Зуха батырдың бір өлеңі жайлы
Зуха батырдың сөзі еді деп ел ауызында көп айтылатын көне жәдігердің бірі – «Егіз кәпірлер» өлеңі.
Бұдырайған екі шекелі,
Мұздай үлкен көбелі...
Бастаса топтың көсемі,
Сөйлесе сөздің шешені...
Бұлт болған айды ашқан,
Мұнар болған күнді ашқан
Мұсылман мен кәуірдің
Арасын бұзып дінді ашқан.
(Қазтуған Сүйінішұлы)
I
Қазтуған жыраудың өзіне (ішкі меніне) берген бағасы біз бажайламақ кейіпкердің де айна-қатесіз адамдық портреті іспетті. Әйгілі батырдың бұған дейінгі деректерінің дені оның қажыға барғандығы мен тауып сөйлейтін шешендігіне қатысты өрістеп жатса, біздің бүгінгі жазбағымыз Зуханың «мұсылман мен кәуірдің, арасын бұзып дінді ашқан» қырына қарай тиянақ түсірсек деген ниетіміз бар. Бұл жерде ұлы жырау қолданылып тұрған кәуір сөзі (мұсылманнан бөлек өзге дін өкілдері жайында болып отырған жоқ) адамның ішкі ақуалының жауы мен дұшпаны турасында болып отыр. Өлеңнен түсінгеніміз мұсылмандықтың дұшпаны кәуірлікте жатыр. Шын мұсылманшылықтың саф көңілі мен таза иманы кәуірлік құрсауынан құтылғанда ғана салтанат құрады дейді ұлы жырау. Қазтуғанның бар айтқысы келген пәлсапасы осы ғана. Аңдаған адамға ақын осы екеуінің «арасын бұзып» ажырата білдім деп айтып отыр. Дүниені (дінді) «мұсылмандар» және «мұсылман еместер» деп екіге ғана бөліп қарайтын келте түсінігіміз мұны қалай деп қабылдар екен. Жұмыр жер үстін шимайлаған он оқтың тоғызының осы түсініктің салдарынан адамға қарата бағытталып отыруының құпиясы да осында жатыр.
Міне, инсаниятты ұлт пен ұлыстың ғана меншікті құдайына емес, исі адамзаттың құдайымен қауыштырар парасат Қазтуған пәлсапасында тұр. Ендеше кәпір атаулыны сыртан іздеудің ешқандай да қажеті жоқ, бәрі де адам болмысының өз ішінде жасырылғаны мәлім болды. Осы орайда кәпір ұғымына да тоқтала кетейік. «Кәпір – Алладан басқадан жәрдем тілеп, өзгеге сиыну» деп берілген екен қазақ әдеби тілінің түсіндірме сөздігінде. Мұны айрықша атап отыруымыздың мәні тым тереңде жатыр. Алдағы талданбақ дүниенің табиғатын ашалап айтып беруіміз үшін бұл мысалдарды арнайы келтіріп отырмыз.
II
Зуха батырдың сөзі еді деп ел ауызында көп айтылатын көне жәдігердің бірі – «Егіз кәпірлер» өлеңі. Біз батырға байланысты жазылған туындыларды парақтау үстінде құлағымызға бала кезден-ақ сіңісті болып, бата үлгісімен баяндалатын осыбір өлеңмен қайыра ұшырастық. Әйгілі жазушы Қажығұмар Шабданұлы өзінің «Пана» романында «... Ал, мен бұл кеңеске үлкен қажымыздың «Егіз кәпірлер» деп атайтын бір насихатын қоса кетейін!» деп, аталған өлеңді кейіпкері Мықияның ауызымен айтқызған екен. Романның бас-аяғы бес жүз беттік хикаядан тұратындығын ескерер болсақ, бұған жазушының қаншама деректерді көкірегінде тірілтіп даярлықпен кіріскені белгілі ғой. Ендеше осы бір үш шумаққа жетеқабыл өлеңге хал-қадірімізше герменевтикалық талдау жасап көрелік. Өлеңнің тақырыбы – «Егіз кәпірлер». Осы жерде дін қайраткері «кәпір» деп нені ишаралап отыр? Қанеки, насихат ғазалды бірге саралап өн бойына ой жүгіртіп көрелік.
Барды жоқ деген – кәпір,
Жоқты тап деген – кәпір.
Аштықтан ашқан алақанға,
Жұмған жұдырық көрсеткен – кәпір.
Достық тілекке,
Қастық итін қосқан – кәпір.
Абысын тапқан баланы алалаған – кәпір,
Ақ көңілді абысынын қаралаған – кәпір.
Ақылы үлкен балаға үлкенсіген – кәпір,
Білмей тұрып білгенсіген – кәпір.
Діті жаман діншілдік – кәпір,
Күні бірден шыққан күншілдік – кәпір.
