Тұрсын Жұртбай. Абайдың астарлы сөздері
Даналардың ойы қашанда жұмбақ. Олар өздерінің емеуіріні мен сөз астары арқылы адамзаттың ойына мәңгілік ақыл азығын қалдырады. Ал көркемсөзде бұл ерекше тамырланып, барған сайын шорлана бермек. Шекспирдің “быть или не быть!”, Пушкиннің “Мен де оны құлағынан таныдым, Ол да мені тырнағымнан таныды”, Абайдың “Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла!”- деген ұғымдарының астарын сарқа саралап, сарасын таптық деген сөзуар мен ойсоқтыны кездестіргеміз жоқ. Бұл ұғымдар жаңа заманның тумысымен түрленіп, бұрынғыдан да тереңдеп, мағыналанып, тамырланып барады. Шекспирдің шындықтың бетін ашуға ұмтылған сұрағы қазір “жаһанданып”, философтар мен физиктердің, теологтардың түйсігінше ғаламдық ұғымдағы тектің тетігіне тіреліп, жаратқанға қаратылған қисынмен қиыстырылып жүр. Оған қарағанда, ХІХ ғасырдағы бүкіл орыс қоғамының салтанатты тоқырауын кекесінмен астарлаған Пушкиннің өлеңіндегі: “Мен де оны құлағынан таныдым, Ол да мені тырнағымнан таныды”- деген емеуірінін түсіндіру оңайырақ. Салтанатты думанның ішінен қылт ете қалған “құлақ” – кәдімгі халық ауызындағы қалыптасқан “салпаңқұлақ”, яғни жандармерия тыңшысы. Атын атап айтсақ, атақты алаяқ Булганин. Екінші, ол — сол салпиған құлағын жымыра жасырып, елдің өзін мазақтап тұрғанын түсінбейтін нағыз миқұла есек. Ал тырнағынан танылып тұрған арыстан — ақынның өзі. Демек: сен – есексің, мен – арыстанмын. Сені мысыммен-ақ басып тұрмын — дегені. Бұл өлеңнің жай ғана бергі астары, ал түпкі нысанасы — барлық қоғамға тән түйсіксіз ажырық аран. Ауыспалы осы мағына Чаадаевтан бастап күні бүгінге дейін Ресейдің аңғарлы зиялыларының астарлы тұспалына айналды. Көркем сөздің тұздығын келтіріп, ащы ойдың кермегін таттырып, емеуіріннің әсерін асырып келеді. “Құлағынан көрініп тұр емес пе”, “тырнағанан танылды” – деп емеуірін танытсаң-ақ жетіп жатыр, одан әрі талдап, түсіндіріп, сұрап жатпайды.
Мұндай таңдайының астына тиек қойған уытты сөздер мен тіркестер, астарлы ұғымдар мен емеуіріндер қазақта да қадау-қадау. Алысқа мекземей-ақ, бір “Абай жолының” өзінен-ақ ондап мысал келтіруге болады. Ал бұл ретте дана Абайдың жөні тіпті басқа. Әзілдің өзін астарлап айтатын, туысына да тұспалдап сөйлейтін, ішіндегісін емеуірнен біл дейтін қазақ үшін мұның өзі үлкен ілім әрі жоралғы жоба. Оны ажыратпай адымыңды аттай алмайсың. Жоғарыдағы Шекспир мен Пушкиннің емеуіріндерінің астары мен шығу тарихына, тарихи текстологиялық сыпаттамасына, әлеуметтік астарына қатысты түсініктемелер мен зерттеулердің анықтамалық көрсеткіштері түзілген. Сондықтан да даналардың “жасырын жұмбақтары” толық шешілмесе де, олардың нені меңзегені туралы молынан хабар алатындай ғылыми негіз жасалған. Бұл өте өнегелі және үрдіс алатын мәселе. Себебі, данышпандардың әр сөзінің астарынан мағына іздеп, оны ұлттық идея дәрежесіндегі ұстанымға айналдыруға ұсыныс етіп жүргендердің саны біреу емес, бірегейлене бастады. Ал идея таза да адал түсінік, онда жасырын бейіл мен пейіл араласпауы тиіс. Яғни, ұлттық идея саф қалпында сақталуы керек. Абай поэзиясының мағынасы “сырты күміс, іші алтын, айналасы теп-тегіс жұмыр келіп, бірыңғай келісім тауып” тұруы қажет.
