім керек... Ондай мүмкіндік те сол бір күні туған еді...
Сыртта біраз серуендеп жүріп, үйге кіргенімде, Гэнридің жұмыс бөлмесінен Клэйрдің даусын естіп қалдым. Оған таңданбадым. Есікке жақындап барып, кілттің тесігінен оларды көріп, әңгімелеріне құлақ түрдім. Әдемі сарғылт костюміне бояуы қанық жасыл орамал жамылған Клэйрді көрдім. Расында, керемет көрікті бітім.
Гэнридің «Қайталап айтамын. Клэйр ханым, сіз біздің үйден кетіңізші! Мен сізді көруге ынтызар емеспін. Мұны неге түсінбейсіз?» дегені естілді.
«Жоқ, түсінбедім» деп Клэйр қатты айтты. Гэнриге әдемі көздерін қадап тұрып: «Сен оңбаған қорқақсың» деп созып тұрып тіл қатты.
Гэнри Клэйрге қарап тұрды да оған бір қадам жақындады. Оның бозарған бетіндегі күлгін түсті ернінің діріл қағып тұрғаны маған да анық көрініп тұрды. «Кете ғойшы!» деп, ол қызық қырылдаған үнмен сыбырлады. Сонда Клэйр көзін үлкейте бақырайғанда өзінен де жасырғысы келген қалауы, ызасы, нәзік көңілі көрінгендей болды. «Гэнри...» деген даусының өзі тұла бойындағы сұлулық секілді әуезді естіледі. «Клэйр ханым...» деп, Гэнри зорға дауыстап, кері шегінді. Клэйр оған жақындап «Гэнри... Сен үшін осылай бір бірімізді қинаудың не қажеті бар?.. Сені сүйемін... Сенімен ғана бірге болғым келеді» деп жатыр. Гэнридің ауыз аша алмай абыржып тұрғанын көрген Клэйр даусын көтеріп, сәл күлімсіреді де «Сенің де мені сүйетініңді екеуіміз де білеміз ғой. Сен жоқ дей алмайтын шығарсың?» деді.
Гэнридің жанарында азаптың іздері анық көрініп тұрды, оған қарауға дәтім шыдамады. Ол да соны сезгендей-ақ көзін қолымен жапты.
Сен мұнда не үшін келдің???
Неге десең, сені сүйемін... сенімен бірге болуға барынша мүдделімін.
Клэйр Гэнридің иығына қолын қойып тұрып «Сен де маған ғашықсың ғой, ия» деп, сыбырлады. «Иә, солай... иә... иәәә!» деп айғай салған Гэнри жынды адамша Клэйрді өзіне қарай тартып әкеліп, тістеп алардай-ақ ерніне тас кенеше жабысты. Мен таң қалмадым. Осының бәрі бұрын болғандай көрінді, маған. Тек қана Гэнридің өзге әйелді сүйгенін көру қиын болғандықтан көзімді жұмдым... Бар болғаны осы...
«Осы сөзіңді қаншама сарыла күттім» деп тіл қатқан Клэйр Гэнриді тас қып құшақтады. Бәлкім, өзі қалағанынан да қатты қысқан шығар. Кенет Гэнри Клэйрді итеріп жіберді де:
Сен екеуіміздің ендігі ары кездесуімізге болмайды – деп, қатқыл үнмен бұйырды.
Жоға, сүйіктім! Екеуіміз бүгін кешке кездесеміз... Кешкі сағат 9-да сені Excelsior-де күтемін.
Мен бармаймын.
Сен бәрібір келесің.
Жоқ, ешқашан...
Саған жалынамын, Гэнри... 9-да! – деді де, Клэйр бөлмеден шығуға беттеді.
Мен перденің артына тығылып үлгердім. Клэйр кеткен соң мен Гэнридің бөлмесіне сығаладым. Гэнри орындықта басын мыжып, дәрменсіз күйде отыр. Шашын жұлғылап отырған саусақтарына қарап-ақ оның қалай қиналып отырғанын аңғаруға болатын еді...
Осылайша маған мүмкіндіктің өзі келді... Енді, қимылдау керек...
Бөлмеме кіріп, сабырлы қалыппен шляпам мен плащымды шештім. Баспалдақпен түсіп келе жатып, Гэнриге қарай бұрылдым да кілт тоқтадым. «Кімді уысыңнан шығармақсың? Қандай жаннан көз жазғалы тұрғаныңды білесің бе, Иренэ?» деп өзімнен сұрап, терең дем алдым...
Үстелімде Гэнридің суреті болушы еді... Оның ең бір әдемі түскен суреті... Артында мынандай жазуы бар: «Сүйіктім Иренэге. Гэнри. Әрқашан мәңгілік». Мен суреттің алдына барып, тізерлеп отырып ұзақ тағзым еттім, тәубаға келіп сыйындым. «Гэнри... Гэнри...» деп сыбырлағаннан өзге бірдеме айтуға шамам келген де жоқ. Жоспарлағанымның бәрін жасауға күш қуат берші деп жалынған едім.
Сәлден соң орнымнан көтеріліп, төменгі қабатқа қарай түстім.
Гэнри. Маған Кован ханым хат салған екен. Ауырып қалыпты. Мен барып келейін – дедім де, шығып кеттім.
Кован ханым деген байырғы танысым, біздің қаладан төрт сағаттық шалғайда тұратын құрбым. Мен кейде барып онымен әңгіме-дүкен құратынмын.
Сені жібергім келіп тұрған жоқ. Сен тым шаршаңқысың, бозарып тұрсың, демалуың керек – деп, Гэнри ештеңе болмағандай маңдайыма алақанын қойып тұрып айтты.
Менің жағдайым өте жақсы. Бүгін барып, ертең таңертең қайтып келемін.
Бөлмемде телефоным болды, Гэнри менің әңгімемді ести алмас та еді. Сағат жетіге қарай Геральд Грэйге телефон шалдым да қысқа да нұсқа былай дедім:
Сіз 8.30-да Excelsior-ге келмейсіз бе?
Не... не дейсіз? Охо, Стаффорд ханым! – деп, тосын сыйға есі шығып, ол мәз болып қалды.
Мен сөзді созбай тұтқаны қоя салдым... Менің жоспарым өте жеңіл. Гэнри сағат 9-да Excelsior-ге Клэйрмен кездесуге келеді. Сосын, Грэй екеуімізді көреді. Мен түнде қалада болмайтынымды айтқандықтан ол ашуға ерік береді. Сонымен солай.
Мен бейғам ғана киіне бастадым. Барынша мұқият әрі әдемі киінуге ден қойып жайсыз ойлардан аулақ болуға тырыстым. Жалтыраған шағын тастары бар, күміс түстес көйлегімді киіп, бетімді боядым. Барынша тартымды көрінуге тырыстым: ол үшін ұзақ боянуға тура келді. Сөйтіп отырғанда кенет көкірегіме «егер Гэнри Excelsior-ге келмей қойса не істеймін? Ешқашан бармаймын деп батыл айтты ғой. Клэйрге қарсы келерліктей ішкі қуаты мықты болса ше...» деген ой сап ете қалды.
