Әлде қашан тарих қойнауында шаң басып қалған бабалар ізін қайта тауып, ескі сүрлеудің үзік-үзік жолдарын қайта жалғап суыртпақтап отырсақ, небір асыл текті бабаларымыздың асқақ тұлғасын еріксіз көз алдымызға елестетеміз. Елестетеміз де, өзімізді сол текті бабаның қанынан жаратылған ұрпақ екенімізді ойлағанда, бойымызды бір ғаламат мақтаныш күш кернейді. Осы бір киелі рух күші жаныңды қалықтатып әуелгі орнынан бір көтеріп тастағандай бір құдретті күй кешесің. Бұл, сірә, қандай құдіретті күші?! Мүмкін, аруақ, мүмкін, сол қаныңдағы бағзыдан үзілмей жеткен тектілік жұқанасы шығар. Бұрынғылар айтатын "аруақты ер", "текті атаның ұрпағы" дейтін ұғымдар, сірә, осы шығар!

Ауылда менің Нұрғази дейтін әке досым болды (әкемнің құрдасы, Қазыбек ішінде Әжеке). Өте сауатты білімді адам еді. Әңгімесі мен сөзіне құлақ асқандығымнан шығар, менімен рухани жақын дос болды. Өзі сауда кооперативінде сатушы болатын. Қолы босай қалса болды, дүкенін тұтатып, ескіден келе жатқан саба көрігін гүпілдете басып-басып қойып, буыншақ-түйіншегін жайып салып зергерлікпен айналысатын. Істеген ісіне ақы дәметпейтін. Қыз-келіндерге алқа, білезік, өңірше, түйреуіш сияқты біз көрмеген, тіпті, атын да естіп білмеген әшекей бұйымдарын жасап, ақысыз, құнсыз сыйлап отыратын. Айтуынша, бұл өнер ата бабасынан жалғасқан. Жетінші атасы Қазыбек Сәменбетұлы дарқан ұста, шліңгір зергер, ағаштан түйін түйетін айтулы шебер болған. Жоңғар шапқыншылығы тұсында ерлігімен қоса, осы шеберлігімен де елге әйгілі болған. Қару -жарақ, сауыт-сайманнан бастап, бәкі-пышақ, астау-тегенеге дейін жасаған және осы заттардың қалдығы Қытайдағы ұрпақтарында аты шулы мәдениет зөр төңкерісіне дейін құнды жәдігер ретінде бабаның көзіндей болып сақталып келген. "Төрт көнені" жоғалту дейтін солақай ұранның тұсында көптеген жәдігерлер отқа жағылып кеткен. Шама келетін кішігірім нәрсесін анда-мұнда жасырып сақтап қалған екен. "Мынау кемпірауыз тістеуік пен мына күміс қақтайтын балға сол Қазыбек бабамнан келе жатқан мұра. Ағам Нұрсадық алтын ұстайтын ұста еді, ол кісі Қабас зәңгінің шәкірті, Қабас Данзынның шәкірті, ол түгеншенің шәкірті", - деп біз естімеген аттармен Қазыбек бабамызға бірақ жалғайтын.

Ол кезде жастықтың әсерімен көп сөзіне мән де бермейтінбіз. Айтуынша бабамыз Қазыбек Абылай ханға алтыннан мөр жүзік соғып сыйға тартқан екен. Абылай хан осы жүзікті өмірінің соңына дейін тастамаған деседі. Бұл аңыз дерек Қазыбек ұрпақтарына мақтаныш болған.
Қазыбек Сәменбетұлының ұрпақтары дерліктей ҚХР-дың Алтай, Еренқабырға, Баркөл, Құмыл өңірлері мен Моңғолияның Баянөлгей аймағында тұрады. Шығыс қазақстанның Аякөз өңірінде бірер атаның ұрпағы бар. Германия, Италия, Түркияда біраз ұрпақтары тұрады. Отанымыз тәуелсіздік алғаннан кейін отанға қайтқан ұлы көштің легінде біраз ұрпақтары байырғы бабалары күл төккен ата қонысқа ірге теуіп үлгірді. Тәуелсіз елдің аясында еш қақпайсыз, емін-еркін, өсіп-өніп жатыр. Қазыр олардың жалпы саны шамамен мың түтінге жақын деп шамалаймыз.

Қытайда жаңа өкімет орнағанға дейін Қазыбек ұрпақтарында бай, дәулетті адамдар өте көп болған. 19-ғасырда Алтайда үлкен Бапаң (Құниаз) мен Кіші бапаң (Қыйлыбай) ауылы көшкенде бір жұма ел көшпейді екен. Қосылған малымыз табылмай кетеді деп. Екі Бапаңның жылқысы суға түскенде Білезік өзені тартылып қалады деген аңыз болған. Осы байлықтың келу қайнарын ұрпақ жалғаған қол өнершілікпен байланыстырады.
Қазыбектің ұрпақтарынан еркек кіндіктісінде темір соқпайтын, ағаш жонбайтын адам іліуде бір болған.
Мен ес білген кезде қыстақтың (да дүй) шеберханасында төрт қазақ бір қытай жұмыс істейтін. Кейін ойласым сол төрт қазақтың төртеуі де Қазыбек ұрпақтары екен. Кәукер (менің әкем, Нәдіреке) Нұрғази (әжеке) Ақай (шәншеке) Көрімбай (шәншеке) осыдан-ақ ұрпақ жалғаған өнердің тамырының тереңдігін аңғарыуға болады. Қазірдің өзінде бүкіл Қытайға танылған Мори ауданындағы ұлттық бұйым өндіретін шеберлердің дені Қазыбек ұрпақтары.