Даналардың шығармалары – күрделі көзқарасқа негізделген құбылыс болғандықтан да олардың түпкі қозғаушы күші мен көркем ишарасының бұрмаланбай жетуі неғайбыл. Қазақта Абайдан көп басылым көрген ақын, зерттелген данышпан, зерделенген ғұлама жоқ. Алайда соңғы жүз жылдың ішіндегі басылымдар мен зерттеулер, текстологиялық салыстырулар мен өзгертулер, дәйектемелер мен тұжырымдар үнемі бір бірімен қайшыласып не қарама-қайшы келіп, бір-біріне “тура келмей, қырын келіп ” жатады. Бірыңғай сипатта тұтастық ала бағаланған туындыны табу қиын. Тұспалды мәтіндер — ұлттық рухтағы ақындардың бәріне тән. Бұл әдебиеттану іліміндегі теориялық, тілдік, текстологиялық шетін мәселе. Бірақта дәл Абай сияқты шығармашылығы тұтастай “жұмбақ мәтіннен құралған” ақын сирек. Заман ағымы, оқырмандардың тілді қолдану қоры, көркем мәтінді қабылдау қабілеті, әсерлену тәсілі, елестету мүмкіндігі, сезіну жүйесі, жеке сөзді түсіну аясы мүлдем өзгеріп барады. Архаизмдер ғана емес, бүтіндей бір шумақтар бұлыңғыр тартып, өлі тіркес қалпында көз қарықтырады. Оларды түсінбей не түсіндірмей Абайдың жүрегіне терең бойлай алмайсың. Басқаны былай қойғанда, күнде радиодан естіп, әбден құлаққа жатық болған: “Алыстан сермеп, жүректен тербеп, шымырлап бойға жайылған. Қиуадан шауып, қисынын тауып, тағыны жетіп қайырған”- деген өлең жолдарындағы “Қиуа” деген сөз қандай астармен қолданылып тұр”- десе не деп жауап берер едіңіз? Әр сөздің түсіндірмесін компьютерге түсіріп алған қазіргі есепшіл, әсершіл жасты жалпы өлеңнен алған әсермен уата да, сендіре де, тіпті дәлелдей де алмайсың. Шындығында да, осы Қиуа деген не мағына береді? Хиуа — кезінде қазақ үшін экзотика болған шаһардың аты. Алыс, тосыннан кездескен адамды: “Хиудан кездескен қарағым-ай” деген. Ал онда неге “шабады, қисынын қалай табады, тағыны неге қайырады?” — деген сұрақ туады және айдаладағы шаһардың тағы аңға қандай қатысы бар? Көркемдік те, өмірлік те логика қайсы? Біздіңше, кезінде бір рет пікір таластың негізіне айналып, іле жауапсыз қалып, қанша тестологиялық салыструлардан өтсе де жинақтан жинаққа Қиуа болып өзгеріссіз келе жатқан дәл осы “Қиуаның” осы араға килігуінде ешқандай логика жоқ. Бұл ешқандай “Хиуа” шаһары да емес, Абайдың “Бүркітші” атты өлеңіндегі кәдімгі – қиын қия, қиян деген сөз. Саятқа шыққанда түлкі бұтаға бұғып, жартасқа тығылып, қиын-қыстаулы шатқалға түсіп кетпес үшін қағушылар қиын-қиын жерге тосқауыл қойып, аңның алдын орап, жасқап тұрады. Ашыққа шыққан соң ғана қыранның томағасын сыпырады. Қансонардан шабыттанып, “алыстан сермеп, жүректен тербеп, шымырлап бойға жайылған” кезде ғана ақын “қиыннан (құз-қиядан) шауып, қисынын тауып, тағыны жетіп қайырады”, яғни, “қуатты ойдан бас құраған” өлең шумақтарын қағазға түсіреді. Көшпелі өмірдің тоятты шағы да осы қансонар. Ендеше, жинақтан жинаққа ауысып келе жатқан Хиуамыз қай Қиуа? Орынсыз астарлы экзотика мен символика іздеп, көшпелілердің көркем көрінісінен көз жазып қалғанымызды өзіміз де қызды-қыздымен аңғармай қалған сияқтымыз. Демек, біз бұл мысал арқылы, астарсыздан астар іздеген әсіре әсердің жетегінде кеткенімізді анық байқаймыз.
Кезінде осы “Сегізаяқтағы”: “Күпілдек мақтан, табытын қаққан, аңдыған, баққаны”- деген жолдардағы “табытын қаққан” дегеннің мағынасын түсінбей, оны өзге де Абай жолдарымен қатар “тағыны қаққан” (аң қаққан) деп өзгертуге ұмтылғандар болған. Неге бос тұрған табытты қағады, қазақ аңды қағады деп “ғылыми сипаттама” берушілер де табылған. Ақырында М. Әуезовтің өзі де қиналыңқырап барып: өлім азайып, жаназа шығару тоқтап, мешіт қайыр-садақасыз қалғанда, мәйіт жөнелтушілер табытты таяғымен қағып, қаза тілейтінін естігенде ғана, Абайдың дұрыс қолданғанына көзі жетіп, арнайы түсініктеме беріп, өзгерісті тоқтатқан. Әйтпесе, қазір біз: “Күпілдек мақтан, тағыны қаққан” – деп тақылдап жүретін едік. “Табытын қаққан” мен “тағыны қаққанның” арасындағы көркем және мағыналық астарлы айырмашылық пен әсер қуатының әр күйге түсіретін тітіркендіруші күшінің поэзиялық шамырқанысын терең сезінбес едік. Ал “табытын қаққан” деу арқылы танымдық тұрғыдан да, бейнелік тұрғыдан да адамды шіміркендіріп тұр. Күпілдек мақтан иесі мен табытты қаққан мәйітшінің пиғылы мен қимылы тұтаса келіп, соншалықты жеккөрінішті қосарлы жағымсыз образға айналған. Мұнда көркемдік қисын да, қиыннан қиыстыру да, қосарлай астарлап шенеу де бар.