Осы бір жарқын ой мені шошытқаны соншалық, мен қолымдағы шыны қабдишамды түсіріп сындырып алдым. «Егер келмесе Клэйрді аса сүймейді деген сөз. Онда, бар дәрменіммен үйге жүгіріп келіп, оны құшақтап тұрып, жылап бар шындықты айтамын». Осылай ойлағанда кешеден бері құрғап қалған жанарыма жас толып кетті, кейбірі тамшы болып домалап жатыр. Қызық жағдай... Адам баласы сенімін жоғалтып, амалы таусылғанда үміт пен сенімнің болмашы шырағы жылт етсе де көңіл-күй шіркін алай-дүлей болып сала береді екен.
Мен өзімді сабырға шақырып, киіне бастадым. Қолым қалтырап кеткендіктен киінудің өзі оңайға соқпады. Киініп болған соң сапарға киетін үлкен плащымды сыртымнан жауып, кеш көйлегін жасырдым. Шыққан соң Гэнри бөлмесінен шығып, плащымның жағасын мықтап түймелеп жатып: «Абай бол! Шаршамауға тырыс, Иренэ жаным!» деген еді.. «Қам жеме, Гэнри. Бәрі жақсы...» деп, мен оны сүйдім, ең ақырғы рет…
Осылай шығып кеттім... Қараңғы көшемен жападан жалғыз адымдап келе жатқанымда сұрқия суық жел етегімнен кіріп, жалаңаш иығыма дейін сумаңдап жетіп еді... Көйлегімнің жұмсақ матасы жіліншігімді сипағанда басымды жоғары көтеріп, тік жүруге тырысып бара жаттым.
Excelsior деген біздің қаладағы ең ірі түнгі клуб. Соншалықты жаман аты шықпаса да неге екенін қайдам, мұнда әйелдер тек күйеулерімен ғана келеді. Жалғыз-жарым аттап бастпайды...
Менің көзіме шамдармен көмкерілген Excelsior сөзі түсті. Тым жарық шамдар көзді тесіп жіберердей еді. Есіктен кіріп жоғары қабатқа көтерілдім. Жұмсақ кілемнің үстінен жүргенде өз аяғыңның тырсылын да естімейсің. Тым жылтырақ киім киген даяшылар алмас тастай жасандылықпен жалт-жұлт етеді. Орталық залға жеткенім сол еді, джаз сазының қатты әуені құлақты тесіп жібере жаздады. Жарықтары өткір ірі шамдар...аппақ үстелдер... қара костюмділер... жалаңаш иықтылар... жарқыраған шынылар... жібек көйлектілер... алмаз тастар...
Грэй мырза мені күтіп отыр екен. Еркектердің элиталық журналдары мұқабасындағы суреттей жылтырап тұр. Әрине, топты көрген мәдениетті жігіт ретінде таңданған немесе қуанған көңіл күй ауанын ашық сездірмей ілтипатпен күлімсірейді. Мен үстел таңдар кезде есіктен кіріп-шығып жатқан адамдарды көріп отыратындай орынды таңдадым. Үстелге жайғасып, есікке көз салғанда бар дүниені өшкіндеу бір бұлт перде басып алғандай сезілді. Барлық зат тұманданып тұрғанда тек ойын-сауық орнының есігі ғана лупамен үлкейтілгендей анық көрініп тұрды. Қазірге дейін.
Есімде қалғаны, Грэй мырза әлде бір дүние туралы бірдеме айтып отырған. Мен де бірдеме дедім. Ол күлімсіреп қояды. Мен де күлген болсам керек. Есіктің бас жағында үлкен сағат болды. Мен Excelsior-ге келгенде сағат 8.30 болатын. Мен қараған сайын баяу жылжып жатыр. Егер дәл сол сәтте менің көкірегіме біреу үңілсе үлкен бір дөңгелек сағат пен оның екі инесінен өзге ештеңе көрмес еді.
Тура сағат 9-да, минуттың инесі 12 деген санға тие бергенде әйнек есік айқара ашылды. Дәл мен күткендей. Бірақ, келіп кірген адам Гэнри емес Клэйр еді. Ол жалғыз келді. Шымқай қара түсті сатин көйлегі оның денесін жұмсақ қана орап қойғандай... басындағы әсем алмаз шаш қыстырғышы жылтылдап, иығындағы жалтыраған тастардың ағып жатқандай көрінуі бәрі жарасымды әрі көркі көз тоймастай... Клэйр кіре сала алаң көңілмен залды бір шолып шықты. Гэнридің келмегенін білген соң ашуын тежей алмай отырған болса керек, ерні дірілдеп тұрды. Бірақ, не шара, залды кесіп өтіп, бір үстелге жайғасты. Оның отырған жері мен жақтан анық көрініп тұрды.
Сағат 9.15-де үлкен әйнек есіктің ашылуы одан ары жиілеп, костюм киген жас жігіттер, бағалы аңдар терісімен әшекейленген сәнді көйлегі бар қыз-келіншектер үнсіз ғана кіріп, үстел басына жақындай бере шуласып табысып жатты.
Мен есік алдына төселген жұмсақ кілем үстінен үзіліссіз өтіп жатқан тері бәтеңкелер мен сәнді туфлилердің ағынына көз алмай қарап отырдым. Қырсыққанда адамның көптігін айтсаңшы. Есік ашылған сайын қорқыныш арқамды шымырлатып, тіземді дірілдетеді. Бірақ, есікке қарамай бір сәт те отыра алмас едім.
- Абайлаңыз, Стаффорд ханым! - деген Грэйдің даусы өң мен түстің арасындағы сағымның ішінен естілгендей болды. Ұстап отырған суымды көлегіме төгіп алыппын. Оған пысқарған да жоқпын, кеседегі мұздан бірді алып, аузыма сала бердім. Грэй маған зор таңданыспен қарап қалғаны есімде.
9.25. Тізем бірдеңе бүлдіріп тастағандай дірілдейді. Шектен тыс дірілдегендіктен енді жүруден де қалатын шығармын деген ой келіп еді, сол сәтте. Клэйрге қарай ұрлана қарадым, ол тағатсыздана күтіп отыр. Оның екі көзі төрт болып есікке қадалып қалған. Үстелдегі гүлді жұлғылап тастап отырғанына қарағанда оның қаншалықты қобалжып отырғаны түсінікті еді.
9.30. Мен абыржып отырғасын ба, әлде, сондағы джаз музыкасы тым қатты ма, басымды бірдемемен ұрғылап жатқандай сезілді. Тынымсыз алаңдаған көңілім ауасы тарылған залда тұншығып қалмайын деп суық қолыммен тамағымды ұстап қоямын.
9.45-те келді. Есік ашылып, ол кіріп келді. Дәл сол сәтте Гэнри әуеде ілініп қалғандай көрінді, айналада ештеңе жоқтай... Мен есікті көре тұра дәл соның алдында тұрған Гэнриді көре алмай қойдым. Ол бейне бір қара үңгір секілді еді. Келесі минутта мен ештеңе естуден қалдым. Құлағым бітіп, тас дүлей тыныштық бір сәт баурап алды.
