Ерлан МАЗАН: Байдалы ту қандай ту?
Ерлан Мазан
Қазақтың марғасқасы Қаныш Сәтбаевтің ел аузынан жинаған «Ер Едіге» жырын 1927 жылы Мәскеуде баспадан шығарғаны белгілі. Ғалым «Сөз басында» көне жырларда «Қазіргі буынға мүлде жат көрініп, ұмытылып бара жатқан қазақтың ескі сөздері көп кездесіп отырады. Бұл тіл сақтау, тіл байыту жақтарынан үлкен бағалы нәрсе» [1] деп тұжырып, «Ескі сөздердің ішінде қазақ жұртының өткен кездегі тұрмысы, салт-санасы, әдеттері көп суреттеліп отырады. Бұл тарих жағынан қымбат нәрселер. Бірақ, әзіргі кезде ел көпшілігінің жалпы салт-санасының өзгеруімен қатар, ескі сөздің көбі елеусізденіп, көп аузында ұмыт болып бара жатқан сияқты» [2] деп дабыл қағады. Айтса айтқандай, «Ер Едіге» жырының Шоқан нұсқасында да, Сәтбаев нұсқасында да (екі нұсқаның бір-біріне жақындығы ғылымда көптен айтылып келеді) бүгінгі буынға түсініксіз, тіпті мүлде жат ескіліктер — сөздер мен сөз оралымдары айтарлықтай көп. Мысалы, Тоқтамыс хан мен Едігенің арасына жік түсіп, Едігенің ел шетіне кіргенінен хабар алған Тоқтамыс ханның «Қарағай Найзасына сүйеніп, тоқбақ жалды торы атына мініп», ел-жұртына айтқан:
«...Ей, байтағым, байтағым,
Бастатып сені алдырттым.
Ал, аман бол, менен соң.
Байтағымның ішінде
Он сан елім ноғайлы,
Сені тағы алдырттым,
Он сан ноғай ішінде
Үш жүз алпыс отау қазағым,
Сені тағы алдырттым,
Ал аман бол менен соң.
Он бес шорам арта алмас
Он екі атан тарта алмас
Байдалы туым, басты ордам,
Бастата сені алдырттым,
Ал, аман бол менен соң...» [3] деп келетін зарлы толғауынан байтақ, бастатып/бастата алдырту, он сан ел, үш жүз алпыс отау қазақ, шора, байдалы ту сияқты қазіргі тілдік қолданыста жоқ немесе мағынасы күңгірт тартқан сөздер мен тіркестерді көреміз. Белгілі тілші-ғалым Рабиға Сыздықова «Ер Едіге» жырындағы ескіліктер туралы еңбегінде осы орайлас сөздер мен тіркестердің мағынасын талдай келе, байдалы ту оралымына да назар аударып, «Бейдамақ болу (күдер үзу), Төре тимеу (дауда жеңілу), Ноғайлының ауыр жұрты (үлкен ел, халқы көп жұрт), Бартал тарту (көшкенде көлікке жүк арту), Асу жер (??), Ерні желге бұлғану (Ерніне жара, ұшық шығу), Торылы жылқы (??), Қағу (??), Байдалы ту (??), Қоллық/қулық (??) шығу (??) сияқты тұрақты тіркестер де ескіліктер қатарында. Олар да бұл күнде жақша ішінде көрсетілген мағынада жұмсалмайды. Бұл тіркестердің құрамында сөздердің біреуі бейтаныс бірлік болып келеді (бейдамақ, бартал, асу, шауылжы, байдалы т.б), не тіркестің нақты қай мағынада қолданылғанын бірден тап басып айту қиын. Демек, оларды түсіндіру керек. Ал жоғарыда жақша ішіне сұрау белгісі қойылған тіркестердің мағынасын әзірге таба алмадық» [4] деп жазады. Мұнан ғалымның байдалы сөзіне анықтама беруге асықпағанын байқаймыз.