Осындай қосарлы астарлау мен тіркес арқылы күрделі әрі сол тұстағы көшпелі өмірде әркім аңғара алатын, дәл қазір архаизмге айналып кеткен қос тармақтар Абайда жиі қолданылады. Тіпті кейде екі өлеңді салыстырып оқып, ақынның сол сәттегі көңіл-күйі мен күйттеген ойын тауып алып, әр қайсысын бұтарлай талдамаса, бірінің әсері екінішісімен үйлесіп, жаңғырыға жаңылыстыратын, тіпті көзқарасыңды өзгертіп жіберетін туындылар да ұшырасады. Соның қатарына “Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы” мен “Біреудің кісі өлсе – қаралы ол” және “Бай сейілді, бір бейілді” мен “Бойы былғаң, сөзі жылмаң” өлеңдері жатады. Мұндағы идея да, тақырып та, көңіл-күй де, буын да, ішкі ырғақ та, көркемдік, түрлік әдіс те бір-біріне сарындас. Шумақ аңдып оқымаса, біріншісінде айтылған: “Танымадық, жарымадық, Жақсыға бір іргелі. — дегеннен кейін: “Байы баспақ, биі – саспақ, Әулекі аспақ сыпыра қу”- деп жалғастырып айта берсең, екеуінің екі өлеңнің үзіндісі екені байқалмай да қалады. Объекті де, әсер де, шығарушы да бір болғандықтан бірінің ассосативті әсері екінішісімен заңды түрде сарындасып, жарыса әсер қалдырады. Зерделеп, саралап, автордың көзқарасы мен өлеңдегі басты нысандағы адамды қамырдан қылды сурытпақтағандай етіп тартқанда ғана нақты ойы ашылады. Ажыратып қарасаң, екі өлеңнің кейіпкері екіұдай нақты адам. “Бай сейілдідегі” лирикалық басты жағымсыз кейіпкер “тар ниетті, өз елін өзі төрден үрген ит құсап аңдыған” пәлеқор, “бейілі шикі, ақылы күйкі”, “басы мен аяғы бір есеп” итаршы болыс. Аласапыран науқаншыл, асыра сілтеуші, шаш ал десе бас алған орындаушылар бұгінгі үгіт-насихатшылар мен мәслихатшылар. “Бойы бұлғаңдағы” басты мүскін – бай адам, ал оны сорған жағымсыз міскін – қағынған қара өкпелер, бүгінгі тілмен айтсақ, бопсашы рекеттер, делдалдар, үстеме ақы қосатын ысқаяқтар. Алдыңғы өлеңде елдегі сияз бен ойдағы ояздың арасындағы құйыршық билік иесін кекетеді. Екінші туындыда Абай адал малына иелік ете алмай, “бойы бұлғаң, сөзі жылмаң, түзде мырзаң, үйде сырдаң, адам аулап, сыпыра жаулап, байдың атын саудалап, алмалап” жүрген “кедейі – ер, кеселі зор, малды байдан сорлы жоқ сыпыра жылмаңды” суреттейді. “Ел қағынған соң, мал сабылған соң: байы – баспақ, биі – саспақ, әулекі аспақ сыпыра қу” болды дейді ақын мал иесіне жан тартқан сыңай танытып.
Зерттеушілер осы екі өлеңдегі екіұдай кейіпкерді жинақы бір образ ретінде талдап, басты кейіпкер есебінде зәлім байдың кескінін сүлдер етеді. Біздің аңғаруымызша, екінші өлеңде “өз малына өзі ие бола алмай отырған” сорлы байға ақынның жаны ауырады. Кеселі зор бопсашыл кедей тұрғанда, оған “еш көмектің, жемдемектің, босқа әлектің орыны жоқ. Сондықтан да “байы – баспақ, биі – саспақ” – дейді. Ал осындағы “баспақ” пен “саспақ” деген не? Неге байды – баспақ, биді саспақ – дейді? Ешқандай компьютер де, интернет те оған түсініктеме бере алмайды. Бұл мәтінді оқырманға қалай ұғындырамыз? Өлеңнің ырғағы мен көңіл-күйін бағып отырып, әйтеуір бір жағымсыз ұғым екенін топшылаймыз.