Осы сәтте зорға есімді жиып Грэйге «кішкене көңілденейік те» деп айттым. Мен оның мойнынан құшақтап алып, иығына бетімді қойдым да, костюмінің жағасын қатты тістедім. Сол сәтте өзіме бір ғана нәрсені айтумен болдым: «Иренэ, тым қатты айғайлауға болмайды»...
Грэй есікке емес, маған қарап отырғандықтан, Гэнридің кіргенін көрген жоқ, ештеңенің байыбына бара алмай таңданған кейіппен аңырып қалыпты. Дегенмен нағыз ер азаматқа тән мінезбен өзіне сенімділікпен шашыма қолын тигізуге әрекет жасап бақты. Мен бетімде ешбір құбылудың болмауына ден қойдым. Бірақ, жанарым ештеңені жасыра алмаса керек... Грэй көзіме қараған сәтте таңданысын жасыра алмады. Мен қалтылдақ адамша қолымдағы рюмканы дірілдетіп «Грэй, шарап қайда? Шарап ішкім келеді, неге мұнда жоқ?» деп айғайға бастым. Мені ашуландырудың жөнсіз екенін түсінген Грэй даяшыны шақырып құлағына сыбырлап еді, ол күлімсіреп шығып кетті.
Мен арасында Гэнриге қараумен болдым. Ол Клэйрге барды. Қуаныштан басы айналған Клэйр орнынан атып тұрып, бақытты кейіппен күлімсіреді. Ол Гэнриді келмей қалар деп абыржығандықтан оның кешіккені жайында ауыз ашқан да жоқ. Ал, Гэнри бозарған жүдеу түрін жасыра алмай тұр. Ол кешіккен себебін анықтап тұрып айтып беріп жатыр. Гэнри келмеу үшін барып салыпты... Шынымен бар күшімен... Бірақ, шыдай алмапты... Гэнри Клэйрдің үстеліне барып отырды. Оның көзінде қуаныштың сөнбес шоғы жанып, күлімсірейді... қандай әдемі көрініп отырғанын ол қайдан білсін...
Даяшы шарап әкелді. Тіпті екі шөлмегін. Грэй бірін алып, ыстақанға құймақ болған, оны мен қолынан жұлып алып, алдымдағы ыдысқа құйғанда төгіп-шашып көйлегімді былғадым. Әлгі шарап толы ыстақанды қолымнан түсіріп алдым. Әйнек ыдыстың шағылған дыбысымен бірге мен қатты күле бастадым. Грэйдің аузы ашылып қалыпты. «Күл, қатты күл» деп мен оған бұйырдым.
Айналамызда отырғандар шу шығарып жатқан жабайы адамдардың кім екенін білгілері келіп, қызықтап бұрылып қарасып жатты. Дәл менің қалауым бойынша. Мен шашымды үрпитіп, көтеріп алдым да қолымдағы шарапты лақтырып жібердім. Бар даусыммен қатты күлдім де "Ой, менің Грэйім» дегенім жеткіліксіз секілді болған соң орнымнан тұрып, Грэйдің алдына барып отыра қалдым да сүйіскен түр көрсетіп, бетіне бетімді жапсырдым.
Онда да, қасымда тұрған жасанды қабырғаны итеріп құлаттым. Бүкіл зал бұрылып қарағанда ұялған болып орнымнан тұрғанымда Гэнримен көзім түйісіп қалды. Маған қараған оның көздерін өмір бойы ұмытпаспын... Біз үнсіз едік. «Иренэ... Иренэ» деп ол сенерін де, сенбесін де білмей сыбырлап тұрды.
Мен қорқып әрі ұялып қалған адамның кейпін жасауға тырысып жаттым да басымды көтеріп, еш мән бермеген түрге еніп «Ал, сонымен?» дедім. Гэнри кері шегінді. Сосын, дірілдеді. Өз көзіне сенбей тұрған секілді көзін уақалап жіберді де «Мен саған кедергі жасамаймын» деп Клэйрге қарай тайып тұрды. «Басқа жерге кетейік, Клэйр» деп оған айтқанын естідім. Клэйр орнынан тұрды да, екеуі шығып кетті. Оларды әйнек есіктен шығып, көрінбей кеткенше қарап тұрдым... Сонымен бәрі бітті...
Олар кеткен соң жаным тыныштық тапқандай болды. Грэйге қарай бұрылғанымда ол мен құлатқан жасанды қабырғаны тұрғызып жатты. Сосын, «Стаффорд ханым, өзіңізді сөкпей-ақ қойыңыз. Осы да дұрыс шығар» деп айтты. «Иә, Грэй, осы дұрыс болды» деп мен де сыбырлап айттым.
Біз үстелімізге оралып, үнсіз ғана отырып тамақтандық. Ойым тынышталып, сабырға келіппін. Мен күлімсіреп әңгіме айттым, арасында қылмыңдап та қойдым. Содан болар, Грэй әлгі ұятты жағдайға аса мән бермеген секілді отырды. 10.30-дар шамасында мен оған үйіме жеткізіп салуын өтіндім. Ол дереу қоштасатынымызға аса көңілі толмаса да, ештеңе демеді, көлігіне отырғызды да үйге жеткізіп салды.
Екеуіміз тағы да жүздесерміз? – деді, ол есік алдына келген соң қолымды қысып тұрып.
Әрине. Тым кешікпей... жиі жолығатын боламыз – деп, жауап қатқанымда Грэйдің қуанышы қойнына сыймай кете береді.
... Үйге кірдім. Қанша уақыт өткенін білмеймін, тапжылмай ұзақ тұрдым... Бәрі артта қалды.
Гэнридің бөлмесіне кірдім. Жерде жатқан бірнеше парақ қағазды үстелдің үстіне, бөлме ортасында тұрған орындықты өз орнына апарып қойдым. Диванның үстіндегі жастықтарды ретке келтіріп қойдым. Сосын, Гэнридің үстеліндегі сурет жобалар секілді бірдемелерді жинастырып қойдым. Оның шашылып жатқан сызғыштарын, циркулін, өзге заттарын ретке келтірдім. Пешке от жақтым. Осылайша, ең соңғы рет үйімде әйел секілді отырдым.
Бәрін жөнге келтірген соң от алдына барып жерге отырдым. Пештің қасындағы Гэнридің креслосына, аяғын қоятын жастығына қарап біраз отырдым. Орындығына отыруға батылым бармағандықтан аяғын қоятын жастыққа басымды қойып, қараңғыны ал қызыл жалынымен жарық етіп, меңіреу тыныштықты шатыр-шұтыр дыбысымен үркіткен отқа көз тігіп жаттым. Әлсін-әлсін жастықты сүйе бергенім есімде...
Дәлізде кілттің сылдыры естілген соң тез тұрып бөлмеден шықтым. Гэнри бозарып келіп тұр екен. Маған қараған да жоқ, киімін шешіп, бөлмесіне қарай кетіп қалды. Мен де ере кірдім.
Бөлмеде үнсіз біраз тұрғаннан кейін ол суық үнмен сұрақ қойды:
Маған бірдеме түсіндіресің бе?
Түсіндірер ештеңем жоқ! Сен бәрін көрдің.
Иә, көрдім...