Бізді де қызықтырған байдалы сөзі «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» желбіреген, шашақты, мәртебелі [5] деп түсіндіріліпті. Біз аталмыш түсіндірмені бірден теріске шығармай-ақ, ескілікті бірліктердің мағынасын мәтінге қарай үстірт топшылаудың ағаттыққа ұрындыруы мүмкін екенін біле тұрсақ та, жырдағы «Байдалы ту» тіркесі нақ осы қолданыста өзінің семантикасы жағынан көзге көрнекті, айдынды, ашық ту деген мағынада қолданылып, Басты орда (негізгі орда) деген тұрақты тіркеспен әуездік-мағыналық параллелизм құрап тұрған сыңайлы деп жоримыз. Олай болса, байдалы сөзі парсы тіліндегі Пейда 1. پەيدا Ашықта тұрған, белгілі болған; 2. Ана жерде, сол жерде болған, дайын тұрған [6] деген сөзге түркілік – лы жұрнағы жалғану арқылы жасалса керек-ті. Пайдалы сөзі осы мағынасында қазақтың ескі жырларында да кездеседі. Мысалы, Нұртуған жырлаған «Мәулімнияз— Едігеде», Сыпыра жыраудың Тоқтамысқа кеңес беріп:
«...Байтақ жатқан еліңді,
Балдырған, балқаш көліңді,
Пайдалы, байтақ жеріңді
Сол сорар деп қорқамын!» [7] дейтіні бар. Дәл осы мәтінде, Пайдалы сөзі пайдасы бар деген мағынада емес, көзге көрініп тұрған, ашықта жатқан деген ұғымда жұмсалып тұр. Қазақ тіліндегі Пайда болу (тап болу, жарыққа шығу, көрініс беру) тіркесі де осы Пейда сөзінен өрбіген, оның табыс, түсім, олжа, жеке бастың қамына қажетті нәрсе деген мағыналарда қолданылатын, араб тілінен енген Пайда (فائدة) сөзімен қатысы жоқ.
Алайда, сөздің төркініне тереңірек үңілсек, басқалай тұжырым жасауымыз да ғажап емес. Біздіңше, Байдалы сөзінің ескірген тұлғасы Пайдалы болғанмен, түп-төркіні, әдепкі нұсқасы басқа секілді.
Қадырғали Қосымұлының «Жами-ат-тауарих» атты жылнамасындағы ескіліктерді арнайы зерттеген Р.Сыздықова аталған еңбектен «Таян ханның тоқуз паялы ақ тұқы бар ерді» [8] деген сөйлемді келтіреді. Алайда, паялы сөзіне түсінік жасамайды. Филология ғылымдарының кандидаты Зәмзәгүл Жуынтаева «Тарихи ескерткіштердегі бастауышсыз толымсыз сөйлемдердің қолданылу сипаты» деген мақаласында «Жами-ат-тауарихтың» бізге керекті тұсын түпнұсқа бойынша таңбалап, талдау жасайды: «1. Барс йыл алты йүз екіде уа ақи рəжəб айында. 2.Чиңгиз хан бу йылда елліг екіде ерді. 3. Уа нечүк аның йауқында найман ның падшаһы Тайан хан уа жами өнгін падшаһ лар аның білə бірге ерді. 4. Чиңгиз хан анлар ның барчасын урушуб қачурды. 5. Барча падшаһларны өлтүрді. 6. Анлар ның уотан лары (н), йуртлары ерді, аңа барды. 7. Тайан ханның тоқуз пайалы ақ туқы бар ерді. 8. Буйурды, аны тікді» . Мәтіндегі 7-сөйлемді автор «Таян ханның тоғыз шашақты ақ туы бар еді» деп аударады [9]. Н.Мингулов, Б.Көмеков, С.Өтениязовтар дайындаған «Шежірелер жинағында» («Жами-ат-тауарих») осы мәтін сөз-сөйлемдердің мәнер-бояуы сақталған күйде «Барыс жылы, алты жүз екіде, басталды ражаб айында. Шыңғыс хан бұл жылы елу екіде еді. Оның уақытында найманның патшасы Таян хан және барлық өзге патшалар онымен [Таян] бірге еді, Шыңғыс хан олардың баршасын ұрысып қашырды, баршасының патшаларын өлтірді, олардың отандары, жұрттары бар еді, оған барды. Таян ханның тоғыз шашақты ақ туы бар, бұйырды, оны тікті» [10] деп беріледі. Біз бұндағы «Тоғыз шашақты ақ ту» деген тіркесті жаңсақ аударма болар деп танимыз.