Биыл жазда көл жағасында сырбаз сөздің иесі Аманжан Жақып ақын мен белгілі пәдіретші Қуаныш екеуінің осы мәселе жөнінде пікір іздестіріп, ел арасынан соның мағынасын іздеп жүргенінің куәсі де болғаным бар. Ақыры ол таласқа өзім де араласып кеттім. Абай бай мен биді неге баспақ пен саспақ дейді және оларды жақтап отыр ма, ақтап отыр ма? Бұрын – “баспақ” дегенді қорғаншақ, аямшақ, шешімсіз деп түйсінетінмін. Ал “саспақ” дегеннің түбірін “сасудан” туындатып, бүгін алған парасы жария болмай тұрғанда, асып-сасып үкім шығаратын парақор әрі жылмақай биді – сотты мекзейтінмін. Сөздің түпкі тегін іздесек, ол былай екен. Баспақ – қара мал атауы. Екіншіден сиырдың екі бақайының арасына шығатын кеспатты жұқпалы бөрткен. Мал аяғын баса алмай, баспақтап қалады. Ақыры асқына келе еті қарайып, қанталап, арам қатады. Сонда Абай өзіне де, еліне де пайдасы жоқ, тәуекелсіз қорғаншақ, ақыры “сабылатын малды” “айтты – көндім, алды – бердімге” салып отырған шарасыз байды мекзеп отыр ма? Нағашым Серік Қоспақұлының пайымдауынша: баспақ деп – аттың терісінен жасалған, ауызы бүрілген шөншікті айтады. Байлар өзінің қолына түскен құнды бұйымды шөншіктің тар ауызы арқылы соның ішіне баспалап, нығарлап сала береді. Ырысым шашылады деп ырым етіп, оны ашпайды. Кейін не тыққанын ұмытып та қалады. Сараң байлар өлген соң ған әлгі баспақты тіліп ашады. Абайдың мекзеп отырғаны осы баспақ, яғни, сараңдық болуы да мүмкін. Қош, баспақ мұнымен де таусылмайды. Аманжан ақынның айтуынша: баспақ – деген саулыққа семіздіктен келетін дерт екен. Көктемде күйлі саулықтардың іш майы мен ішегі төлге оратылып, бунақталып қалатын көрінеді. Сөйтіп, семіздіктің кесірінен саулық та, төл де шығасыға, бос расуаға жатады. Абайдың мекзегені осы баспақ. Байдың жеке басы күйлі-қуатты, бірақ оның өзінен де, байлығынан да не өзіне, не елге пайда жоқ. Сондықтан да, “еш көмектің, жемдемектің, босқа әлектің орны жоқ” – деп отырғаны анық. Ал біз осының қайсысына иланамыз. Қалай десек те баспақтың беті ашылды. Әйтеуір туытында тұншыққан тұмса байлықты мекзеп, астарлап айтады екен.
Ал “саспақ” дегеніміз біздің түйсігімізге мүлдем жат, бүгінгі ұрпақтың түсіне де кірмейтін ұмытылған ұғым болып шықты. Көшпелі жұрт төрт түліктің жайын, ауа райын, алдағы қыстың жұмсақтығы мен қаталдығын, көктемнің ұзаққа созылар-созылмасын көршісінің қас-қабағынан бетер жіті аңғарған. Өйткені ырыс-құты, өмірі мен өрісі соған тікелей қатысты болған. Сондықтан да көктемде жұтап қалмас үшін күйектің уақытын қатаң белгілеген. Уағынан ерте саулық пен ешкінің мазасын алатын қошқар мен текеге күйек байлап, саяқ ұстаған. Күйек қажап, белі сыздаған, үсті сатала-сатала, әр нәрсеге бір ұрынып, бақылдап, қадірі кеткен сідік сасыған текені “саспақ” деп атапты. Енін тартып, ақтап жіберуге болмайды, төлсіз қалады. Сүйкімі мен тыныштығы тағы жоқ. “Ақы берген, айтса көнген, тыныштық іздер ел де жоқ”- деп ойын дамытып отырғанына қарағанда, Абай билерді саспаққа теңеу арқылы, би сайлайын десе – сиязға ерте, сайламайын десе – бақылдап әкетіп барады, мүлдем сайламайын десе — бисіз қалады, амалы жоқ – көнеді деген ишараны астарлап жеткізсе керек. Шындығында да, биліксіз шолақ белсендінің сазайын бір халық тартса, ол осы қазақ жұрты шығар.
