Бұл оқиға 1928-ші жылдары шамасында болған екен. Яғни, осыдан 10 жыл бұрын 1917-18 жылдары «төңкеріс» дейтін дүлей дүмпу пайда болып, өз жайымен жүріп жатқан қоғамның басын аяғына, аяғын басына қарай төңкеріп қойған заман. Биліктің басына мінген бәлшебектер онымен қанағаттанбай, үкіметтің тесік қалтасын толтыру үшін қолдан «Байталау» (кәмпескі) дейтін науқан ұйымдастырып, ғасырлар бойы жымдасып өмір сүрген қазақтың діни ғұрпы мен салтын қирату үшін «Құдайсыздар ұйымы» дейтінді құрып, халықтың көне руханиятын қиратып жатқан шақ.

Десе де ескінің табиғи сүрлеуін жақсы білетін қазақы қариялар дүлей күшке шамасы келмесе де, ішін бермеген уақыт. Сондай жанның бірі Сыр еліне аты мәшһүр, кезінде Бұқар барып ілім үйренген Жүніс деген ақсақал болыпты. Жарықтық атамызды былайғы халық «Жүніс молда» деп атап кеткен екен.

Бірде осы молда ақсақалға әпербақан шолақ белсенді шошаңдап болмапты. Жүкең сұрапты:

  • Осы сендер қандай үкімет құрғалы жанығып жүрсіңдер?
  • Байды кедейге теңейміз, - деп дәурігіпті ана бейбақ. Жүніс молда басын шайқап, мырс етіп күліпті де:
  • Ей, шырағым-ай, әу баста қате кеткен екенсіңдер, есі дұрыс үкімет қайта кедейді байға теңемей ме?!

Бірде «Құдайсыздар ұйымының» бастығы, өкірген коммунистің ер жеткен жалғыз ұлы ажал құшыпты. Дінсіздің ұлы өлді деп қарап отыратын емес, Жүніс молда бастаған ақсақалдары жиналып келіп, көңіл айтады. Ұлы өлген коммунист бейбақ қолындағы ұзын кездігін аспанға құлаштап сермеп жүр дейді. Не болды десе, – Менің жалғыз ұлымды алған құдайдың көзін ағызам, – дейтін көрінеді.

Мынадай қылықты көрген шалдар шошып кетіпті. «Ойбай, ақымақ пенде құдайға тіл тигізіп, үлкен күпір етті, бұның маңына жолауға болмайды, құрысын кеттік» деп, ошарылып орындарынан тұрады.

Ел дүрлігіп жатса Жүніс молда үнсіз сақалын сипап отыр. Шалдар ентігіп есік көзінде тұр. Содан Жүкең, – Ей, халайық, - депті. – Неге дүрлігіп кеттіңдер, сабыр-сабыр, бері таман келіңдер, қараңдаршы ана бейбақ аспанға кездік сілтеп жүр, ол нені білдіреді, баласын берген де, алған да бір Алла екенін біліп істеп жүр. Алда-жалда баламды сендер өлтірдіңдер деп біздің көзімізге пышақ лақтырса не болдық. Бұл бір. Екіншіден, әкесі күпір болды делік, мына марқұм баласының жазығы не, ертең мына мұсылманның жаназасы үшін біз жауап береміз, әкесі мына қылығы үшін өзі жауап береді. Барыңдар да дәрет алыңдар, жаназаға тұрамыз, – деген екен. Шіркін, бұрынғы қазақтарда хикмет (даналық) болған ғой. Бұл жерде Жүніс молда хикметпен үкім айтып тұр.

Бекен ҚАЙРАҰЛЫ