Біз мәтіндегі Паялы сөзінің төркінін (этимологиясын) парсы тілінен қарастыруды мақұл көреміз. Оның себебі де жоқ емес. Бізге белгілі, Қадырғали бабамыз өз еңбегін жазарда, XIV ғасырда парсы тілінде хатқа түскен Рашид Ад-Диннің «Жами-ат-тауарих» атты шығармасының Шыңғыс ханға қатысты бөлегін аударып пайдаланған, тіпті бабамыздың еңбегіне «Жами-ат-тауарих» деген атты орыс ғалымдары шартты түрде ұсынған болатын, өйткені, оның көп бөлігінің Рашид Ад-Диннің «Жами-ат-тауарих» алынғаны құпия емес [11]. Осы орайда Паялы~пая сөзін де тарихшы ғалымның парсы тілінен алуы қисынға сияды. Біздің ойымызша, Қадырғали қосым ұлы «Шежірелер жинағын» құрастырғанда, шартты түрде шағатай тілі деп аталатын орта ғасырлық орта азиялық әдеби-кітаби тілде Паялы сөзінің мағынасы түсінікті болса керек, сондықтан, оны өз бетінше өзгеріссіз қолданған деп жоримыз.
Паялы сөзіне негіз болған Пая~пай Сөзінің және осы түбірден жасалған өзге бірліктердің мағыналарын қарастырсақ, «Өтікен түрік сөздігінде» Пай — 1. Аяқ; 2. Түп, тек; 3. Негіз; 4. Таяныш, тірек [12]; Пәйе — 1. Атақ, мәртебе; 2. Баспалдақтың басқышы; 3. Ғалымдарға берілетін дәреже [13]; Пая — Өзін-өзі көрсету, асқақтық, маңғаздық; Паялы— Жуан аяқты; Паялы — Өзін-өзі көрсетушілік, тәкаппарлық, жасандылық, әдемі болып көрінушілік (адамға қатысты) [14]; Пайдар (пәйе дар) — Мәртебелі, даңқты; Пайелі — Мәртебелі [15]; «Шағатай сөздігінде» Пәйе — 1. Аяқ; 2. Басқыш, мәртебе; 3. Негіз, тек [16]; Пей — 1. Аяқ; 2. Із [17]; «Парсша - қытайша сөздікте» Пай — 1. Сирақ; 2. Тіреу, тұғыр; 3. Негіз; 4. Кезең; 5. Деңгей, дәреже; 6. Мәртебе, шен; 7. Басқыш; 8. Гүлдің сабағы; 9. Өлеңнің ұйқасы түрі [18]; Падар — 1. Аяқты, Сирақты; 2. Құрылған, Бекіген; 3. Берік, мықты, мәңгілік; 4. Сенімді; 5. Ұзаққа жалғасқан [19] болып келеді. Осы көрсетілген бірліктер мен олардың мағыналарының баршасы парсы тіліндегі Пай(аяқ, сирақ) сөзінен өрбіген.
Демек, тоғыз паялы ақ ту тіркесін тоғыз мәртебелі ақ ту, тоғыз тұғырлы ақ ту, тоғыз мәңгілік ақ ту деп әртүрлі түсіне беруге болатын секілді. Бірақ, осының бәрінен бұрын бұл тіркесті, нақтылық үшін, тура мағынасында тоғыз аяқты немесе тоғыз Сирақты ақ ту деп қабылдаған жөн.
Тоғыз Сирақты ақ ту!