Өткен ғасырдың елуінші жылдарына дейінгі естиярларға түсінікті болған, дәл қазіргі кезде архаизмге айналып кеткен шумақтың бірі Абайдың “Күз” өлеңіндегі: “Қаз, тырна қатарланып қайтса бермен, Астында ақ шомшы жүр, ол бір керуен”- деген жолдарындағы “ақ шомшы” деген сөз. Барлық басылымдарда оған: “Астық екпеген ел басқа елге түйемен барып астық алып қайтады, сонда түйе бос барады да, шом артады”- деп сілтеме жасалған. Жалпы ұзын-сарыны бұлдыр-бұлдыр елес бергенімен де, екіұшты мағынасыз көріністі көз алдыңа әкеледі. Осыдан екі жыл бұрын “ақ шомды” басқаша пайымдаған жазушы, марқұм Кәрібай Ақметбектің көлемді мақаласы “Егемен Қазақстанда” да жарияланды. Ақ шомды тура және бейнелі мағынасында екі түрлі түсіндіруге болады. Бірінші, “Ақ шом” – тұрмыстық, әлеуметтік, экономикалық термин. Ол көшпелілердің сонау әлмисақтан бергі өмір сүруінің бір формасы әрі тіршілік кепілі. Жібек жолының алтын өзегі. Біздің жыл қайыруымыздан бұрын-ақ жағырапия ғылымының атасы Страбон: көшпелілердің батыстан – шығысқа, солтүстіктен – оңтүстікке созылып жатқан сауда жолы бар. Бұл жолды олар көзінің қарашығындай сақтайды. Оған қауіп төндірген елді жермен жексен етеді. Өйткені бұл олар үшін өмір жолы. Ол бұзылса бүкіл көшпелі экономика бұзылып, аштыққа ұшырайды. Өйткені сол жолмен олар қары қалың жаққа астық тасиды, жазда тері-тепесегін өткізеді – деп жазған болатын. Бұл “ақ шом” көшпелі экономикасы қашан Ресейдің жәрмеңкелері ашылғанша толас тапқан жоқ. Күзде тері-терсек, жүн теңдеген, жолай әр ауылдан қосағына жетек атан қосылған түйелер керуені қаздай тізіліп оңтүстікке бет алады. Олар жылдағы белгіленген елге барып, тері-тепсегін былтыр келісілген уәде бойынша өткізіп, тиесілі астығы мен бұлды алып қайтады. Алушы да, сатушы да, керуенбасы да, ауыл да өзгермейді. Бірі одан басқаға өнім өткізбейді, екіншісі одан басқаға сатпайды. Өйткені мыңдаған жыл бойғы қалыптасқан сауда заңы солай. Екінші жақтың шығынға не аштыққа ұрынуы мүмкін. Кімде кім себепсізден себепсіз уәде бұзса аса үлкен айып төлейді. Сондықтан да келісілген уақытта түйеге қом салынып, дер кезінде аттанады.
Міне, Абайдың “Астында ақ шомшы жүр, ол бір керуен” дейтіні осылар. Екінші бейнелік мағынада: аспандағы қаз бен тырнаның жердегі суретіндей болып тізіліп бара жатқан керуеннің күздің бір уақыт белгісіндей болған әсем көрінісін суреттейді. Бұл сурет “Абай жолында” сондай әсерлі бейнеленген. Сондықтан да кейбір түсініктемелер мен мақалада айтылғанындай “ақ шом” дегенді кәдімгі түйелі көшпен, ақ және қара шомның түсімен шатастыруға болмайды. Мұнда көшпелі әлемнің өмір сүру қажеттілігі мен эстетикасы, мерзімдік өлшемі жатыр.
Біз жоғарыда Абайдың қосарлы тақырыптас, қыстырмалы астарлас өлеңдерінің қатарына “Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы” мен “Біреудің кісісі өлсе — қаралы ол” туындысын жатқызған болатынбыз. Бұл өлеңдердің шумақтарын бір-біріне ауыстырып қолданса, еш ағаттық байқалмайтыны да рас. Басты идея – сөздің патшасы мен сарасы өлең, сол өлеңнің ұлы астары туралы. “Сөзге – жеңіл, жүрекке жылы тиіп, Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы” деп бастап, екіншісінде: “Сөзі тәтті, мағынасы түзу келсе, Оған кімнің ұнасар таласуы” – деп жалғастырып отырады. Зерттеушілер мен түсінік берушілер осы екі өлеңді талдағанда міндетті түрде бір ғана пікірді тілге тиек етіп, бірегей де бірбеткей тұжырым жасайды.