Ескі аңыз деректерге қарағанда 18-ғасырдың басына дейін Сыр бойының Сексеуіл жыңғылы мен қопалы қамысын кыстау етіп, Сарыарқаның сулы да, шұрайлы кіндік ортасы болған Керей көлінен (Қорғалжын) бастап, көгілдір Көкшеге дейін көсіле жайлап ешкімге есе бермей шалқып жүрген Абақ Керей елі "ақтабан шұбырындыда " күтпеген жаугершіліктен ойсырай жеңіледі. Адам жағынан да, мал жағынан да көп шығынға ұшырыйды. Ескі ауыз деректеріне негізделгенде Сәменбет бабамызда осы жолғы тұтқиыл келген жаудан қапыда қаза болған деген аңыз бар. Бұл 1723-жылдың мамыр, маусым айлары болса керек.
Күтпеген жаудан Есеңгіреп қалған ел етек- жеңін жинап әрең үлгіріп, табандары тілініп аппақ болып, жаяу шұбырып, сырды барып паналайды. Қашып Сырға барғанымен Сырдың жаз бойғы қапырық ыстығы мен шыбын-шіркейіне шыдамайды. Сарыарқаның самалды салқын төскейін қанша сағынғанымен, Жоңғардың арынды айбатынан сескенеді. Арада біраз жылдар салып Кіші жүз елін жағалап жаз жайлауын Мұғалжар тауларының тоғайлы жылғаларында өткізеді.
Қазыбек бабамыздың жас жігіт шағы екен Ор өзенінің бедерлі қарағашынан астау-тегене, саптыаяқ, келі-келсап ойып малға ауыстырады. Кигіз үйдің босаға, маңдайша, табалдырығын есігімен қоса ою-өрнекпен әшекейлеп жасап, бір атқа немесе құлынды биеге айырбастайтын көрінеді. Осы қол өнер мен ерінбей еткен еңбектің арқасында қайтадан жылқы бітіп үйір салған. Ескі көз қариялардың айтуынша, бабамызға ылғи да көк шұбар жылқы біткен екен. Осы жылқының тұқымы 1951-жалғы Қытай комунистерінің күштеп коллективтендіру кезіне дейін келіп, үкіметке тапсырылған.
Қазыбек бабамыздың дәулеті - баласы Нәуетайдың (әжеке) тұсында тіпті де дүркіреп өсіп, Абақ Керей ішіндегі ең бай шаңыраққа айналған екен. "Нәуетай малымның құты" деп, Нәуетайды ерекше жақсы көретін көрінеді.
18-ғасырдың орта шеніне келгенде Жоңғар хандығы ішкі-сыртқы тарихи жағдайларға байланысты ыдырап жойыла бастайды. Қоныстың тарлығы және рулар арасындағы алакөздіктен қажыған Абақ Керей елі Жәнібек батырдың бастауымен бағзы Түркілерден бері ата қонысы болған Алтай жотасына қарай көш басын бір жолата бұрады. Арғы тегі өздерімен тектес болғанымен кейін Жоңғар атанып, үш ғасыр өздеріне жау болған қара қалмақтан қалған ата жұртына іргесін көміп күлін төге бастайды.

Жоңғар хандығының құлауына үлкен күш шығарған шығыстағы алып империя Шиң хандығымен Қазақ хандығы арасындағы 1757 жылғы шекара келісімі орнаған соң, қазақтың бай, ауқатты адамдары Абылай ханның арнайы ұрықсатымен Қытайдың сол кездегі батыс өңірдегі әкімшілік орталығы болған Үрімжі қаласына жылқыларын апарып саудалап, торғын-торқа, жібек-маталарына, тағы басқа тұрмыстық заттарға айырбастай бастайды. Осы қатарда Қазыбек бабамыз керуен басы болған. Қазақ жігіттері 1757-жылы шілде тамыз айларында неше мың жылқы айдап апарып сатқаны туралы дерек сол кездегі Үрімжі сауда естеліктерінде ай-күнімен анық жазылған екен (Қазақтың қысқаша тарихы. Шинжаң халық баспасы, 524-бетке қараңыз). Демек, бұдан Қазыбек бабамыздың мыңғыртып жылқы айдаған бай болғанын көруімізге болады.
Қазыбек бабамыздың қолынан шыққан арада алты-жеті ұрпақ жалғап бүгінге жеткен құнды жәдігер ширатпалы күміс білезік қазыр Нұр-Сұлтан қаласында тұратын ұрпағы
Алтынбек Құмырзақұлының қолында тұр. Бұл жәдігерді олар бабамыздың көзіндей көріп сақтап отыр.

Көптеген ұсталық құрал саймандары Қытайда тұратын ұрпақтарында күні бүгінге дейін сақталып келеді.
Бүгінде Серікнұр Әбдірақыманұлының үйінде сақталған. Бөлекше шеберлік пен әшекей өрнекте безендірілген талай дәуірдің куәсі, талай дәуперім бақсылардың серігі болған қара қобызды да (Нарқобыз) Қазыбек бабамыздың қолынан шыққан деген аңыз дерек бар.

Айта берсек бабамыздың асыл өнерін әйгілейтін осындай тарихи мұралар көптеп кездеседі.
Осының бәрін тәптіштеп айтыудағы біздің негезгі мақсатымыз бүгінде өшкіндеп, үзіліп бара жатқан бабалар ізін қайта жалғап, бүгінгі мынау жаһандану дәуірінде солғындап, сұйылып бара жатқан бойымыздағы ұлттық руқымызды қайта жаңғырту болып табылады.

АСҚАТ КӘУКЕРҰЛЫ

6алаш ұсынды