«Моңғолдың құпия шежіресіне» қарайық:
«Киіз туырлықты елдер адалдық іс істеп, барыс жылы (1206) Онын өзенінің жағасына жиналып, тоғыз Сирақты ақ ту көтеріп, Темүжінді Шыңғыс қаған деп атайды» [20]. «Құпия шежіренің» бізге жеткен, Қытай иероглифтерімен таңбаланған нұсқасында (әлбетте, түпнұсқа емес! ) бұл тіркес былай хатталған:
“也孙(九)阔勒秃(脚有)察合安(白)秃黑(旄纛)”[21]。
Жақша ішіндегі анықтама «Құпия шежірені» иероглифтермен таңбалаушы белгісіз аудармашының қосқаны, оның дәлдігіне күмән келтірудің жөні жоқ. Түркітанушы ғалым Нәпіл Базылханның көрсетуінше, көне Моңғол тілінде yesun költü — Тоғыз аяқты деген сөз [22]. Қазіргі Моңғол тілінде хөлтэй — 1. Аяқты, сирақты, аяғы бар; 2. Жиынды, топырлы, адамы көп [23] деген мағыналарда қолданылады. «Жами-ат-тауарихтың» (Рашид Ад-Дин) парсы тілінен Смирнова аударған орысша нұсқасында да — Тоғыз аяқты ақ ту [24]. Бұл біздің Паялы сөзінің мағынасын Аяқты Немесе Сирақты деп болжауымыздың қате еместігін таныта түседі. Демек, аталмыш тіркесті қазіргі тілге баспа-бас көшірсек Тоғыз аяқты ақ ту болып шығады.
Әлбетте, паялы тудың шашақты болғанында күмән жоқ. Олай дейтініміз, көшпенділер ортасында қолданылған әскери тулардың желегі әдетте үш бұрышты, төрт бұрышты немесе трапеция пішінде жасалып, оған түсті матадан таспа түріндегі құйрықтар бекітілген [25]. Тудың басына кейде қосымша элемент ретінде матадан, аттың қылынан, аңның құйрығынан жасалған байрақтар да тағылған [26]. Бұлар жалпылама шашақ деп аталған. Шашақтың саны тудың дәрежесін білдірсе керек. Сондай-ақ, бұл тұспалымызды «Құпия шежіренің» Қытай иероглифтерімен хатқа түскен нұсқасындағы 秃黑 сөзінің 旄纛 деп түсіндірілуі де дәлелдей алады. Ескі замандарда 旄 иероглифі 1. Қодастың құйрығынан жасалған, тудың сабына тағылатын шашақ; 2. Ту, жалау [27]; ал 纛 иероглифі 1. Қодастың немесе қырғауылдың құйрығынан жасалған, императордың арбасын сәндейтін әшекей; 2. Аламанның немесе құрмет қарауылының үлкен туы [28] деген мағыналарды білдірген (бір қызығы, соңғы иероглиф арғы заманда dəuk деп оқылған, бұл тіліміздегі ту сөзінің ескі Тұғ Немесе Тұқ тұлғасына өте жақын, бұл екі сөздің генетикалық байланысы болуы ықтимал, бірақ, түркі-моңғол тілдерінен қытай тіліне ауысты ма, әлде қытай тілінен түркі-моңғол тілдеріне кірді ме, бұны әлі де зерделей түсу керек деп білеміз). Демек, әр алуан әдебиеттерде тоғыз паялы ақ тудың (也孙阔勒秃察合安秃黑) тоғыз құйрықты ақ ту, тоғыз шашақты ақ ту, тоғыз жалаулы ақ ту деп аударылуы дұрыс емес, өйткені, Шыңғыс қағанның ақ туы, дау жоқ, шашақты (құйрықты, жалаулы, байрақты) болғанмен, оны анықтап тұрған Паялы (Моңоұлша költü) сөзінің, баспа-бас айтқанда, аяқты, сирақты (аяғы бар, сирағы бар) деген мағынада жұмсалып тұрғаны ақиқат. Бұны ескермей, Паялы~көлтү тұлғасын аттап өтіп немесе оның мағынасын құйрықты, шашақты болар деп тұспалдап, шашақтың санын бірден тоғызға жеткізу, бізше, Шындықтың ауылынан алыс.