Тағдырдың жазуы солай ма, жоқ, заман екпiнi ме, әлде адамдардың ала мысық пейiлi ме, басынан дау арылмайтын бiр тұлғалар мен түйнекті тіркестер болады. Екi жүз жылдың iшiнде екi жаhангер империяның қысымын көрiп, өзі өлсе де өлеңі қудаланудан көз ашпаған, бiрақ екi заманның екпіні де ештеңе iстей алмай, керісінше барған сайын тұлғалана түскен, «дулатуы мен шулатуын» қоймаған тұлғалардың бiрi – Дулат пен Шортанбай ақын және Абайдың осы екеуін ауызына алған сөзі. Ресей мен кеңес үкіметiнiң күшi келмеген Дулат пен Шортанбайды үшiншi бiр күш — қазақ қауымдастығы қазақы қазымыр тәсілмен жіліктеп жатыр. Және бұл Дулат пен Шортанбай үшін ең қауiптi кедергі болмақ. Осы бағыттың беті бері қарамаса Абайдың өзi аузына алып, ұстат тұтқан Дулаттың, Шортанбайдың түте-түтесі шығып, олардың мұрасының “бірі – жамау, бірі – құрау” боп, түк те қалмауы мүмкiн. Бұл түйткіл Абайдың туғанына 150 жыл, Бұқардың туғанына 300 жыл, Дулат пен Шортанбайдың туғанына 200 жыл толуына орай өткен немесе өтетін ғылыми мәжілістерде тиянақталуы тиіс еді. Алайда ол мәселе байыбымен шешуін таппады. Бұған басты ілгешек болып отырған сөз — астарлап та, астарсыз да тура айтылған және абайтанушыларды бір ғасыр бойы сарсаңға салып, әр басылымда әр түрлі жазылып, әр қалай пайымдалып та, хатталып та, жатталып та келген, соны айтып тұрып та көкейіңе күдік ұялайтын, үнемі: олай емес, былай жазылғаны дұрыс – деп түсіндіруге мәжбүр болып жүрген Абайдың:
Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,
Өлеңі – бірі жамау, бірі – құрау.
Әттең дүние-ай, сөз таныр кісі болса,
Кемшілігі әр жерде көрініп тұр-ау!-
деген әйгілі жолдары.
Мен дәл қазір осы шумақтың басынан кешен текстологиялық тауқыметіне тоқталып жатқым келмейді. Тек ұзақ жылыдар бойы Шортанбай мен Дулаттың, Бұқардың “өлеңінің бәрі – жамау, бәрі – құрау” болып, “кемшілігі әр жерден көрініп тұрғанына” да тоқталмаймын. Шүкір, бәрі емес, бірі жамау, бірі құрау боп өзгерді. Бірақ, соңғы академиялық басылымдағы “кемшілігі әр жерде-ақ көрінеу тұр-ау” — дегенге қосылмаймын да, оны қабылдамаймын. Дұрысы, “Кемшілігі әр жерде көрініп тұр-ау” деген жолдар деп түсінемін. Өйткені “көрінеу тұр-ау” деген тіркес өзгені былай қойғанда кәдімгі поэзияға тән үндестік пен ырғақ үйлесімінен ада, тұтқыр. Абайдың өлең сөзге қойған өз шартына сай “тілге жеңіл емес, жүрекке жылы тимейді”. Мәселе мұнда емес. Басты түйткіл осында “бірі жамау, бірі құрау” деп Абай Бұқар жырау мен Шортанбайдың, Дулаттың өлеңдерін айтып отыр ма? “Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап, Мақалдап айтады екен, сөз қосарлап. Ақындары ақылсыз, надан келіп, Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап” – деп осы үш дегдарды мекзегені шындық па? Бұрынғы кезде: “Дінді, орта ғасырды көксеген Бұқар, Шортанбай, Дулат сияқты бай, феодалдардың жыршыларын, орыс халқының демократиялық мәдениетінің қазақ арасына тарауына, орыс, қазақ достығына қарсы бағытталған олардың идеяларын әшкерелейді” — деп тура осылай сабақтайтынбыз. Тек М. Әуезов қана үшеуін қорғаштай майдалайтын. Қазір не өзгерді?
Рас, діншіл, орта ғасырды көксеген, орыстың длемократиялық мәдениетіне қарсы делінген идеологиялық бағаны алып тастадық. Бірақ, олардың ең қасиетті де құдіретті жырына берілген бағаны баяғыша тәпсірлеумен келеміз: — Иә, Абай ол үшеуін сынаған, бәрі жамау емес, бірен-сараны ған құрау. Өйткені ақын жаңа поэзия талабын алдыға тартады — дейміз күмілжіп. Менің ойымша, мұның жауабы мүлдем басқаша және Абайдың бұл өлеңінің Бұқардың, Шортанбайдың, Дулаттың өлеңдеріне еш қатысы жоқ. Әңгіме, олардың 1880 және 1888 жылы басылып шыққан «Өсиетнама” мен “Бала зар” атты жинақтары туралы болып отыр. Оған дәйек, біріншіден: “Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол” өлеңінде бұрынғы ақын-жыршыны мазақтамайды, керісінше, “Бұрынғы жақсылардан өрнек қалған, Би де тақпақ, мақал бар, байқап қара” – дейді. Демек, өткен күннің ақындарының бетіне күл шашып отырған жоқ. Қайта: “Көп топта сөз танырлық кісі де аз-ақ, Ондай жерде сөз айтып болма мазақ. Біреуді олай, біреуді былай қарап, Түгел сөзді тыңдауға жоқ қой қазақ”- деп: Сөзді бөліп жарма, біреудің сөзін асты-үстіне төңкерме, шатастырма. Олай, былай сапырылыстырма – деп сақтандырады.