Ол бөлмеде арлы-берлі адымдап біраз жүрді де маған жеккөрініш пен өшпенділікке толы суық күлкімен мойын бұрып «Мұның тамаша!» деді. Мен ауыз ашпаған соң ол одан ары ашуланып «Сен... сен...қалай мұндайға бара алдың?» деп бар даусымен айғай салды. Мен үнсіз тұрдым. «Сендей ұрғашыны мен төрт жыл бойы әйелім деп келіппін. Сен мені әбден жындандырдың. Бұлай болмайды. Ол сен емессің. Сен ондай емес едің ғой. Сен ондайға бармайсың». Мен тағы да үндемедім.
Ол менің қолымнан бас салды да жерге итеріп жіберді. «Сен оңбаған, айтсаңшы! Жауап бер, маған! Неге бұлай істедің?». Мен оның көзіне қарап тұрып, ең ащы өтірікті сапырдым. «Мен сені ренжіткім келмегендіктен осы махаббатымды ұзақ уақыт бойы жасырдым. Қанша ұзақ тырыссам да төзе алмадым» дей салдым. Ол менің не туралы айтып тұрғанымды жақсы түсінді. Қолымды жіберді де кері шегініп, күлді.
Онда сені қуантайын ба, Иренэ? Мен сені мүлде сүйген де емеспін.
Сенің бұл қылығыңа ренжіп те тұрған жоқпын. Мен өзге келіншекті сүйемін. Шынында мен қуанып тұрмын – деді, ол.
Сен қуанып тұрсың ба, Гэнри?
Шынымен қуаныштымын. Бірақ, сенің онша қуанбай тұрғаныңды көріп тұрмын.
Жоға, Гэнри. Менің көңілім жайлы. Бәрі жақсы.
Шын ба? Жарайды, жерде жата бермей тұр. Маған қарама, сен маған қарауға қақың жоқ! Мен тыйым саламын – деп, айғайлап тағы да сенделіп жүріп кетті.
Қарамаймын, Гэнри – деп, басымды төмен салбыраттым.
Жоқ, қарайсың. Өзіңді қарайсың – деп, қатты айғайлап келіп, қолымнан сүйреп айнаның алдына апарды да: – Көйлегіңе қарашы!
Қошқыл қара қызыл шарап күміс түсті көйлегімді былғап айғыздапты.
Сен оған ғашық болған екенсің, оған бардың, мейлі. Бірақ, мына шарап, сүйісу, көпшілік орында өзіңді ұстауың...
Мен ештеңе айтпадым. Жоспарым сәтті болған екен. Гэнри де біраз уақыт үнсіз отырды да, сабырлы әрі салқын үнмен былай деді:
Енді, екеуіміздің арамызда ештеңе жоқ екенін түсініп ал! Жалпы, болмағаны да артық еді. Ерлі-зайыпты болғанымыз да ұмытылсын. Сондықтан, сенде сақталған менің барлық заттарымды өзіме қайтар! Ұқтың ба?
Қазір беремін, Гэнри.
Мен жоғарғы қабатқа шығып, бөлмемнен бәрін әкелдім, оның фотолары, кәде-сыйлары, бірлі-екілі хаттар. Одан алған барлық заттар осы ғана. Ол менен алған заттарының бәрін отқа лақтыра салды.
Мынаны алып қалуыма бола ма? – деп, қолымдағы оның ең бір әдемі суретін көрсеттім. Қолым дір-дір етеді. Ол қарады да, алып жерге лақтырды. Оны жерден алып бауырыма бастым.
Ал, енді екеуіміз тезірек ресми түрде некемізді бұздыруымыз керек– деп, Гэнри орындығына жайғасты да: - Мені оңаша қалдыршы!
Мен есікке қарай кетіп бара жатып кілт тоқтадым. Оған қарадым. Сосын ойымдағын байсалды түрде айттым.
Мені кешір, Гэнри... егер кешіре алсаң... сосын, ұмытарсың... Жаман ойлармен өзіңді қинамағаның дұрыс. Клэйр туралы ойлап, көңіліңді көтергейсің! Мен туралы емес, ол туралы ғана ойла, соның жөн болады.
Сені негізі, бұрын осындай едің ғой – деді, ол маған бұрылып қарап.
Мен солай болғанмын. Ал, қазір ондай емеспін. Барлық дүние өзгермелі ғой, Гэнри... Барлық дүниенің ақыры болады. Алайда, бәрі бір өмір сүру тамаша... Өмір деген ұлы дүние. Сен бақытқа лайықсың, жаным Гэнри.
Иренэ! Маған неге өзгергеніңді айтшы! – деген оның жұмсақ үнін есту оңай болған жоқ. Атымның аталуы, осы бір жалғыз сөйлем мені тығырыққа тіреді. Бірақ, бір ғана сәтке.
Қолымнан келмеді. Мен төзе алмадым, Гэнри! – деп, ақырын ғана айтып, жоғарғы бөлмеме аяңдадым.
Бөлмеме кірген соң ернімді қатты тістегенім соншалық, аузыма қанның жылымық дәмі сезілді. «Бұл ештеңе емес... ештеңе емес, Иренэ» деп, мен өзіме қайталап айтумен болдым. Неге екенін білмеймін, солай айту керек болды. Көкірегімде тіреліп тұрған бірдемені сөзбен ғана жібітуге болатындай көрінді. «Иренэ... бұл ештеңе емес... тағы бір сәтке шыда... бұл да бітеді, өтеді... түк те емес...»деп өзіме қайталаумен болдым. Өзімнің соқыр-мылқау болып қалмағанымды білсем де көзім ештеңе көрмеді, құлағым тас керең болып ештеңе естімеді. Бірер сәттен кейін зорға дегенде есімді жия бастағанымда «тағы да бір сәтке шыда...тағы бір сәтке...» деп қайталап тұрғанымды естідім. Қолымдағы Гэнридің суреті жерге түсті. Мен оған қарадым... Сонда ғана мен дәл не болғанын, болып жатқанын, алда не болатынын анық көрген едім. Мұның бәрі қас-қағым сәттен де тез болып өтті... Бейнебір найзағай жарқ еткендей-ақ... Тамағыма ыстық темір тығылғандай болған соң шыдай алмай бар даусыммен айғай салдым.
Қазір ойлап отырсам, мен жай айғай салмаппын, менен шыққан ол дауыс адамның үні емес, жараланған жануардың өмір сұрап жалынған ырылы болған секілді...
Дәл сол сәтте Гэнри төменгі қабаттан атылған оқтай зымырап келіп, есік қағып «не болды» деп бар даусымен абыржи сұрады. «Жай, тышқан көріп қалдым» деп барынша байыпты үн қаттым.
Мен қозғалмақ болып едім, аяғым астындағы жер шыр айналып болмады. Төмен қарай тарта берді. Бөлмемді жылдам айналатын қара түтін басып алғандай... Мен құлап түстім...
Қанша уақыт өткенін де білмеймін, көзімді ашсам, жерде жатыр екенмін. Бөлме қап-қараңғы әрі салқын. Терезе ашық, перде желдің ырғағымен баяу қозғалып тұр. «Мен талып қалған екенмін ғой» деп тұруға тырыстым. Тізем сынып қалғандай-ақ сырқырап, еріксіз қайта жығылдым. Жерде жатып оның суретін көрдім... Тұла бойымнан ток жүгіріп өткендей болды.