Оның үстіне, тіркестегі тоғыз сан есімі аяқты да, құйрықты (шашақ) да меңзеп тұрған жоқ, тудың санын көрсетіп тұр. Махмұт Қашқари ескі түрік тіліндегі Тұғ (қазіргі қазақ тілінде ту) сөзіне анықтама бергенде Тоқұз тұғлығ хан деген тұрақты тіркесті мысалға келтіріп, «Тоғыз тулы хан яки хақан. Ханның қол астындағы елі мен жері, қалалары қаншама көбейіп кетсе де, мәртебесі қаншама өссе де, ту тоғыздан асырылмайды. Өйткені тоғыз санына қасиеттеп мән беріледі. Ханның бұл тулары көкпеңбек түсті асыл жібек, не шәйі матадан жасалады. Оны да жақсы ырыммен қасиетті деп санайды» [29] деп түсіндіреді. Ғалымның бұл жазбасынан тоғыз санының ескі түріктерде киелі саналғанын және тоғыз тулы хан атану кез-келген билеушіге бұйыра бермейтін айрықша, тіпті, ең жоғары мәртебе екенін көреміз. Шыңғыс қағанға дейін ұлы даладағы өте күшті ұлыстардың қатарында болған Найман елінің әміршісі Таянның тоғыз ту ұстап, Қашқариша айтсақ, тоғыз тулы хан атануы ақылға қонады. Ендеше, Темучиннің наймандарды талқандап, ілгеріде Таян ханға тиесілі тоғыз ақ туды дала тайпаларының ұлы құрылтайында өз атында тіктіріп, Чингіз (теңіз) қаған деген жоғары атақ алуы тегін болмауға тиіс. Шыңғыс қағанның ақ туын тоғыз шашақты деп білетін Мұхтар Мағауин да «Аталмыш ұлы құрылтайда осындай айдынды тудың тоғызы қатарынан тігілуі мүмкін» [30] дейді. Мүмкін ғана емес, солай болған да. Бұл құбылысты дала өміріндегі билік ауысуының заңнамалық рәсімі деп қабылдағанымыз жөн.
Тағы айтсақ, Мағжан ақын «Екі дүниенің есігі» деп жырлаған, бір заманда қазақ жұртына астана болған Түркістан шаһарындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің үлкен қазандық бөлмесінде кезінде қос белгі — шашақ және мата бау тағылған тоғыз қазақ байрағы сақталған екен [31]. Бұл деректі те біз талдап отырған тіркестегі тоғыздың шашақ немесе құйрық емес, тудың санын білдіргеніне қосымша айғақ және қазақ хандығының ежелгі түрік ұлыстарымен, дала көшпенділері шаңырағын көтеріп, уығын шаншысқан ұлы Шыңғыс империясымен Рухани тамырластығына жанама дәлел деп білеміз.
Сонымен, Паялы~көлтү сөзі баспа-бас, тура мағынасында аяқты, сирақты деген ұғымды білдіреді екен. Дегенмен, ескі Моңғол тіліндегі Көлтү сөзінің аяқты, Сирақты дегеннен басқа, тіреулі, тіректі, тұғырлы деген ауыспалы мағыналары болмады деп айта алмас едік. Өйткені, аяқ — дененің тіреуі болғаны секілді, тудың сирағы да туға тірек, тұғыр болмас па. Қазақ тілінде 1. Қолға үйретілген саят құстарының қонақтайтын орны һ; 2. Бір нәрсенің астына қойылған тірек [32] деген мәнде жұмсалатын (ауыспалы мағыналарын көрсетпедік) Тұғыр сөзінің әу баста көне түрік тіліндегі Тұғ (қазіргі қазақ тілінде ту) тұлғасынан жасалып, ту тігілетін орын, тудың сабы шаншылатын қондырғы деген мағынада қолданылып, бара-бара басқа мағыналарға ауысуы да ғажап емес (әлбетте, бұл әзірге илеуі қанбаған жадағай жорымал). Не болса да,Паялы ту тіркесін ауыспалы мағынасында тұғырлы, берік, тұрақты ту деп түсінуге болады.
Ескілікті жазбалардағы тоғыз паялы (аяқты) тудың нақты сипаты туралы дәп басып айту қиын. Дегенмен, жоғарыда келтірілген деректерге сәйкес, оны жорық туы емес, жай күндері арнаулы орында (кесене, сарай, орда сияқты) сақталатын, ханның мәртебе-даңқын айғақтайтын, тек белгілі ғұрыптық рәсімдерде (хан сайлауы сияқты) ғана ашыққа шығарылып, арнайы тұғыр-тіреуге тігілетін, мүмкін, айдынды да ауыр (Тоқтамыс ханша айтқанда, он бес шора арта алмайтын) ту деп түсінуге болады.