Бастапқы бір шумақ өлеңде өрілген бар менен жоқтың пәлсапасы тым тереңде жатыр. Орайы келгенде мына бір мәселенің де басын ашып алайық. Тұлғаның діни танымын талдау дегеніміз – байырғы бабалар болмысымен қайыра беттесу деген сөз. Бұлай болмайынша ол адам жұмбағының оңтайлы шешілуі, кейіпкер танымының сізбенен емен-жарқын сұхбаттасуы еш мүмкін емес. Кез келген тұлғаның пайым-парасаты көрген көзі мен естіген сөзінің негізінде ғана қалыптасары хақ. Ал бұл екі субстанцияның ар жағында ғасырдан-ғасырларға талықсып жеткен замана тәжірибесінің алтын қоры жатқандығына ешқандай да шүбә жоқ. Ендеше барды жоқ деудің кәпірлік екендігіне Мәшһүр-Жүсіптен жеткен мына бір мысал куәлік бола алады: «Бұрын қазақта «бар» дегенмен «жоқ» деген, «ал» дегенмен «бер» деген ағайын еді. Қазір ал деген өліп, бер деген қалды, бар деген өліп, жоқ деген қалды... Бар деген баракат (берекет) деген періштенің аты еді, жоқ деген біте (бітті, таусылып қалды мағынасында болса керек Ы.О) деген шайтанның аты еді», – дейді. Құрметті қауым, бар менен жоқтың дилеммасы енді ғана айшықтала түскен секілді. Қазақтың «жоқ» деген адамды жақатпай «ауызын қу шөпен сүрткен» біреу деп ат қойып, айдар тағуының астарында да осы пәлсапа жатыр (Жоқты жоқшылық туғызады десек, алаштың жарлылықты қаншалықты жақатпағанын, мұның түпкі тінінде исі қазақтың кедей болмау идеясы да тұр емес пе?!).
Бұл жерде періште пейілді лайлап, шайтанның шырмауына түскен танымды кәпірлік демегенде не деуге болады енді. Дәл осыбір ойға «Шайтан сендерді жоқшылықпен қорқытады» деген Құран аятының қағидасын қосарлайтын болсақ, бұл дүниетаным қайнарының қайдан таған тартқандығына көзімізді жеткізу аса қиын болмайтын тәрізді. Біздерге Сәбитұлы өзінің насихат желісіне құрылған өлеңі арқылы осыны аңдатып отыр. Мақаланың міндетіне өлеңнің әр жолын ежіктеп отырудың кірмейтінін, межелеген мақсатымыз ғазалдың тек танымдық қабаттарына ғана тоқталып өту екендігін естеріңізге сала кетейін. Келесі індетпек ойымыз дін қайраткерінің «Білмей тұрып білгенсіген – кәпір» түсінігі. Бүгінгі қазақ қоғамының рухани дертінің диогнезін де дәл осы тезистен табуымызға болады. Білместігін білетінге балап жоғарыға жанталаса ұмтылып жатқандардың әрекеті күнделікті көз алдымызда. Ең өкініштісі, әркімнің өз орынын білмеуі мен кәсіби деңгейге көтеріле алмауы әділет қағидасының бұзылуына тікелей себепкер болып отыр. Алаяқтықты ақылдылыққа, алпысты (ақсақалдақты) жігіттіке балаған қортық түсінігіміз де осының салдары ғой.
Ендігі сөзіміз «Діті жаман діншілдік – кәпір» философиясының мағынасы турасында. Бұл жердегі «діті» ұғымын адамның ішкі ойы мен көңіл көкжиегі десек, оның кірлегенінен жаман ештеңе жоқ. Мұндай жалған діншілдіктің орыны кәпірге пар дейді өлең авторы. Ардақты Шәкәрімнің «Толстой кәпір емес, өзің кәпір» деген рухани іш салыстыру уәзипасы да осыны еске түсіреді. Кәпір дегеннен шығады ғой, замана тозаңына көміліп арғықазақ танымынан жеткен сөздің бірі – «Кәпір тыныш болса мұсылман тыныш» түсінігі. Осы жерде айтылып тұрған кәпір мен мұсылман ұғымдары жан менен тәннің өзара үйлесім мәселесі. Яғни, мұсылманның (бұл жерде жанның) саулығы тән тыныш болмайынша, әмәнда, сау болмайды дейді бабатаным. Біз бұдан тәннің аштығы мен тоқтығының шыбын жанға да өзіндік әсер етпей қойматынын аңғарып отырмыз. Абайдың «Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» пайымы да осы. Зуха өлеңінің ең басты биігі де адам болмысындағы «ішкі кәпірліктің» табиғатын түсіндіруімен құнды. Азғантай ғана өрелі өлеңнің астарында баға жетпес осындай байлықтар жатыр. Діні мен ділі жаттың кәпір емес, керісінше нағыз кәуірліктің ішіңде екендігін баяндаған дін қайраткер ғазалынан біз қараңғыға қамалған көзқарасымызға бір жарықтың түскендігін сезінгендейміз. Бұл жарықты әйгілі батырдың бабалар дүниетанымымен астасқан насихат өлеңі десек еш қателеспеген болар едік. Ендеше кәпірлік дегеніміз өзге емес, өз соқырлығымыз бен білімсіздігіміздің ішінде қамалған феномен екен. Кәпірлікті кірлеген рухтың сыртқа тебіндеген әрекеті деп түсіндірсек те болатын секілді. Осыған қарап отырып біздің бабаларымыздың дінді қаншалықты биік парасат өлшемінде пайымдай алғандығына қайран қаласың. Олардың құдайды тек сыртқы формада ғана емес, ішкі мазмұндағы эпистемологиялық тұрғыда түсінгендігіне осы мысалдар куәлік ете алады.
Шығыста «Тұлғасын қара жерге емес, жүрегіне жерлеген ел бақытты» деген бір тәмсіл бар. Біз бұл мақаламызды қараша халқының жүрегінен мәңгілікке мекен сайлаған сардар бабаларымыздың рухына көрсетілген аз ғана құрмет пен ғизатымыз деп есептейміз.
Автор: Ықылас ОЖАЙҰЛЫ
history.kz порталынан