Суретті алып, креслоға қойдым да өзіммен өзім сөйлесе бастадым. Даусым бөтен біреудікі секілді баяу әрі әлсіз болып кетіпті. «Әй, Гэнри... Гэнри... Қайран да менің Гэнриім... Бұл ештеңе емес. Осының бәрі жалған, ия, Гэнри? Бәлкім, жай көрген түс шығар... екеуіміз кешікпей бірге оянамыз, солай ма? Сосын, жылауды да қоямын. Көзіме қарамашы, Гэнри. Мен жылаған жоқпын...азғана сәттен кейін бәрі бітеді... Қанша жерден түс болғанымен маған қиын болып тұр... бірақ, бұл түк те емес...Сен менімен біргесің ғой... Гэнри... Сен бәрін білесің... Білесің ғой... Мен жалпы өте ақымақпын, ия? Солай деп айта салшы, Гэнри... Күлші... Мені мазақтап әбден күл... ештеңе болмаса да, өзімді қинап жүрген мені әжуалап бір күлші! Ештеңе болмай жатып... Түк те болған жоқ қой...Мен күлімсіреп тұрмын.... Қарашы... Мені сүйесің, ия... Сен жалғыз менің ғана Гэнриімсің...Мен аздап шаршадым, Гэнри... Қазір дем аламын... Сонымен бәрі бітеді...Жоға, жылаған жоқпын. Сені сүйемін, Гэнри...».
Ірі, ауыр әрі үнсіз жас бетімді сызып ағып жатты. Жылаған жоқпын, бірақ... Еңіреген дауыс шығарған жоқпын. Әңгіме айтып, күлімсіреп отырмын. Сонда да көз жасым тоқтаусыз ағып жатыр.
Келесі айда не болып, не қойғаны тіпті есімде жоқ. Гэнри екеуіміз заң жүзінде ажырастық. «Әйелінің опасыздығы салдарынан» дегенді қағаз бетіне ресми түрде жазды. Неке бұзылғанға дейін Гэнри екеуіміз бір үйде тұрдық. Бірақ, көп кездеспейтінбіз. Анда-санда ұшырасып қалсақ, амандасудан арыға бармайтынбыз.
Мен өйтіп-бүйтіп тіршілік етіп жаттым. Өте көп кітап оқығаным есімде. Өте көп... Бірақ, сол кітаптардың ішінен бір сөзі де есімде қалмапты. Кітаптардың аты да қалай еді... Тіпті, білмеймін... Көше кезіп көп жүретінмін. Кедей-кепшіктер тұратын, мені ешкім көріп танымайтын қала шетіндегі көшелерді таңдайтынмын. Жүре беремін. Сол кезде аз да болса, жаным тынышталады. Сол кездегі бірдемелер там-тұмдап есімде қалыпты. Бір күні келе жатқанымда бір бала мені саусағымен нұқып көрсетіп: «Әне біреу жынды кетіп барады» дегені жадымда сақталып қалыпты...
Мен Геральд Грэймен жиі кездесіп жүрдім... Кездесіп алып қылмыңдасамыз... мейлінше жақынырақ... солай ету керек болған соң мен шамамның жеткенінше өзімді зорлаймын. Сөйте тұра көп кездесулеріміздің бірі де есімде қалмапты. Қалай болғанда да өз образымды тәуір сомдаған болсам керек. Бір жолы Грэй маған: «Стаффорд ханым, сіз әлемдегі ерекше әрі ең тартымды, аса құдіретті келіншексіз, сіздің күйеуіңіз барып тұрған ақымақ... бірақ, соның есалаңдығы үшін мен қуаныштымын» деп айтқаны бар. Мен бәрін қалай жасағанымды да білмеймін, есімнен адасқан кезімде не істеп не қойғанымды аңғармайтын болсам керек.
Сол күндерден есімде қалғаны жалғыз Гэнри. Мен оны үнемі көретінмін. Ол барлық уақытын Клэйрмен бірге өткізіп жүрді. Жанарында бақыттың нұры ойнап, үнемі күлімсіреп жүретін. Мен оның бет әлпетіндегі барлық қимылды оқып үйренген адаммын ғой, Гэнридің бақыттан басы айналып жүргенін жазбай таныдым. Ол соңғы айларда оны төңіректеген ең ауыр жайсыз түсінен оянып, өмірдің тәтті дәмінен татып жүргендей көрінді.
Әдеттегісіндей жас, жігерлі, көрікті де көркем Гэнри... тым әдемісің сен жаным... Мен Клэйрді де байқайтынмын. Қалай дегенмен де ол Гэнриге ғашық. Онысы, жай ғана қылмыңдасу ма, немесе өзіне деген сенімді асыраған құр жеңіс емес, терең сезім болатын бәлкім, ол оның алғашқы махаббаты болған шығар. Клэйрдің өзі қатардағы бір нәпсіқұмар біреу емес, ақылды, жоғары дәрежелі, орнықты келіншек. Ақылы мен көркі теңескен тамаша әйел. Гэнри бақытты... Мен бірде екеуін көшеде келе жатқанын көріп қалдым... Өзара әңгімелесіп, күліп-ойнап келеді. Клэйрдің үстінде ақ түсті әсем киім болды-ау деймін. Несі болса да өте бақытты көрінді.
Біздің қала тұрғындары отбасылардың ажырасуын өте жек көретін. Сондықтан мен жайында не айтылып жатқаны түсінікті еді. Салиқалы отбасылар менен бастарын ала қашып, есіктерінен де сығалатпайтын болған. Көшеде мені көрсе аман-сәлемімді алмайтындар көбейді.
Бірде мен Броган ханыммен кездесіп қалдым. Мені жақтырмағаны соншалық, кірпіше жиырылып: «Сен арам оңбаған! Грэйдің ақшасына бола тәніңді сатқаныңды жұрт білмейді дейсің бе? Қарашы, өзін, дүниеқоңыз!» деген. Дос-құрбыларым да теріс айналды. Тағы бірде көшеде Пацы Тиллинс кезігіп қалғанда айтқаны: «Сұлуым, сен теріс сауда жасап оңбай ұтылдың. Сенің орныңда болсам, екі дүниеде де Гэнри Стаффордты ештеңемен айырбастамас едім».
Сөйтіп жүргенде неке бұзатын күн де келіп жеткен еді... Мен қайтадан Иренэ Вилмэр болдым. Күйеуіне адал бола алмаған опасыздығынан ажырасқан Иренэ Вилмэр. Сонымен бітті! Ажырарда Гэнри маған қайтаратын ақшасы жайында әңгіме айта бастағанда ештеңе алмайтынымды үзілді-кесілді мәлімдегенмін. Тіпті, «Грэй мырза сенен гөрі қалталы» деп тастағанмын. Геральд Грэй сол күннің ертеңінде Нью-Йоркке аттануы керек болатын. Сол жақтан Еуропаға шығатын кемеге мініп, екеуіміз бірге кетуіміз керек еді.
Сол күні кешке Барнэс мырза мені шақырды. Ол соңғы бір айда қалада болмаған. Бүгін ғана келіп отыр. Мен жайлы бәрін естіпті.