Неге бұл арада сақтандырады және өзің де мазақ болма, өзгені де мазақ етпе дейді? Өйткені, сауатты Абай қазақ жырауларының екеуінің де баспадан шыққан кітабін алып оқыған. Тіпті екеуінің де қолжазба нұсқасы Абайда болуы да мүмкін. Өзге-өзге, Дулаттың өлеңдерін жасынан жаттап өскені, көшіріп алғаны, үлгі тұтқаны анық. Енді кітап пен қолжазбаны, не өзі жатқа білген тұстарды кітаптағы мәтінмен салыстырған. Шындығында да бір өлеңнің басы бар, аяғы жоқ. Екінші өлеңнің басында үшінші толғаудың аяғы жүр. Ырғағы да, ұйқасы да, мағынасы да, желісі де бұзылған. Бір жерін екінші жерге апарып жамаған не құастырған. Қысқасы тұтас туынды жоқ. Абайдың өзі айтқандай, қазақ тілі мен жыр құрылымын, тақырып желісін еркін ажырата алмағандықтан да шығарушылардың “біреуі олай қарап, біреуі былай қараған”, яғни Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жыраудың өлеңінің бірін құрау қып, бірін жамау қып” бастырған. Сондықтан да ашынып: Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау, өлеңі (кітабі деп түсініңіз — Т. Ж.) бірі – жамау, бірі – құрау. Әтттең дүние-ай, сөз таныр (қазақша еміле білетін – Т. Ж.) кісі болса, Кемшілігі әр жерде-ақ көрінеу тұр-ау” – деп өкінген. Жалпы шығармашылығына емес, олардың жинақтарының жамалып, құралып шыққанына наразы болған. Бұл дегеніңіз ұстаздарын жаппай жазғыру емес, қайта жаны ашу. “Біреудің кісі өлсе, қаралы ол” өлеңінің де түпкі емеуірін үлгі. Мадақтау жырының іші сынға емес, жылылыққа толы: “сүйсінерлік адамды құрмет қыл. Түгел сөзді тұтас тыңда. Әттең, дүние-ай! Шортанбай мен Бұқардың, Дулаттың сөзі мазақ болды-ау. Наданның көңілін ашып, солар үлгі алсын, түзетсін деп мақсат етіп осы өлеңді жаздым – деп отыр емес пе. Ендеше, сөз түзелді, біздің де көзқарасымыз түзелетін кез жетті. Бұрынғы айтылып жүрген әсіре пікірлерді басқаша бағамдаған дұрыс.
Осыған мысал ретінде Дулаттың ақындығы мен тiлiн зерттеуге ерекше үлес қосқан аяулы ғалым Құлмат Өмiрәлиевтің пікірін алайық. Ғалым өзінің «Қазақ поэзиясының жанры және стилі» атты Дулат туралы монографиясында 1880 жылы Қазан қаласында Мәулекей Юмашков бастырып шығарған «Өсиетнама» жинағындағы Дулаттың өлеңдерін бүтiндей жоққа шығарып, оны Шортанбайдың қанжығасына байлап бередi. Х. Сүйiншәлиев пен Ы. Дүйсенбаевтiң, сол арқылы М. Әуезовтiң Дулат туралы пікір-зерттеулерiне мойынсынбайды. Ол: «Мәулекей деген бiр қиссашыл молда ақынға сенiп, «Өсиетнаманы» Дулат жырауға қалай таңа салдық» (234) – деп сұрақ қойды. Оған мысал ретiнде:
…Ұл силамас атасын.
Арам сiдiк болған соң,
Атасы бермес батасын.
Қазы, болыс, хан қойды
Қайда бiр некесiз туған шатасын.
Өзi қылған өкiнбес,
Күнiнде сонан татасың.
Сол заманның кезiнде
Қыз силамас шешесiн,
Ер жеттiм деп шаштасып,
Салыстырып дүниесiн.
Старшын қойып,
Пысықсыған немесiн —
деген В. В. Радловтың 1888 жылы бастырған жинағындағы Шортанбайдыкі деп берілген мәтінді одан сегіз жыл бұрын, яғни 1880 жылы жарық көрген «Өсиетнамадағы»:
Ұл силамас атасын,
Атасы бермес батасын.
Старшын, болыс қойыпты,
Қайдағы асылзадасын.
Өзі қылған өкінбес,
Күнінде содан тартасың.
Сіз біл деген бала жоқ,
Келіні боқтар анасын.
Сіздер деген келін жоқ,
Өз пиғылыңнан табасың-
деген жолдарды салыстырады.
Егер қазақ өлеңiнiң осындай дәстүрлi сарындастығы мен өзара жалғастығын көшiрмешiге санасақ, онда Бұқар жырау мен Қайып, Кененнің арасындағы 300 жылда бiрде-бiр ақын қалмайды. «Он жаста ойнақтаған лақтайсың» деген бір мен жүзге дейiнгi адам жасы туралы салыстырмалы теңеулерді қолданған ақындардың бәрi де көшiрмеші боп шығады. Ал, өзге-өзге Кененнiң «Ақ ешкiсi» мен «Егiз лағы» оның поэзиясының трагедиялық шыңы болып табылады.