Біздің ойымызша, төркіні парсының Пай-пәйе сөзінен шығып, сын есім тудыратын түркілік– Лы жұрнағының жалғануымен жасалған Паялы тұлғасы Ту сөзімен қатар келіп, тұрақты тіркес құрап, орта ғасырлық әдеби-кітаби тілде ғана емес, сірә, ертедегі қазақ жырларында да тұғырлы, айдынды ту деген мағынада қолданылған болу керек. Бірақ, мағынасының бірте-бірте көмескі, күңгірт тартуына байланысты, тұлғалық жағынан құбылып, өз кезеңінің ауыз екі тілінде біршама ұғынықты Пайдалы сөзіне ауысқан. Мағынасы ескірген бейтаныстау бірліктердің тұлғасын өзгерте салу тілде бар құбылыс екенін Р. Сыздықова атап көрсетеді [33]. Жүре келе, Пайдалы Сөзі де ескіріп, Байдалы тұлғасына ауысқан болар деп болжаймыз. Өзге тілдерде сөз басында келетін p дыбысының қазақ тілінде кей ретте b дыбысына ауысуы заңды. Мысалы: Пақа — Бақа; Пайтехт — Байтақ; Полат — Болат; Пайым — Байым; Пайыз — Байыз.
Жинақтап айтқанда, байдалы ту тіркесінің тұлғалық өзгерісін Паялы ту (тұғ~тұқ) → Пайдалы ту → Байдалы ту; мағыналық өзгерісін Сирақты ту → Тұғырлы ту → Айдынды ту → Көрнекті ту деп көрсетуге болады. Ал, Байдалы сөзінің шынымен мәртебелі, даңқты деген мағыналары бар болса, ол жүре қалыптасқан ауыспалы мағынасы, соның өзінде, парсы тіліндегі Пай-пей түбірінен туған бірқатар бірліктердің жұқана-жұрнағы болар деп ойлаймыз.
Пайдаланған әдебиеттер:
[1] [2] [3] «Сәтбаевтану. Оқу-әдістемелік құрал», Павлодар, 2009 жыл, 31, 32, 64.
[4] [8] [11] [33] Рабиға Сыздықова. «Көп томдық шығармалар жинағы» , III том, Алматы, Ел-шежіре баспасы, 2014 жыл, 280, 312, 319.
[5] «Қазақ әдеби тілінің сөздігі», II, Алматы, 2011 жыл, 578.
[6] [12] [13] [14] [15] «Өтікен түрк сөздігі», IV, Стамбул, 2007 жыл, 3839, 3802, 3803, 3802, 3803.
[7] «Бабалар сөзі», 39, Астана, 2006 жыл, 213.
[9] «Қарағанды университетінің хабаршысы», 2010 жыл №1 сан.
[10] Қадырғали Жалайыр. «Шежірелер жинағы», Алматы, Қазақстан баспасы, 1997 жылы, 55~56.
[16] [17] [18] «Шағатай тілінің түсіндірме сөздігі», Шынжаң халық баспасы, 2002 жыл, 122, 127.
【18】【19】 《波斯语汉语词典》. 商务印书馆. 2012. 404,483.
[20] «Моңғолдың құпия шежіресі», Іле халық баспасы, 2009 жыл, 155.
【21】 札奇斯钦. 《蒙古秘史新译并注释》. 台北. 1979. 289.
[22] [24] [30] Мұхтар Мағауин. «Шыңғыс хан», II, Алматы, 2013 жыл, 295.
[23] Б. Базылхан. «Моңғолша - қазақша сөздік», Өлгин, 1984, 609.
[25] [31] «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі». V, Алматы, 2014 жыл, 482, 357.
[26] «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі». I, Алматы, 2011 жыл, 357.
【27】 【28】《古代汉语词典》. 商务印书馆. 2005. 1037,298.
[29] Махмұт Қашқари. «Түрік сөздігі», III, Алматы, 1998 жыл, 182.
[32] «Қазақ әдеби тілінің сөздігі», XIV, Алматы, 2011 жыл, 406.
(Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тарих факультетінің магистранты, аға аудармашы)
6alash ұсынады