– Мықтың үйі, үстін баспаңдар, мықтың үйіне қарап қол шығармаңдар, мықтың үйіне қарап дәрет сындырмаңдар, - дейтін ата-ана сөзі ес білгеннен құлағымызға сіңген. Біз оны бұлжытпай орындаушы едік. Көшіп келе жатқанда, жол бойынан үйілген төбе-төбе тастар көрінсе:
– Мынау мықтың үйі екен-деп көш айналып өтетін. Содан да біз «Мықтың үйін» ең киелі, қасиетті орын ретінде құрметтеп өстік. Бұл тағылымды бізге үйіреткен, құлаққа құйған сахараның абыз қарттары болатын. Олар ешқандай мектеп көрмесе де, «Мықтың үйі» деген осы бір ауыз сөзімен ұлы тарихытың жүлгесін бізге тастап кетіпті-ау...

Ақ айыл тарихты үнсіз бауырына басып, Алтайдың ранотты алқаптарында, жал, жоталарында жатқан сол «Мықтың үйі» хақында бір үзік ой айтуға тур келді. Ауызша тарихты Ақселеу абыз айырықша бағалап, астарына бекер үңілмеген сияқты. Ел шінде бір ауыз сөз, бостан-бос тарамайды екен. Ол шақта аталардың нықтап айтқан әр сөзінде, қалайда бір дерек, мән болатын кім ескерген. Ата сөзін қайталай еске салған, ойлануға жетелеген, қазақтың шежіре тарихы, көшпелілер тарихы, күллі түркілерге, сақтарға, сарматтарға қатысты деректер еді...

«Қазақтың тарихи ескі шежіресінде қазақ даласында ертеде тұрған халық “Мық” деп аталған. Мық сөзі – мықты, мықын деген мағынада қолданылған және ол сол халықтың күшітілігін көрсеткен. Еуразия кеңстігіндегі ең іргелі халық осылар еді. Алғашқы қалаларды, алғашқы металлургиялық өндірістерді, некрополдарды (жер асты үйлері) қорғандарды мықтар кірпіш пен тастан салған. Артынан “Шырайшы” деген халық пайда болды» дейді шежіре. (207-бет). Шырақшы деген сөз солардан қалған болар...

Алтай тауларындағы «Мықтың үйі» бір келкі емес. Үстін шөп басып, бұта, бүрген, ұшқат өсіп кеткен. Табиғи жерге, төбешіктерге айнала бастаған. Өте үлкендер үлкен төбедей болса, кішкенелері киіз үйдің орнындай. Бәлкім, бұлар өз тұсында аспанға бой созған алып, тас күмбез шығар-ау. Ал, мұндай күмбезді мықтылар, яғни “Мықтар” ғана салмақ. Солардың атымен қалуы да олардың қуатты, мықты ел болғанын әйгілеп тұрғандай.

Ал, тарих ғылмның айтуынша, қазақ даласының ежелгі тұрғындары арийлер болған. Мүмкін, “Мық” халықына ертедегі және орта ғасырдағы жазбаша деректер оларға “Ар” немесе, “Арий”, “Тұран”, “Хион”, т.б. этнонимдер қолданылған шығар (206-бет). Неде болса, арийлердің десек те, мықтардың десек те, ел болғанды және олар құрған өркениеттің астанасы Аркайм қаласы болған шығар? «Авеста» жинағында айтылатын арийлердің отаны, тұрған жерлері Алтай, Памир таулары, Тянь-Шан (Тәңіртау) жүйесі. Одан ағып шығатын Амудария (ол кезде “Ардви” деп аталған) және Сырдария (ол кезде “Дати” деп аталған) өзеннің сағасы деп көрсетіледі. Еділ (бұрын ранха) Каспий (бұрын варахуша) теңіздерінің жағалауы, ғылымда “Арийлер жері” деп аталған. («Қазақ өркениеті» Еренғайып Омаров).

Бұл күнде адамдар ындыны өзгерді. Алтын, қу дүние үшін, сол ғасырлар бойы қарамекенін күзетіп жатқан мықтың үйлерін қазып тоз-тозын шығарды... Әсіресе, қытайдағы Алтай, Тарбағай, Іле, Баркөл маңындағы “Мықтың үйлері” аяншыты тонауға қазуға ұшырауда...

Көл-көсір тарихты бір ауыз сөзімен ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап, «Мықтың үйін» өз үйімізден де қасиетті, киелі етіп санамызға сіңіріп кеткен қайран ата-бабам-ай деші!

Қуаныш ІЛИЯАСҰЛЫ

6alash ұсынды