Ал, Иренэ жан! Көп әңгіме естідім. Маған өзің айтшы! – дегенде даусы дірілдеп кетті.
Барнэс мырза, бұл жерде қызық ештеңе де жоқ. Таяуда Гэнри екеуіміз ажырастық – деп, сабырлы жауап қаттым.
Солай де... ммм... Осының бәріне шынымен сен кінәлісің бе?
Егер кінәласаңыз өзіңіз біліңіз. Мен Геральд Грэйді сүйемін. Бар болғаны осы.
Барнэс мырзаның жүзі алдымен қызарды, кейін көкшіл тартты, сосын сұрланып барып, ағарып кетті. Ұзақ уақыт үнсіз қалды да, былай деп сұрады:
Сен күйеуіңді сүймейтін бе едің?
Сіз Гэнри Стаффорд туралы айтып отырсыз ба? Ол қазір менің күйеуім емес, сондықтан, сүймейтінім анық.
Иренэ... Иренэ... мұның бәрі жалған. Сенің бұлай жасамайтыныңды мен әр адамға айта аламын.
Мен құдай емеспін ғой...
Ол буырыл шашты басын шайқап, өкініш толы әрі таусылған үнмен:
Иренэ, сен күйеуіңді анадай ақымақ жігітке айырбастайтындай жан емес едің ғой.
Мен сөйттім, айырбастай салдым.
Сен, Иренэ, сен. Сен расында сене алар емеспін!
Сенбесеңіз, қойыңыз. Кімге керек – деп, мен жайбырақат айтқанымда Барнес мырза амалы таусылғандай болды.
Олай болса, мен не айтайын? Иренэ. Қош бол, Иренэ! – деп, созып айтты. Мен де ештеңе болмағандай «Сау болыңыз» дей салдым.
...Мен терезеден қарап тұрып, оның бұрынғыдан шау тартып шаршаған бейнесіне көз тігіп тұрып: «Қош болыңыз, Барнэс мырза... Қош... Мені кешіре көріңіз...» деп сыбырлап тұрдым.
Үйімде соңғы рет қонған сол түні мен өте кеш жаттым. Айналадағы үйлер жаппай қараңғылық жамылғанда мен төменгі қабатқа түстім. Ертең Гэнримен қоштасып та үлгермеспін... адам секілді қоштасуым керек. Мен ақырын келіп, жатын бөлменің есігін аштым. Гэнри тыныш ұйқы құшағында екен. Мен кірдім. Оны көру үшін терезенің пердесін ашып аздап жарық түсірдім. Сонымен бір кездері өзімдікі болған төсектің жанында тұрдым. Ажары бейғам әрі тынық, қап-қара кірпігі қимылсыз. Әдемі ерні қараңғыда ағараңдаған бетіне сурет етіп салғандай көркем.
Мен оған қол тигізуге батылым бармады. Қолымды ақырын ғана жастығының үстіне басының қасына қойдым. Тізерлеп отырып, ернінен құшырлана сүйгім келді. Гэнриді оятып алмау үшін зорға шыдап отырдым. Қолын алып, өз ерніме тигіздім. «Гэнри... Менің не істегенімді сен ешқашан білмейсің...білуге тиіс емессің... Бақытты өмір сүр! Мен өзіммен бірге бір ғана нәрсені әкетемін. «Мен Гэнриге ғашық едім» деп айтуға қақым бар, соны ғана өзімде қалдырамын, алып кетемін» деп баяу сыбырладым.
Сөйттім де орнымнан тұрып, пердені жауып шығып кеткенмін.
Ертеңгі күн сұрғылт салқын еді. Әлсін-әлсін суық жаңбыр төгіп, баяу жел сұры түсті кәрі бұлттардың ұйпа-тұйпасын шығарады. Пойыз 10.15-те жүреді. Грэй мырза таңертең маған телефон шалып, кешкісін өзі келіп әкететіндігін айтқан. Оның бақыттан басы айналып жүргені әркімге аян еді. «Мен өзім бара беремін, вокзалда күт» дегенмін.
Әлде қашан қараңғы түссе де мен бөлмемде жалғыз өзім отыра бердім. Өзімді де таң қалдырған торығу мені айналсоқтап қоймайды. Ол әзір үйге орала қоймаған. Бәлкім, Клэйрдің үйіне барып, азаттықтың алғашқы күнін атап өтуге кеткен болар. Негізі, қоштасудың пәлендей маңызы болмаса да, мен оны алыс сапар алдында көргім келіп тұрды. Алайда, Гэнри келер түрі жоқ...
Мен терезенің алдында отырып алып, қанша суық болса да оны ашып қойып көшеге көз тігіп отырдым. Жаңбыр құйып тұр. Үйлердің төбелері, жаяу жолушылар жолы жаңарып кеткендей жалтырап жатыр. Анда-санда өткен адамдар бәрі әлде бір жаққа асыққан сыңайлы. Кейбірі жалыққан, жалғызсырағандай көрінеді... Сағат әлде қашан 9.30 болса да, Гэнри үйге оралған жоқ. Мен терезені жауып, шағын сөмкеме заттарымды салуға кірістім. Менде жүк боларлықтай ештеңе жоқ та еді: бір шүберек, неке көйлегім мен орамалым, Гэнридің суреті. Осы заттармен ғана сол үйден аттанған болатынмын.
Сөмкемді зауықсыздана жауып жатыр едім, кілттің шылдырлады, кейін оның аяғының сыбдыры естілді. Ол келген екен. Мен шляпам мен плащымды киіп, сөмкемді қолға алып жатып, «дәлізден өтіп бара жатқанда жұмыс бөлмесінің есігін ашып қарай салайын. Жалғыз мәрте... Гэнри аңғармай да қалар» деген ойға келдім.
Осылайша, төмен түсіп, дәліз арқылы Гэнридің жұмыс бөлмесіінің есігін ашып қарасам, ешкім жоқ. Амал нешік деп ойлап шығар есік тұтқасынан ұстай бергенмін. Сол сәтте Гэнридің сабырлы әрі мұңлы даусы естілді:
- Иренэ, маған қош айтпай кете бересің бе?
Бұрылып қарасам, Гэнри тұр екен. Шексіз абыржып қалғандықтан бүкіл бақылауымнан айырыла жаздаған мен бейбақ «Аһа...» деп еш мәнсіз дыбыстаппын.
Оның жұмыс бөлмесіне кірдік. Пеште от жанып тұр екен. Гэнри мұң торлаған қара көзін маған қадап тұрып:
- Иренэ, сен екеуіміз мәңгілікке айырылысып барамыз. Бәлкім...
Екеуіміздің маңдайымызға жазылған тағдыр шығар – деді.
Мен үнсіз ғана бас изедім. Егер бірдеме десем, даусымның өзі бақылаудан шығып кетердей қиын-қыстау халде едім.
- Мен сені кінә артпаймын, жамандаудан да аулақпын, Иренэ. Анау бір мейрамханадағы оқиға... сен өзің де аңғармаған еріктен тыс жындылық шығар, қалай болғанда да сол кештегі әйелді мен сен деп ойлай алмаймын.
- Мүмкін, солай шығар... Гэнри... – деп, сыбырладым, шыдай алмай.