Заман ақыр болғанда.
Алуан, алуан жан шықты.
Қайыры жоқ бай шықты,
Самауыр мен шай шықты («Өсиетнама»):
Мынау ақыр заманда,
Алуан, алуан жан шықты.
Арам, араз хан шықты,
Қайыры жоқ бай шықты,- деген екі мысал да солай.
Мұндай ұйқасты сөз тіркестер мен теңеулер ауызекі сөйлеу мәнерін меңгерген барлық шешендер мен билерге, суырып салма ақындарға тән.
Екiншi: Құлмат марқұмның: «Өсиетнамадағы» Шортанбай өлеңiн неге көрмедiк? «Өсиетнама» мен Шал өлеңдерi арасындағы жақындық жайлы неге бiр ауыз пiкiрiмiз жоқ»- деген (сонда, 223) уәжіне келтіретін дерегі мынадай:
Ата-ананың ақылы,
Қазылған қара жолмен тең.
Иаманнан көрген қорлығың,
Көксіңе біткен шермен тең («Өсиетнама»):
Атадан мирас ақылың,
Түзік айтқан мақұлың,
Ләзім болған іспен тең.
Жаманнан көрген қорлығың,
Көкірекке біткен шермен тең (Шал ақын, сонда, 225).
Ауыз әдебиетi мен айтушы арқылы таралған халықтық жырға осы да ұқсастық па? Әрине, текстологиялық зерттеу керек. Бiрақ 1. «Өсиетнаманы» шығарған М. Юмашков Шал ақынды бiлдi ме. 2. Тiлшi ғалым 1970 жылы башқұрттардың қолынан Абайдың қолжазба жинағын тауып әкелдi. Ендеше Дулаттың өлеңiнiң де Ақмолла ақын жырымен қоса таралмағанына кім кепіл? Үшiншi: «Өсиетнаманы» түгелдей жоққа шығара отырып, ғалым тек Байдiлдә қарттан жазып алған Шәкiр Әбеновтiң нұсқасына ғана сүйенедi. Ал қазiр Дулаттың бұл өлеңдерiн Шәкiр жазған деп шаптығып жүргендер де бар. Шәкір ақынның өз ауызынан жазылып алынып, көзі тірісінде «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған пікірі мынадай:
“- Е, бұлт адамның басына бiр үйiрiлсе қашып құтылмайды екенсiң. 1948 жылы тағы ұсталдым. Сақтаған Бәйiшевтiң соның алдында Мұхтарды, Есмағамбеттi сынаған мақаласы газетке басылған. Соның iшiнде: «Буржуазиялық — ұлтшыл, байшыл ақын Дулаттың өлеңдерiн, «Еспембет» дастанын Есмағамбет Шәкірге әдейi тапсырма берiп жаздырды»- деп сынады. Сол маған айыптау материалы болды. Шуға қарай бой тасалап ем, бәрiбiр, құтылмадым. Тергеушi: «Сен осыларды ойдан шығардым. Ондай ақын жоқ деп бас тарт», — дейдi. Бар нәрсенi қалай жоқ дейсiң. Академияның қолжазба қорына Дулат жыраудың 6.000 жол өлеңiн тапсырғаным рас. «Сен қазақтың мұңын Дулат боп жоқтап отырсың. Айт шыныңды», — деп ақырады. Рас, қолжазбаның iшiнде «Бәйбiше туралы», «Тырнақтай кiр қонған соң» деген өз өлеңдерiм қоса тапсырылып кетiптi. Мен Дулатты қалай жоққа шығарамын. Ал «Сабырбай мен Байбаланың» айтысын өңдеп жазғаным рас» — дейді.
Үшінші уәжге бұдан артық дәлелдің керегі шамалы.
Ендеше: Дулаттың, сонымен қоса Шортанбай мен Бұқардың ақындық рухы мен мұрасын тулақша сүйреткенiмiз жеткен сияқты. Оған Дулаттың да, Шортанбайдың да, Бұқардың да, Абайдың да түгi кетпейдi. Ендi олардың әруағы бiздi тулақша сүйретiп жүрмесiн — дегіміз келеді. Әрине, салиқалы да салмақты зерттеулер мен мәтіндік салыстырулар қажет-ақ. Бірақ, барлық пайымдаулар мен тұжырымдар Дулатты, Шортанбайды, Бұқарды тұқырту үшін емес, тұлғаландыру тұрғысынан жасалғанда ғана аманаттың жолын қиянат кеспейді. Абайдың астарлы сөздерінің көзге көрініп тұрған үш-төрт түйткілін ғана жеңілдете тілге тиек еттік. Терең талдап, дәйекті талдауға мақала жүгі көтермеді. Алайда бұл ешқашанда назардан таса етпейтін күрделі де маңызды мәселе.
9 қыркүйек. 2005 жыл.
«Әдебиет порталы»