- Ол сен емессің. Мен сені үнемі сүйкімді болған кездеріңмен ғана жүрегімде сақтаймын – деп, Гэнри бір сәт үнсіз қалды. Мен бұрын-соңды оның дәл осылай таусылып, үнсіз мұңайғанын көрмеген сияқтымын.
- Өмір жалғасады. Мен басқа әйелмен... сен өзге жігітпен тұрмыс құрасың... бәрі өткінші ұмытылады – деп, сөзін жалғап, қолымды қысты да: - Десек те, екеуіміз өте бақытты едік қой – дегенде көзіне жарық шағылысты.
- Иә, Гэнри! – дедім, мен салмақты кейіппен.
- Сен сол кезде мені сүйетін бе едің, Иренэ?
- Аһа, ғашық едім.
- Бірақ, ол дәурен де өтіп кетті... мен сені қалай да, ешқашан да ұмытпаймын, Иренэ. Оған дәтім жетпейді. Сені есімде сақтаймын...
- Сөйтерсің, Гэнри жаным! Кейде есіңе алғайсың!
- Сен бақытты боларсың, ия, Иренэ? Сенің бақытты болғаныңды қалаймын.
- Иә, Гэнри!
- Мен де. Бәлкім, сенімен тұрғандай зор бақытты болармын ба. Бірақ, екеуіміз де енді кері бұрылып қарай алмаймыз. Адам алға қарап өмір сүруге тиіс! Мені бір сәтке болса да еске аласың ба, Ирэнэ?
- Иә, еске аламын, Гэнри.
Оның қос жанарын қараңғы мұң бітеу торлап алғанын көрдім. Мен еңсемді тіктеп, қолымды Гэнридің иығына қойып тұрып, байыпты әрі өркөкіректеу үнмен былай дедім:
- Гэнри, сен бақытқа лайықсың! Қуатты әрі өр өмір сүруге тиіссің. Мұң мен өкінішті жеңе алмайтын жандар ғана соған сай ғұмыр кешеді. Сен күлімсіреп шаттықпен өмір сүруге жаралған жансың.
- Солай ғой. Дұрыс айтасың... Барлығы жақсылықпен аяқталсыншы!
Жаманшылықтың болмағанына қуанамын.
Гэнри тағы да үнсіз қалды да сәлден соң:
- Иренэ, жаным, қош аман бол! Сен екеуіміз енді, бұл дүниеде кездесуіміз екіталай шығар – деген еді. Қазір де анық есімде.
- Өмір қысқа ғой, Гэнри! – дегенімде қалшылдап кеттім де: - Бірақ, қайдан білейік, алпыс жасымызда да кездесіп қалуымыз ғажап емес қой – деп, асыға тіл қаттым. Гэнри күлді:
- Әбден мүмкін! Екеуіміз осы кезімізді еске алып күліп отыратын шығармыз.
- Иә, Гэнри! Екеуіміз күліп отырармыз.
Оның еңсесі түсіп, қолымды сүйді. «Ал, бара ғой, жолың болсын! Сен менің өмірімдегі ең қымбат құндылық едің ғой, Ирэнэ!» деп бәсең үнмен өте анық сыбырлады. Басын көтеріп «Маған ақырғы рет бір ауыз сөз айтпайсың ба?» дегенінде оның көзіне тік қарап тұрып, шын көңілмен жауап қатқан едім: «Мен сені құлай сүйдім ғой, Гэнри!».
Ол тағы да қолымды сүйді: «Мен бақытты болармын. Бірақ, ана әйелмен ұшыраспағанда ғой деп армандайтын кез де туар. Өмір деген қатал ғой» деп, әлсіз дауыспен үн қатты. «Иә, Гэнри!» деп қысқа қайырған едім...
Гэнри мені қос қолдап көтеріп сүйді. Оның ерні менің ернімде, екі қолыммен оның мойнын лрап алған едім. Неше жерден ақырғы рет десем де, әйтеуір осылай болған тұғын. Енді, сол сәтті менен ешкім тартып ала алмайды.
Гэнри тысқа менімен бірге шықты. Мен өзім шақыртқан жалдамалы көлікке отырдым. Алыстап барып терезеден қарасам, ол үйдің ауласында әлі де қарап тұр екен. Самал жел шашын ғана желбіреткені болмаса, ол қатып қалғандай қимылсыз тұрып қалған еді... осылайша, мен ең соңғы рет оны көрдім.
Көзімді сыға жұмып, жасымды жұтып қанша жүргенімді білмеймін. Көзімді ашсам, такси баяғыда вокзалға келіп тоқтаған екен. Ақысын төлеп, сөмкемді ұстап, пойызға қарай кеттім.
Геральд Грэй мені перронда күтіп алды. Ол өте сәнді саяхат киімін киіпті. Қолындағы «бәрекелді» деп ауызды аңқитарлықтай әсем гүлдер шоғын маған ұсынғанда, жүзіндегі зор қуанышын жасыра алмады. Біз көп те сөйлеспедік, пойызға отырдық. Кешкі сағат 10.15-те пойыз қозғалды. Қараңғы терезенің артында вокзал ғимараттары, электр сымдар бағыналары, түрлі көшелер жыбырлап өтіп жатты. Осылайша, туған қалам артымда қала берді. Пойыз дөңгелектері айналумен әлек...
Бір купеде екеуіміз ғана оңашамыз. Грэй мырза маған қарап, құпия түрде жымиғанда, менен де жауап жымиыс күтсе керек. Ал, менің жансыз құр сүлдерім ғана отыр. Грэй «Өстіп те екеуден екеу оңаша қалады екенбіз-ау» деп сыбырлап, құшақтауға тырысты. Мен оны өзімнен кері итеріп, алыстаттым.
- Тұра тұрыңыз, Грэй мырза! Екеуімізге уақыт әлі жеткілікті ғой – деп суық жүзбен тіл қатқанымда ол:
- Стаффорд ханым, сізге не болды? Жоға! Вилмэр ханым. Өңіңіз сұрланып кетіпті... – деп, абыржи сұрады.
- Бәрі дұрыс! Аздап шаршап... – деп, сол баяғы суық үнмен айттым.
Екеуіміз толық екі сағат бойы үн-түнсіз тапжылмай отырдық. Айналамыздағы жалғыз дауыс пойыздың дөңгелегінен шыққан дыбыс қана. Екі сағаттан кейін пойызымыз алғашқы бекетке тоқтады. Мен сөмкемді алып орнымнан тұрдым. «Оу, қайда кеттіңіз? – деп, Грэй мырза қарлыға үн қатқанда мен жауап қайтармай түсіп кеттім.
Пойыздан шыққан соң Грэй отырған купенің ашық терезесінің алдына келдім.
- Ал, Грэй мырза. Мені Сан-Францискода бір миллионер күтіп отыр.
Мен сізді күйеуімнен ажырасу үшін ғана пайдаландым. Рахмет. Бұл туралы ешкімге айтпағаныңыз абзал болар. Айтсаңыз жұрт артын ашып күлер – дедім.
Оның аузы ашылып қалды... Қатты өкінгені бірден көрініп тұрды. Дегенмен, нағыз ер азаматтық мінез көрсетіп, сыр білдірмеді. Онымен қоймай «Сіз үшін бір кәдеге жарап, көмегім тисе, қуаныштымен» деп сыпайы ғана айта білді, әлгі Грэй. Осы сәтте пойыз қозғалып, Грэй қалпығымен қол бұлғаған күйі далдаға түсіп, жоғалып кетті.
Осылайша иен бекетте жападан жалғыз сопиып қала бердім. Қою қараңғылықты құшағына алған айсыз аспан төбемде төніп тұр. Есімде қалғаны, ескі қоршау, су-су ағаштар мен жапырақтар болған секілді... Тек қана билет сатылатын пункттің терезесінде ғана өшкін жарық өлімсіреп жанып тұрды. Менде ақша да жоқ еді. Мен әлгі терезеге барып, өзімдегі бар тиын-тебенді ұсындым:
- Маған билет беріңізші! – дедім. Кассир жігіт көзінің қиығымен қарады:
- Қай бекетке?
- Қайда болса да, бәрібір.
- Айтсаңызшы, енді!
- Осы бағыттағы ең соңғы бекетке дейін ...
Әлгі жігіт бір билетпен қоса ақшамның тең жартысын қайтарып ұсынды да, маған таңдана қарап қала берді.
Пойыз келіп тоқтағанда мен «кез келген бекеттің біріне тоқтаған кезде түсіп қала беремін» деген оймен ішке кірдім. Бір терезенің алдына келіп отырдым да қайтып қозғалмадым. Алдымен қараңғы, кейін жарық, сосын тағы қараңғы болғаны есімде. Несі болса да, 24 сағаттан артық жол жүргеніміз анық болып отыр. Тіпті, білмеймін. Айналаны қараңғылық қайтадан жайлағанда бір бекетке түскенімді білемін. Пойыз тоқтаған...Мен түскенмін... Өте қараңғы, ешбір жарық көрінбеген соң пойызға қайта кірмекші болғанмын. Бірақ, пойыз қозғалып жүре берді.
Сонымен ұйқылы-ояу жұмысшы, жарығы солғын дүңгіршек, жауыннан қорғану үшін орындықтың астында жатқан иттен өзге ештеңе жоқ дымқыл бекетте қалып қойдым. Бекеттен ары қарай жіңішке көше және бірнеше дөңбек үйлер көрінді. Сағатқа қарасам, таңғы 3 екен. Мен орындыққа жайғасып таңды күтуге көштім... Бәрі бітті... Мен жасағым келгеннің бәрін аяқтадым... Өмір осымен тәмам...
Қазір мен сол қалашықта тұрамын. Шағын дүкенде таңғы сағат 9-дан кешкі 7-ге дейін жұмыс істеймін. Мен сіңірі шыққан кедейлер тұратын бір үйдің екі бөлмесін жалдап тұрамын. Бірақ, дербес баспалдағы болғандықтан менің қашан кетіп, қашан келіп жүргенімді ешкім аңғармайды. Менде мұнда дос тұрмақ таныс та жоқ. Мен жұмысыма ғана мығыммын, бірақ, ешкіммен сөйлеспеймін. Бірге жұмыс істейтін адамдар менің аты-жөнімді де білмейді. Айында бір рет пәтерақы төлеу үшін қожайынмен ғана кездесемін. Мен еш нәрсе ойламаймын. Жұмыс істеймін, үйге келемін, тамақтанамын, ұйықтаймын. Сонымен болды. Мен жыламаймын да.
Кейді никелденген жылтыр заттарға қарап өзімнің жүдеп бозарған түрімді, бетіме тым үлкендеу әрі осы әлемдегі ең бейғам әрі тыныш екі көзімді көремін. Үйде әрдайым жалғыз боламын. Гэнридің күлімсіреген суреті үнемі үстелімнің үстінде тұрады. Суреттің артындағы "Иренэ жаныма. Гэнри. Әрқашан мәңгі» деген жазуы да сол қалпында. Шаршаған кезімде мен үстелдің алдына тізерлеп отырып алып, суретке ұзақ қараймын...
Әдетте жұрт айтып жатады ғой, уақыт бәрін емдейді деп. Бұл заңдылық маған жүрмеді. Жылдар лек-легімен қаншама рет ағып өтсе де, мен Гэнри Стаффордқа әлі ғашық қалпымдамын. Қазір де сүйемін. Ол қазір бақытты. Оған бақытты мен әпердім. Бар болғаны, осы. Мені некелі күйеуін атып алған деп сөгетін жандардікі де дұрыс шығар. Расында, мен оның өмірін, бақытын өзімде қымбат не болды, соның бәрімен өтеп, сатып әпердім ғой. Мен Гэнриді сүйемін. Егер құдай маған бұл өмірге қайта келіп өмір сүруге мүмкіндік берсе, осы жасағандарымның бәрін де еш күмәнсіз қайталайтындығыма сенімдімін.
Қыз-келіншектер! Мен тыңдай алатындардың бәріне айтамын! Әрқашан адам баласын ақылың артық қастерле! Бірақ, махаббаттан өзге де мақсатың мен арман-мүддең болсын. Махаббатты еркіне жіберме, шек қой!.. Егер соған төзімің жетсе ғана... Ал, басым оған төзбедім.
Адам өлгенінше тірі болады. Сондықтан, мен өмір сүріп келемін. Бірақ, бұл өмірімнің алысқа бармасын сеземін. Ақырғы шебі жақындап қалғанын да көріп тұрмын. Мен ауру-сырқау емеспін. Сонда да, жан дүниемнің іштей бықсып сөніп бара жатқанын сеземін. Болып өткеннің бәріне еш өкінбеймін. Кейін не боларынан да қорықпаймын. Өмірден тілейтін жалғыз ғана өтінішім бар: Гэнриді бір мәрте ғана көргім келеді. Өзімнің бар өмірімді аяусыз арнаған сол адамды ақырғы рет бір мәрте ғана көрсем болғаны. Жалғыз-ақ рет... Мен туған қалама қайта айналып бара алмаймын, сыйынып қана үміт күтемін. Шын мәнінде, шектен тыс жалбарынатыным бар. Енді қанша ғұмырым қалды дерсің.
Көшеде келе жатып мен ерсілі-қарсылы өткен әр адамға қараймын. Кешке үйге келіп алып, Гэнридің суретіне қарап тұрып: «Бүгін емес екен, Гэнри жаным. Бәлкім, ертең...» деп сыбырлаймын. Мен онымен жүздесер ме екенмін, қарасын болса да көре аламын ба? Мен өзіме солай болады десем де ішкі түйсігім олай болмайтынын біліп тұрады...
Осымен, мен өз тарихымды жазып біттім. Барынша ұстамдылық танытып, зорға жаздым. Егер Гэнри мұны оқыса, көңілі ортаймас. Бәрін түсінер. Мұның бәрін оқыған соң бәлкім... жоға... ол менімен кездесу үшін келмейді. Олай жасауға тиіс еместігін де біледі. Көшеде бетпе-бет жолығып қалса да өте шығар. Мені мүлде аңғармағандай-ақ. Ал, мен тағы бір мәрте... ақырғы рет оны көрер едім...
Айн РЭНД, (АҚШ жазушысы)
Аударған: Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ
6alash ұсынады